Файзолла ақын және Алаш қоғамдық саяси қозғалысы - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Файзолла ақын және Алаш қоғамдық саяси қозғалысы
[ · Скачать удаленно (72.0Kb) ] 07.11.2012, 15:15
Айбек ҚАЛИЕВ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

ФАЙЗОЛЛА АҚЫН ЖӘНЕ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ

Қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Торғай өңірінде қалыптасқан ақындық мектеп. Өзіндік дәстүр ерекшеліктері бар бұл ақындық мектеп өкілдерінің шығармашылығы жөнінде кеңес заманында сөз қозғау өте қиын болды. Олардың шығармалары ел арасында жасырын түрде ғана айтылып жүрді. Мұның себебі – бұл ақындық мектептің ұстаздары Уақ Жұмабай Шалабайұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Әбіқай Нұртазаұлы сияқты ақындар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың ақындық жолындағы алғашқы ұстаздары еді. Сонымен бірге бұл ақындардың шығармалары да идеялық жағынан кеңестік қоғамға жат болатын. Торғай ақындық мектебінің тағы бір топ өкілдері – Құбаша Шалбайұлы, Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмұхаммед Оспанұлы сияқты ақындар Ахмет Байтұрсынұлымен, Міржақып Дулатұлымен, Ахметсапа Юсуповпен «Алаш» қозғалысының басқа да мүшелерімен аралас-құралас, ниеттес, пікірлес болған. Сол себепті де «халық жауы» атанып сотталған, жер аударылған. Тәуелсіздігімізді алып, 1937 жылдары жазықсыз атылған, қуғын-сүргін көрген арыстарымыз ақталғаннан кейін жоғарыда аталған ақындық мектеп өкілдерінің есімдері қайта оралып, олардың әдеби мұрасымен қайта қауыша бастадық. 1916 жылы 25 маусымда Николай патша Орта Азия, Қазақстан және тағы бірқатар өлкеден 19 бен 43 жас араларындағыларды «қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін» жасауға жұмысқа алу туралы жарлыққа қол қойды. Осы жылдың 28 маусым күні ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрінің «бұратана халықтарды» тыл жұмыстарына «реквизициялау» (мүлікті мемлекет қарамағына еріксіз алу) туралы бұйрығы Қазақстанға телеграф арқылы жетіп үлгерді [1].
Қазіргі кезде тарихшыларымыз бен ғалымдарымыздың ашық айтқанындай, 1916 жылғы көтерілісті зерттеуде әдейі бүркемеленген оқиғалар көп екені рас. Ол әсіресе торғайлықтарға аян. Шынына келсек сол көтерілістің ең пәрменді әрі берік ұйымдасқан жері Торғай даласы еді. Көтерілісті бастап шыққан арғындардан Оспан Шолақұлы, қыпшақтан Әбдіғапар Жанбосынұлы болатын. Көтерілісшілер оларды хан сайлады. Осы атау кейін аталған екі адамды да тарихтан сызып тастауға себепші болды. Бұл қиямет әлі де түзетілген жоқ. Алайда алғашқы тарихты жасаушылар М.Тынышбайұлы, С.Асфендияров, Ә.Бөкейханов сынды зиялылар шындықты айтпай кеткен жоқ. Ә.Бөкейханов пен Шестаковтың «1916 жыл» еңбегінде [2] «Қысқа қарсы Торғай елі Әбдіғапарды хан сайлап, патшаға қарсы соғыс ашады» деп әділін ашық жазады [3].
Кеңес заманында ақиқаты ашылмай, жалған жазылған 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы тарихшы ғалымдардың пікірі осындай. Қазақстан жеріндегі бұл көтерілістің негізгі екі ошағы болды. Олар: Жетісу және Торғай. Торғайдағы көтеріліс ошағы туралы сөз болғанда Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің есімі ғана айтылып келді. Ал, көтерілістің ұйымдастырушылары Оспан Шолақұлы мен Әбдіғапар Жанбосынұлы, Кейкі Көкембайұлы сияқты батырлар тарихтың тасасында қалып қойды. Тіпті кеңес заманында жазылған кейбір шығармаларда жағымсыз кейіпкерлер ретінде көрсетілді. Тек қана жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында Кейкі батырдың нағыз шынайы бейнесі көрсетілді. Кеңес заманында 1916 жылғы көтерілісті шаруалар көтерілісі етіп көрсетіп, Ресейдегі Азамат соғысымен, қазан төңкерісімен сабақтастыру көзделді. Ал, шын мәнінде бұл көтеріліс патша өкіметіне қарсы Ұлтты азат ету жолындағы көтеріліс болатын. Тарихшылар арасында Торғайдағы көтерілістің көсемдері Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин мен Әбдіғапар Жанбосынұлы арасындағы жағдайлар туралы әртүрлі пікірлер бар.
Егер Амангелді шапшаң, өткір, ұшқыр жан болса, Әбдіғапар байсалды, ойшыл жан еді. Амангелді қалың топтың алдында ешбір жаннан сескенбейтін жүрек жұтқан қас батыр болса, Әбдіғапар мәселені тереңнен ойлап, алыстан толғап, ел азаматтарымен ақылдасып шешуді қалайтын кемеңгерлігі басым. Ресей мемлекетінің астанасынан келген Әліби болса, қозғалысқа идеялық сарын, болашаққа көз салар болжамдық дарытты. Қалай болғанда да бұл үш тарихи тұлғаның одағы Торғай өңіріндегі Ұлт-азаттық көтерілістің төңкерістік дәрежеге көтерілуіне әкелді [1].
Кеңестік кезеңде 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы көптеген шығармалар, оның ішінде проза, поэзия, драма жанрларындағы шығармалар жазылды. Бұл шығармалар авторларының арасында Торғай ақындық мектебінің өкілдері де баршылық. Атап айтқанда, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Күдері Жолдыбаев, Сәт Есенбаев, Қарсақ Қопабаевтар Торғайдағы көтерілістің куәгерлері ретінде бұл тақырыпқа көбірек қалам сілтеді. Алайда кеңестік цензура олардың тарихи шындықтан ауытқуына әсер етпей қойған жоқ. Аталған ақындар шығармаларында Амангелді мен Әлібидің бейнесі ғана сомдалып, көтеріліс көсемі Әбдіғапар мен Оспан бейнелері жағымсыз етіп көрсетіледі немесе мүлде аталмайды. Біздің қолымызға 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбына арналған Сатыбалдыұлы Файзолланың «Әбдіғапар хан» деп аталатын поэмасы тиді. Бұл поэма біздің шамалауымызша Файзолла Сатыбалдыұлы сотталмай тұрғанда – 20-жылдардың аяғында жазылған. Поэма негізгі төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім кіріспе, екінші бөлімде көтерілістің ұйымдасуы, үшінші бөлімде көтерілістің шарықтау шегі – Күйік, Доғал, Татыр шайқастары туралы айтылады. Ал төртінші бөлімде қорытынды берілген.
Ақынның бұл шығармасы сол кезеңде 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тарихын бұрмалап көрсетушілерге жауап ретінде жазылған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Амангелді өліміне Әбдіғапарды кінәлі етіп тауып, оған және Кейкі батыр Көкембайұлына жалалы қара күйе аямай жағылған болатын. Жалған жалаға шыдамаған ақын ақиқатын айту үшін қолына еріксіз қалам алған. Кіріспе бөлім негізінен оқырманға арналған.
Бұл заман – байқасаңыз жұмбақ сапар,
Айламен жақсыларды болды матар.
Ел ұстап, тұлпар мініп, ту көтерген,
Есімнен кетпей қойды Әбдіғапар.
Патшаға екі ғасыр болдық отар,
Дәміміз осы болар әлі татар.
Хан болған 13 болыс, үш Торғайға,
Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар.
Еске алсам елжірейді жүрек, бауыр,
Дүниеге сирек келер ондай тәуір.
Сабырлы ақыл иесі, білімге бай,
Ерекше бір белгісі – мінезі ауыр.
Кісі еді тұратұғын ішін бермей,
Жұпыны жүретұғын кеуде кермей.
Жан еді хан да болса, қарапайым,
Күн кешкен ұсақ-түйек, жел сөзге ермей...
- деп басталатын кіріспе бөлімде Әбдіғапардың жан дүниесі көрсетіледі. Терең ойлы, кемеңгер тұлғаның қарапайымдылығы жөнінде тарихшы ғалым М.Қозыбаевтың «Әмір Әбдіғапар» атты мақаласында да айтылып, мысалдар келтірілген.
46 жастағы Әбдіғапар ағаштан түйін түйетін. Ел оны жадына халық шежіресін хаттаған, байсалды, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматы деп танитын. Ендеше Әбдіғапардың есімі аталып, ақ киізге көтеріліп, хан сайлануының осындай негіздері де бар-ды. Әбдіғапар «хан» деген атақты Шыңғыс әулетінен шыққандарға ғана тән дәреже екенін жақсы білетін. Сондықтан да қарадан шығып хан болғанына ризашылығын білдірді де, өзін «әмір» атауды жөн көрді [1].
Алайда қарапайым халық Әбдіғапарды «әмір» деп емес, «хан» деп атап кетті. Ақын Әбдіғапар өлгеннен кейін «кей есуастардың» шындыққа көз жеткізбей, жазықсыз күйе жағып, бекер кіналап жүргендігін айта келіп, бұл дастанда тек өз көзімен көрген ақиқатты келер ұрпаққа жазып қалдырып бара жатқанын мәлімдейді :
... Жазамын көзімменен көргенімді,
Тексеріп анық сөзін, білгенімді.
Ғазал ғып қалдырайын ақ қағазға,
Біреулер қарар бір күн еңбегімді.
Қоспаймын өтірік сөз арасына,
Әр істің көшкен сауап – расына.
Тарихтың тегеріші айнымалы,
Қарасын кім де болсын шамасына...
... Туыс деп мен бұларға бұра алмаймын,
Ақиқатты және айтпай тұра алмаймын.
Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам,
Дәлелсіз жалған сөзге көне алмаймын.
Қулықпен келген байлық – білсең арзан,
Ал, шындық су түбінде жатқан маржан.
Көрсетті көп тарихты боямалап,
Қарамай обалына Ыбырай, Әлжан.
Кешер ме қос арыстың аруағы,
Білінер о дүниеде кімнің ағы.
Үндемей өтірік сөзді қостап кетті,
Жанкүйер туысыңыз Әли-дағы...
Мұндағы Ыбырай, Әлжан дегендер – Торғай тарихынан мақала, әңгімелер жазған Ыбырай Атамбеков пен Әлжан Қарабаев. Ал Әли деп отырғаны – Әліби Жангелдин. Алланың ақ жолында жүрген құранқари Файзолла ақын жалған сөз бен өтіріктің үлкен күнә екенін шариғат және хадис қағидаларымен дәлелдеп, жұртты ақиқатқа жүгінуге шақырып, кіріспе бөлімді мына шумақпен аяқтайды:
...Артқы жас кетпес үшін тегінде азып,
Бірліксіз, берекесіз шілдей тозып.
Көзбен көрген жайларды білгенімше,
Ақ қағазға белгі ғып кеттім жазып.
Екінші тарауда ақын 1916 жылғы патша жарлығы туралы, оны Торғай қазақтарының қалай қабылдағаны жайлы сыр шертеді. Патша жарлығынан кейін ел ішінде толқу басталады. Торғайдағы жеті баулы арғын рулары – Ақташы, Тағышы, Байтәжі, Таз, Қараман, Қырықмылтық, Төлектің атқамінерлері бас қосып, тығырықтан шығудың лажын қарастырады. Мәжіліс « патшаға әскер бермейміз» деп шешім шығарады. Сонымен бірге қоңсы отырған қыпшақ руларымен хабарласып, маңайдағы он үш болыс елдің бәрін жиып, тізе қосып қимылдауға бел буысады. Бұл кезде Торғайдың батыс жағындағы арғын рулары да бас қосып Оспан Шолақұлын «хан» сайлап, көтеріліске дайын отырған болатын. Жан-жаққа хабаршылар аттанып Торғайдағы арғын, қыпшақ, найманның баскөтерер азаматтары жиналып Жалдама өзенінің бойында жиын өткізеді.
Патша өкіметінен түңілген халық тығырыққа тірелді. «Шешінген судан тайынбас,» - деп, тәуекелге бел байлаған ел, оның басшылары құрылтай шақыруды жөн көрді. 1916 жылы қараша айының 27-інде Жалдама өзенінің бойында 13 болыстың өкілдері жиналды. Құрылтай маусым жарлығына қарсы көтерілген халық шешімін мақұлдады. «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» - деп халық айтқандай, алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір болыс найман елін басқаратын елбасы – хан сайлауды мақұлдады. Ел басына күн туған кезде батылдығымен, парасатымен, пайымдылығымен, әділдігімен көзге түскен, ертеден елге танымал Әбдіғапар есімі жеке дара аталды. Құрылтай осымен қатар ата дәстүрін де бір сәт еске алды. Абылай дәуірінде қыпшақ тайпасына көсем болып, би аталған Ниязды Абылай «хан» дәрежесінде ұстаған-ды. Сондықтан да қыпшақ өңірі Ниязды хан деп атап кеткен Әбдіғапар, міне, осы Низ бидің – Нияз ханның ұрпағы еді. Әкесі Жанбосын елде ерте есейіп, ауылдағы ақсақалдың қарасақалды ағасы атанған жан болатын. Оның үстіне Әбдіғапар қыпшақтардың Тілеулі атасынан өрбіген, өскен тұқым, үш мың түтінді іргелі елдің өкілі [1].
Сонымен Жалдамада өткен құрылтай Әбдіғапарды «хан» сайлайды. Сонымен бірге осы жиында әскербасылар да бекітіледі. Амангелді жиналған қолдың сардарбегі болып жарияланады.
... Демеңіз кез болады пәле қайдан,
Асынған елдің көбі қару-сайман.
Арғындардың бұл жолғы жиынына,
Риза болды тегіс Қыпшақ, Найман.
Бастады сонда сөзді Мұхамеджан:
Хан тұқымы Қапар бек болсын деп хан.
Сардарлыққа ұйғардық Аман ерді,
Жолдарыңа құрбандық мал менен жан...
Аталған құрылтай ақ патшаға елші жіберуді де естен шығармайды. Орталарынан қаржы жиып, Төкенің Смағұлын Санкт-Петербургке патшамен жолығып, істің мән-жайын біліп келуге аттандырады. Төкенің Смағұлының атақты адвокат Плевакомен тамырлығы бар, Торғайдағы көзі ашық, білімді кісілердің бірі еді.
...Кез болдық па деп тегі қазған орға,
Я болмаса, айламен құрған торға.
Жиналған ел жөнелтті қаржы беріп,
Смағұлын Төкенің Петерборға.
Айтты халық: – Смағұл, барып қайт! – деп,
Жолың болса, жолығып ақ патшаға,
Бір жауабын кесімді алып қайт деп.
Бұл сапар қатері көп, болса да ауыр,
Өтініп сұраған соң туыс-бауыр.
Жолдасы Плеваконы қуат көріп,
Жолға шықты, сөз айтпай ер Смағұл...
Бас сардар Амангелді жиналған қолға әскери жаттығулар өткізіп, қару-жарақ дайындауға кіріседі. Әр жерден жиналған жасақтар әскер тәртібімен мыңдыққа, жүздікке бөлінеді. Негізгі мыңбасылар болып Кейкі Көкембаев, Өмен Мұсабаев, Қосжан Манабаев, Әлжан Қарабаевтар бекітіледі. Сарғаскер болып Ырысбайдың Әбіші, хан атасы Шымберген қажы, елбегі болып Құндызбайдың Әбжаны белгіленеді.
Ақынның бұл тараудағы тағы бір сюжеті назар аударарлық. Торғайда губернатордың келуіне байланысты, бір жағы патшаның «маусым» жарлығына байланысты сиез өткізіледі.
...Бір күні болады деп үлкен сиез,
Торғайдың қаласына шақырды үйез.
Губернатор сөзіне қарсы шығып,
Көрсетті Әбдіғапар бөлек мінез.
Бермейміз! - деді, - әскерге бір де бір жас,
Іс қылып отыр патша ойға қонбас.
Қазақтан әскер алмау заң болатын,
Анттан тайған деген бар, патша оңбас.
Алмайсың бізден жігіт! – деді, - өлмей,
Бұл жарлыққа халық тұр тегіс сенбей.
Губернатор қылса да түлкібұлаң,
Сөзіне Әбдіғапар қойды көнбей.
«Есіреді япырмай, мынау қайдан,
Қорықпайтын кім еді Николайдан »
Деді ішінен сол сәтте губернатор,
«Орнатармын басыңа бір зор майдан!»
Бейнет деген бұйырар әрбір жайдан,
Шуақ кетер бұлт басса, күн мен айдан.
Губернатор жіберді 700 қол,
Жазалауға бұларды Қостанайдан...
Қазақтың тұңғыш кинотуындысы «Амангелді» фильмі екендігі белгілі. Біз жоғарыда келтірген үзінді сол фильмдегі бір эпизодты айнытпай қайталайды. Тек қана кейіпкерлері басқа. «Амангелді» фильмінде губернаторға қарсы шығып сөйлейтін Амангелді болса, біз келтіріп отырған үзіндіде – Әбдіғапар. Тарихи шындық пен тарихи құжаттар бойынша соңғысы шындыққа жақын [4]. Бұдан туындайтын тұжырым – кеңес заманында Әбдіғапар жасаған істердің көпшілігі Амангелді мен Әлібиге телініп келген. Бұл, әсіресе көркем әдебиетте анық байқалды.
Үшінші бөлімде ақын Әбдіғапар әскерлерінің патша әскерлерімен шайқасын суреттейді. Мұнда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің негізгі майдандарының бірі – Доғал соғысы сипатталған. Соғыстағы Әбдіғапардың көрегендігі, Амангелдінің қолбасшылығы, Кейкінің құралайды көзге атқан мергендігі, Өмен, Ідіріс, Әлжан, Жағыпар батырлардың ерлік істері ақын тілімен шебер кестеленген. Мұндағы Өмен, Ідіріс, Жағыпар сияқты батырлардың азаттық үшін жан қиған сәттерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Соңғы бөлім – қорытынды бөлімде бұл ұлт-азаттық көтерілістің негізгі мақсаты, көтеріліс көсемі әмір Әбдіғапардың арман-мүддесі айтылады. Соныман қатар автордың негізгі айтпақ идеясы да осы бөлімде анық аңғарылады:
... Қапардың арманы еді – жеке ел болу,
Орыстан қанап келген ірге бөлу.
Сөзіне қазақ ермей ақырында,
Дертіне таппай өтті ол да дәру.
Елім деп еңіреген қайран Қапар,
Әруағы бір қозғалмай қалай жатар.
Өтті ғой өле-өлгенше зар еңіреп,
Орысқа боласың деп мәңгі отар.
Шынында отар болып қалып қойдық,
Өтірік бос сөзіне әбден тойдық.
Алданып арбауына ел бола алмай,
Қапардай асылдардың көзін жойдық.
Файзолла ақын өзі де көтеріліске қатынасушылардың бірі, Әбдіғапардың көмекшілерінің қатарында болған кісі. Көзі ашық, көкірегі ояу ақын ақ патша құлап, кеңес өкіметі орнағаннан кейін де өмірінің соңына дейін орыс отаршылдығының зардаптарын айтып зарлап, азаттықты аңсап өтті. Ақынның жан дүниесіне терең бойлау үшін ақынның «Әбдіғапар хан» поэмасының түйін-сөзін ұзақ та болса келтіре кеткенді жөн көрдік. Себебі сол заманда, тіпті тәуелсіздігімізді алған осы күннің өзінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ақиқатын дәл осындай ашып айтқан шығарма жоқ.
...Бұл жырым келешекке жетер ме екен,
Жоқ, әлде, бір оқылмай кетер ме екен.
Қазағым үн шығармай бодан болып,
Бір күні әбден құрып бітер ме екен.
Саясат тұрса осылай болады бұл,
Қазақтың аты, заты қалады тұл.
Жеріңді алып, содан соң тіліңді алып,
Бір заманда бұл қызыл қылады құл.
Кәпірге қатын болып кетер қызы,
Жігітін әтек қылар келер кезі.
Енді орыстың қалғаның табанында,
Жарылқар күн тумаса құдай өзі.
Ел болмай жеке, дара мемлекет,
Еш ұлтқа келмек емес һәм берекет.
Орыстың еш елде жоқ зымияндығы,
Ісінде толып жатыр не бәлекет.
Қалайша тұра аламын жазбай мұны,
Еске ұста, үлкен аға, кіші іні.
Ел болмай, жеке, дара, бодан болған,
Еш ұлттың болған емес әммә құны.
Арманы Қапар ханның – еді Теңдік,
Сол үшін өлгенін де көзбен көрдік.
Қазағым, айтқаныма көнбеп едің,
Көргенің болмақ енді ылғи кемдік.
Атқызған Қапар ханды Әліби-тін,
Кетпейді көз алдымнан менің сол түн.
Қапар хан шәйіт болды бостандық пен
Теңдікке жеткізем деп қазақ халқын.
Сондықтан оны халқым жау демеңдер,
Әруағын қорлап текке, тілдемеңдер.
Соғысты дербес мемлекет болу үшін,
Жан еді ақылды, ойшыл, шын кемеңгер.
Кеңес заманында ұзақ жылдар бойы қызыл комиссарлар Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің көтерілісі аталынып келген көтерілістің ақиқаты осындай. Жай ғана демонстрация емес, бүткіл Орталық Қазақстанды, Ақтөбе мен Сыр бойының біраз бөлігін қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы, көсемі, еткен еңбегі мен ерлік істері өзгеге таңылып келген Әбдіғапар Жанбосынұлының тағдыры Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі. Қазіргі тәуелсіз еліміздің азаттыққа жетуіне әмір Әбдіғапардың да қосқан үлесі зор. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты жаңа көзқарас тұрғысынан қарастырушыларға Файзолла Сатыбалдыұлының «Әбдіғапар хан» поэмасындағы деректер мен дәйектердің тигізер септігі мол.
Торғай ақындық мектебінің ұстаздары Уақ Жұмабай, Сейдахмет, Есенжол, Әбіқай, Файзолла ақындар шығармашылығының негізгі тақырыптары Ресей отарындағы халықтың зар-мұңы, болыс-билердің қарапайым жұртқа істеген зорлық-зомбылығы мен езгісі болып келеді. Бұл тақырыптар олардың айтыстары мен әр жерде суырып салып айтқан жырларына арқау болған. Сонымен бірге бұл ақындар Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың ақындығын қалыптастырудағы алғашқы мектеп рөлін атқарды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қозыбаев М. Әмір Әбдіғапар. // Торғай таңы, 1994, 11-маусым.
2. Бөкейханов Ә. 1916 жыл. // Қазақ әдебиеті, 1990, 3-тамыз.
3. Кенжеахметов С. Туған жерге ту тіккен. // Торғай таңы, 1991, 12-шілде.
4. Сүлейменов М. Әбдіғапар хан. - Арқалық: 1996, 250 б.

Алаш қозғалысының ауқымы Алаш Орда үкіметінен әлдеқайда кең және ауқымды. Сонымен оның екі саяси құрылымы бар деп айта аламыз. Атап айтқанда біреуі Алаш Орда үкіметі болса, екіншісі Түркістан үкіметі. Мәселеге осылайша қараудан ұтылатын жеріміз жоқ, қайта ұтарымыз көп. Бұл жағдай қазақ саяси ой және философия тарихының ауқымын кеңейтіп тереңдете түседі.
Әбдіуақап Қара
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ҚОҒАМДЫҚ, Алаш, қозғалысы, саяси, және, Файзолла, ақын
Просмотров: 730 | Загрузок: 178 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
avatar