АБАЙША СҮЙІП, АБАЙША КҮЙІП ЖҮРМІЗ БЕ? - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

АБАЙША СҮЙІП, АБАЙША КҮЙІП ЖҮРМІЗ БЕ?
[ Скачать с сервера (144.0Kb) ] 02.09.2014, 08:22

АБАЙША СҮЙІП, АБАЙША КҮЙІП ЖҮРМІЗ БЕ?

 

 Атады таң, батады күн, толады ай.

Ауысады күнде саба, толағай.

Бірі барда бірі болмай, жоқты аңсап,

Неге пенде болды сонша қомағай !

 

Нәпсі сол ғой, ныспы адам болғасын,

Тәркі өмір талқы, тартыс додадай.

Ақын ақын болмас еді алдында

Жатса  жайнап шәмсі, күлпар, қоғажай.

 

– Өмір өшпек,

Өлең қалмақ, – дейді дос,

Көңілімді аулап айтқан сөз ғой о да жай.

Білем жатқа даңқты талай дананы,

Олар тау да, мен кішімін обадай.

 

–  Алтынсың, – деп алдағандар тірімде

Көзім жұмсам, көрмес мені қоладай.

Дүниеге қаланған бір кірпішке

Сол дүниенің осындай бір обалы-ай!

Қуандыққа соның бәрін ұқтырған

Аруағыңнан айналайын,

О Абай !

 

Қуандық Шаңғытбаев осылай толғаған.

 

Абай шығармашылығы — әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Кейде ойлап отырсаңыз, Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жа­нымызға соншама жақын адамымыз, ағайынымыз ба, туысқанымыз ба , ағамыз ба, атамыз ба, әйтеуір бір жақсы танитын адамымыз сияқты. Сол адаммен талай рет кездесіп, сөйлескен, сырласқан, талай рет ақылын алғандаймыз, ал кейде не балалықпен, не шалалықпен  алмай кеткендейміз.  Қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Жар сүйіп, бала сүйіп қуансаң да, жақыныңның аза­сына күйіп, қайғырсаң да жаныңнан табылады Абай.

 

Халқымыздың ұлы ақынға құрметі біздің “Абай атамыз айтқандай” деп сөйлейтініміз­ден де көрініп тұр. Ұлы классиктерін халықтың атасы деп сөйлеу ең дамыған деген ұлттарда да табыла қоймайды. Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі.  Егер әрбір қазақ баласы ауық-ауық болса да Абай томын қолға бір алып қойып, бір өлеңін болса да қайталап оқып отырса, өзіне өзі Абай алдында іштей есеп берсе, “Қалай өмір сүріп жатырмын осы? Абайдың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба,  шық деген биігіне ұмтылдым ба, адам атын ақтайтындай не істедім мен өзім?”,  дегендей ойға түсіп тұрса қазақтың бағы баяғыда жанып, ортақ үйіміздің түтіні де түзуірек ұшар еді-ау деп те қиялдайсың.

 

Ұлт руханияты ұстындарының бірі саналатын Мырзатай Жолдасбековтің Абай шығармашылығы жайында ой толғап көруін сұрағанымыздағы ойымыз да ха­лықтың бүгінгі өмірінде Абай алар орынды көрсету, халық алдындағы парызын ақ-адал атқарған Абайдың алдындағы халықтық парызымыздың ақталуын айтқызу еді. Бұл ойымыздың қалай орындалғанын бүгінгі мақаладан оқи аласыздар. Сөз ретін пайдаланып, “Тұлғалар толғанысы” ел газетінің бетіндегі айшықты айдарлардың бірі ғана екендігін, бас басылымды келесі жылы да жанына жалау ететін ағайын “Егемен Қазақстанның” бетінен талай-талай татымды мақалаларды табатынын да айта кетпекпіз.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

 

 Абай атасынан кемеңгер боп жаратылып, анасынан дана боп, еліне пана боп, өз заманынан ойы озық туған ғұлама; халқының мұңшысы, ұлы ақыны; қазақ үшін дертті болған, сол дертінен айыға алмай кеткен, жан жарасы жазылмай кеткен, кеудесі қайғы мен қасіретке толы қазақ тарихындағы ең ірі трагедиялық тұлға; өз ұлтын өркендеген өнегелі елдің қатарында көруді көксеген ойшыл.

 

Қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы соншама толғанған; ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған; елі үшін күйіп-піскен, азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан кісі болған жоқ. “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман”, дегенді Абай жасы жетіп қартайғандығынан айтқан жоқ, Абайды жасына жетпей қартайтқан – қазақ, оның қылығы. Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір қазақ түбінде Абайға жүгінеді, оның өсиетіне, аталы сөзіне тоқтайды.

 

Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес. Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсесің, ой түбіне тереңдей түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі туралы ойлана, толғана түсесің. Абай мұралары жыл мезгіліне қарай, кісінің көңіл-күйіне, жасына қарай әр кезде әр түрлі әсер етеді, өзгеше ой салады. Сол кезде Абайдың “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла” деген сөзі еріксіз есіңе түседі.

 

Шынында да, Абай – жұмбақ адам. Оның ойлары гауһардай түрленіп, әр қырынан әрқалай сәуле шашады. Көп ойларын тылсымдап кеткенге ұқсайды. Заман асқан сайын, уақыт өткен сайын тылсымның кілті табылып, Абай халқына бүгінгіден де ашыла, бүгінгіден де жақындай түсетін болады. Қазақ дертінен айығу үшін, көкейіндегісін табу үшін Абайға жүгінуі керек. Абайға үңілген сайын бірде табынасың, бірде қамығасың, әрқалай ахуал кешесің. Заманына, дәуіріне қарай, қоғамның ауанына қарай үнемі Абаймен сырласып отыруымыз керек. Адаспаудың бір жолы осы деп ойлаймын.

 

Абай өмір сүрген кезеңде, шырғалаңға түскен, шырмауда қалған көшпенділер елінің мәдениеті де, санасы да күйреуде еді. Ұлы дала жандаралдың табанының астында жаншылып талып жатты, даламен бірге қазақтың рухы, поэзиясы, аңызы, ертегісі өлді, ұлттық намысы тапталды. Абай соның бәрімен жалғыз алысты, жалғыз арпалысты, осыншама сұмдықты өз жүрегінен өткізді, туған халқын оянуға, жан тірлігіне, қалғымайтын намысқа, ардың күресіне шақырды. Ұлы далаға жаңа ой, жаңа поэзия әкелді. Тұнық бұлақтың көзін ашты. Сонда да меңіреу Дала Абайға үн қатпады. Келеңсізге сөзі өтпеген Абай басын жарға да, тауға да соғып, сергелдеңге түсті.

 

“Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік, қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз. Соны таба алмай өзім де қайранмын”, – деп дал болды. Абайдың басынан кешкен азабын, көрген мехнатын, қорлығын мен бер­тінде, есейе келе ғана түсіндім, өз жүрегімнен өткізіп сезіндім.

 

...Ұлы даланы еркін мекендеген, алаңсыз, бейқам өмір кешкен қазақ халқының тағдыры туралы Абайдай аяусыз, жанға батырып қатты айтқан жан болған жоқ. Абайдың максимализмі туған халқының мешеу мінезін ғайбаттау емес, керісінше елін талмайтын зерделікке, ойлылыққа шақыру.

 

Абай адам алдындағы парызына дақ түсірмей, ақиқатқа жан-тәнімен қызмет етіп өтті. Саналы ғұмырын, күш-қуатын санаткерлікке жұмсады, бірақ заманы ақынның жан егілткен әндерін сүйсіне тыңдағанымен, тамылжыта салғанымен, мұңлы өлеңдерінің, аталы сөздерінің ой қатпарларына тереңдей алмады, жанына дарыта алмады, сөйтіп, ақынның өз халқына айтқан ақыл-өсиеті жаһан далада адасып қалды. Абай дүниеге ақын болып туған адам, өлеңді ерте жазған.

 

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркініңнің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды ұрайын бірге туған ,

 

–  дейтін әдепкі өлеңінің өзі түйеден түскендей.

 

Абай табиғатынан ақын болып туғанымен, жас кезінде өлең шығарумен еркін айналыса алмайды. Заман ағымына, халықтың ұғымына қарай Құнанбайдай кемеңгер әкенің Абайдан күткені басқа еді. Билік үшін арпалысып өткен дала көкжалы Абайды ел тізгінін ұстауға баулыды. Құнанбайдай әкенің ырқынан шығып, ақындық әлемге қанат қағу жас Абайға оңай болған жоқ. Абайдың алдында күрделі де қым-қуыт өмір жолы тұр еді.

 

Абай өлеңді он екі жасынан бастап шығарған. Ақынның бала кезіндегі өлеңдерінің көпшілігі бізге жеткен жоқ. Олардың бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын замандастары жазған мемуарлар да, хаттар да, жазбалар да, өкінішке орай, бізге жеткен жоқ.

 

Абайдың жас кезіндегі өлеңдері досы Көкбайдың атынан жарияланады. Тек 1886 жылы, қырық жастан асқан соң, “Жаз” деген атақты өлеңі шыққаннан кейін ғана, шығармаларына өз атын қосады.

 

Абай тек ақын ғана емес, сонымен бірге жүрек тербеген оқиғалы, ғажайып әндер де шығарған композитор.

 

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй! –

 

 дейді Абай. Өнерге Абайша ғашық болу, әнді Абайша қастерлеу бір басқа. Абай халықтық өнердің қайнарынан мол сусындаған. Сусындай отырып, қазақ поэзиясы мен қазақ музыкасын шырқау биікке көтерген, әнге де жаңа ырғақ, жаңа мән-мағына әкелген.

 

Құр айғай бақырған

Құлаққа ән бе екен? –

 

дейді Абай. Осы сөзі дәл бүгінгі біздің жастарға арнап айтылғандай. Қазір жастардың дәстүрлі әннен қол үзіп, батыстың мағынасыз, даңғырлақ, әулекі музыкасына бой ұрып бара жатқандығын ойлағанда елдің келешегі, қазақ өнерінің болашағы не болады деп мұңаясың.

 

Абай бар болғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз, 1 мақала жазған кісі екен. (Мақала деп шартты түрде айтып тұрғанымыз – “Қазақтың шығу тегі туралы”). Абай өлеңдерін оқу, оның қадір-қасиетін сезіну, асыл ойларын зердеге сақтау ынтасы да, ықыласы да бүгінде бұрынғыдай емес. Тек Абай ғана емес, жалпы кітапқа құштарлық, кітапқа құмарлық бәсеңдеді. Мұны күнделікті тіршілікте әр отбасынан көріп жүрміз. Теледидар, басқа ақпараттар толқыны, батыстық экспансия өз балаларымызды бауырымыздан, ұлттық әдебиеттен, ұлттық өнерден, ұлттық музыкадан бөліп алып барады. Бұл, шынында да, қорқынышты жағдай. “Қорқамын кейінгі жас балалардан” дегенде Абай осы сұмдықты сезген бе деп ойлайсың. Сондықтан да мынау қиын да күрделі заманда етек-жеңімізді, есімізді жисақ керек. Осы үшін де бізге Абай керек. Абай өлеңдеріне жас ұрпақты үңілдірудің, Абай ойларын жеткіншектеріміздің бойына сіңірудің тура жолын іздестіруіміз керек. Абай өлеңді ермек үшін жазған жоқ, кейінгіге өнеге-білім бермек үшін жазды.

 

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: АБАЙША, КҮЙІП, БЕ?, ЖҮРМІЗ, СҮЙІП
Просмотров: 304 | Загрузок: 164 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar