Ахмет Байтұрсынов - әдебиеттанушы - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Ахмет Байтұрсынов - әдебиеттанушы
[ Скачать с сервера (73.0Kb) ] 02.09.2014, 08:10

Ахмет Байтұрсынов - әдебиеттанушы

 

Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.

 

“Әдебиет танытқыштағы”  қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты — әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайтарып алып, сала-салаға жіктеп әкетеді; шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз, көсемсөз (публицистика). Ауыз әдебиеті түрлері былай жіктеледі: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші топ. Тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ. Сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап, саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр.

 

Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Хисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, шығармаларды діндар дәуір әдебиетіне жатқызса, сындар дәуір әдебиетіне ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), әңгіме кірмек. Лирика түрлерін саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау, (даттау, қаралау, наз) деп жіктеу, мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралау, тартыс түрлерін әлектеніс, әуреленіс, азаптаныс деп таратып әкетуге де қайран қаласыз.

 

Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді.

 

Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”. Шолу ретінде, атүсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ.

 

Бірден айту керек, “Әдебиет танытқыш” – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан.

 

Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық нәрсе, жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң да, көкейге қона кетеді. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған. Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, философиялық білім мығымдығы үнемі сезіліп отырады.

 

Өнер тарауларын сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін  (живопись), әуез (музыка), сөз (әдебиет) өнері деп даралап, әрқайсысына дәлді анықтама беруінен, сөз жоқ, неміс ғалымы Лессингтің әйгілі “Лаокон” трактатымен таныстықты байқауға болар еді. Сол сияқты әдебиет тектерін таратқанда, ішкі ғалам (субъективті әлем), тиіс ғалам, түйіс ғалам (объективті әлем) ұғымдарын пайдалану ескідегі Аристотель, кейінгі Гегель, бергідегі Белинский, Веселовский концепцияларын еске түсіреді. Ал ауыз әдебиетін жалпылай топтау тәсілдерінен орыстың дәстүрлі фольклоршыларының сабағы аңғарылады. Бір ерекше жәйт, А.Байтұрсынов ұзақ-ұзақ цитата алып, өзгелерден бәтуа іздеп, басқаның пікіріне жығыла салатын әдеттен мүлде аулақ. Дәлірек айтқанда, “Әдебиет танытқышта” пәленшекең айтты деген бірде-бір пікір, тұжырымға сілтеме жоқ.

 

Өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп, сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі. Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” трагедиясы, “Жәнібек батыр” аңыз әңгімесі мысалға алынған.

 

“Әдебиет танытқыштың” бірінші бөлімі “Сөз өнерінің ғылымы” деп аталып, бірнеше шағын бөлімшелерге, баптарға бөлініп, олардың әрқайсысында нақты мәселе қаралады.

 

Ең алдымен тіл, сөз өнері, шығарма дегеніміз не деген сұрауларға, ғылыми дәлді, ықшам, толық анықтама беріледі. Автор сөз өнері ғылымын: 1) шығарманың тілінің ғылымы; 2) шығарманың түрінің ғылымы деп екіге бөліп қарайды. Тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны деп, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі деп екіге бөледі.

 

Автор сөз өнерін үй қалау өнерімен өте қисынды салыстыра көрсетеді де, сөз талғау орайында шығарма тілі екі түрлі болатындығын айтады, олар – біріншісі – ақын тілі, екіншісі  әншейін тіл. Сөз дұрыс болу үшін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықты жақсы білу, өз орнында тұтыну, дұрыс есептеп, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, құрмаластыру, орналастыру шарттары алға қойылады. Тіл тазалығына анықтама беріп, ол үшін орыстың жақсы жазушылары қойған талаптарды үлгі етіп алған. Олар:

 

— Ескірген сөздерге жоламау;

— Жаңадан шыққан сөздерден қашу;

— Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу;

— Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламау.

 

Ахмет Байтұрсынов “Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”, - деген ұлы талабын өзі нақты іске асырды.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: әдебиеттанушы, БАЙТҰРСЫНОВ, АХМЕТ
Просмотров: 334 | Загрузок: 199 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar