Абайдың әділеттілік туралы іліміне шолу - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Абайдың әділеттілік туралы іліміне шолу
[ Скачать с сервера (64.0Kb) ] 02.09.2014, 08:21

Абайдың әділеттілік туралы іліміне шолу

 

       Адамның ішкі әлемінің рахаты мен тыныштығы, былайша айтқанда, жан сақтауы өте-мөте әділет сезіміне тәуелді. Соның айғағы - әділеттілікті жанындай көріп аңсамайтын адам, көксемейтін  халық болмайды.  Оның осынау шоқтығын, қастерлі биігін ғұлама Шәкәрім былайша өрнектейді:

                                      Нысап пен мейірім, әділетті,

                                           Жаныңдай көріп жан сақта.

                                      Ол жолда өлсек, неміз кетті,

                                            Мақсұтқа жетпей қалсақ та.

                                                             («Анадан алғаш туғанымда», 1929).

       Әділет – қиянаттың дұшпаны. Олардың арасында өтетін талас-тартыс күллі адамзат көшінің тағдырына, тарихы мен мәдениетіне сәулесін түсіреді және небір ғажайып шедевр, классикалық туындыны дүниеге әкеледі. Күллі көркем әдебиет классиктері шығармашылығының алтын өзегі - әділет пен қиянаттың  мәңгі айқасы, бітіспес майданы. Көркем әдебиеттегі деймін-ау, күнделікті өмірдегі шындық өзегі де осы тартыс емес пе. 

        Сонымен, әділет - жан сақтау құралының бірі, қастерлі категория.  Бірақ әділеттілік туралы басқадай не білеміз, ол жайлы біліміміз толық па? 

        Сірә да жоқ, қазақ философиясы тұра тұрсын, әлемдік философия тарапынан да әділеттілік туралы пайымдар бір ізге түскен емес, яғни өз алдына дербес жүйелі ілім боп қалыптасты деуге әлі күнге ертерек. Себеп - феномен ұғымның күрделі табиғатында және түп тегі - генезисінің тереңдігінде десек қате бола қоймас. Төменде осы күрделі тақырыпты сөз етпекпіз. Ондағы мақсатымыз - жаңағы олқылықтың орнын толтырған данышпан біздің қазақтың Абайы екенін дәйектеуге саяды.

        Біреу біледі, біреу білмейді, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңі және 45-ші сөзі хакім Абайдың сарқынды шығармалары. Алдыңғы туындысында данышпан:

                              Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                              Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

                              Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

                              Және «Хақ жолы осы» деп әділетті, -

дейді. Ал, соңғыны: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері... һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» деп бастайды.

       Сөйтіп, Абайдың ақтық өсиет-толғаулары қос феномен сезім: махаббат пен әділетке бағытталғанына көз жеткіземіз.  Маңызды ерекшелік - хакім Абай махаббат, ғаделетті қосақтап айтады. Мұның сыры неде?

        Гәп мынада: махаббат - күллі әлемге нұрын, шуағын төккен қуат, ал әділет - тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет. Қос феномен қосылғанда ғарыштық күрделі қатынастар ғажайып үйлесімін табады. 

       Міне хакім Абай махаббат, ғаделетке осы тұрғыдан келіп, жаңа аталған  45-ші қарасөзінде мынадай даналық тұжырымын жасайды: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі».

        «Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» деген бір-ақ ауыз тезис бүгінгі біздер үшін аса салмақты. Осылайша Абай бізге он сегіз мың ғаламның махаббат-әділет заңымен басқарылып, реттелетінін ашықтап беріп отыр. Бұл, сөз жоқ, тек әлем ойы алыбының ғана сыбағасы.

        Махаббат - Жаратушының бір аспектісі екендігі, әрине, әлімсақтан мәлім. Барлық әлемдік діндер осыны діттейді, айталық, исламдық сопылық ағым «махаббат діні» делінеді.  Ал, әділеттілік ше? Ол махаббатқа тете, теңдес ұғым ба?   Ең бастысы, Абай екі ұғымды неге қосақтаған? Жаңағы тезис міне осының жауабын беруімен құнды.

       Біле білсек, Абайдың: «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты деген» деп тұжыруы өз алдына жаңалық. Сахара  ойшылы бұл арада хақиқат заңды күллі қасиетті кітаптардан сүзіп алғанын сездіртіп отыр. Абайдың жаңағы әділет, махаббат түсініктерін бөлмей-жармай қолдану сыры  киелі кітаптар мазмұнында екенін көреміз.

        Қорыта айтқанда, махаббат, ғадалет категорияларын, бір жағынан, «Тәңірінің ісі» (Тәңірінің хикметі, заңы деген мағынаны да білдіреді) деп ғаламдық деңгейде бағамдау, екіншіден, олардың түп генезисі мен ортақ трансценденттік мәнін ашып беру - Абайдың керемет жаңалықтары. 

       Бұл пайым артық айтқандық боп көрінбеуі үшін мысалдармен бекіте кетелік. Сөз басында әділет-жан тыныштығының кепілі, оны аңсау адам баласына Тәңіріден дарыған қасиет дегенбіз.  Қазіргі орасан қаржылық дағдарысқа да әділеттілік заңының бұзылуы «кінәлі» екендігі шүбәсіз.  Сол сияқты планета жұртшылығын алаң еткен Батыс және Шығыс делінетін осы заманғы орасан үлкен өркениеттілік қарым-қатынас пен өзара ұғысу проблемалары да әділеттілік заңына тіреледі. Ол ол ма, күллі материалдық әлем Ньютон ашқан заңдармен реттелетіні сияқты күллі ғаламның тыныс-тіршілігі Абай ашқан әділет-махаббат заңымен реттеледі.

        Ендігі кезекте Абайдың әділеттілік ілімін барлауға ойысалық.  Бізше бұл ілімнің қалыптасуы кемеңгердің ойшылдық эволюциясымен қабыса табысады. Осы тұрғыдан келгенде мынадай екі айшықты кезең бар: бірі - 1891-1897, бірі – 1898-1902 жылдар аралығы. 

       1891 жыл Абай өмірінде бұрылысты жыл болды. Осыған дейін Чернышевский, Добролюбов бастатқан орыс ойшылдарының қоғамдық ортаны және заманды түзету қажет деген әлеуметтік идеяларына  құлай беріле отырып, мәдени-ағартушылықпен қатты айналысқан ақын, енді бұл бағыттың дұрыстығына күмәнді болады. Расында да пенденің кінәні өзінің мінезі мен болмысынан емес, тек қоршаған ортадан ғана іздестіретіні несі? Бұл дұрыстық па? 90-шы жылдардың басында ақылына білімі сай болып толысқан кемел Абайды, исі алаштың ұстазы, ақылшысына айналған Абайды осы мәселенің толғандырғаны хақ.  Бірінші қарасөзінде: «Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деуі сөзіміздің кішкене дәлелі.

       Бір ғажабы, Абай «дүниеге көзін ашқан» Михаэлистің өзі пір тұтқан Чернышевский, Добролюбов сынды төңкерісшіл-демократтарды еш жерде атамайды, аузына да алмайды. Семей қаласына жер аударылып келген кілең оқымысты орыс зиялыларының оларды басына көтергені жақсы мәлім ғой. Осы ғылыми ортада он-он бес жылдай үлгі-өнеге көргеніне қарамастан қазақ ойшылының қоғамды күшпен өзгертуге негізделген, төңкеріс исі аңқыған идеялардан бас тартқанына таң қалмасқа лажың жоқ. Ол ол ма, Абайдың қоғамды тек тыныштық жағдайда, имандылық тәрбие негізінде ғана өзгерту қажеттігіне сенімі кәміл: «Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол» (1889) дейді.

        Сөйтіп, Абай терең ой еңбегіне, қоғамда әділетті орнықтырудың жолын, яғни әділеттілік ілімін іздестіруге кіріседі.  Тың өрісте тапқаны - «Менсінбеуші ем наданды» (1891) деген өлеңінде өзі айтқандай, «адам түзелмей,  заман түзелмейді» деген парадигма (мұны ойшылдың Шығыс жағалауына қайта өтуі де де қой) болды. Ол бойынша заманның түзелуі үшін әр адамның іштегі кірден тазаруы, рухы жетілуі мен иманы нығаюы шарт. Себебі, егер жеке тұлға «іштегі кірді қашырса», яғни әр адамның жан тәрбиесі жолға қойылса, мұндай тәрбие кемелдігінен бүкіл қоғамның кемелдігі құралмақ. Адамзат тыныштығы мен рухани жетілуінің  өзгедей амалы, жолы жоқ. 

        Осынау алыс мақсатты көздеген ойшыл ақынның 1891 жылдан былайғы өмірінде басты шығармашылық жұмысы - екі проза кітабы болғаны, оларға күш-қуатын сарқа жұмсағаны анық: бірі - 40 ғақлиядан тұратын «Ғақлия» атты (1891-97 жылдар арасында жазылды) кітабы, бірі – «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-ші қарасөз) атты кітабы. Алдыңғысы - туған халқына жөн-жоба сілтеген арнау өсиеттері, ал 1898-1902 жылдар аралығында жазылған екіншісінің - берісі мұсылман әрісі күллі адамзатқа арналған даналық трактат екені талассыз. 

       Төменде Абайдың әділдік ілімі қалыптасуының саты-сатысына осы қолжазба кітаптары бойынша ой жүгіртелік.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: туралы, әділеттілік, Абайдың, іліміне, шолу
Просмотров: 374 | Загрузок: 134 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar