Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану ғылымының контексінде - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану ғылымының контексінде
[ Скачать с сервера (60.0Kb) ] 02.09.2014, 09:25

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

 

Диссертациялық жұмыста ірі энциклопедист ғалым, қазақ әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының – сөз өнерінің теориялық сипаты жөніндегі тұжырымдары талқыланып отыр. Ол тұжырымдар ғалымның 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде баяндалғаны белгілі. Жұмыста ғалымның теориялық пайымдары негізінен ХХ ғасыр басындағы ресей және дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының контексінде (Б.В.Томашевский, В.М.Жирмунский, А.И.Белецкий, Г.О.Винокур, Ю.Н.Тынянов, Р.Якобсон, В.Кайзер, Г.Г.Гадамер, В.Б.Шкловский, М.М.Бахтин, Цв. Тодоров, Р.Уэллек және О.Уоррен, Ю.М.Лотман, М.Гаспаров) талданады. Сонымен қатар, қазіргі әдебиеттану ғылымының теориялық және әдістемелік тәсілдері де бұл диссертациялық жұмыста қамтылды. «Әдебиет танытқыштағы» әрбір категорияның табиғатын ашу барысында бүгінгі әдебиет теоретиктерінің (В.Шмид, Е.Фарино, В.Е.Хализев, С.Н.Бройтман, Н.Д.Тамарченко, И.В.Силантьев, О.А.Клинг, Д. Каллер, В.И. Тюпа, С.Н.Зенкин т.б.) зерттеу тәсілдері де назардан тыс қалмады. Зерттеу барысында ғалымның сөз өнерін зерттеуге арналған әдістемелік ұстанымы басшылыққа алынды. Негізінен мұндай тәсілдің яғни, «Әдебиет танытқыштағы» жүйенің сақталу себебі ‑ пән талабынан шығып отыр. Кітап басындағы «Аңдату» тарауындағы өнердің жүйесінен бастап, драманың қасиеттеріне дейінгі аралықта – А. Байтұрсынұлы сөз өнерінің ішкі спецификасын жан-жақты аналитикалық талдаудың озық үлгісін көрсетеді. «Әдебиет танытқыштағы» бұл зерттеу жүйесі бүгінгі күн талап тұрғысынан да шығып отыр.

1989 жылы ғылыми айналысқа қайта оралған «Әдебиет танытқыш» ұлттық әдебиеттану ғылымында өзінің лайықты бағасын алып үлгерді. Еңбектің теориялық салмағын саралай келе академик З. Қабдолов «Әдебиет танытқыштың» ең бір құнды жері деп, жекелеген әдеби-теориялық категориялардың этимологиясын, олардың мән-мағыналық жүгін төл әдебиетіміздің өз ішінен тапқандығын дөп баса айтады. Мәселен, «..әдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да (А. Байтұрсынов «Дарынды сөз» тарауында: эпосты– әуезе,  лириканы – толғау,  драманы – айтыс деп атайды – Ұ.Е.), әр жанрдың түрлерін өзіміздің төл әдебиетімізден іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс- салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама болып шыға келеді. Дәл осы ретпен әдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «драма» деп емес, Ақаңша «айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың түрлерін, айталық, трагедияны – мерт, яки әлекті тартыс, драманы – сергелдең, яки азапты тартыс, комедияны – арамтер, яки әурешілік деп атайды» [1, 25-26]. Академик З. Ахметов болса, «Әдебиет танытқышта» қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындайтын өлең сөздің бунақ, тармақ, шумақ сынды категорияларының алғаш қалыптасқандығын атап айтады [1, 64].

 «А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» - қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен көрсеткіші болуымен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын  эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан кезеңдік туынды» [2, 275] екендігі еңбектің жалпы гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі бөлекше орнын білдірсе, «автордың төңкерістер дәуірінде өмір сүрсе де, әдебиет мәселелеріне саясатты, партия мақсаттарын, араластырмай негізінен ғылыми өлшем, талғам арқылы, жеке бөлшектерге, бұтақтарға, тармақтарға назар аударуы, қазіргі терминологиямен айтқанда, структуралық поэтика тұрғысынан талдау жасап, қорытындылар шығаруы; үнемі дәлдік пен деректің бірінші қатарға шығуы» [3, 51], «әр категорияның өзінің логикалық дамуы, қалыптасқан жүйесі бар түсінік ретінде айқындалуы <..>,  яғни, әр тұжырымның ішкі заңдылықтары ашылып, парадигма ретінде дәлелденуі» [4, 26.] – «Әдебиет танытқыштың» ғылыми тереңдігі мен зерттеушілік стратегиясының ауқымдылығынан хабар білдірсе керек.

Еңбектің құндылығына жан-жақты тоқтала келе әдебиет сыншысы Т. Кәкішев: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент» [5, 210-211] деп жазады.

Біз де зерттеу барысында жоғарыда келтірілген құнды пікірлерді ұдайы басшылыққа алып отырғанымызды айта кеткен жөн. Десек те, көп жағдайларда А.Байтұрсынұлына қандай әдеби-эстетикалық теориялардың  тірек  болғанын дөп басып  айту қиынға соғады. Себебі, еңбекте сілтемелер берілмеген, солай бола тұра басы бүтін бір сұлу ән секілді терез синтезге құрылған. Алайда,  мына пікірді де ескерген жөн сияқты. Академик Р.Нұрғалидің пайымдауынша, «Әдебиет танытқыштағы» өнерді сәулет, сымбат, кескін, әуез, сөз өнері деп бөлуі мен оларға берілген анықтамалар Байтұрсынұлының Лессингтің әйгілі «Лаокоон» трактатымен терең таныс болғаннан білдіреді. Әңгіме әдеби жанрлардың баяны жайлы болғанда, ішкі ғалам (субъективный мир) және тиіс ғалам  (объективный мир) ұғымдарының қолданылуы ғалымның Аристотель, Гегел, беріректегі Белинский мен Веселовский пайымдарымен де таныстығынан хабар береді [6, 51]. Бұл әрине, кітаптың түпкі желісіне яки генезисіне қатысты мәселе. Зерттеу аясында қандай да бір ұғымның тарихына қатысты сөз болғанда бұл мәселелер орны орнымен диссертация мәтінінде көрініс тапты. Және де бізді «Әдебиет танытқыштың» бүгінгі теориялық тұжырымдарға қатыстылығы қызықтырды. Көп жағдайда «Әдебиет танытқыштағы» жекелеген теориялық категорияларға қатысты тұжырымдардың өміршеңдігі айқын екені сөзсіз.

Зерттеу барысында «Әдебиет танытқыштың» теориялық тұжырымдарын талдау  - автордың  ұсынған нұсқасы бойынша, яғни, А. Байтұрсынұлының сөз өнерін жүйелеу тәртібі мен  көркем сөз  теориясын пайымдау әдісіне  сәйкес жүргізілді.

«Әдебиет танытқыштың» құрылымдық ерекшелігі – тараулардың, жекелеген тұжырымдардың реті бір-бірінен  туындап отыратын қисындылығында. Мәтіндегі теориялық әдіске негізделген баяндау тәсілінің бірден-бір ерекшелігі – нәрсенің анықтамасын айтудан бұрын оның қасиетін айтатынында. Яғни, кез-келген категорияны түсіндіру барысында біз үйреншікті дедуктивті әдіспен емес, көбіне сол дедукцияның өзіне негіз болып келетін жолды ұстанып, нәрсенің анықтамасынан қасиетіне қарай емес, керісінше, нәрсенің қасиетінен анықтамасына қарай баяндалады. Және оны пәлсәпалық һәм филологиялық ұғым-түсініктердің ішінде – қарапайым түсінікті тілмен дәл әрі шумақтап (обобщение) беріледі. Еңбектегі роман, повесть, әңгімеге байланысты тұжырымдар мен «Тіл көрнекілігі» тарауындағы категориялардың анықтамалары осы айтқандарымызға дәлел  бола алады. Сонымен қатар «Әдебиет танытқышта» әдебиеттану ғылымының қай кезеңінде болса да қажеттілігінен айнымайтын сөз өнерінің теориялық негіздері көптеп кездеседі.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бұған дейін де «Әдебиет танытқыштың» құнды еңбек екендігі жиі айтылып (Ш.Сатпаева, Р.Сыздықова, З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Нұрғали, А.Ісімақова, Ө.Әбдіманов т.б. ғалымдар) келеді. Дегенмен, бұл еңбектің  бүтіндей теориялық тұжырымдамасы арнайы зерттеу тақырыбына айналған жоқ. Осы тұрғыда «туған топырағымызда әдебиет теориясының басы болып саналатын» (З.Қабдолов) «Әдебиет танытқышты» (1926) ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиеттану ғылымындағы басты-басты әдеби-теориялық тұжырымдармен бірлікте талдау да әзір бірізге түсе қойған жоқ. Академик Р.Нұрғали: «Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі «Әдебиет танытқыш» төңірегінде әлі де көп зерттеулер жүргізу керек» [3, 35] – екендігін баса айтады. Осы ретте, әрине бұл диссертациялық жұмыс өзектілігі де «Әдебиет танытқышты»  әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында кең көлемді талдауға алғаш түсіп отырғандығымен тікелей байланысты. Еңбектегі әрбір категорияның теориялық деңгейі де, әлемдік әдебиеттану ғылымында лайықты бағасын алған белгілі мамандардың тұжырымдарымен қатар түсіп жатады.  Осы негіздерді ескере отырып, «Әдебиет танытқыш» толыққанды теориялық еңбек ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді деп санаймыз.

Тақырыптың  зерттелу  деңгейі. Қазақ әдебиетінде сөз өнері теориясының сан қырлы категориялары жайлы  және алаш зиялыларының мұраларындағы әдеби-теориялық, әдеби-эстетикалық пайымдары мен Абай, Әлейхан, Жүсіпбек, Міржақып, Смағұл, Мағжан, М.Әуезов және басқа ақын‑жазушылардың шығармашылық даралығын айқындап берген Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Базарбаев, Ш.Сәтпаева, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев,  Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Т.Кәкішев, Ә.Нарымбетов, М.Мырзахметұлы, Ж.Дәдебаев, А.Еспенбетов, Қ.Әбдезұлы, Б.Әзібаева, Ә.Байтанаев, К.Сыздықов, С.Мақпырұлы, Б.Майтанов, С.Дәуітов, Ф.Фаткуллин, С.Негімов, А.Ісімақова, Г.Пірәлиева, Г.Елеукенова, Д.Қамзабекұлы, Р.Имаханбетова және  т.б. ғалымдардың еңбектері болды.

         Диссертация жұмысының тақырыбына қатысты қомақты зерттеулер мен пікірлер білдірген ғалымдар санатында З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, А.Ісімақова еңбектері зерттеуге негізгі арқау болды.

Зерттеудің  мақсаты   мен  міндеттері. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері «Әдебиет танытқышты» ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында зерттеу еңбектің теориялық орнын белгілеуден туындап отыр. Осы мақсаттан туындаған міндеттердің жүйесі төмендегідей болып келеді:

– «Әдебиет танытқышты» ХХ ғасыр басындағы әлем әдебиеттану ғылымындағы әдеби-теориялық  пайымдармен қатар талдай отырып, ондағы ортақ тұжырымдардың ұқсастықтарын анықтау. Сонымен қатар, еңбектегі теориялық тұжырымдармен бүгінгі әдебиет теориясының да арақатынасын анықтап белгілеу.

–  «Әдебиет танытқыштағы» «сөз өнерінің ғылымына» (теориялық поэтика ғылымы) қатысты әдістемелік ұстанымдарды  нақты синхрониялық және диахрониялық әдісті басшылыққа ала отырып жүйелеу.

– «Әдебиет танытқыштағы» әдеби категориялар, теориялық тұжырымдар мен терминдер жүйесінің семантикасын анықтау.

– Ахмет Байтұрсынұлының теориялық тұжырымдарына ХХ ғасыр басындағы Роман Якобсон, Борис Эйхенбаум, Виктор Шкловскийлер негізін салған формалистік мектеп ұстанымдарының әсері мен теориялық поэтика мен лингвистикалық поэтиканың ара-жігіне қатысты қағидаларды айқындау және талдау.

Зерттеудің  ғылыми  жаңалықтары. Диссертацияда ХХ ғасыр басындағы «Әдебиет танытқышпен» кезеңдес теориялық еңбектер молынан қамтылып, сол кезеңдегі теориялық көзқарастың жүйесі айқындалды. «Әдебиет танытқышта» келтірілген теориялық пікірлер мен тұжырымдар, әдістемелік тұрғыдан алғанда А. Байтұрсынұлы ұстанымына жақын орыс әдебиеттануындағы белгілі әдебиет теоретиктері Б.В. Томашевский, В.М. Жирмунский, Ю.Н. Тынянов, Г.О. Винокур секілді т.б. ғалымдардың негізгі еңбектерімен салыстырылды. Осының нәтижесінде А.Байтұрсынұлы мен аталмыш ғалымдардың теориялық поэтика мен лингвистикалық поэтиканың ара-жігіне қатысты ұстанымдары айқындалып ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыстың төмендегідей ғылыми жаңалықтары айқындалды:

– Жұмыс  барысында «Әдебиет танытқыштағы» сөз өнерінің теориясына қатысты тұжырымдардың жүйесі жасалынды. Және ол жүйенің «әдеби шығарманың құрылымы», «шығарманың стилистикалық белгілері», «поэтикалық семантика», «поэтикалық фонетика», «көркемдік бірлік», «әдебиеттегі романизация»  секілді әлем әдебиеттануындағы қалыптасқан ғылыми-теориялық тұжырымдармен сәйкестіктері анықталды.

– А. Байтұрсынұлының ірі лингвист ғалым екендігі (әдебиеттану мен тілтану әдістерін қатар қолданғандығы) бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы психолингвистикалық  талдаулардың жетістіктері арқылы дәлелденді.

– Сөз өнерінің компоненттерін анықтауда «Әдебиет танытқыштың» реттік баяндауы басшылыққа алынды. Сол кезеңдегі әлем әдебиеттануындағы теориялық еңбектердің мазмұны да «Әдебиет танытқыштағы» жүйе арқылы зерделеніп, еңбектің кәсіби әдістемелік жетістігі дәлелденді.

– «Әдебиет танытқыштың» сөз өнерінің теориялық аспектісін анықтап берген тұжырымдарының бүгінгі теориялық талап тұрғысынан да шығып отырғандығы нақты мысалдар арқылы дәлелденді.

Зерттеу   жұмысының   ғылыми,   теориялық,    әдістемелік  негіздері. Б.В.Томашевский, В.М.Жирмунский, А.И.Белецкий, Г.О.Винокур, Ю.Н.Тынянов, Р.Якобсон, В.Кайзер, Г.Г.Гадамер, В.Б.Шкловский, М.М.Бахтин, М.О.Әуезов, Р.Уэллек, Қ. Жұмалиев, О.Уоррен, Ю.М.Лотман, З.Қабдолов, З.Ахметов, Цв. Тодоров, М.Л.Гаспаров  сынды ғалымдардың еңбектері диссертациялық жұмыстың негізгі дерек көзі бола отырып, басты әдістемелік ұстанымын да айқындап берді.

Сонымен қатар, диссертацияның басты стратегиялық бағытын белгілеу барысы мен нақты талдауларға барған тұстарда бүгінгі теоретик ғалымдардың (Р.Нұрғали, Ш. Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, В.Е.Хализев, С.Н.Бройтман, А.Ісімақова В.Шмид, Е.Фарино, Н.Д.Тамарченко, И.В.Силантьев, О.А.Клинг, Д. Каллер, В.И. Тюпа, С.Н.Зенкин т.б.) еңбектері негізге алынды.

Зерттеудің  әдіс‑тәсілдері. Жұмыс барысында диахрониялық, синхрониялық, аналитикалық талдау және салыстырмалы типологиялық тәсілдер кеңінен қолданылды.

Зерттеудің нысаны және  деректемелік   көздері. Диссертациялық жұмыстың негізгі дерек көзі «Әдебиет танытқыш» екенін ескерсек, кітаптың түпнұсқадан кейінгі баспа бетін көрген үлгілерін айта кеткен орынды. 1926 жылы тұңғыш рет жарық көрген «Әдебиет танытқыш», авторы ақталғаннан кейін 1989 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан Ә.Шәріпов пен С.Дәуітовтың құрастыруымен «Ахмет Байтұрсынов шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер» атты жинақ бүгінгі қазақ әрпімен басылым көрген жинаққа енген. Алғы сөзін Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ш.Қ.Сәтбаева жазған. 

Екінші рет «Әдебиет танытқыш» 1991 жылы «Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалары» атты жинақта қайта басылды. Құрастырған, алғы сөзін жазып, баспаға әзірлеген академик Р.Нұрғалиев [7].

2003 жылы «Әдебиет танытқыш»  «Алаш» баспасынан «А.Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы» деген атпен шыққан жинақтың бірінші томында басылды. Жинақтың «Ахмет Байтұрсынұлы – қоғам қайраткері, ақын, қазақ тілі білімі мен әдебиеттануының реформаторы» деген алғы сөзі мен ғылыми түсінігін әдебиеттанушы А.Ісімақова жазған. Оқу құралы ретінде «Әдебиет танытқыш» 2003 жылы «Атамұра» баспасынан да жарық көрген [8]. 

 Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың ғылыми практикалық мәні оның өзектілігімен, ғылыми жаңалығымен тікелей байланысты болып табылады. Оның басты себебі, бүгінгі күнге дейін «Әдебиет танытқыш» комплексті түрде зерттеу нысанына айналмағандығында. Бұл диссертациялық жұмыс әдебиет теориясы бойынша келешекте жазылар ғылыми жұмыстарға септігін тигізеді деген ойдамыз.

         Жұмыстың зерттеу нәтижелерін арнаулы және жоғарғы оқу орындарында оқытылатын – әдебиет теориясы, қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдеби сынының тарихы, мәдениеттану, жалпы тіл білімі пәндеріне негізгі әрі қосымша материалдар ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, диссертация мазмұнының - әдебиет теориясына байланысты теориялық еңбектер мен талдауларға, әдістемелік оқу құралдарына арналған еңбектерге де тікелей қатысы бар. Еңбектің практикалық мәні ретінде – оның ғылыми мазмұнын әдебиет теориясы мен қазақ әдебиеті тарихынан арнаулы семинарлар мен арнаулы курстар өтуге де пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей қорытынды тұжырымдарды қорғауға ұсынуға болады:

– Диссертацияда ХХ ғасыр басындағы «Әдебиет танытқышпен» кезеңдес әлемдік әдебиеттану ғылымының теориялық еңбектері молынан қамтылып талданады. Осы арқылы сол кезеңдегі әдеби-теориялық көзқарастың негізгі жүйесі айқындалды.

– Әдістемелік тұрғыдан алғанда А. Байтұрсынұлы ұстанымына жақын орыс әдебиеттануындағы белгілі теоретик ғалымдар Б.В. Томашевский, В.М. Жирмунский, Ю.Н. Тынянов, Г.О. Винокур т.б. еңбектерімен салыстырылды. Сол арқылы А. Байтұрсынұлы мен аталмыш ғалымдардың теориялық поэтика мен лингвистикалық поэтиканың ара-жігіне қатысты қағидалары анықталды.

– Жұмыс барысында «Әдебиет танытқыштағы» сөз өнерінің теориясына қатысты басты-басты тұжырымдардың жүйесі жасалды. Және ол жүйенің «әдеби шығарманың құрылымы», «шығарманың стилистикалық белгілері», «поэтикалық семантика», «поэтикалық фонетика», «көркемдік бірлік», «әдебиеттегі романизация» т.б. әлем әдебиеттануындағы қалыптасқан ғылыми-теориялық тұжырымдармен сәйкестіктері анықталды.

– Сөз өнерінің компоненттерін анықтауда «Әдебиет танытқыштағы» реттілік бойынша зерттеу басшылыққа алынды. Жұмысқа тартылған сол кезеңдегі әлем әдебиеттануындағы теориялық еңбектердің мазмұны да «Әдебиет танытқыштағы» жүйе арқылы зерделенді.

–  «Әдебиет танытқыштың» сөз өнерінің теориялық аспектісін анықтап берген тұжырымдарының бүгінгі күннің теориялық талап тұрғысынан да шығып отырғандығы нақты мысалдар арқылы дәлелденді.

– Ахмет Байтұрсынұлының теориялық тұжырымдарына ХХ ғасыр басындағы Роман Якобсон, Борис Эйхенбаум, Виктор Шкловскийлер негізін салған формалистік мектеп ұстанымдарымен үндестігі сарапталады.

–  «Әдебиет танытқыштағы» «сөз өнерінің ғылымына» (теориялық поэтика ғылымы) қатысты әдістемелік ұстанымдары  анықталып, теориялық тұжырымдар мен терминдер жүйесінің семантикасы – бүгінгі әдеби-теориялық тұрғыдан сараланды.

– «Әдебиет танытқыш» еңбегінде ХХ ғасыр басындағы әдеби-теориялық  пайымдардың ұқсастықтарын анықтау. Яғни, аталмыш тұжырымдармен қазіргі әдебиет теориясының арақатынасы белгіленеді. Салыстыру барысында сөз өнері мен тілдік категориялардың байланысы айқындалды.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: «Әдебиет, ғасыр, ғылымының, танытқыш», хх, Еңбегі, Байтұрсынұлының, әдебиеттану, басындағы, АХМЕТ
Просмотров: 516 | Загрузок: 150 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar