Әдебиет пен сынның биік белесі - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Әдебиет пен сынның биік белесі
[ · Скачать удаленно (51.0Kb) ] 07.11.2012, 14:41
ӘДЕБИЕТ ПЕН СЫННЫҢ БИІК БЕЛЕСІ

Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолына көркемдік сапа деңгейі тұрғысынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында алаш арыстары негізін қалаған, осылардың арқасында жаңаша, ұлттық танымдық-көркемдік биігіне көтерілген әдеби-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге деген талпыныс, барлығы да зая кеткен жоқ. Сол жылдардағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев бастаған және осы ізденістер арнасын ары қарай сәтті жалғастырып кете алған кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері мен сыншылары да ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырды. Қазір қолымызда қалған осынау баға жетпес құнды мұра бүгінгі әдебиетін іздейтін, әдебиетін сүйетін жас ұрпаққа да таптырмас рухани азық екендігін айтып жату артық. Демек, қазіргі қазақ көркем сыны тақыр жерден басталған жоқ, құнарлы мектептен, телегей теңіз әдебиетіміздің өз қайнарынан қуат алды.

Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр. Осы жылдар аралығында осынау құнарға табан тіреген, содан нәр алған бірнеше буын қазақ сыншылары да өсіп жетілді, әдебиет айдынына шықты. 70-жылдардың ішінде жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізіп осы көшке келіп қосылған З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, Ж.Әбдірәшев, С.Әшімбаев т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді. Осынау талантты, тегеурінді, ең бастысы әлемдік әдебиеттен тоқығаны, түйгені мол білімді, білікті әдебиет сыншылары буынының бел ортасында көрнекті қаламгер, кәсіби сынның ауыр жүгін ауырсынбай арқалап, осы әдебиет сынын ондаған жылдар бойында өз тағдырына балап, бір ерекшелігі әдебиеттің барлық жанрларын бірдей қамтып, өндіре жазып, жемісті еңбек етіп келе жатқан Сайлаубек Естайұлы Жұмабекті бүгінгі күні даралап айтсақ жарасады. Әдебиет пен сынның биік белесіне сирек дарын, тума талантымен, ешкімді қайталамайтын өзіндік стилімен, жазу мәнерімен, ең бастысы осынау ұзақ жылдардың өн бойында тынымсыз ізденіс пен таза еңбекке ғана арқа сүйеген сыншының қазақ оқырманына ұсынған сын жинақтары аз емес.

Бүгінгі күні де қазақтың қабырғалы қаламгерлері туралы қадау-қадау еңбектер жазып жүрген көрнекті сыншымыз Сайлаубек Жұмабектің "Сын пернесі” ("Жазушы”), "Ғ.Мүсірепов”("Рауан”), "Сын әуені” ("Елорда”), "Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер”, (екінші басылымы), ("Өлке”), "Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы. (Ахтанов–Ахтановтың көзімен)” ("Күлтегін”) атты қадау-қадау еңбектері, дүниеден өтіп кеткен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Қ.Мұхаметжанов, М.Қаратаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды, тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры, осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он, он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетеді.

Осынау жемісті еңбектің бір көрінісі жоғарыдағы санымен емес, көркемдік сапасымен оқырман назарын өзіне аударған әдеби зерттеулер, әдеби-сын еңбектер десек артық айтпаймыз. Әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір шоқтығына айналған жоғарыда аты аталған қаламгерлердің шығармашылық зертханасының, олардың көркемдік әлемінің қазіргі әдебиеттану, сыни-эстетикалық дүниетанымымыздың бүгінгі жеткен биігінен талдау арнасында қарастырылуы басты рухани олжамыз дер едік.

Осынау пікір-байламдардың орнықтылығына оның 1990 жылдардың басында "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Сын пернесі" атты кітабы біржолата көз жеткізген еді. Автордың алғашқы кітабы әдебиетке не қосып, не алды, несімен қымбат, қалың оқырманына қандай ой-пікірлер айта алды деген сұрақтарға бір оралып көрсек. Бұл арада, ең алдымен кітапқа сыншының әр кезде жарық көрген немесе жаңадан жазылған ең таңдаулы, соқталы деген сын еңбектерінің (мақала, сұхбат, эссе) іріктеліп, топтастырылғандығын айтар едік.

Бұл ең алдымен кітаптың мазмұнын, мән-мағынасын, сапалық деңгейін көтерген. Себебі, кітапқа енген мақала, сұхбат, эсселердің қай-қайсысы болсын мәнді мәселені көтереді, яғни олардың тақырыптық арқауына қазіргі әдеби процестің арналы, кіндік "мәселелері" өзек болған. Айталық, "Ұнамды қаһарман" атты беташар мақалада шынайы реализм әдебиеті мен өнеріндегі кіндік мәселелердің бірінен саналатын бас қаһарман проблемасын, оның арғы-бергі тарихын, болмыс-бітімін бірегей, біртұтас көркемдік құбылыс ретінде саралай келіп, оны қазіргі әлемдік әдеби процеспен сабақтастыра сөз етеді.

Аталған проблеманы шешудегі басқа да ұлттар әдебиетінің әр кезеңінде қол жеткізген табыстарын саралай келіп, сыншы негізгі әңгіменің арқауын Ш.Айтматовтың "Боранды бекет", Ю.Бондаревтің "Таңдау", Ә.Нұрпейісовтің "Сең" романдарын талдауға құрады. Әсіресе, осынау шоқтығы биік шығармалардағы бас кейіпкерлер Едігенің, Владимир Васильевтың, Жәдігердің ұнамды қаһарман ретіндегі қайталанбас характерлері, мейлінше дараланған мінез-мүсіні, олар көтеретін әлеуметтік-көркемдік жүк іргелі әңгімеге өзек болып, жинақтау мен саралаудың арнасында ашылады. Мысалы, "Осы романдағы характерлер қақтығысы, сюжеттік желі тікелей іс-әрекет динамикасынан гөрі, ой-сана мен психологиялық шарпысулардан тұратын иірімдерге негізделген", - деп түйінделетін автор ойының тереңдігіне ден қоймасқа болмайды.

Сонымен, жоғарыда сыншының кітабында негізінен қазіргі қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің, айтулы ақын-жазушылардың творчествосын тілге тиек ететіндігін астын сыза айттық. Және бірнеше мақалалар қазақ прозасына олжа салған қаламгерлеріміз Е.Домбаев, С.Бердіқұлов, Б.Нұржекеев, О.Бөкеев, К.Ахметбеков романдарын талдауға арналыпты.

Нақтырақ айтсақ, "Роман және әлеуметтік талдау" деп аталатын көлемді мақаладағы сөз болатын Е.Домбаевтың "Жаман Жәутік", О.Бөкеевтің "Өз отыңды өшірме", Б.Нұржекеевтің "Бір өкініш, бір үміт" романдарындағы қол жеткен көркемдік табыстар мен орын алған кемшіліктер нақты бір проблема төңірегінде, яғни осы шығармалардағы әлеуметтік талдау деңгейінің ара салмағымен өлшенуі көп сырдың бетін ашқан. Осы орайда көркемдік талдау, кейіпкер шынайылығы, жазушының тіл шеберлігі сияқты мәнді мәселелер де назардан тыс қалмайды.

Бұл ыңғайдағы мақалалардың ішінен, біздіңше, халқымыздың арқалы ақындары, ардагер дарындар Ә.Тәжібаев пен М.Мақатаев және сирек талант Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған дүниелерді ерекше бөліп айтуға болар еді.

Ал енді сыншының құлашты кеңге сермеп, ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін тұсы - саңлақ суреткерлер Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе" романының екі кітабын, Әбіш Кекілбаевтің "Үркер" және "Елең-алаң" романдарын талдайтын мақалаларында. Бұл қаламгерлердің көп жылғы шығармашылық ізденістерінің жемісті екендігін, олардың қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемін, танымдық-тағлымдық мән-мағынасын, рухани-философиялық парасатын, қала берді суреткерлік қолтаңба ерекшеліктерін егжей-тегжейлі иін қандыра әңгімелейді. Мысалы, "жазушы әке мен бала қарым-қатынасын педагогикалық, эстетикалық, философиялық өрімде өзгеше біртұтастық сақтап, екі кітаптың өн бойында осы өрімді ылғи ірі планда көрсетіп отырады" - дей келіп, сыншы "Қызыл жебе" романындағы орталық кейіпкерлер Рысқұл мен Тұрар тұлғаларын даралаудағы, оларды типтік образ биігіне көтеру мақсатындағы жазушы ізденістеріне, романның реалистік қуатына, романтикалық тынысына ерекше әсер еткен көркемдік факторларды кеңінен сөз етеді.

Ал, әдебиет классиктері Ғ.Мүсірепов және М.Қаратаевпен арадағы сұхбат-диалогтарда алдымен туған әдебиетіміздің кешегісі мен бүгінгісі, әлі де қолымыз жетпей жатқан асуларымыз бен көркемдік мақсат-мұраттар сөз болады. Бүгіндері арамызда жоқ, айтулы сөз зергері, үлкен суреткер Ғабит Мүсіреповтің қаламдас інісіне ағынан жарылып, аманат еткендей, абыз ойларын бүкпесіз ортаға салуы, оны қолға ұстатқандай жіліктеп жеткізуі оқырман үшін ерекше қымбат, қастерлі болуға керек.

Тағы да бір мақаланы жеке-дара, бөліп алып әңгімелеуге толық негіз бар. Ол әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың айтулы туындысы "Жан пида" атты романына арналған "Әлеуметтік әділет тартысы" атты көлемді мақаласы. Кезінде романның ізін суытпай, іле-шала "Қазақ әдебиеті" газетінде жарық көрген бұл мақаланың басты құндылығы - оның сол кезеңдегі одақтық пікірге дер кезінде үн қосып, алғашқы пікір - байламның бірі болғандығында ғана емес, сонымен бірге авторының терең таным-талғамын, биік парасат-пайымын байқатқандығында.

Жалпы, кітапты оқып шыққаннан кейін, біздің ойымызша сыншы қаламына тән басты ерекшелікті ажыратып айту ләзім. Ең алдымен, оның сөз етіп отырған объектісіне байланысты қай мәселені көтермесін, соны немқұрайды сөз етпей, тереңнен толғап, сезіммен шалқуы, нені айтса да жүрек түбінен тебіреніп айтуы.

Ал, енді кітапқа енген басқа да шолу, талдау мақалалардың арқауында жатқан кіндік мәселелер негізінен 60-80 жылдар прозасының, поэзиясының тақырыптық, жанрлық, стильдік ізденістерін қамтып айтуға арналады. Осы арнада енді таныла бастаған, алғашқы тырнақалды шығармаларымен оқырманға жол тартқан жаңа толқын қаламгерлердің аяқ алысы туралы да сыншының ой-толғамдары, пікір-байламдары орынды, орнықты көрінеді. Сыншы әдебиетіміздің ертеңгі күнінен де суыртпақтап сыр тартады.

Жалпы алғанда, С.Жұмабектің сыншылық қолтаңбасын бірден ажыратамыз. Әсіресе, ой-пікірді поэтикалық аяда айшықтап жеткізу, стильдік тұрғыдан шегелей, ширықтыра қайыру мақсатында әдеби-теориялық терминдерді, халықаралық лексикадағы танымдық аясы кең, өткір, танымал сөздерді сыншы өте ұтымды ұстайды. Ұстайды да оларды контекст тініне ойнақы, тігісін жатқыза кіргізіп, киік сақасына қорғасын құйғандай, сөзіне салмақ үйіреді. Бұл сыншының ұтатын тұстары. Мысалы, көркемдік эволюция, сүреңсіздіктің барометрі, қайсар иммунитеті, барша парадокс, тағы басқа сол сияқты жеке сөздер, бірқатар сөз тіркестері бұған дәлел. "Жазушы Әбілқайыр, Тевкелев, Бөкенбай, Есет, Мәті, Тайлан образдарына ретушь жасамағандықтан, қайта тарих пен тарихи тұлғаның қоғамдық тұтас бірлігін құрайтын әлеуметтік шифрды, суреткерлік кодты, шығарманың саяси-философиялық тонусын дәл тапқандықтан бұл образдар өзінің биік көркемдік дәрежесіне көтерілген" ("Тарих және көркемдік шешім парасаты", 195-бет). Осындағы ретушь, шифр, код, тонус сөздері сыншының ой-арнасында жарасым тауып, көздеген нысанасын дәл тауып, дөп басуға, пікір байламын түйіндеп ұсынуға жол ашады.

Ал енді сыншының өткен жылы ғана жарық көрген соңғы еңбегі - әдебиет сынындағы жалпы соңғы жылдар белесінде оқырман қолына тиген әдеби-талдау, әдеби-сын еңбектердің ішіндегі жаңа белес десек артық айтпаймыз. Тахауи Ахтановтай қазақ әдебиетіндегі орны бөлек, қайталанбас қаламгердің сан қырлы шығармашылығының тереңіне бойлайтын бұл кітаптың басты құндылығы – жазушы портретінің бүгінгі тәуелсіз санамыздың, тәуелсіз танымның биігінен сомдалғандығы. Сыншының бұл жолы да қаламгер туралы өзіне дейінгі жазылған дүниелерді қайталамай, Т.Ахтанов қаламынан шыққан: "Қаһарлы күндер”, "Махаббат мұңы”, "Дала сыры”, "Боран”, "Ант”, "Шырағың сөнбесін”, "Күй аңызы”, "Жоғалған дос” сияқты көркемдік жаратылысы бөлек шығармалардың суреткерлік болмыс-бітімін, ең бастысы осынау туындылардың қазақ руханияты мен ұлттық мүдде тұрғысынан қандай олжа салғандығын тереңнен тартып сөз ететіндігі айрықша көзге түседі.

Бір ерекшелігі, сыншының әдеби-эстетикалық талдаудың тосын, әрі қызықты, әрі өнімді көрінетін әдісі – Тахауи Ахтановты Ахтановтың өз көзімен ашуға ұмтылуы әсерлі шыққан. Суреткер қаламгердің эстетикалық көзқарастарын – туындыларымен және әр алуан тақырыптағы әдеби-талдау мақалаларымен жарыстыра отырып, яғни сол кездегі әдеби процестегі қалам қайраткерінің көркемдік жүйесі мен жаңашыл ізденістерін қатар қарастырады. Сол тұста әдеби ағымдағы көзге түскен көркемдік ізденістердің барлығын жарыстыра, салыстыра қарастырып отырып, соның егіз өрім, бір өзек табиғатын, яғни талант тектоникасындағы ішкі әрі сәулелі қасиеттерін аршып көрсетеді. Осының барлығы өз кезегінде сыншы үшін қаламгер портретін іштен ашуға, іштен танытуға таптырмас кілт болған.

Сыншының Тахауи Ахтановтай суреткер қаламгердің шығармашылығына арналған осы еңбегін ҚР Ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламамен мемлекеттік тапсырыс арқылы "Күлтегін” баспасынан жарыққа шығарғандығын үлкен игілік дейміз. Осы дәстүр жалғасып, мемлекеттік бағдарламамен қазақтың қайталанбас қаламгерлерінің: Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған жеке-жеке сын кітаптары жарыққа шықса қанеки. Осынау қаламгерлерге арналған әдеби-сын еңбектер, зерттеулер қолжазбасының дайын мәтіні жекелеген зерттеушілер, әдебиетші-ғалымдар қоржынында бүгінгі күні дайын. Осы тұста сыншы С.Жұмабектің аталған еңбегі кейінгі жарық көретін жинақтарға жақсы жолашар, өнеге болар еді.

Сыншының осыдан біраз жылдар бұрын қазақтың тағы да бір еңбекқор, қабырғалы қаламгері Қалаубек Тұрсынқұлов шығармашылығын арқау еткен "Қазғұрт перзенті” атты сын жинағы әдебиетіміздің ең бір беделді, айбынды сыйлығы – "Халықаралық Алаш сыйлығына” ие болды. Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Қалаубек Тұрсынқұлов т.б. шығармашылығына сыншының әр жылдары қайта-қайта айналып соғып, олардың туындыларындағы көбіміз аңғармай, айта алмай жүрген көркемдік құндылықтарды тереңнен тартып, талдау арқылы жіліктеп, арналатып жазып жүргендігін айтқанымыз абзал. Сыншының шынайы әдебиет жанашыры ретінде осынау сирек таланттарға құрметпен қарап, олардың қаламынан қалған көркем дүниелерге бір-бір кітап арнап, немесе олардың таңдамалы жинақтарына алғысөз жазып, талдау мақалаларының арқауына негіз етуі танымдық астарын былай қойғанда, өнегелік, тағлымдық мәні зор қадам.

Жалпы, қазіргі қазақ әдебиетінің ең бір зәру, ділгір мәселелерін дер кезінде оқырман талқысына салып отыру, жекелеген қабырғалы қаламгерлеріміздің күрделі шығармашылығын да қалт жібермей, қадағалап, қадап жазып, олардың рухани мұрасына бір-бір әдеби-сын еңбек арнау мақсатында өнімді еңбек етіп, қазіргі қазақ көркем сынына сүбелі үлес қосып, ең бастысы осы жанрдың ауыр жүгін жарты жолда тастап кетпей, басқа жанрға бұрылып кетпей, соңғы отыз жыл бойында адал арқалап келе жатқан қажырлы сыншының жарық көрген еңбектері, қазақ әдебиетінде өз орнын анықтаған дүниелер. Сондықтан да өз шығармашылығында қандай тақырыптарды арқау етсе де, тереңнен қазып, көтеріп отырған мәселенің түп-төркініне үңілетін, соны барлық қырынан қамтып, төгілтіп, тебірентіп айтуды өз қаламына дарытқан дарынды сыншының алпыстың асқарына көтеріле отырып, бүгінгі қазақ сынының көшін бастап келе жатқанына қуанамыз. Ендігі шығармашылық белестерде де қазақ оқырманының қолынан сыншы Сайлаубек Жұмабектің тың туындыларын, жаңа кітаптарын көргіміз келеді. Туа бітті болмыс-бітімінде қанағат пен тұрақтылықты тұғыр етіп, парасаты мен кісілігіне қылау түсірмей келе жатқан еткен сын сардарына туған әдебиетінің тағдырынан артық бақыт жоқ.
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: сынның, әдебиет, белесі, биік
Просмотров: 1209 | Загрузок: 248 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar