Абай Құнанбаевтың Евгений Онегиннен аудармасы - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Абай Құнанбаевтың Евгений Онегиннен аудармасы
[ Скачать с сервера (80.0Kb) ] 02.09.2014, 08:18

Абайдың романы

 

 Онегин мен Әбдірахман бейнелерінің ұқсастықтары, екеуінің ұқсамайтын тұстарынан әлдеқайда басым. Тек Онегиннің ішінің қалтарысы көптеу.

 

Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. “Досың ақпын, “тағдыр араз”, бәрін “сорлы нәсібімнен” көремін деген сөздерді айта келе, Татьяна сөзінің ақырында “Көрісуге шыдамаспыз, Айрылалық сол үшін” (Абай. 2 том. 49 б.) деген ең соңғы шешімін Ләйлі-Мәжнүн махаббатын еске түсіретін жәйтқа сүйейді. Екі асық Ләйлі мен Мәжнүнге жарық дүниеде қауышып, құшақтасып бір сүйісуге жазбаған ғой. Екеуінің өне бойлары өртеніп, ерінге ерін тигізе алмайды. Татьянаның көрісуге шыдамаспыз дейтіні сол хикаямен ағайындас. “Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп, тебіренері сөзсіз. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық дертін тартуы Алланың бұйрығы болғанда, Татьяна “тағдыр араздығына” шағынады.

 

Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.

 

Қаймақ еді көңілімде,

Бізге қаспақ болды жем.

Екі сөз жоқ өмірімде,

Мен де – сорлы бақыты кем. (1 том.76 б.).

 

Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай орыстың дворян қызына қаспақ қырғызып қояды. Аудара қалғанда да орыс тіліне оншама кіріге қоймайтын ауыспалар. Қаймағы – сүйгені Онегин. Қаспағы – жат босаға.

 

Эпистолярлық романның ұлттық бояуын, тілі мен қоса ділін мейлінше қандырған Абай шығармасында әлеуметтік проблема да қоя білді. Кейіпкерлердің жеке өмірімен қатар, қоғамдық-әлеуметтік қатынасы өлең-роман жанрының бойына шақ қалыпта кесіліп пішіледі. Өмір сүрген заманының кескін-келбет сыйқы кейіпкер көзімен бағаланады. Онегин Татьянаның хатына қайтарған жауабында өзі туралы: “Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес” – дейді.

 

Сұм заман автордың өзінің де сыбағасына тиген заманы. Абайдың Көкбай боп жылайтыны лирика жанрының ежелгі дәстүріне қатысты. Онегин Абайдың Көкбайы сияқты автордың өз көзқарасын білдіретін протоганист геройы. Көкбайдың жыла­масқа амалы жоқ. “Мынау азған қу заман қалыбында тұрмайды” . (Абай. 2 том. 48 б.) Онегин шері, сайып келгенде, автордың өз шері. Абайдың бір өлеңінде “Ішім өлген, сыртым сау” (Сонда. 104 б.) деп толғанғаны Онегиннің: “Ішім өлген, құр денем сау”  дегенімен орайлас.

 

Онегин махаббат сергелдеңіне түсіп жүрген адам бола тұра, замана бет алысын қапалана, қайғыра ойлап жүрген кең зейіннің, терең сезімнің кісісі. Кейіпкер өзін өрттен қалған көмірге балайды. Пенде көрген бар қызықты ішкен сұм жүрегі өмірден айнып біткен. “Бүгінгі дос – ертең жау” деп сарнайды. Мұны қалай түсінеміз? Өзін өсіріп тәрбие берген қоғамнан кейіпкер неге безінеді? Эпистолярлық роман адамзат қоғамының шешімі қиямет проблемасын ұтымды қоя білген.

 

Заман мен адамның, қоғам мен жеке тұлғаның бітіспес арпалысы шағын романда Онегиннің жан қасіретін шегуі барысында берілген. Абайдың бұрын да аз қаузамаған тақырыбы.

 

“Интернатта оқып жүр” деген өлеңінде Абай қазақ жастарының шенеунік болуды дәреже көретінін, жан байыту қаперіне кірмейтінін ашына сынай келе, Толстой қазақ жастарының бірінің ойында жоқ екенін үлкен мін санап күйінеді. Абайдың Толстой есімін жас буынды тәрбиелеу мәселесімен байланыстыруының өз мәні бар. Толстой заманынан түңілген адам. Жас ұрпақтың Толстойды білсе екен дейтін тілегі ендігі ұлан дүниеқоңыздылыққа салынбаса екен, жанын бақса екен деген ақ арманнан туған.

 

Онегин бар қызықтың, сән-салтанаттың бәріне кеңірдектеп тойғанда ғана барып, дүниенікі дүниеде қалатынын түсінген. Әуел баста тән рахатын ғана ойлап, жан әлемін жүдетіп алды. Күні ертең Татьянамен бас қосса, аз уақыттан соң некеліктен жалығып (“жалқып”) шыға келетініне көзі жетіп тұр. Онегинмен типтес – Лермонтовтың Печорині Бэлаға қолы жеткен соң, біраздан кейін кешегі махаббатынан суына бастамай ма? Печорин де Онегин тәрізді басын тауға да, тасқа да соғады, бірақ еш жерден көңілі жайланатындай орын таппайды. Бэла қазаға ұшырағанда аз-маз опынған болады. Біраздан соң бір бәледен құтылдым ба дегендей жеңілдеген қалып көрсетеді. Өмірден жерінуі жаны жұтаңдығынан.

 

Қазақ ақыны пікірінше, адамзат керуені (бір ғана қазақ елі емес) даму бағытын дұрыс ұстанбай отыр. Қарын қамына беріліп, рухани жұтаңдыққа ұшырауда. Бүкіл дүние қауіпті дағдарыста. Қай тарапқа қаңғырарын білмейтін Онегин бейнесінің астарында, міне, осы әлемдік бәлелі құбылыс жатыр.

 

Романның эпосқа тән кең құлаштылығы, нақтылы өмірмен байланысы осындай болғанда, жеке адам характерін жасау жағынан қалай көрінеді? Міне, бұл рөлді адамның ішкі жан дүниесінің шетсіз-шексіз құбылыстарына тіл бітіретін Абай лирикасы әдемі атқарып шыққан. Өлеңмен жазылған эпистолярлық шығармада төңіректе өтіп жатқан әлдене оқиға бөлек баяндалмайды. Оның бәрі психологиялық талдауға сіңіп кеткен. Сырт оқиғаның табы яки эпостық тағы бір белгі кейіпкерлердің жан сілкініс-тебіреністерінен, рухани өзгерістерінен бой көрсетеді.

 

Кейіпкер тірі жанның ісін істеп өмірден өз орнын табуға талап етпейді емес. Тәңір бұйрығымен (“Құп кіріптар қылды Алла” (2 том. 45 б.). Онегиннің сахара шөліндей сарғайып біткен көңіл даласына кенет көк бітеді. Жүрегіне махаббат өрті түседі. Татьяна хатының әсері тегін кетпеген. Қыз хатының сезімге түскен шоғы қауға түскен ұшқындай лап етіп жалындайды. Ғашық Онегин бұрынғы тәкаппарлығынан, өркөкіректігінен айырылып, бір кезде бетін қайтарған қыздың аяғына жығылады. Бұған дейін Татьяна ерік өзіңде деп қиылса, енді жалбарыну кезегі Онегинге тиеді. Не қылсаң да ерік өзіңде деп өмешесі өшіп, хат жазады.

 

Роман сюжеті шарықтау шегіне жетеді. Махаббат отына шарпылып, сұм тіршілікте жанына өзінен басқа бір дос, серік тапқысы келген кейіпкер, әлде бір философ-идеалистке ұқсап, алыс, көз ұшындағы жарық сәулеге қол созған. Ғашығының раушан сипатын тез көруге ынтығып, үздігеді. Піскен алмаға уақытында қол созбағанына өкініп, гауһарының қадіріне жетпегенін мойындап, тағдырын қыз қолына тапсырады.

 

Сөйтіп, бастапқыда Пушкин мен Абай романдарының бір арнада аққан сюжет өзені сағасына тақағанда жылғаланып, екі тарамға бөлініп тынған. Эпистолярлық роман сюжет ағысы характердегі зор әлеуметтік-қоғамдық сипатты мазмұнға, ондағы автор ойына қарай бет бұрған. Адам мен адам қатынасы яки сюжет Абай романында трагедиямен аяқталады. Уақыт теперішінен жапа шеккен кейіпкердің сюжеттік жолы тартысқа толы. Бірін бірі сүйсе де қосыла алмайтын Онегин-Татьяна арасын басқаша не деуге болады? Сюжет кейіпкерді жегідей жейтін философиясынан трагедиялық тығырыққа тіреледі. Бұл жерде Абай сюжеті қасірет-қайғыға соқпай қоймайтын әлемдік әдебиет дәстүріне сүйеніп отыр.

 

Эпистолярлық нұсқадағы Онегин тағдырындай тағдыр ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әлем әдебиетінде аз суреттелмеген. Гетенің “Жас Вертердің қасіреті” атты эпистолярлық романы мен қазақ ақынының бас кейіпкерлері тағдырлас, мұңдас. Онегин сықылды Вертер әуелден-ақ: “Я не вижу иного конца этим терзаниям, кроме могилы!” (Иоганн Вольфганг Гете. Собрание соч., в десяти томах. Том 6. М., “Худо­жественная литература”. С. 47) дейді. Пушкин романындағы Онегин Татьянаға жазған хатында күйдім-жандыммен тынады. Өлем деп айтпайды. Соңғы кездесулерінде Татьянаның бет қайтарар сөзін есіткен соң ләм демей төбеден ұрғандай қалшиып тұрып қалады. Ал, Абайдың Онегині “Сен бетіңді әрі бұрсаң... Біздің орын – қара жер” дейтін Вертер секілді тағдырына мойынсұна береді.

 Вертер “А мы от своей образованности потеряли образ человеческий!”(Гете. Том. 6., С.66) – деп күйінеді. Абай Онегиннің өзін: “бұл заманның қашқыны” санайтыны, “тәтті дүние көңілінен кеткендігі” (Абай. 2 том. 44-45 бб.) – өмір сүріп отырған қоғамға Вертер репеттес наразы.

 

Қазақ эпистолярлық романының “Вертерден” елеулі өзгешеліктері де бар. Әсіресе, жанрлық Һәм сөйлеу тәсілі жағынан. Ақын Гете шығармасында прозаға жүгінген. Тағы бір айырмасы – “Вертер” түгелімен бас қаһарманның қолымен (“Баспагерден” деген бөлімді есептемегенде) жазылған хаттан тұрады. Сол себепті бір жағы лирикалық, екінші жағы монологтік нысандағы туынды. Бұл жөнінде В.Вильмондтың “Вертерге” берілген түсініктемеде айтқан пікіріне толық қосылуға болады.

 

“...В то время, как в романах Ричардсона, Руссо... общая повествовательная нить плетется целым рядом корреспондентов и письмо одного персонажа продолжает письмо другого, в “Вертере” все написано одной рукою, рукою заглавного героя (за вычетом приписки издателя). Это сообщает роману сугубую лиричность и монологичность”. (Сонда. 465 б).

 

Абай романында бас кейіпкер екі түрлі тәсілде бейнеленген. Басында характері автор тарапынан сарапталады (“Онегиннің сипаты”). Ал, Онегин мен Татьянаның ішкі өмір-тірлігі олардың өздерін сөйлету тәсілі арқылы бейнеленген. Бұл жағынан “Вертерге” ұқсас болғанымен, өзгешелігі көбірек.

 

Татьяна мен Онегиннің хат алмасуы жан дүниеден жалындап шыққан сөзден тұрады. Жан сөзі өзіне емес, өзгеге арналады. Ішкі лирикалық тебіреністер кейіпкерлердің бір-біріне қаратып айтқан ғашықтық сөздерінен, өкпе-назынан туындайды. Гетенің эпистолярлық романы бүтіндей бас кейіпкердің монологына құрылған. Вертердің хаттарынан белгілі болатыны, Лотта екеуі жиі жолығысып тұрады. Лоттаның сол кездесулердегі сезім-күйлері монолог сипатында әрі эпостық мәнерде жазылған хаттарда суреттелген. Екі жастың қол алысқанын, бір біріне қалай қарағанын, қай жерде қалай кездескендерін бипаздап әңгімелеуге, шегініс жасап, оқиғаны тежеп, енді не болар екен дегізіп ынтықтыруға прозаның жаны құмар. Ал, лирика табиғаты бәрін түгендеп, тәптіштеп суреттеуді оншама көтере бермейді. Қазақ нұсқасындағы Онегин байғұс сүйгенін бір көруге зар.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: аудармасы, Евгений, Онегиннен, Құнанбаевтың, Абай
Просмотров: 276 | Загрузок: 163 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar