Асан Қайғы туралы аңыздар - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Асан Қайғы туралы аңыздар
[ Скачать с сервера (176.5Kb) ] 02.09.2014, 09:11

                          ЖҰМЫСТЫҢ  НЕГІЗГІ  МАЗМҰНЫ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еуразияның сайын даласындағы Алтай мен Орал таулары арасындағы ұлан байтақ далалық өлкелерді көшпелі тірлік мұратымен еркін жайлаған қазақ халқының ұлттық мәдени кескін-келбеті мен болмысының белгілері мен дүниетанымының ескі іздері, тарихи танымы мен әлеуметтік ой-пікірлерінің сұрыпталып сақталған бай қазынасы, сөз жоқ, оның фольклорлық мұрасы.

Ұлттың рухы бейнеленген мұра халықтың асыл қазыналарының бірі екендігін тәуелсіздік мұраты жолында жаңа экономикалық және саяси-әлеуметтік реформаларды қарқынды жүргізіп жатқан еліміздің Үкіметі ескеріп, елдің еңсесі көтеріле бастаған уақытта рухани өмірдегі кем-кемтікті түзеуге бет бұрды. Сол тірліктің айқын көрінісінің бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы қаржы бөліп қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы. Рухани мұраның түрлі салаларын бөліп-жармай тұтас қарастыратын «Мәдени мұра» бағдарламасының бір нысанасы - халқымыздың фольклорлық мұраларын халық игілігіне жарату.

Қазақ фольклорындағы асыл рухани қазыналардың бір шоғыры Асан Қайғы туралы аңыздарда шоғырланған. Асан Қайғы туралы аңыздар - қазақ халқының сан ғасырлық әлеуметтік аңсарын, өмірдегі зор мұраты мен күйінішін бейнелеген рухани мұра. Қазақ халқының басынан өткен тарихын зерттеуде, дүниетанымын, арман-тілегін тануда Асан туралы аңыздардың мәні зор.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ халқының арман-мұңын, мүддесін арқалаған Асан Қайғы бейнесі мен ол туралы аңыздарды зерттеуге ғалымдар Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Е.Исмаилов, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Б.Адамбаев, С.Қасқабасов, А.Шәріп, А.Сейдімбек, Б.Омарұлы т.б. үлес қосты.  Қазақ халқының рухани мұрасында Асан Қайғы есіміне қатысты аңыздардың маңызы зор. Бұл аңыздардың өн бойына ноғай мен қазақтың айырылғанына қайғы жеп, халыққа жайлы қоныс іздеген жиһанкез, хан жанында жыр толғаған жырау, ел мүддесін арқалаған шешен бейнесі енген.

Асан Қайғыға қатысты аңыздарға өз кезінде  Ш.Уәлиханов, Г.Потанин сынды зерттеуші ғалымдар назар аударған болатын.

Ш.Уәлиханов Асан есімін жазбалары мен зерттеу еңбектерінде бірнеше рет атайды. Ғалым қарт жырауды қазақ ханы Жәнібектің билік құрған тұсымен байланыстыра отырып, далалықтар күні бүгінге дейін ноғайлы философы Асан қайғы  туралы аңыздар мен оның адамгершілік туралы өсиеттерін аузынан тастамайтынын атап өтеді.

 Ғалым Г.Потанин Асан туралы аңыздарға көңіл бөліп, көшпелілер философы туралы екі аңыз нұсқасын жазып алған. Бұл аңыздар ХІХ ғасырдың аяғында қазақ халқынының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға өзіндік үлес қосқан «Дала уәлаятының газетінде» жарияланды.

 ХХ ғасырдың басында Асан Қайғы есіміне қатысты деректерге назар аударылып, зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Қ.Халид «Тауарих хамса» еңбегінде Асанның ғұмырнамасы мен шығармашылығы жайында ел аузынан тарихи деректер жинап, Асан Қайғының өмір сүрген мезгілін анықтауға тырысады. Асан атаны әуелі Кіші Мұхаммед хан жанында Сарайда болған, кейін Ұлық-Мұхаммед хан қасында болған деген пікір айтады. Бұл пікірдің ғалым Ә.Дербісалин тарихи шындық деректері сәйкес еместігін атай отырып, аңыз Асанды Жәнібек заманының адамы етіп көрсететінін айтады.

Х.Досмұхамедов Асан Қайғы туралы зерттей келе, оның шығармашылығын болжал өлеңдердің бастарына қойып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерін отарлау күшейген кездегі халық шығармашылығымен үндес екенін көрсетеді.

Ғалым М.Әуезов Асан Қайғы туралы аңыздардың төркінін зерттей отырып, оның Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүруі тарихи шындыққа сай келмейтінін аңғарды. «Әдебиет тарихы еңбегінде» Асанның Абылайдың тұстасы болмаса да, соған жақын кезеңде өмір сүргенге ұқсайды деген пікір айтады.     «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде Асан туралы ойды толғай отырып, ол туралы аңыздарды халық аңсаған арман-тілек бейнеленген кейіпкер екенін аңғартады.

Бұл тұжырым зерттеу жұмысы барысында Асанның ғұмырнамасына тереңірек үңілуге, оның фольклордағы жиынтық бейне екенін дәлелдеуге мұрындық болды.

Дала философы туралы аңыздардың негізгі сарынын айқындауға ұмтылған ғалым Е.Исмайлов. «Ақындар» атты монографиясында Асан туралы аңыздардағы негізгі сарын халыққа бақыт іздеу идеясы екенін атап өтеді. Ол жайындағы аңыздар халықтың басынан кешкен азабын, қорлығын елестетсе, сонымен бірге бақытты аңсаған талап, күресін көрсететіндігін тұжырымдайды.

Асан туралы аңыздарға басты назар аударып, Асан ғұмырнамасы мен аңыздардағы Жәнібектің кім екенін анықтауға ұмтылған ғалым Ә.Қоңыратбаев болды. Тарихта Жәнібек есімді үш хан болғандығына тоқталып, Асан өмірін ХҮІ ғасырдағы тарихи оқиғалармен байланыстырып қарастырады.

Асан Қайғы туралы аңыздарға арнайы тоқталған ғалым Б.Адамбаев «Тарихи аңыз-әңгімелер» атты еңбегінде Асанның жерге берген сындары арқылы оның жүрген жолын, бағытын бағдарлауға болады деген болжам түйеді. Асан Қайғыны  Майқы бидің ісін жалғастырушы деп бағалайды.

Асан туралы аңыздардың жанрлық ерекшелігіне тоқталған ғалым С.Қасқабасов болды. «Миф пен әпсананың тарихилығы» атты зерттеу еңбегінде Асан туралы әңгімелерді халық прозасының әпсана жанрына жатқызады. Сонымен қатар халық пікірінде әлеуметтік утопияның үш сатысы болатынын, Асан туралы әпсаналардағы «Жер ұйық» іздеу сарынын осы әлеуметтік утопияның алғашқы екі сатысына, халықтың орнаған қоғамға немесе әміршіге деген наразылық (протест) пен қарсылық (оппозиция) білдірген утопиялық ойлары түскенін жазады, «Жерұйық» мотивінің түп-тамыры көк, жер, жер асты әлемі туралы шамандық ұғыммен байланысты екеніне назар аудартады.

Ғалым көтерген құнды мәселелерді басшылыққа ала отырып, Асан туралы аңыздардың жанрлық ерекшелігіне айрықша назар аударуды  мақсат еттік.

Асан Қайғы туралы рухани мұраны зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін фольклортану ғылымының қалыптасуына үлес қосқан Асантанушылар оның өмірі туралы, халық тағдырын бейнелеген шығармашылығы, ел мүддесі мен арман-тілегін білдіруші бейнесі туралы құнды пікірлер бере отырып, Асан Қайғыға байланысты рухани мұраны өз еңбектеріне арқау етті.

Зерттеу жұмысының барысында ғалымдардың тұжырымдары басшылыққа алынып, Асан Қайғы туралы аңыздардың зерттелу шеңбері кеңейтіліп, олардың фольклорлық сипаты айқындала түседі

«ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбекте Асан Қайғы туралы аңыздар мен атақты аңыз кейіпкері туралы әр кезеңдерде жүргізілген зерттеулерге сипаттама беріліп, жүйеленген. Сонымен бірге фольклортануда Асан Қайғы туралы аңыздарды фольклорлық жанрлық ерекшелігі тұрғысынан зерттеу бастамасын көтерген ғалым С.Қасқабасовтың «Миф пен әпсананың тарихилығы» атты еңбегінің маңызы зор болды.

Зерттеудің мақсаты - Асан туралы рухани мұраны кешенді түрде жүйелеп қарастырып, аңыздардың тарихи негіздері мен   фольклорлық сипатын кеңінен талдау, зерделеу.

Зерттеудің міндеттері:

қазақ фольклорындағы сан-қырлы мол мұралардың бірі болып табылатын Асан туралы аңыздарды жүйелеп зерттеу;

Асан туралы аңыздарға әдебиеттану, фольклор ғылымында берілген бағалар мен көзқарас-пікірлердің мәні мен маңызын анықтау;

ХІХ ғасырдағы зар заман ақындар шығармашылығы мен Асан туралы аңыздар арасындағы ортақ мазмұнның тарихи негіздерін айқындау;

Асан есімді тарихи тұлғалар мен фольклордағы Асан бейнесі арасындағы байланысты белгілеу;

Асан туралы аңыздардағы тұрақты мотивтердің қатарын анықтау және фольклорлық циклизация құбылыстарын талдау.

Зерттеудің дерек көздері. Диссертацияға ҚР ҰҒА ОК сирек қолжазбалар қорындағы жазбалар, Асан Қайғы туралы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Дала уалаятының газеті», «Тургайская газета» беттеріндегі, сондай-ақ жекелеген зерттеушілер мен Қостанай мемлекеттік университеті филология мамандығында жүргізілетін фольклорлық практика барысында жиналған аңыздар мәтіні пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

Асан Қайғы туралы аңыздардың ХҮІ ғасырда Ноғайлы ордасында өткен «зар заман» кезеңінде туып, ХІХ ғасырда қазақ халқы басынан өткізген «зар заманда» қайтадан жаңғырған рухани мұра;

Асан есімімен үнемі қатар аталатын Әз-Жәнібек хан – жиынтық бейне.  Онда Алтын Орданың атақты ханы Өзбекұлы Жәнібектің, Ноғайлы Ордасы тұсында Астраханды билеген аштарханидтік Жәнібектің, сондай-ақ Қазақ Ордасын алғаш құрушылардың бірі Жәнібектің бейнелері орын алған;

Асан туралы аңыздарға Алтын Орда тұсында, Ноғайлы Ордасында өмір сүрген Асан есімді тарихи тұлғалардың елі мен жері үшін атқарған қызметінің әсері ашылады;

Асан туралы аңыздардағы тұрақты мотивтердің төркіні мен өзгерісі анықталады;

Асан ғұмырнамасы мен тарихи шындық арасындағы қарама-қайшылықтардың туындауына себеп болған көркем фольклордағы циклизация құбылысының белгілері кең түрде талданады. 

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмыста Асан Қайғы туралы аңыздар фольклористикада қалыптасқан негізгі теориялық танымдар негізінде талданып, зерттеуге салыстырмалы типология, тарихи талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу  барысында  Ш. Уәлиханов,  М. Әуезов,  Х.  Досмұхамедов, Ә.Марғұлан,  М. Дүйсенов,  Е. Исмаилов,  М. Ғабдуллин, Б. Адамбаев, С.Қасқабасов, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, Б.Абылқасымов, А..Сейдімбек, К.Матыжанов,    Б. Омарұлы, А. Шәріп және т.б. қазақ фольклоры мен әдебиет тарихын зерттеудегі теориялық және методологиялық тұжырымдары, ғылыми концепциялары және шетел фольклортанушыларының теориялық пайымдаулары басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеудің қорытындыларын фольклортануда, сондай-ақ қазақ халқының дүниетанымы мен рухани қазынасын зерттеушілер пайдалануына болады. Қазақ филологиясы  мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәніне, қазақ руханиятына қатысты курстарда пайдалануға болады.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Jahcepik | Теги: туралы, аңыздар, Асан, Қайғы
Просмотров: 585 | Загрузок: 180 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar