Махамбеттің жыр жебесі - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Махамбеттің жыр жебесі
[ · Скачать удаленно (217.5Kb) ] 07.11.2012, 15:08
МАХАМБЕТТІҢ ЖЫР – ЖЕБЕСІ
И. Тасмағамбетов, қоғам қайраткері

Кез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Міне, осы пікірге әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға, қазақтың ұлы ақыны, бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады.
Поэзиялық мәдениет, өлең – жыр құрастыру өнері, ұшқыр суырып салмалық, сөз сайыс – түркі көшпенділерінің ұрпақтан – ұрпаққа беріліп келе жатқан көне дәстүрі, ол ғасырлар бойы классикалық жанрлар мен олардың нұсқаларын, өмірдің идеялық жан тебіренісінің бағамын, көркем түрлерін, этникалық біргейлігін т.б. канондарын айқындап, бойына сіңірді.
Міне, осы байламдар, жетістіктер мен тұжырымдар әрине өзге де этностардың, халықтар мен ұлтардың өнері мен мәдениетіне елеулі ықпал етіп, оларды жан – жақты толықтырып отырды. Дала поэзиясының ғұмыр кешкен әр дәуірінде қысқаша тарихи шолу, онымен таныстықты, оны оқып - үйренуді былай қойғанның өзінде кез – келген адамға әсер етіп, оны асқақтатады …
Сонау Ежелгі Грекия, кезінде дала жырауы, әрі шайыры Анахарсистің ой ұшқырлығы мен тапқырлығына тәнті болған. Сөз саптасының айырықша өрнегі, жырындағы тұжырымның жымдастығы оны Солон, Фалес, Биант, Клеабул, Эзоп т.б. сынды ұлы грек ойшылдарынан ерекшелеп, пікірталастарда озық шығып, көпшіліктің назарына ілікті, даңққа ие болды.
Батырлықтың поэзиялық пафосы түркі қағандарының Орхон – Енисей жазбаларында көктелген. «Мәңгі таста» қашалған осы «іргелі жазбалар» сол халықтың дүниетанымы, діни көзқарасы, патриотизімі, езгіден құтылу жолында төңкерісшіл рухының күшін, еркі мен қайрат – жігерін мәңгілікке өрнектеп, Л. Гумилев жазғандай бабаларымыздың «сөз құдіретін» бейнелеген.
Иә, сонау дәуір мен орта ғасырларда көшпенділердің поэзиялық мәдениеті, құндылықтары мен идеалдары жинақталған қаншама дереккөздер із – түссіз беймәлім болды десеңізші. Тіпті тасқа қашалған жазбалардың өзі күн мен жаңбырдың әсерінен бүлініп, «от пен қылыштың» салдарынан жоқ болды. Сансыз санасыз соғыстардың зардабынан қалалар күлге, қирандыға, жабайы шөп басқан өлі далаға айналды. Солармен бірге жәдігерлер, ескерткіштер, кітаптар, жазбалар, шежірелер т.б. рухани игіліктер де тып – типыл етілді.
Бәлкім, осы себептер түркілердің ауыз әдебиетінің өркендеуіне түрткі болған шығар? Фольклордың оқиға желісін таңдау, жаттау және қайталау арқылы жеке бастан табиғи әрі қауымдық жадқа сүйене отырып жеткізу жазба тілдің алдында белгілі бір артықшылығы болды. Кітаптарды, олар сақталатын ғимараттарды жағып жіберуге болады, бірақ ауызша дүниелерді құрту ешкімнің де қолынан келмейді. Музыкалық сүйемелдеуге келетін, өзінің тартымдылығымен, өзіндік сипатымен баурап алатын ауыз әдебиеті, оның ішінде поэзия көшпенділердің жанына жақын тұрды.
Түркілерге ортақ осы заңдылық қазақ поэзиясында, оның ішінде Махамбет поэзиясында тұтастай көрніс тапты. Ол оқи да, жаза да білетін, әйтсе де өзінен бұрын ғұмыр кешкен Асан Қайғы (ХІV - ХV), Доспамбет жырау (ХVІ), Шалкиіз ақын (1456-1560) т.б. шығармаларын арқау ете отырып ауызша шығармашылыққа ден қойды.
Даланың батыр – сайыпкерлері бір мезгілде әрі өлең құрастырушы, әрі поэтикалық жыршы да бола білген. Халық осы сарбаздарды, ақындарды, композиторларды, ойшылдарды жақсы көрді, кездесуге құштар болып, оларды моральдық жағынан демеп, қошемет көрсетіп отырды.
Осы дәстүрді жалғастыра отырып Махамбет толығымен дала серісінің үлгісіне әрі идеалына сәйкес келді, ол тек сарбаз – ақын ғана емес, өз шығармаларын орындаушы музикант – композитор да болды. Өзінің алдындағы поэтикалық дәстүр сабақтастығымен бірге, Махамбет музикасының ғұмыр кешкен дәуірге әрі өзінің жеке басына байланысты қайталанбас та жеке – дара ерекшеліктері бар. Дәстүрлік пен сыр – сипаттың қос бірлігі дала жыршысы шығармашылығының өзегіне айналды. Махамбеттің барлық жырлары даралығына қарамастан, ортақ рухпен, асқақ та драмалық патетикамен, проблематикамен, идеялық – көркем мазмұнмен өрнектелген. Махамбеттің жырларында эпос, драма мен лирика бір – бірін алмастырып қана қоймай, өзара жымдасып жатады.
Ерлердің (1835-1837 жылдарда Бөкей ордасы қазақтарының антифеодалдық көтерлісінің басшысы Исатай Таймановтың, оның үзенгілес әріптесі Махамбеттің де) ерлігі, олардың ерліктерінің асқақ көрнісі, өзін - өзі құрбан ету (эпикалық) Махамбетке өкінішпен, торығумен, үмітсіздікпен (драмалық), адам тіршілігінің мәні, ажал мен мәңгілік, адамның алатын орны, оның идеалдары, рухани құндылығы (философиялық лирика) туралы ойлармен ұштасып, астасып жатады.
Ақын шығармашылығының мән – мағынасы, басқаша айтқанда, оның шығармаларының тақырыбы әр жырының тұтастығын, гармониялық бірлігін сипаттайды. Таным мен сипаттың осы мән – мағынасы Махамбетке жалпы түрде адамдардың әлеуметтік мінез – құлқының сыртқы күштерге, ішкі жан дүниеге қатысты, сондай – ақ ойы мен көңіл күйінде айналшықтап отырады. Осы сипаттар қоғамдық өмірдің, оның сұранысы мен қажеттілігінің айшықты белгілерінің дербес жүзеге асуы түрінде байқалады.
Махамбет жырларындағы кейіпкерлер кездейсоқ емес, ол сол дәуірдің шынайы қажеттілігінен, әр түрлі әлеуметтік мүдделердің қарсы тұруынан туындаған. Ақын тарих сахнасына шыққан ерлердің жауапкершілікті, жаугершілік ауыртпалықты өзіне алуының, ізгіліктен бас тартуының заңдылығы жайлы терең де ойлы ойды зергерлей отырып негіздейді.
Ал, өз мүддесінінің өзегіне әлеуметтік қайта құру, қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгертуді мақсат етіп қойғандықтан Махамбет поэзиясы осы түпкілікті мақсат пен міндетке бағындырылған. Оның шығармашылығының ерекшелігі де осы да. Ақын ықтиярсыз да, парасаттылықпен де тақырып таңдауда өзін - өзі шектейді, әртүрлі – тақырыпқа, табиғат пен қоғамның мәнділігі жайлы абстрактілі пайымдауда кез келген дүниеге бас ұрмайды.

Міне, сондықтан да оның жырларында қызыл сөзге үйір болу, ақылгөйсу, жырлар үшін өз жырына рахаттану, өзінің алдындағы әріптестермен ашық сайысқа бару, оларды қайткен күнде де басып озу т. с. с. атымен жоқ. Махамбет өзінің болмыс – бітімін ең алдымен ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған ер – сарбаз ретінде тиянақтады; сөз құдіретін, өзінің поэтикалық дарынын біле әрі игере отырып, төңкерісшілердің қаруына, идеологиялық үніне бейімдеді.
Махамбеттің жыр-жебелерінің тақырыбымен айқындалған әлеуметтік сипатта, әрине, жан-жақты һәм күрделі де, шым-шытырық қоғамдық байланыстар мен қатынастарға бойлау басым. Сол себепті кез келген шығармашылық иесі оларды тек жалаң жазумен ғана шектелмейді. Ол кейіпкерлердің басты қасиеттерін, маңызды ерекшеліктерін айқындауға ұмтылып, жеке басының жарқын жақтарын жақсартатын, көлеңке жақтарын көлегейлеп, олардың артықшылығы мен кемшілігін қақтығыспен суреттей образдарды контраст бойынша ашуға ұмтылады, бұл шығарманың өзекті мәселесіне айналады. Мәселенің тереңдігі мен түйіні бейнелеп отырған шындықтың қаншалықты маңыздылығына, сондай-ақ автордың ұстанына, оның дүниетанымына, мақсаты мен міндетіне саяды.

Шашақты найза шалқар күй
Әбіш Кекілбаев, халық жазушысы

Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмасжігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары хақ. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Ал, осы екі қас қасиет бір адамның басына сыйып, бағына бітсе ше… Онда таңданатын не тұр! Тек батыр бас тігер көзсіз ерлікке алдымен ақынның дәті барып, қарымдас халқына жар салса, тек ақынның асқақ шабытына лайық нар тәуекелге тек батыр ғана бел буар болса, одан жарасымды, одан ғанибет не болушы еді!
Сондықтан да, ол табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс.
Махмбет те сол асылыдң, сол сиректің бірі. Ондай құбылыс тек қазақ түгілі барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермеген. Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы.
Бұрын кез-келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей күйші де екен. Қапелімде, қай құлаққа да таңсық естілер бұл дерекке де таң қалатындай ештеңе жоқ сияқты. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінде ақынды да, батырды да желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез-келген көк найзалы батырдың қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез-келген ақынның сөзді қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бол бермейтіні де сондай ақиқат. Ал, Махамбеттің адам таң қалатын жері де, сол бола берместің бәрін болдырта білгендігінде ғой. Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын батыр болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы да осыдан шығар.
Сол бір туар Махамбеттің қайда салсақ та саф алтындай жарқылдап, ақ алмастай қиып түсіп, шыны майдай шыжғырынды шындықпен көкірегіңді өртеп түсер құдіреті неде? Батыр болса кез келген тымақты шоқпар ұстаған сотқар заманда екіленген есер болмай, еңіреген ер болуының, ақын болса – бардың алдында байпақтап, жоқтың алдында шайқақтап шыға келер өзге әріптестеріндей мақтаушы болмай, жоқтаушы болуының сыры неде?
Міне, гәп қайда жатыр? Махамбеттің Махамбет болуының себебі де осында ғой. Оның тұсындағы дүркіреген көп ақынның өзі де, сөзі де халық жадынан шыққанда, оның тұсындағы күркіреген көп батыр сазбауға біткен құба талды сайғақ қып жатып алып, бүгіндері топографтардың ғана қырағы көзіне ілігер белгісіз жер төмпекке айналған кезінде ақын Махамбеттің ащы айғайы әлі күнге дейін құлағыңда саңқылдап, батыр Махамбеттің тап көз алдыңда көлбеңдей шауып бара жатқандай әлі күнге дейін делебеңді қоздыруының себебі де, міне, осында, Махамбеттің кімнің сөзін сөйлеп, кімнің сойылын соға білгенде ғой.
Істе де, сөзде де шынайылық пен шындықтан туады. Махамбет те өзінің батырлығын, ең алдымен, өз дәуірінің шындығына тура қарауға арнады да, өз ақындығын сол көзі көріп, көңіліне түйген шындықты еш қалтқысыз, еш бұлтақсыз айта білуге салды. Сөйтіп, мезгілмен бірге өлетін өтіріктің сөзін сөйлемей, халықпен бірге қимылдап, тарихты жасайтын ақиқаттың сөзін сөйледі. Сондықтан да Махамбет халықпен бірге жасап, бірге жаңғырығып келеді. Махамбеттің Махамбеттігі де сол шындық қуғандағында. Ол сөйлеген сөз бен ол істеген істің тарихи өміршең боп келетіндігі де осыдан.
Махамбет ақын мен Махамбет батырдың осы қасиеттерін біз күйші Махамбеттен, композитор Махамбеттен де анық байқағандаймыз. Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереуіл ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындайкөп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі.
«Исатайдың Ақтабаны-ай» баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тастары өрге домалап тұрған қайран дәурендерін жарқылдатып көз алдыңа тосса, «Шілтерлі терезе» сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс халынан зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскіннің мүсәпір жылап-сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқанғаны естіледі. Біз осы хал, осы әуенді Махамбеттің «Өкініш» атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, «мұны неге істедім» деп өкінген өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартқан. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шытынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зары неткен мәнді, неткен ұстамды!
Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын шығармалар санатына «Жұмыр, Қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Орындаушылар «Жұмыр, Қылышты» Исатайдан айрылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арналған деседі. Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбіррлей төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей әдемі жымдасқан. Ал, «Қайран Нарын» Махамбеттің ақындық творчествосының басты арнасына айналдырған туған ел, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кескесті ұрыс тақырыбына арналған. Күйден «аһ» ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді. Одан Махамбеттей кемеңгер азамат, кемел жанның басында бола берер тоқсан толғақ, сексен серпін, сергелдең сезімдердің кең тынысы табылады. Нарынның шағыл бұйраттарындай жонданып, бұратыла бүктеліп, кейде сүр бесіннің көк сағымына көкірегінен малынып тұрған Қараойдың қатқылындай көсіліп қоя берер шежіре күйлер азаматтық қарым, батырлық қайрат, ақындық шабыттың неден туып отырғанынан хабар бергендей. «Батыр болмақ адам-ды», - деп Махамбет өзі айтқандай, аламанды артыңа ертер ер болу да, қарымдас халқың аузыңа қарар ақын болу да, заманыңның батпан жүгін қара нардай қайыспай көтерер ұлы болу да, ең алдымен, сол ел қамына, оның болашағына теңселе тебіренген терең ойлы азамат болу екен.
Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігіңнің заңды мақтанышын туғызады. Дүниеде Махамбеттей адамдардың жасауы топырақ жалаған жауын құрттай жер бауырлаған жебір пенделік пен сұңқардай саңқылдаған асқар азаматтықтың арасындағы шырқау айырмашылықты айқындай түседі. Ал, енді Махамбеттей асыл азамат қанын қиған халықтан туып, Махамбеттей адам құдіреттер аңсаған армандар мен мұраттарға өзіңнің де мүдделігіңді сезіну - өз алдына ғанибет, өз алдына сүйініш.
Махамбеттер аңсаған адамгершілік мұратын ту етіп көтерген біздің дәуірде Махамбеттің аты өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, сондай сұңғыла азаматтың сезімнің сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының күміс құймасы – күйлері неге ұмытылсын!
Ұмытылмайды! Кеше ғана Махамбет күйі болған сарын енді, міне, қадірлі оқырман, сенің күйіңе, сенің жүрек сарыныңа айналмақшы!
Алдыңнан ақ күн туа берсін, Махамбет сарыны!

Дәуiр толғағының тұлғасы
Ақселеу Сейдiмбек, филология ғылымының докторы.

Көшпелiлер болмысындағы кезеңдiк мәнi бар iрi құбылыстар әсте өз төңiрегiмен ғана шектелмейдi, әсте өз уақытының аясында тани қоюға көнбейдi. Ондай құбылыстардың тамыры ғасырларды көктей өтiп, тұтас дәуiрлiк үрдiстермен астасып жатады. Мұның жарқын айғағы- Өтемiсұлы Махамбеттiң (1803-1846) өмiрi, оның тал бойы мен тағдырында тұтас дәуiр болмысының көрiнiс табуы.
Махамбет- азаттықты көксеген курескер, қол бастаған батыр, құдiрет ақын, дәулескер күйшi. Мұның бәрi рас. Алайда, дәл осылай жiлiктеп, бiртұтас құбылысты бөлшектеп танимыз десек, онда Махамбет бойындағы осынау қасиеттердiң сыр-себебi, мән-мағынасы толық ашылмас едi. Махамбет әлемiн оның жеке басына таңырқау арқылы тану, жеке басын марапаттау арқылы түсiну мүмкiн емес. Керек десеңiз, Махамбет болмысын танып-түсiну үшiн тек қана өзi өмiр сүрген заман мен қоғамды саралаумен шектелуге де болмайды. Өйткенi, ол тұтас бiр дәуiр толғағы дүниеге әкелген ұлы тұлға.
Белгiлi бiр дәрежеде, адамзат баласының тарихы көшпелiлер мен отырықшылардың бәсекесiнен тұратын сияқты. Түптеп келгенде, соңғы үш-төрт мың жылдың қою тарихы осылай ойлауға дес бередi. Мұның өзi, екi түрлi даму үлгiсiнiң бәсекесi, екi бөлек системаның теке тiресi, екi арнамен дамыған мәдениеттердiң өрелесуi едi. Отырықшылар дүние- тiршiлiктi атомдық бөлшекке дейiн ыдыратып, нақтылы таным жолын дамуына тұғыр еттi. Бұл орайда, олар өздерiн табиғаттың қарсыластары ретiнде танытты. Бұл қасиет отырықшылардың бүкiл тарихи-әлеуметтiк өмiр салты мен мәдени-рухани болмысында дарыды. Ал көшпелiлер болса (бұл жерде Еуразияның ұлы даласындағы классикалық көшпелiлiк сөз блып отыр), дүние-тiршiлiктi рухани игерiп, табиғатпен тiл табысуды өмiр сүрудiң тәсiлi еттi.
Орта ғасырдың соңына дейiн отырықшыларға қарағанда көшпелiлердiң рухы биiк, күшi басым болып келдi. Тек ол ғана емес, көшпелiлер өзiнiң мәдени-рухани болмысы мен салт-дәстүрiн де мейлiнше шыңдап үлгiрген едi. Орта ғасырдың соңын ала тапанша, мылтық, зеңбiрiк сияқты отты қару пайда бола бастады. Әрине, мұндай қару түрлерi текқана отырықшылар ортасында пайда болуға тиiс едi. Өйткенi, отты қару жасайтын кәсiпорын көшпелiлердiң өмiр салтына жат. Мiне, осы кезден бастап адамзат баласының даму үрдiсi өзiнiң альтернативтi сипатын көмескiлеп, бiрыңғай технократтық даму үрдiсiн өзектi мұратына айналдырды. Көшпелiлердiң тарих сахнасынан шығып, аттан түсуiнде осындай сыр себеп бар.
Әрине, системаның өзгерiске ұшырауы және зорлықпен өзгеруi сол ойкумендегi ел-жұрт үшiн оңай шаруа емес. Мұндай өзгерiстер бiрер ұрпақтың өмiрiнде жүзеге асып үлгермейдi. Системаның екпiнi әлденеше ғасырларды көктей өтiп, әлденеше ұрпақтың өмiрiн өксiтiп барып саябыр тартады. Iзiнен қан шұбырып, тарихи тағдырға мойын ұсынады. Сөз жоқ, мұндай кесек құбылыстар өзiне сай кесек тұлғалардың өмiрбаянына айналады. Мiне, Өтемiсұлы Махамбеттi дәуiрлiк құбылыс деуiмiздiң мән-мағнасы осында.
Махамбет - көшпелiлер өркениетiнiң осынау жарық дүниемен шырқырап қоштасқан соңғы үнi. Жалына қол тигiзбейтiн көшпелiлердiң қыл сағағын тарих тұзағы қылғындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серiпкендей. Қазақты ұлт ретiнде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелiлер мәдениетiнiң буырқанып келiп жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет сияқты. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдiсiн кең аяда тарихи құбылыс ретiнде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейiн, Асанқайғыдан Махамбетке дейiн, Махамбеттен Абайға дейiн, Абайдан бүгiнге дейiн деп төрт кезеңге бөлуге болар едi.
Махамбет заманы көшпелiлер рухының айының батып, күнiнiң тұтылған кезi. Сондықтан да, көшпелiлер мәдениетiндегi эпикалық синкреттiлiк Махамбет болмысымен түйiнделедi. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушiлiк мiндетiнен айырылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттiң әрi батыр, әрi көсем, әрi шешен, әрi жырау, әрi күйшi болуында осындай тарихи-әлеуметтiк сұраным болған.
Ойдың орамы осылай қайырылған соң, нақтылы өмiрбаян көрiнiстерi заманалық үрдiспен шеңдесiп, өзгеше мән-мағнаға ие болады.
Өтемiсұлы Махамбет 1803 жылы Iшкi Бөкей ордасындағы Бекетай деп аталатын өңiрде дүниеге келдi. Бұл-қазiргi Орал облысының Жәнiбек ауданына қарайтын жер. Даланың ауызша тарихнамасы (ДАТ) бойынша Махамбеттiң шыққан тегi туралы әр түрлi дерек бар. Ең арғы дерек Бокеев Шәңгерейдiң шежiресi. Бұл шежiре бойынша, жаугершiлiк заманда Махамбеттiң төртiншi әкесi Бахрамның Бағыр,Нәдiр деген екi баласы тұтқыннан қашып шығып, он екi ата Байұлының iшiндегi Берiшке сiнедi. Нәдiрден Мәлi (кейбiр деректерде Құлмәлi, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлiнiң қазақ әйелiнен Өтемiс пен Шыбынтай, қалмақ әйелiнен Қобылбай туған.
Өтемiстен-он ұл, Шыбынтайдан- төрт ұл, Қобылбайдан-үш ұл туып, Мәлi ұлдың өзiнен он жетi немере сүйген адам. Келесi бiр деректерде, түркiмен мен қазақ арасында бiр соғыста төрт-бес жасар Мәлi қолға түсiп, Жайық-Берiш iшiндегi Жаубасар деген кiсi асырап алады. Қолға түскен Мәлiге "Құлмәлi” деген ат қойылады. Жаубасардың Ерназар деген ағасы болған. Бұлардаң әкесi Тұмаш деген кiсi екен. Мәлi (Құлмәлi) негiзiнен Жаубасардың ағасы Ерназар қолында өседi. Кейiн Мәлi қазақ қызына үйленген соң, одан Өтемiс пен Шыбынтай деген бала туады. Мiне, осы дерекке сүйенген шежiренiң бiр парасы бойынша, Махамбеттiң әкесi-Мәлi, оның әкесi-Ерназар, оның әкесi-Тұмаш, одан әрi Жайық-Берiш деп таратады.
Құлмәлi әулетi аз ғана уақыт аясында үрiм-бүтағы өсiп-өнiп, Тасойған құмындағы iргелi ауылдардың бiрiне айналған. Оның үстiне Құлмәлiнiң шешендiк, батырлық, турашыл қасиеттерi ұрпақтарына да дарып, ел тағдырына қатысты iстерде сергектiк танытып отырған. Мәселен, Өтемiс өз кезiнде Айшуақ, Жантөре, Бөкей хандардың беделдi билерiнiң бiрi әрi Берiш ауылының старшыны болған. Өтемiс төрт әйел алып, олардан Тоқтамыш, Бекмұхамбет, Махамбет, Ысмайыл, Смайыл, Қожахмет (Ахмет), Әйiп, Хасен, Сүлеймен, Ыбырайым атты он ұл туған. Осылардың iшiнде Бекмұхамбет (кейбiр деректерде Бекмағамбет Жәңгiр ханның он екi биiнiң бiрi болса, Ысмайыл Қожахмет, Ыбырайым сияқты балалары Исатай мен Махамбетке үзеңгiлес серiк болып, ереуiл кезiнде ерлiк көрсеткен.
Қожахмет 1838 жылы шiлденiң 12-сi күнi болған шайқаста Исатаймен бiрге қаза табады. Ал Ысмайыл болса патша саясатына қарсылық көрсеткен адам ретiнде жиырма бес жылға Сiбiрге айдалған (Жұмалиев Қ. Егеулi найза. Ал., 1979, 7-бет). Қысқасы, Құлмәлi әулетi өз iшiнде мақсат-мүдделерiнiң әр түрлi болуына қарамастан халық iшiне қатысты iстерге белсендiлiкпен араласып, белгiлi дәрежеде ықпалын жүргiзiп отырған. Махамбеттiң:

"Ерте көшiп, кеш қонған,
Бiз санаулы сәндi орданың бiрi едiк”,-дейтiнi, немесе:
"Өтемiстен туған он едiк,
Онымыз атқа мiнгенде,
Жер қайысқан қол едiк”,- деп толғайтыны сондықтан.

Өтемiстен туған он ұлдың iшiнде Махамбеттiң орны алабөтен. Табиғат оның тал бойына ақындық, шешендiк, күйшiлiк, батырлық сияқты бiрнеше кесек қасиеттердi дарытты. Осынау кесек қасиеттердiң бәрi шашау шықпастан асқақ мұраттарға қызмет еттi. Бұл орайда, Махамбет өзiнiң барша болмыс қасиеттерiмен көшпелiлер көсемiнiң соңғы тұяғы сияқты едi. Ол өзi туып-өскен өңiрдiң Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиiз, Жиембет, Доспанбет сияқты бiртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкiрегiне тоқып өстi. Жай ғана тоқып өскен жоқ, олардың артында қалған асыл мұралары мен асқақ ойларын Махамбет өзiнiң өмiрлiк арман-аңсарына бағдаршы етiп өттi. Әйгiлi Сырым батырдың әдiлет сүйгiш, азатшыл рухы Махамбеттiң бесiк жыры болды. Кейiн Сырым батырдың арманы Махамбет өмiрiнiң мағынасына айналды.
Махамбет өзi өмiр сүрген заманның ағымына жүйрiк, қыр-сырын жетiк бiлген, көзi ашық, көкiрегi ояу, бiлiмдар адам болған. Орыс, татар, араб тiлдерiн тәуiр меңгерген. Мұның өзi жазған хаттардан-ақ аңғаруға болады.
Махамбеттiң сергек жаратылысы мен қабiлет-дарыны төңiрегiне ертерек мойын бұрғызтқан. Тiптен, Жәңгiр ханның өзi назар аударып, баласы Зұлқарнайынға Махамбеттi ақылшы, серiк етпек болады. Осы ниетпен Орынбордағы оқу орнына орналасқан Зұлқарнайынға Махамбеттi қосып жiберген.
Махамбет Орынборда 1824 жылдан 1829 жылға дейiн тұрған. Сөз жоқ, бұл уақытты Махамбеттiң текке өткiзбегенi анық. Оның ескiше-жаңаша сауатын ашып, қоғамның саяси-әлеуметтiк жай-жапсарын зерделеп үлгеретiнi осы кез. Сондықтан да ол Орынбордан қайтқанда Жәңгiр ханның "сарай ақыны”, Зұлқарнайынның ақылшысы болып емес, елiнiң жоқшысы болып оралады.. Махамбет Орынбордан оралардан бiр жыл бұрын 1828 жылы Каспий жағалауы мен Едiл, Жайық өзендерiнiң бойын қазақ шаруаларының пайдалануына тыйым салған заң шыққан болатын. Бұл заң малдың тұяғына iлесiп күн көрген халықтың тынысын тарылтып, наразылығын тудырды.
Махамбет 1829 жылы Орынбордан қайтып келiсiмен бұқара толқуына қатысып, оларды Жайықтан берi өткiзуге ат салысады. Бұл үшiн ол жауапқа тартылып, 1829-1831 жылдар арасында Калмыков түрмесiнде отырып шығады.
Замана тауқыметiндей озбыр да дүлей күшпен Махамбеттiң беттесуi алғаш рет осылай басталады.
Махамбеттiң өскен ортасы- Iшкi Бөкей ордасы өзiнiң табиғи орналасуы жағынан ғана емес, саяси-әлеуметтiк ахуалы жөнiнен де сол кездегi қазақ қоғамынан өзiндiк ерекшелiгi бар едi. Егер, бұл ерекшелiктi түйiндеп айтар болсақ, Алтай мен Атырау арасында көсiлiп жатқан байтақ қазақ даласын аз күшпен, жедел түрде отарлауды өзектi мақсаты еткен Ресей патшалығы үшiн Iшкi Бөкей ордасы мейлiнше ұрымтал сынақ алаңы болды. Сол кезде, Ресейдiң шығысындағы ең саны көп, ең жерi үлкен және өмiр салты өзгеше қазақтардың сынаптай сырғыған көшпелi руларына сырт күштiң билiк жүргiзiп, уысында ұстауы оңай шаруа емес едi. Ол үшiн көшпелi қазақ қоғамын қайтсе ыдыратуды, қайтсе өздi-өзiн қырқыстыру арқылы кiрiптар етудi, қайтсе талмау жерiн тап басып тұзаққа түсiрудi Ресей патшалығы шығыстағы ең өзектi мақсат мүддесi еттi. Сондықтан да, Бөкей хан Нарын құмына оқшау билiк құру үшiн Бiрiншi Павелден рұхсат сұрағанда, тiлегi оп – оңай орындалған. Бiрiншi Павелдiң 1801 жылғы наурыз айының 11 – i күнi берген бұйрығы бойынша Едiл мен Жайықтың арасында бөгiп жатқан Iшкi Орда деп аталған Бөкей хандығы құрылды. Сөйтiп көшпелi қазақтардың тағы бiр шебi сетiнеп, тағы бiр керегесi бөлiнiп, саяси - әлеуметтiк тұтастығы әлсiрей түстi. Оның есесiне патшаның атқа мiнiп, дала кезе алмайтын ноқай отаршылдары үшiн рахат болды. Бұған дейiн құпия болып келген байтақ қазақ даласы, ендi бүкiл әлеуметтiк құрылыммен, ұлттық – бiлiм ерекшелiгiмен, рулық тәртiп – жүйесiмен көз алдарында. Қалай билеп, қалай төстеп, қалай зерттеймiн десе де еркiнде. Мұның өзi техникалық дамудың жетiле қоймаған, коммуникацияның әлсiз кезiнде, сондықтан да көшпендiлердiң әлi де болса ауыздық салдырмас асау күш болып тұрған кезiнде Ресей патшалығы үшiн отаршылдықты шыңдап, жетiлдiрудiң сынақ лабораториясы сияқты едi. Нәтижесiнде кешiкпей – ақ қалағанын жүзеге асырудың тетiгiн тапты. Олар бүкiл мақсат – мүддесiн хандық билiк арқылы жүзеге асырып отырды. Хандық билiктiң iшкi құрылымын хан депутаты, хан кеңесi, старшын – есауыл, базар сұлтаны, арнаулы тергеушi, iс жүргiзу кеңесi дейтiн жүйеге түсiрiп, даланың тiршiлiк - тынысын толық бақылауға алды. Бұл тәртiп ру басыларының, iрi байлардың өз тумаларына деген басиелiгiн әлсiретiп, рулық пәтуа – бiрлiкке сызат түсiрiп отырды. Қазақ даласының өзге өңiрлерiне қарағанда, Iшкi Ордада тауарлы – ақша қатынасы басымырақ өркендеп, ел iшiтаптық жiкке бөлiне бастады. Бiр кездегi халқы үшiн оққа кеудесiн тосатын хандар, рулармен бiрге у iшетiн байлар ендi өз халқының қанын соратын қарсыластарына айналды. Патша отаршылдарына қолшоқпар болған хан – сұлтандар мен байлар бүкiл Iшкi Ордадағы халықтың 4 процентi бола отырып, 5300 мың десятина жарамды жердiң 4500 мың десятинасын иемдендi. Салықтың бұрын – соңды көрiп бiлмеген, от ауыз, қызыл киiз, тұяқ ақы, хан соғымы, хан қонақ ақысы, пiтiр, құшыр деген түрлерi пайда болды. Бiр ғана Жәңгiр хан халықтан жыл сайын 18 мың қой, 1000 жылқы, 700 түйе жинап алып отырды. (Қаз. КСР ОМА, 4-қор, 4197 - iс) Әрина бұл дәулеттiң басым бөлiгiн патша әкiмдерi обып әкетiп жатты. Тiптен халықты хан – сұлтандар мен байлар арқылы қанауды мiсе тұтпаған патша әкiмдерi, бекiнiстегi әскерлер, помещиктер бара – бара тiкелей өздерi қол сұғып ашық қанауға көштi. Сол кезде Орынборда шекаралық комиссиясында полковник шенiнде қызмет атқарған орыстың белгiлi жазушысы, лексикографы және этнографы, Петербург Ғылым академиясының корреспондент – мүшесi В.И. Даль (1801-1872) былай деп жазды: "Шекара бойындағы қазақтар мейлiнше кедей тұрады. Гурьев пен Звериноголовскiнiң арасындағы, ұзындығы 1850 шақырым жердi қыстайтын мың үйдiң әр қайсысында орта есеппен бес жаннан бар. Ал әр үйге шаққанда жетi мүйiздi iрi қарадан, бес жылқыдан, бiр түйеден, жүз қойдан келедi. Бiрақ нақтылы шындыққа ден қойсақ, ондаған мың қой мен жылқы бiткен байлар және жалғыз ешкiге қарап отырған тақыр кедейлер бар. Олар бүкiл ауыртпалығын осы жалғыз ешкiге артып, сүтiн күнара, тiптен үш күнде бiр кезек – кезек қорек қылып отыр. Бұл ойдан шығарылған ертегi емес таза шындық” (Даль. В.И. Полн. Собр. Соч. т. 1-10. СПб. 1897-1897, 7-том, 235-бет).
В.И.Даль мұнан да өткен сұмдық мысалды "Северная пчела” журналының 1834 жылғы 101- санында келтiрген: "Шекара бойындағы қазақтар осы қыста тағы өз балаларын сата бастады. Жақында мен 75 сомға (ассигнациямен) сатып алынған төрт ер баланы көрдiм . Кiшiсiнiң жасы жетiде …”
Мiне, көшпелi қазақтардың азатшыл рухы отаршылдықтың темiр қамытын мойнына iлген соң, кешiкпей-ақ осындай күйге тап болды. Махамбет осы сұмдықтарды көзiмен көрдi. Сондықтан да, 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңiздей толқып көтерiлгенде, осынау тегеурiндi дүмпудiң дем берушiсi Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бiрге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтерiп шықты.
Бiрақ, амал қанша, әдiлдiк жеңiлдi, озбырлық жеңдi. "Кезенген жауға кез келдiк, жалғыз найза, бiр атпен”,-деп, Махамбеттiң өзi айтқандай, жаужүрек батырдың қолындағы жалаң қылыш отты қарудың алдында дәрменсiз болды. Ең сұмдығы, көшпелiлер тарихында тұңғыш рет ханы халқына қарсы шығып, ата жауымен ауыз жаласты. Алдымен Жәңгiр хан, кейiн Баймағамбет сұлтан подполковник Геккеге арқа сүйеп, әдiлдiк сұраған халықты қанға бөктiрдi. Арыстан туған Исатай оққа ұшты. Одан да өткен сұмдығы, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақынына көшпелiлердiң ұзына тарихында тұңғыш рет қол көтерiлдi. 1846 жылы Баймағамбет сұлтанның жұмсауымен Төлейдiң Ықыласы, Боздақтың Жаңабергенi, Нұралының Мұсасы, Өтеулiнiң Жүсiбi, Тұрымның Төрежаны сияқты пенделер Махамбеттi өз үйiнде, балашағасының алдында қылыштап өлтiрдi.
Жалқы деректiң жалпақ дүниеге айғақ болатын тұсы бар. 1836-1838 жылы Нарын құмындағы халық көтерiлiсiнiң жеңiлуi, түптеп келгенде, көшпелiлер басынан бақыт құсы ұшып, дәуреннiң өткенiн көрсетедi. Яғни, жеңiлген Исатай мен Махамбет бастаған азатшыл рухтағы қауым емес. Өйткенi, олар сол азатшыл рухына қылау түсiрмей, мақсат-мұратынан айнымай құрбан болды. Жеңiлген-система болатын. Яғни, Еуразияның апайтөс ұлы даласына бейiмделiп, қалыптасқан көшпелiлердiң шаруашылық-мәдени типiн жалпы адамзаттық жаңғырудың үрдiсi ығыстырды. Мұндай заманалық жаңғырудың табиғи жолмен, бейбiт түрде жүзеге асуы да мүмкiн едi. Өкiнiшке орай, қазақ даласындағы системаның алмасуы сырт күштiң отаршыл экспансиясы тұрғысында жүзеге асты. Махамбет болса осынау өлiара шақтағы халық болмысының жиынтық айғағы.
Бiздiң сүйсiнетiнiмiз, Махамбеттiң өз заманына адалдығы, өлара шақтағы сүйек сырқыратар өкпек желге ықтамай, омырауын ашып тастап, қасқайып қарсы жүргендiгi. Егер, қазақ деген халықтың бүгiнгi болмысында өзiндiк бiрдеңе бар болатын болса, мұның өзi Махамбет сияқты бағаналы бәйтеректiң өткен мен бүгiннiң арасына көпiр болып көсiлiп жатқандығынан.
Махамбет үшiн көшпелiлердiң дәстүрлi мәдениетi, өнерi, талғам-танымы өмiр сүрудiң тәсiлi едi. Ол әбден орныға шыңдалған далалық демократияны жан-тәнiмен қорғап, сол жолдан ауытқымай дүниеден өттi. Мұның өзi түптеп келгенде, халықтың бiртұтас тағдыры үшiн, ұлттың бiртұтас арман-аңсары үшiн күрес болатын. Отаршылдық ұлттың тұтастығына iрiткi салып, таптық жiктiң ұрығын септi. Бұл дегенiмiз, мүлде жат өмiр салттың, бөтен системаның бел ала бастауы едi. Махамбет iрiлiгi осынау системалық өктемдiкке қасқайып қарсы тұруында. Мұның бұлтартпас айғақтары Махамбет жырларының өнбойында тұнып тұр.
Махамбет жырларының құдiреттiлiгi арман-аңсарының заманалық кесектiгiнде. Махамбет халық басындағы бақ пен сордың жалқылық мысалына жұбанбайды, заман дүмпуi тудырған iрi ағымдардың аққарасын саралап толғанады. Бұл ретте, оның санасы сергек, танымы терең, мақсаты айқын. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтiк теңдiгiн Махамбеттен терең жырлаған, Махамбеттей жеткiзе жырлаған ақын қазақ топырағында некен-саяқ. Дәстүрлi талғамымызда хас өнердiң бойына сұлулық пен шындық тең бiтiп, қоржынын аудармауы керек. Махамбетте мұның екеуi де кәмiл. Ол сонысымен көшпелiлер мәдениетiнiң аса тегеурiндi соңғы тұяғы ретiнде мойын бұрғызады. Махамбет өзiнiң рухы асқақ жырларын жыршылығы тасып шығармаған. Оның бойындағы буырқанған аста-төк өнер күрес жолындағы ең оңтай қаруы болған. Тек қана жырлары емес, оның арынды күйлерi де ұдайы ситуация үстiнде туындап отырған. Бодандықта өмiрi өксiген халқының қағажу көрген хал-күйi, өз халқына қарсы сырт күштiң қол шоқпары болған Жәңгiр хан мен Баймағамбет сұлтанға деген запыран ашу, ел қамын жеп еңiреп өткен Исатай батырдың ұрпаққа өнеге өр тұлғасы, көтерiлiс күндерiнiң ең бедерлi сәттерi, асыл арманның күйреуi, осының бәрiн тағдырдың жазмышындай еткен заманалық үрдiс, мiне, Махамбет өнерiне арқау болған нақтылы өмiр көрiнiстерi осылар.
Осынау ойдың орамы Махамбет жырауға ғана емес, сонымен бiрге Махамбет күйшiге де тiкелей қатысы бар. Махамбет күйлерi, оның қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, ел бастаған ақын бола отырып, осының бәрiне қоса күй де шығарған екен-ау дегiзетiндей әуезе сезiмнiң бодауына жүрмейдi. Ол поэзияда қандай дара болса, күйде де сондай оқшау. Махамбет күйлерi адуын мiнезiмен, асқақ сезiмiмен дараланады. Кiбiртiгi жоқ, iшкi толғаныстың тегеурiнi, күрсiнi көп көкiректен лақылдап ақтарылғандай. Ең ғажабы, осының бәрiн өзгеде жоқ әуен-сазбен өрнектеп отырады. Махамбет күйлерi оның поэзиясының саз-сарынға айналған түрi. Ұлы мұрат жолында арқалы қимыл жасап, атқа қонған ерлерге сүйсiнгенде "Исатайдың Ақтабаны-ай” күйiн саңқылдатқан. Ата жаудың темiр торына түсiп, тар есiктен сығалап, өр кеудесiн өксiк қысқанда "Шiлтерлi терезе” күйiн бебеулеткен. Адыра қалған ата мекен, жаттың табанына тапталған туған жер қасiреттiң үлкенi, қайғының зоры болып, қабырғасын қайыстырғанда "Қайран Нарын” күйiн сұңқылдатқан. Арманында ақау жоқ үзеңгiлес серiктерiнiң ер тұлғасына, мәрт мiнезiне арнап "Тарлан”, "Жұмыр-Қылыш” күйлерiн күмбiрлететiн…
Қапыда дұшпанның қақпанын басып, Қиыл өзенiнiң бойында Исатай бастаған есiл ерлер қырғынға ұшырағанда "Өкiнiш”, "Қиылдағы қырғын” күйлерiн азынатқан… Мiне, осылай жалғаса бередi. Себепсiз домбыраға қол созу жоқ. Күйдi көңiл көтеру үшiн емес, көкейдегiсiн жеткiзу үшiн тартатынын Махамбеттiң өзi де жасырмайды. "Домбыра тартсам келер күй” дейдi.
Махамбет қатардағы көп күйшiнiң бiрi емес. Ол даланың қатал талабын қапысыз орындап, сарабдал сынынан сүрiнбей өткен соң ғана домбыраға бiлек артқан. Бұған Махамбеттiң "Ақжелең” күйi айғақ. Себебi "Алпыс екi тармақты Ақжелеңнiң өрiсiн ұзартып, өресiн биiктеу санаулы ғана саңлақтардың пешенесiне жазылған. Ал Махамбеттiң "Ақжелеңi” күйшiлiктiң осынау ұлы дәстүрiн нұрландырар дүние. Тiптен, бұрыңғы "Ақжелеңдердiң” сезiмiне серпiн қосып, мұңына мiнез дарытып, айтарымен аңғартарын байыта түскен.
Махамбеттiң күйшiлiгi оның бiртұтас тұлғасын даралап қана қоймайды, сонымен бiрге дәстүрлi көшпелiлер мәдениетiн жасаушылардың әмбебап қасиетiне де жарқын айғақ. Мұның өзi өнердегi ғана емес, өнерпаз бойындағы синкреттiлiктi алғашқы қауымдық құрылыстың талғамына телитiн әлдекiмдердiң теориясымағы тайғанақ екенiн аңғартумен бiрге, көшпелiлер мәдениетiнiң болмысына өзгеше зердемен қарауды пайымдатады.

Ерлік пен елдіктің өшпес рухы
З. Қабдолов, халық жазушысы, академик

Махамбет! Бұл есім - өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты ат. Көзі ашық, көкрегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды:

«Ереуіл атқа ер салмай
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку – еңку жер шалмай …» немесе:

«Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн…» -
дей бастасаңыз – ақ болғаны, алдымен мейірімін төгеді, содан соң мерейленіп кетеді.
Мұның себебі – «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, әнші жоқ Қараөткелде меннен асқан» дегендей, Абайдан кейінгі өлеңшілерді өз алдына қойғанда, Абайға дейінгі қазақ поэзиясында бұдан асқан ақын жоқ. Бұл шындықты әр қазақ та бар қазақ түгел мойындап болған. Әрине, асқар таудың асу – асу белдері біреу емес, бірнешеу болатыны секілді, қазақтың жыршылық – жыраулық өнерінің де төбесін тіреген қадау – қадау діңгектері бірқыдыру бар: Асан Қайғы мен Қазтуған, Доспамбет пен Шәлгез, Жиембет пен Марғасқа, Ақтамберді мен Тәтіқара, Үмбетей мен Бұқар … Осылардың әрқайсысы заңғардың әр биігіне ұқсаса, Махамбет бар биіктің ішіндегі Қыранқия тәрізді қиырдан мұнартады. Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап – таза қорғасыннан құйылған ап – ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең – жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.
Ақын болу – бір бар; ал оның үстіне батыр болу ше? Және де ақын – ақын, батыр – бат
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Махамбеттің, жебесі
Просмотров: 1997 | Загрузок: 212 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 1
avatar
1 Окушы • 14:06, 25.01.2013
сіздің жазған туындыныз көңілімнен шықты
avatar