Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі
[ Скачать с сервера (336.0Kb) ] 02.09.2014, 08:20

КІРІСПЕ

        

         Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әр қаламгерді оның әдеби ортасынан жеке-дара алып қарау, тану біржақты болмақ. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның өкілі ретінде ғұмыр кешеді. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.

Абайдың әдеби ортасы дегенде белгілі бір тұлғаның ақындық жолына өз әсерін тигізген, рухани жетілуіне темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен сөз зергерінің әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.

Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды яғни, абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерді есепке аламыз. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз ғылыми жұмыста нақтылап, ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы» зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ.

Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді [1, 19-б.]. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі орынды айтылған: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан, ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді» [2, 14-б.].

Екінші мәселе - ақынның өзгеге берген нәрі турасында. Бұл – Абайдың ақындық мектебі деген тақырыпқа жетелейді. Абайдың ақындық мектебі – оның кейінгі әдебиетке әкелген жаңашыл дәстүрлері мен сол әдеби үлгі-өрнектерді жалғастырып, дамытушы ізбасар ақындардың әдебиеттегі орнын айқындайтын, сол арқылы кемеңгердің тағлым беруші ұстаздық қырын танытатын қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Бұл мәселені ақынның күнделікті қасында жүріп, тікелей тәрбиесін алушы, оның тапсырмасымен алуан тақырыпта шығармалар жазған айналасындағы шәкірттерді ғана бөліп алып, Абай мектебінің өкілдері деп қарастыру бар. М.Әуезов: «Тегінде әдебиеттік мектеп мағынасы тарихтық басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда «шәкірт» деп белгілі ақынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс арқылы тақырып, үлгі, ұстаздық, сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз «мектеп» деп айтуға болады» [3, 118-б.] ,- деген анықтама берген болатын. М.Әуезовтің жетекшілігімен өткен ғасырдың елуінші жылдары Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттері шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, бұл тақырыпты ғылыми айналымға енгізді [4].

Ал, Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден бөлек, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның маңайындағы ізбасар ақындарды өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалады.

Тақырыптың өзектілігі. Жеке ақынның әдеби ортасын, тікелей әсер еткен рухани айналасын танып, біліп болмай, сол тұлға туралы толымды пікір айту мүмкін емес деген пікірді басшылыққа алсақ, Абайдың әдеби ортасы тақырыбы – абайтану ғылымында зерттелу жағынан кенжелеп жатқан сала. Көп жылғы бодандық құрсауындағы Абай тұлғасы енді ғана өз биігінен көрініп, жаңа зерттеулерге бой ұсынып абайтануға тың міндеттер артқанына да аз уақыт болған жоқ. Десек те, Абайды ұлттық таным тұрғысынан бағалап, оның кемеңгерлігіне толымды баға беру ондаған жылдардың еншісіне сыя қоймайды. Әсіресе, кеңестік кезеңде өз заманынан, ортасынан, тіпті ұлтынан бөлініп, жеке-дара қарастырылған Абай есімі қайта, қайыра қарастырар жаңа пайымдауларға зәру. Академик З.Ахметов айтқандай: «Абай творчествосының өз заманымен, сол кездегі қоғамдық өмірімен байланысын, сол кезде қандай зор танымдық, тәрбиелік міндет атқарғанын, сөз өнеріне не жаңалық әкелгенін толық түсінсек, сонда ғана біз оның кейінгі кезеңдерде, қазіргі заманда қоғамдық ой-сананың, әдебиеттің өркендеуіне қандай ықпал жасап келе жатқанын толық аңғара аламыз» [5, 38-б.].

          Кеңестік идеологияның салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала Абайдың ортасы десек, «социалистік» қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік жүйге құрылған әдебиетке жақпады.  Абай поэзиясының қуатына солақай сынның қауқары келмегендіктен, ендігі кезекте ақынның өз басы емес, оның айналасы, әдеби ортасы сын тезіне алынды. Ақынның өмір сүрген ортасы – «ескішіл», әкесі – бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы «әдебиеттің таптығы» деген қалыпқа ыңғайланып, «кедейшіл», керек десеңіз «большевик» Абай өз ортасына қарсы қойыла зерттелді. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті туралы аса аз айтылып, ақынның «шығысым батыс боп кетті» деген сөзі желеу етіліп, «Абайды поэзия шыңына көтерген орыстың зиялылары» деген түсінік санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Әйтсе де, Абайға әсер еткен қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарға ысыра беруге келмес. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер «қазақта қара сөзге дес бермеген» Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы – қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың ең бір осал тартып жатқан тұсы боп қалды.

Абайдың алдындағы әдебиет өкілдерімен қатар ақынның маңайына үйірілген әдеби қауымға да кеңестік жылы қарамады. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-бағыттың аясында қолданылатын «мектеп» ұғымының бір ғана адамға қатысты айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде, маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың  тағлымдық, тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен «кертартпа», «ескішіл» деп танылып әдебиеттен аластатылды, көзі тірілері «халық жауы» болып қуғындалды.

Көп уақыт қапаста жатқан шәкірттер тәуелсіздіктің алдында ғана ақталып, шаңырағы шайқалған Абай мектебі енді ғана еңсесін түзей бастады. Абайдың айналасын құраған әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды, ақын шәкірттердің шығармалары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет – сол мұралардан әдеби орта тақырыбының өзегін іздеу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның  Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасында толайым пікір айту да – бүгінгі зерттеулердің міндеті. Бұл арада Абай тәрбиесі өз ауылынан, өңірінен аспаған ба?- деген сауалдың көлденеңдейтіні заңды.

         Абайдан кейін қазақ әдебиетінде оның дәстүрі қалыптасты десек, сол дәстүр ұғымының аясында ұлан-ғайыр дүние қылаң береді. Абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұловтың сөзімен айтсақ: «Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, өте күрделі екені мәлім... Өзгені былай қоя тұрып, Абайдың реалистік дәстүрін ғана ауызға алсақ та, оның әр жағында том-том зерттеу еңбектерінің сұлбасы көзге елестеп тұрар еді» [6, 32-б.]. Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы – Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек.

         Тақырыптың зерттелу деңгейі. Абайдың әдеби ортасы туралы алғаш рет Абай шәкірттері Кәкітай, Көкбай, Тұрағұл, Әрхам естеліктерінде сөз болса, ғылыми тұрғыда М.Әуезовтің еңбектерін бұл тақырыпқа салынған алғашқы соқпақ деп білуіміз керек. М.Әуезовтің жетекшілігімен Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттерінің мұраларын зерттеу ісін қолға алса, Ә.Жиреншин өз еңбектерінде жалпы Абайдың әдеби ортасы жайында сөз қозғады. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы әдебиет және ақынның қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық деңгейін ашып берсе, Қ.Жұмалиев қазақ поэзиясы мен Абай шығармаларының тілін салыстыра зерттеді. 1960 жылдары А.Нұрқатов, М.Бөжеевтер тарапынан Абайдың дәстүрі, Қ.Жұмалиев пен Ш.Сәтбаева Абай балалары – Ақылбай мен Мағауия мұраларын, Б.Кенжебаев Ә.Тәңірбергенұлы мұрасын зерттесе, сексенінші жылдары М.Мырзахметұлы Әуезов зерттеуіндегі  Абайдың әдеби ортасы тақырыбының сипатына ашуға ден қойды. Абайдың әдеби ортасы тақырыбы Абайға қатысты, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби үрдіске қатысты жазылған еңбектердің бірсыпырасында тікелей, кейде жанама түрде сөз болып отырғандығы белгілі. Атап айтатын болсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Сильченко, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Өміралиев, З.Ахметов, М.Мырзахметұлы, Ғ.Есім, Ж.Ысмағұлов, Ш.Сәтбаева, Ә.Жиреншин, А.Нұрқатов, М.Бөжеев, Қ.Мұхамедханұлы, Т.Жұртбай, М.Мағауин, Б.Әбдіғазиұлы, Б.Байғалиев, Б.Сапаралы тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер Абайдың әдеби ортасының зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – ақын айналасының абайтану ғылымындағы орнын белгілеу. Аға буын әдебиет өкілдерінің Абайға әсері және ізбасар шәкірттерді тәрбиелеудегі ақынның рөлі, Абай дәстүрін дамытудағы ақын шәкірттер шығармаларының қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық сипатын көрсету.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін диссертациялық жұмыста төмендегідей міндеттер алға қойылды:

         - Абайдың әдеби ортасы тақырыбының зерттелу жолын ғылыми тұрғыдан саралап, осы тақырып аясында қарастырылған «Абайдың ақындық айналасы», «ақын шәкірттері», «Абай дәстүрін жалғастырушылар», «ақынның маңына топтасқан өнер иелері» деген сияқты өзара бауырлас ұғымдардарға түсінік беру;

         - Алдыңғы буын әдебиет өкілдері – Дулат, Шортанбай, Жанақ, Шөже сынды ақындардың Абайға, оның ақындық жолының қалыптасуына тигізген әсерін дәлелдеу;

- Абай мен шәкірттер арасындағы байланыс көздерін саралағанда ақындық өнерге, ақындарға қатысты айтылған ұстаз сыны, сондай-ақ, Абай тұлғасының шәкірт ақындар поэзиясындағы орны деген мәселелерді айқындау;

- Ақын шәкірттердің көлемді туындыларына тақырыптық-көркемдік тұрғыдан талдау жасап, Абайдың ұстаздық қарекетінің нәтижесінде дамыған айтыс жанры, атап айтатын болсақ, Шәкәрімнің мен Тұрағұлдың, Әріп пен Әубәкірдің мысал айтысын арқау еткен өлеңдеріндегі, сондай-ақ, Ә.Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», У.Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмаларындағы Абайдың әсер-ықпалын көрсету;

- Тарихи тақырып пен нәзиралық дәстүр, аударма өнері сияқты сан-салалы үлгілердің қазақ әдебиетіндегі орны айқындау. Осы орайда жазылуына Абайдың тікелей тапсырмасымен жазылған Шәкәрімнің «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», Мағауияның «Еңлік – Кебек», Көкбай ақынның Абылай туралы тарихи жырларын, Уәйістің «Жошы – Алаша хан» сияқты шығармаларын зерттеу нысанына алу. Сонымен қатар Абайдың отаршылдыққа қарсы идеяларымен астасып жатқан шет жұрттықтардың өмірінен алынған Мағауияның «Медғат – Қасым», Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмаларындағы тақырып ортақтығы, отаршылдыққа, үстемдікке қарсы күресті жырлаған идеялық бірлікті дәлелдеу;

- Абайдың әдеби ортасын құрайтын әнші, композитор, музыкант сияқты өнер иелерінің шығармашылық жолын зерттеу нысанына алып, ақын айналасындағы әншілік өнердің өзіндік сыр-сипатын ашу;

         Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Абайдың әдеби айналасы, ақынмен тікелей қарым-қатынаста болған әдеби орта өкілдері, олармен арадағы рухани байланыс көздері алғаш рет жаңаша пайымдаулар тұрғысынан зерттеу нысанына алынды.

         - Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен жаңалықтары айқындалды. Абайтану, соның ішінде ақынның әдеби ортасына қатысты ғылыми тұжырымдар айтқан М.Әуезов, Қ.Мұхамедханұлы, М.Мырзахметұлы тағы басқа ғалымдардың пікірлеріне ғылыми тұрғыда баға беріліп, Абайдың әдеби ортасы, ақындық мектебі мәселесіне қатысты келешекте назарға алынатын ізденістер бағыты белгіленді;

         - Абайға әсер еткен әдеби ортаның ықпалы айқындалды. Бұл тұрғыда Абай әулетінің, атап айтатын болсақ, Зере әже, Шаншар атадан Ұлжан анаға дейін үзілмей жеткен шешендік, Құнанбай тәрбиесінің ақынға әсері, сол заманындағы би-шешендер ортасындағы жас ақынның орны, Абай мен аға буын ақындар арасындағы рухани жақындық көздері айқындалды;

         - Ақындық мектеп аясындағы поэзия көздерінің сабақтастығына мән беріле отырып, Абай арнауларындағы Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет, Ақылбай сынды шәкірттеріне қаратыла айтылған сын табиғатына талдау жүргізілді. Ақын шәкірттер поэзиясындағы ұстаз Абайдың тұлғасы жан-жақты ашылды;

 - Ақын шәкірттердің әдеби дәстүрді ұстану жолындағы шығармашылық-көркемдік ізденістері Абай мектебінің біртұтас тақырыптық бірлігі аясында қарастырылып, ақындардың айтыс жанрын игерудегі жетістіктері, тарихи тақырып пен нәзирагөйлік дәстүрді қолданудағы ерекшеліктері, аударма өнерін дамытудағы шеберліктері талданып, мектеп шеңберіндегі Абай дәстүрінің даму жолдары анықталды. Бұл тұрғыда, айтыс жанрын көркем шығармаларына арқау еткен Шәкәрім, Әріп, Тұрағұл, Әубәкір сынды ақындардың жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Ә.Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», У.Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмаларына әдеби талдау жасалды. Абай шәкірттерінің шығармашылығына арқау болған Еңлік пен Кебек тақырыбының интерпретациялық сипатына әдеби сараптаулар жүргізілді. Абай тапсырмасымен жазылған Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», К.Жанатайұлының «Сабалақ», «Қандыжап», У.Шондыбайұлының «Жошы –Алаша хан» дастандары әдеби мектеп аясында сабақтастырыла қарастырылып, Абай ұсынған тақырыптардың табиғаты анықталды. Шәкәрімнің «Ләйлі –Мәжнүн», Уәйіс ақынның «Бір қыздың оқиғасы»  шығармаларын талдау барысында Абай нәзирасының жаңашылдық сипаты айқындалды. Шет жұрттықтардың өміріне арнап жазған Ақылбай мен Мағауия поэмаларындағы құлдар тақырыбы, отаршылдық идеялары Абай көзқарастарымен байланыстырыла байыпталды. Абай айналасындағы аударма үлгісінің қарапайым, еркін, нәзиралық түрінен бастап, классикалық деңгейге дейін өскен эволюциялық даму жолдары айқындалды;

- Абайдың әдеби ортасын құрайтын өнерлі адамдардың  шығармашылық мұрасы зерттеу нысанына алынып, ақын маңына шоғырланған ән айтушы мен шығарушы, түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы өнер иелерінің Абай айналасындағы рөлі бағамдалды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесі бойынша мынандай тұжырымдар ұсынылды:

- Абайдың әдеби ортасын ақынға әсер еткен рухани көздердің аясында кең мағынада және ақынның тікелей қарым-қатынаста болған айналасымен шектеп нақты мағынада алуға болады;

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: мектебі, ортасы, және, Абайдың, Әдеби, ақындық
Просмотров: 657 | Загрузок: 256 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar