Шығыс-Қазақстан: танымал есімдер - Ақын жазушылар - Қазақ әдебиеті - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Қазақ әдебиеті

Шығыс-Қазақстан: танымал есімдер - Ақын жазушылар
[ · Скачать удаленно (160.5Kb) ] 07.11.2012, 14:26
Шығыс-Қазақстан: танымал есімдер - Ақын жазушылар
Әуезов Мұхтар Омарханұлы ( 1897- 1961 жж.)
Менің аңдауымша, бір кезде орыс мәдениетінің өсіп- өркендеуіне Пушкин әсері қандай болса, бүгінгі Орта Азиялық көркем ойдың, іргелес халықтарымыздың күллі рухани өмірінің қалыптасуына Әуезов әсері де дәл сондай болды.
( Шыңғыс Айтматов)
Қазақ халқының мәдени даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың алатын орны ерекше.
М.Әуезов - ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын артттыруға, әдеби тілді байытуға ересен еңбек сіңірген ұлы жазушы.
Жазушы 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде туды. 1908 жылы Мұхтарды немере ағасы Қасымбек Семейге алып келіп, орыс мектебіне түсіреді. Оның тұңғыш күрделі шығармасы - " Еңлік-Кебек" драмасы 1917 жылы, семинарияда оқып жүргенде жазылды.
1923 Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түсіп 1928 жылы бітіріп шығады. Оқуды бітірісімен Ташкентке келіп, орман техникумында әдебиеттен сабақ береді, 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университеті туркология кафедрасына аспирантураға түсіп, онда 1930 жылдың октябрьіне дейін болады.
Кемеңгер жазушының өмір жолына көз жіберсек, оның бір кездерде қилы кезең, қиын асуларға тап болып, қысылып- қиналған сәттерін еске алмай өте алмайсың. 30- жылдардың басында жазықсыз жаламен екі жыл түрмеде отырды. Қазақтың бетке шығар қаймағы " халық жауы" атанған кезде ендігі бетке ұстар азамат М:Әуезовке де құрық түсуге шақ қалды. Алашордашыл, ұлтшыл жазушы деп қудалағандар аз болған жоқ. Соның салдарынан жазушы 30- жылдары өзінің " Еңлік-Кебек", " Көксерек", " Қилы заман" сияқты тамаша туындыларынан бас тартса, 40-шы жылдары " Қаракөз"," Айман-шолпан", " Түнгі сарын" сияқты ғажайып пьесалары сахнадан түсіп қалды.
Жазушының әңгімелеріне тән оқиғалық, тартыстық жүйелер драмалық шығармаларында да кездеседі. Бұл да суреткердің өмір ақиқатын неғұрлым шыншыл әрі толық бейнелеу ниетінен туған көрініс. Творчестволық жолының алғашқы кезеңінің өзінде- ақ М.Әуезов көп қырлы талантын айқын танытты. Ол бұл тұста, әсіресе, көркем прозаның майталман шебері болып қалыптасты. Өмір оқиғаларын қаһарман мінезімен ұштастырып, қайталанбас сом тұлғалар жасау дәстүрін тереңдетті, прозаның әңгіме- повесть түрлерін жетілдірді. Тарихи тақырыпты да, заман шындығын да өзіне ғана тән өрнектеп жырлайтын арнаға түсті.


М.Әуезов қазақ әдебиетінде драматургия жанрының негізін салушылардың бірі болды. "Еңлік-Кебек", "Қаракөз", "Түнгі сарын", "Ақ қайың", "Тас түлек", "Тартыс", "Алма бағында" сияқты шығармаларында кеңес адамдарының жаңа өмір қалпын, жасампаз еңбегін бейнелейді. Осы салаға ерекше көңіл бөліп, қаламгерлік жолының әр кезеңінде бас-аяғы жиырмаға жуық пьеса жазды.
М.Әуезовтың "Абай жолы" роман-эпопеясы- бүкіл кеңес әдебиетінің аса көрнекті шығармасы. Романның идеялық- көркемдік биік жетістігін жер жүзінің прогресшіл әдебиет, өнер қайраткерлері жоғары бағалады. Француз жазушысы Л. Арагонның: " Эпикалық "Абай" романы….. ХХ ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі ",- деген сөздері демократиялық бағыттағы шетел жазушыларының ортақ лебізі болып естіледі. Бұл пікірлер роман- қазақ әдебиетінің зор жетістігі болғанын дәлелдейді. Дүние жүзінің отыздан астам тіліне аударылып жарық көрген бұл шығарма миллиондаған оқырманды сусындатып, оларға ұлы Абайды, Абай арқылы қазақ халқын паш етті.
Әуезов - тек қана жазушы емес, қазақ әдебиет ғылымының ірі теоретигі, абайтанудың негізін салушы. Ол түркі тілдері әдебиетінің тарихы жөнінде терең ғылыми зерттеулер жасады.
Оның қаламынан әлемдік және орыстың тамаша классикалық әдебиетінің, бауырлас халықтар әдебиетінің танымал шығармаларының тәржімелері туды.
Жазушы, академик, тұңғыш драматург, талантты романист, білгір сыншы, белгілі қоғам қайраткері " Сегіз қырлы , бір сырлы азамат" - өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет етті, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырды.
Әдебиетіміздің қос биігі Абай мен Мұхтарды кезек-кезек оқығанда жерлес ақынымыз Қ. Алтынбаевтың " Бірі - өлеңнің патшасы, бірі-проза құдайы " деген жыр жолдары есіңе түседі.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Қазақ
ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы.
Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбаевтың қолында тәрбиеленді. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердиевтің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білді.
Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстады.
Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19ғ. - дың аяғы мен 20ғ.-дың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. "Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!" (1877) өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, "Жастық туралы", "Кәрілік туралы" (1879) өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. "Өмір", "Сәнқойлар", "Ызақорлар", "Құмарлық", сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.
Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, ("Анық асық әулие", "Шын сырым") адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді. "Жастарға" (1880), "Арман", "Насихат" (1881) атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сө з етеді. Ш.Қ.- қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан ақын. Бірақ кейбір өлеңдерінде ("Бай мен кедей", "Бай мен қонақ") мәселенің әлеуметтік мәнін ашуға бара бермейді. Үстем таптың озбырлығын, қиянатын айтумен шектеліп, "еңбек ет, бөтенді қанама, ісіңе арың басшы болсын" деп уағыздайды. "Жуандар" деген өлеңінде байларды сынайды, бірақ таптық көзқарасты санасына терең сіңіре алмай, ағартушылық көзқараста қалып қояды.
Ақынды қатты толғандырған мәселенің бірі - қару-жарақтың адам мен табиғатқа қарсы жұмсалуы, империалистік соғыс кезінде адамның қырылуы, озбырлық пен зорлықтың орын алуы. Мұндай келеңсіз кесепаттарға қарсы жазылған өлеңдері Шәкәрімнің интернационалдық ой, толғаныстарының биіктігін, заманалылығын аңғартады. ("Патшалар сансыз шығыс қылады", 1919; "Адам немене" 1915) , "Бостандық таңы атты", " Бостандық туы жарқырап" (1917) өлеңдері Қазан революциясына арналған. Ақын жарқын өмірді, болашақты, бейбітшілік пен берекелі тұрмысты жырға қосты. Әлеуметтік жағдайға байланысты тұңғыш рет "Шаттық" деген сөзді қолданғанымен, Ш.Құдайбердиевтің жаңа заманның өзгерісіне үн қосуы әлі де тосаң. Оның мұраты бұрынғысынша адал еңбекте, рулық жікшілдікті жоюда, әділеттігі жарасқан тұрмыс құруда еді. "Қош жұртым" өлеңінде (1931) жапан түзде жалғыз жатқанмен халықтан қол үзбегенін, болашаққа сеніммен қарайтынын білдіреді. Бұл ойын С. Мұқановқа жазған хатында(3.2.1931) айқын білдірген.


Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына ,мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша "Қалқаман - Мамыр" дастанын жазды. (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. "Еңлік - Кебек" дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. "Айсұлу - Нартайдың" поэмасы жамандықты жазаласа, "Әділ - Мария" романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Шәкәрім Құдайбердиев - "Қодардың өлімі", "Крез патша" дастандарының авторы .
1905 жылы Шәкәрім Құдайбердиев қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдар негізінде "Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі" (1911) кітабын, қисындарын қазақ мүддесіне үйлестіре түсу мақсатымен "Мұсылмандық шарты" деген еңбек жазды. (1911) Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екендігі айқын танылды. Ол жаратушы алланы ақылға салып түсінуге ұмтылыды. Дін бұзушыларды қатты сынға алады. ("Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа, Сопының бара қойман құрбанына". Абай сияқты Шәкәрім де феодалдық- рулық ортаның мінез-құлқын, моралін жат көрді, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты көре білді. Шәкәрім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығы мен туыстығын қуаттады. ("Мен ұлтшыл емеспін, жақыным мынау демеспін"). Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың творчествосын аса жоғары бағалап, ("Ақиқат сырымды айтсам Толстойдың, мың сопыны алмаймын тырнағына") өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырды. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санады, онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет - Бичер Стоудың (1811-96) "Том ағайдың балағаны" романын, Л.Н. Толстойдың "Асрхадон патша", "Үш сауал" т.б. әңгімелерін А.С.Пушкиннің "Боран", "Дубровский" повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің "Ләйлі-Мәжнүн" дастанын нәзира үлгісімен жырлады (1907). Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкәрім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік -ағартушылық бағытта болды. Бұл орайда 20-ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білді. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосты. Шығармаларында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастырды насихаттады. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартты, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырды. Адамгершілік, ар-ұждан тақырыбына жазған ойшыл да парасатты туындылары баршамызға рухани азық.

Алтынбаев Қалихан (1927 -2002)
Қалихан Алтынбаев - ерекше қабілеттілігімен, сыршыл сезімталдығымен, ойының өрістілігімен, тілінің өткірлігімен дараланған ақын. Ол бүкіл саналы ғұмырын ақындыққа арнады.
1927 жылы 23 желтоқсанда Жарма ауданының Малай колхозында туған. Шешесі Сағила Смаққызы- халық ақыны, С.Әлімбетовтың жақын қарындасы. Әкесі Қалиасқар- домбырашы, өлеңші, шежіреші адам болған.
Қалихан Алтынбаев газет тілшісі, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеп, қалың бұқараның ортасында жүрді. Ол қайда болса да ел ішіндегі атақты адамдардың үлгілі ісі мен шежірені, бұрынғы ақындардың мұраларын, қағытпа- қайым айтыс өлеңдерін, мақал-мәтелдерді, қысқасы бесік жырынан жоқтауға дейінгі әдеби мұраларды жинақтап, қойын дәптер жазды. Оларды мақала етіп, Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қорына жіберді. Ол сонау қырқыншы жылдардан бастап сол ғылыми орынның тілшісі.
Айтыскер ақынның көптеген мақалалары республикалық "Абай" журналы, " Қазақ батырлары","Семей таңы", "Үш анық" газеттерінде шықты.
Көрнекті өнер иесінің ерекше қасиеті- ұлттық өнеріміздің алтын қазығы- ауыз әдебиетін терең білетіндігі, халқымыздың өткен-кеткен тарихынан, көне шежірелерден мол хабарлар екендігі, шұрайлы тіл байлығы, тіліміздегі ескі сөздердің мағынасын жетік ажырата алатындығы.
Шығыстан шыққан қазіргі айтыс ақындары Абаш Кәкенов, Серікхан Жақиянов, Айнаш Сейсекенова, Дәмеш Омарбаевалар Қалихан Алтынбевты ұстаз тұтады.
Айтыс өнеріне 1957 жылдан бастап белсене араласып келе жатқан ақын, талай ұлы дүбір сайыстарда суырылып шығып, абыройға ие болды. Ең алғаш Жарма ауданының орталығында Көсембек Байқұтанов деген ақынмен айтысқа түсті. Оның кезекті бір айтыста қолма-қол тауып айтқан "Үш бәйтерек" деген өлеңі көпшіліктің сұрауымен баспа бетінде жарық көріп, ел аузынан түспейтін аңызға айналып кеткені шындық.
Айтыскер ақын Қ.Алтынбаев өз өмірінде аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі сөз сайысына 27 мәрте түсті. Олар айтыс кітаптарына енгізілген. Әуелден-ақ Қ. Алтынбаевтың шығармалары әдебиет зерттеуші ғалымдардың, сыншылардың назарына іліккен. Оған ең бірінші болып баға берген ғалым- Есмағамбет Ысмайылов.
Қалихан - жазып та шығаратын, қолма-қол суырыпта айтатын жалынды талант. Академик, сыншы М.Қаратаев "Әдебиет және эстетика"," Эпостан эпопеяға "деген кітаптарында, зерттеуші ғалым С.Сандыбаев "Қазақ фольклоры және эстетика" деген еңбегінде ақынның айтыскерлік шеберлігіне зор баға береді. Сондай–ақ Қазақстанның халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың "Екі естелік" кітабының бір бөлімінде ақын туралы көптеген жылы лебіздер берілген. Ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың Қ. Алтынбаев поэзиясына арналған зерттеу мақаласы да арнайы назар аударарлық.


Ақын онға тарта поэмалардың авторы. Жеке басылып шыққан "Мамай батыр" поэмасы күні кеше ғана өткен ұлы ақынымыз Абайдың 150 жылдығына арналып, Семей таңы" газетінің ішінде кітапша болып шықты.
Айтыс өнерінің тарланы Қалихан Алтынбаев сөз сайысының бір оңтайлы қисынында былай деген еді:
Қолыма он үшімде домбыра алдым
Кездесіп көрген емен тапшылыққа.
Ақ борасынмын
Солтүстіктен ойастайын,
Жаманға үрей, жақсыға ой тастайын
Айтыстың Рүстем дастан палуанымын
Қалайша мына топта айқаспаймын,-
деп өзінің шомбал тұлғасын өлеңмен сомдаған арқалы ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қалихан Алтынбаев 2002 жылы 7 қыркүйекте дүние салды.

Арғынбек Апашбайұлы (1882-1946 жж.)
Зайсан ауданы Қара Ертіс болысы Ақарал ауылында 1882 жылы туған. ( У. Қыдырханов мәліметі). Әкесі кедейдің кеуделісі, еті тірі адам болыпты. Арғынбек әуелі Саид Мустафа деген араб шейхынан оқып, хат таныған екен. Анасы Әйкен аса көрікті, ақылды, өлеңші адам болған. Тойларда айтысқа, өлім-жітімде жоқтауға отырғызады екен. Анасының әсері болар Арғынбек он жасынан өлең шығара бастаған:
Он жасымда қағазға,
Салып едім көзімді.
Әкес өліп жасымда,
Қалдырды надан өзімді,
Бәрін босқа өткіздім,
Өнер табар кезімді.- деп жырлайды.
Бала Арғынбек Зайсандағы татар көпестеріне қосшы болып, одан орыс жемтемір-барлаушыларына жалданыпты.Көпес Керімберді Бабаевтың ықпалымен қазандағы Шәмшиден Құсайыновтың баспасын қисса –дастандар жіберіп тұрған.
Арғынбек Апашбайұлы қазақ халқының жазба әдебиетінің іргесін қалап, шаңырағын көтерген Абай бастаған ақындардың өнегесін жалғастырушы тұлғалы ақындардың бірі болған. Ол өз заманының реалист-ақыны, ұлағатты ағартушысы, гуманист, елім деп еміреніп өткен замана жыршысы.
1912 жылы өрдегі керейлерге көшіп кетеді. 30 жылдар Алтайда басталған аласпыран кезінде Гоминданға қарсы көтерілісті қолдап өлең жазғаны үшін түрмеге түседі.
Жат жерде жүрсе де туған жерге деген сағыныш ақынның көптеген жыр шумақтарына шабыт берді. Ұзақ – ұзақ толғауларында не ұйқас, не сөз қайталауы кезікпейтін, өлеңінің бәрінде жерге, елге құрмет сезіліп тұрады екен.
1915-1925 ж. аралығында «Қалам алып Арғынбек», «Жер -адамның анасы», «Жігіт сол» т.б. көлемді де терең ойлы өлең-толғаулар жазған.
Ақынның «Қазақ Сырдан ауғанда», «Ата жұртым -қазағым», «Россия туралы» дастандары ел ішіне кең тараған.
1927- 28 жылдар аралығында ақын ерекше бір тың шабытпен бітімі бөлек, тілі шұрайлы «Жыр романын» жазады.
Арғынбек өлеңдері Қазақстан, Қытай, Монғолия, Түркия елдеріндегі қазақтар арасына кең тараған. Оның бірқатар туындылары ҚР ҒА-ның Орталық Ғылыми кітапханасында қолжазба қорында сақталған.
Туған жерге деген күңіреніске толы Арғынбектің жыр-мұрасы әлі толық зерттеліп, оқырмандарына жете қойған жоқ. Ақынның шертілмей жатқан шерлі шежірелері, қазылмай жатқан қазыналары аз емес. Арғынбек Апашбайұлы 1946 жылы Қытай Халық Республикасы Шыңжан өлкесінің Алтай аймағында қайтыс болды.

Әбенов Шәкір, ақын (1901-1994 )
Әбенов Шәкір-халық ақыны, фольклоршы, композитор.
Ауыл мектебінде мұсылманша хат таныған. Семейдегі 'Приходская школада" 3 жыл оқып білім алған. Алғашқы "Борсықтар",- деген өлеңі 1916 жыл "Айқап" журналында басылған.Ұлы Отан соғысына өзі сұранып барып, Брянск майданында жаралы болып елге оралады.
Елуінші жылдары сталиндік сүргінге ұшырап, түрмеде азап шекті. Ол тумысынан ақын болып жаратылған, өлең үшін туған, оның қызығы мен шыжығын бірдей кешкен, артына бай мұра қалдырған, талмас та мойымас, майталман ақын еді.
Әбенов қаламынан шыққан "Қозы Көрпеш –Баян сұлу", "Кейпін батыр", "Таңшебер-Жапал","Ортақ арал", т.б әлденеше дастандар мен аңыздар, оңдаған толғау, мысал, терме өлеңдері әлі де оқырмандар тілегіне жете алған жоқ.
Шәкеңнің ақындығын кезінде Сакен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров жоғары бағалаған. Ш.Әбеновтың ең үлкен қасиеті-адамзат баласында аса сирек кездесетін еске сақтау қабілетінің кереметтігі. Абайдың, Шәкәрімнің, Көкбайдың, Әріптің басқа да ақындардың өлең-жырларын тоқсаннан асқанға дейін жатқа айтқан.
Екінші қасиеті - қайсарлығы.
Оның ғасырға жуық өмірінде көрмеген азабы жоқ. Оның өлең жылдары кезінде ұясында тұншықтырылып, өмір құбылыстарына сергек те шыншыл көзбен қараған шығармалары жарық көруі былай тұрсын, ақынның өз басына қатер төніп, бірінші рет жазықсыз 10 жылға, екінші рет 25 жылға кесілді. Содан жапа шегіп, әбден запыста болған ақын қаламы белгілі дәрежеге тұсалып, 50-60 жылдарда "қылмысы болғандықтан" ақталғаннан кейін ғана біраз сүбелі шығармалары, аңыз-дастандары қалың оқырмандар қолына тие бастады.

Тұрсынхан Әбдірахманова, ақын (1921-2004 ж.ж.)
Тұрсынхан Әбдірахманова 1921 жылы 5 қарашада бұрынғы Семей облысының Жарма ауданына қарасты Бөке деген рудникте туған. Әке шешесі ерте өліп, өз ағасының қолында тәрбиеленіп оқыған.
Т.Әбдірахманованың еңбек жолы 1941 жылдан басталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұғалім, мектеп директоры, Абай, Аякөз аудандық комсомол комитеттерінде бірінші хатшы, Шар аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болған.
1947-1949 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебінде нұсқаушы болған.
1950-1954 жылдары "Қазақстан әйелдері" журналының бөлім меңгерушісі қызметін атқарған.
1954-1959 жылдары КАЗГУ де, 1959-1963 жылдары аспирантурада оқыған.
Бұдан кейін 1966 жылға дейін Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетте аға редактор, Қазақ ССР ғылым академиясында 1967-1969 ғылыми хатшы болып істеген. 1969 жылдан 1986 жылға дейін Қазақ ССР ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды.
1964 жылы "Ілияс Жансүгіровтың лирикасы" деген тақырыпта кандидаттық, 1981 жылы "Қасым Аманжоловтың поэтикасы және оның бүгінгі қазақ лирикасымен дәстүрлік ұласуы",- деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
1950 жылдан бастап Т.Әбдірахманованың өлеңдері журналдар мен газеттерде жариялана бастады. 1959 жылы Ән деген атпен тұңғыш жинағы жарық көрді. Содан бері бірнеше жинағы оқырманға ұсынылды.
Ақын көркем аудармаға да араласып келеді. Ол Е.Юнгоның "Даңқы өшпес кеме повесін", М.Стельмахтың "Адам қаны су емес" романын, А.Маяковскаяның "Владимир Маяковскийдің балалық және жастық шағы" атты әңгімесін, т.бшығармаларды қазақ тіліне аударды.
Т.Әбдірахманова көптеген орден, медальдармен марапатталған. 1984 жылы Қазақ ССР халық жазушысы атағына ие болды. Ғылым саласындағы еңбегі үшін 1985 жылы Қазақ ССР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.

Ғабдуллин Серік (1937 ж.)
Сөйле менің жүрегім, сөз келгенде,
Шаршы топта сайрайтын кез келгенде.
Таразылап тарт ойды безбендерге
Көңілімнің сырын айт көз көргенге
Өркен жайып өмірім өзгергенде,
Сөйле менің жүрегім сөз бергенде
-, деп өзі жырлағандай, жерлесіміз Серік Ғабдуллин есімімен де, творчестволық ісімен де облыс жұртшылығына танымал ақын.
Ол Ұлан ауданы Есенкелді ауылында 1937 жылдың 17 тамызында дүниеге келген.
Серіктің өмір жолы, асқан белестері, көтерілген биігі көңіл толарлықтай. Ол сол кездегі- Шымқора, (қазіргі Ұлан ауылы) Жамбыл атындағы орта мектепті 1957 жылы бітіріп, республикамызда алғашқы игі бастама көтеріп, бүкіл кластастарымен сол кездегі Жамбыл атындағы колхоздың товарлы сүт фермасында комсомол бригадасын құрып жастық жалынмен еңбек етті. 1959 жылы Шымқора ауылының клуб меңгерушісі болып істеді.
1960-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде филология факултетінің тіл және әдебиет бөлімін бітірді. Ол өзінің творчестволық жолын облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдебиет қызметкері болудан бастап, өлең өнеріне құлаш сермеп, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, талабы жоғары, талантты биік журналист екенін таныта бастады. Осы "Комммунизм туы" қазіргі "Дидар" газетінде 1990 жылға дейін қызмет атқарды.
1991 жылы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының облыстық ұйымы басқармасының төрағасы болып сайланып, 1995 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеді.
1995 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағы Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесі секретарының орынбасары болып қоғамдық жұмыс атқарды.
Серік Ғабдуллин бала жасынан, оқушы кезінен әдебиетке, өлең өнеріне ынталанып, аудандық сол кездегі "Социалистік майдан" газетінде оның мөлтек жырлары, балауса өлеңдері жиі жарияланып жүрді. Оның өлеңге деген құштарлығы, табиғи дарыны, алдына қойған мақсаты, творчестволық талпынысы биік асуларға жетелей түсті. Университет қабырғасында жүргенде оның алғашқы туындылары жарық көрді.
1975 жылы "Көктем лебі" атты алғашқы жыр жинағы, 1978 жылы "Бұқтырма сарыны" атты жалпы жинаққа өлеңдері мен балладалары енді. 1982 жылы "Көктем-көк өрім шағым" өлеңдер жинағы, 1991 жылы "Ақ босаға", 1995 жылы "Жылдардан жеткен жаңғырық", 1998 жылы "Сөйле менің жүрегім" атты кітаптары оқырмандарымен қауышты.
"Бұқтырма сарыны" тақырыбы жағынан сан-салалы. Әрбір өлеңнің өлеңдік қасиеті, орындалу мәдениеті көңіл аударарлық, онда- еліне, жеріне деген ғашық жүректің асау дүрсілі анық сезіледі.
Мұндай өлеңдер қатарына осы жинаққа енген "Ұланым менің", "Алтай", "Ертіс", "Өскемен", "Ульба сарыны" сынды өлеңдерін ажатқызуға болады. "Алтай" атты өлеңінде ақын:
Бұл өлкеге қашаннан ғашық адам
Бұл өлкенің перзенті жасымаған
Бұл өлкенің қойнында жақын жырлар
Бұл өлкенің көгінде тасыған ән,-
деп туған жеріне деген сүйіспеншілігін ыстық сезімін, перзентік махаббатын паш етеді.
"Көктем- көк өрім шағым" атты жинағына өлеңдер мен балладалар топтастырылған. Оның өлеңдері өмір мен уақыттың көріністерін бейнелейді, еңбек адамдарының кейіпкерлерінің ортасында жүрген ақынның жүрек тынысы айқын аңғарылады. Жастық шақ, бейбітшілік, достық тақырыптарын игеруде ақын қаламы шеберлікке бейім келеді. Табиғат суреттері де соншама әдемі әсермен беріледі. Әрбір лүп етті сезім ақ қағазға жыр болып құйылып жатқандай...
Көктем келді, қарларды гүлге орады
Қонып жатыр көлдерге жыл қонағы.
Балғын бауын балауса бастарына
Шұғыламен шашырап нұр қонады ,- дейді ақын көктем жайлы жырларында.
Ақын жерлесіміз осындай творчестволық жұмыстармен, поэзиямен шұғылданумен бірге көптеген қоғамдық жұмыстар атқарады. Қалалық кітапханада құрылған "Шабыт" атты жас ақындар үйірмесінің жетекшісі. Алдына қойған мақсаты- жастарды өлең жазудың қыр сырымен таныстырып, болашаққа бағыт-бағдар беру.

Ибраев Мерғали (1942-1997 ж.ж.)
Мерғали Ибраев 1942 жылы 13 маусымда Абай ауданы Қарауыл ауылында туған.
Орта мектепті бітірген соң Семейдің педагогикалық институтына түсіп, армия қатарына барып келген соң аудандық газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметін атқарады.Осы тұста қаламы ұшқыр журналист, ойлы да өрнекті жазатын ақын ретінде таныла бастайды.
1970-1978 жылдары " Лениншіл жас" ( Жас алаш) газетінің Семей, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі болып істейді.
1969 жылы Қазақстан жастарының " Жас керуен" атты жинағына енген бір топ өлеңдерінен бастап "Темір тұлпар", "Күміс тау", "Өнегелі өркен", "Құтты қоныс", "Судағы сәуле" атты өлең жинақтары жеке-жеке кітап болып басылып шықты.
" Мерғали ақын және шын ақын",- деп жазушы Роллан Сейсенбаев айтқандай, Мерғали Ибраевтың шығармалары тақырыбы сан алуан, өлең дастандары терең мазмұнға құрылған, ақындық шеберлікпен өрнектелуімен оқырманын баурап алады.
Ақын 40-қа жуық ән мен күйдің авторы.
Оның өлеңдеріне жергілікті сазгерлер ән жазып, ақын туындыларын ел жүрегіне ұялата түсуде.
Ағамыздың ұлттық театр өнерінің дамуына лайықты үлес қосқан драматургтік еңбегі ерекше. Күй атасы Құрманғазы өміріне арналып жазылған тұңғыш драманың авторы. Сол сияқты "Қалқаман-Мамыр, "Құрманғазы", "Шәкәрім", "Қайырлы таң, әке!" сияқты драмалық шығармалары Қарағанды, Семей театрларында қойылып, көрермендердің жоғары бағасын алды.
Табиғатында сегіз қырлы, бір сырлы Мерғалидың өмір жолындағы басты қызметі - журналистік.
Жаңалықты жылдам сезгіш, қоғам, заман көшінің алдыңғы сапында болу, өз ұлтын сүю, оның болашақ тағдырын, мәдениетін, тілін рухани байлық салт-дәстүрін марапаттау оның журналист"к туындыларының өзегі.
Бір ғана мысал Қайта құру деп аталатын кезеңде "Семей таңы", "Ақжол", атты айдар ашты, осы бөлімніңі арнайы ұйымдастырушы да, оның тұрақты авторы да Мерғали болды, нақты архив материалдарына сүйене отырып жазған тарихи мақаласының саны 50-ден асып кетті.
Мерғали Ибраев әдебиетке сіңірген еңбегі үшін "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен, Журналистер одағының сыйлығымен бағаланған.

Қайсенов Қасым (1918 ж.)
Қазақстанның халық қаһарманы, жазушы, партизан, полковник.
Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірі күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа семьясында туған. Туған жер қасиеті оның қанында қайнап, тәніне сіңген. Оның болмысы мен шығармаларынан биіктік пен тазалық лебі еседі.
1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп саяси -ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы семья құрған. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған. Ол өзінің қиын қыстау өмірін қасиетті Кереку жерінен бастаған. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген.
Қасым Қайсенов жер бетінде бұрын - соңды болмаған ең жойқын шайқаста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ер, басқыншы жауды қаралай қалтыратқан Вася партизан. Халқымыздың күллі адамзатпен бірге жасаған ең ұлы ерлік дастанының ең басты қаһармандарының бірі.
1940-1941 жылдары арнаулы әскери дайындық мектебінен өткеннен кейін оңтүстік -батыс майданының штабына жіберіледі. 1941 жылы жау қолында қалған Украина жерін азат етуге аттандырылады. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып жауға соққы берді. Жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен және көптеген медальдармен наградталды.
Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа орындарында жауапты қызметтер атқарды. Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін " Жас партизандар" (1954), " Ажал аузында" ( 1959), " Жау тылындағы бала" ( 1961), " Жау тылында" (1973), " Партизан соқпақтары" ( 1978) , " Переяслав партизандары" тәрізді т.б. көптеген шығармалар жазды. Аталмыш туындалардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал - генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды.
Партизан - жазушы Қасым Қайсеновтың өмірі өзі жаудан қорғаған Украин халқымен тығыз байланысты. Украин халқы Қасымды өзіміздің жерлесіміз, қандасымыз деп құшағын жайып қарсы алады.
Қ. Қайсеновтың қаламгерлік келбеті оның аудармашылық өнерімен де толыға түседі. Ол М.Муратовтың "Ломоносовтың жастық шағы", Николай Томанның "Сабылтқан сағым", Мамед Кулизаде Джалилдің "Почта жәшігі" кітаптарын құнарлы тілмен оқушы жүрегіне жеткізді.
Оның шығармалары әлемнің көптеген халықтарының тілдеріне аударылды.
Қасым Қайсенов - ерлік аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері.
Қасым Қайсенов -ерлік аңсаған жас оқырманның ең сүйікті жазушысы.
Қасым Қайсенов -Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Халық Қаһарманы- Ұлттық батыры.

Сапаев Ғазиз (1926 ж.)
Жазушы Ғазиз Сапаев Тарбағатай ауданының Ақмектеп ауылында дүниеге келді.
Жеті жасында тағдырдың жазуымен ата-анасымен бірге Қытайға өтті.
1943 жыл, мамыр. 17 жастағы жасөспірім жігіт елге оралды. Ғазиз бірден еңбекке араласты және оқып білім алды.
Семейдегі мұғалімдер институтын тәмамдаған жас маман он жылдан астам мұғалімдік қызмет атқарды.
1959 жылы тамыз айында облыстық газет редакциясына ауысты. Сол жерде 1981 жылға дейін қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты.
Ғазиз Сапаұлы 1960 жылдан журналистер, 1974 жылдан Жазушылар одағының мүшесі. Баспадан жеті повесі, екі драмасы жарық көрді. Екі пьесасы Семейдің Абай атындағы сазды драма театрының репертуарынан орын алды. "Тойым-тойы", "Қиын екен қыз дегенің" драмалық шығармалары мыңдаған көрерменге ұсынылды.
Жазушы "Жыл жемісі", "Менің көгершінім", "Гүлдана", "Туған жерден алыста" тәрізді повестер мен әңгімелер жинақтарының авторы. "Туған жерден алыста" повесінің жалғасы "Сағыныш" романы баспада. Ғазиз Сапаев бұл романында Шыңжанда өткен (1933 -1943) жылдар аралығындағы өмірін баяндайды.
2001 жылы өмірдің соқтықпалы, бұралаң жолдарынан сүрінбей өтіп, елге оралған азамат, жазушы Ғ.Сапаев 75 жасқа толды.

Ысқақов Қалихан (1935), жазушы
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қалихан Ысқақов 1935 жылдың 14 наурызында Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында туған.
Үлкен Нарын ауданындағы (бұрынғы) Жұлдыз ауылдық орта мектебін бітірген соң,
Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетің журналистика факультетін 1957 жылы аяқтаған.
Университетті бітіргеннен кейін республикалық мерзімді баспалар редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі кызметтерін атқарды.
1965-1967 жылдары Москвадағы сценаристер мен режиссерлер дайындайтын жоғарғы курсты тәмәмдаған .
1967-1972 жылдары Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясындағы үшінші творчестволық бірлестіктің бас редакторы болды.
1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында істейді. Қ. Ысқақовтың творчестволық қызметі 1957 жылдан басталдьі. Ол бірнеше әңгіме, повесть, романдардың , драматургиялық киносценарийлердің авторы.
Алғашқы әңгімелері "Жол басы" (1961) жинағында жарияланды. Оқырман қауымға атын шығарған тұңғыш туындысы "Қоңыр күз еді" повесі. Шығарма өзінің балалық шағындағы өмірін өксігімен және өз махаббатымен тұтас күйінде бұзбай - жармай қағаз бетіне түсіре салғандай әсерге бөлейді. Повестегі бізге таныс интернат өмірі бар шындық қалпымен көзімізге елестейді. Мұнда сезім мөлдірлігі, жан тазалығы және турашылдығымен есте қалатын шыншыл да бірегей бейнелер кездеседі. Қасым , Алтын , Қомшыбай бейнелерін сомдағанда , қаламгердің шын сыры , ой - арманының гуманистік сипаттары жарқырай көрінетіні айқын. Шығармасында осындай бейнелердің жиынтығын жасаған Қ. ЬІсқақов , бұлардан да зор тұлғаларды жасауға бой ұрды. Өзінің "Қоңыр күз еді", "Сыр" повестерінен жазушы өз өмірінің шырармашылық жетілу кезеңін қалыптастырды.
Ол бірнеше әңгіме, повесть, романдардың, драматургиялық шығармалардың авторы.
Жазушы өз шығармаларында шебер суреттілікке , адамдар тағдырын дөп басатын мінез құбылыстарына ерекше мән берген. Сондай бір шабытты шағында жазушы "Менің араларым" (1965) мен "Бұқтырма сарынын" (1967) жазып, содан соң "Тұйық" (1975) романын , "Қараорманның" (1980) қанатын кеңге жайғызып , "Ақсу - жер жаннатына" (1989) ұластырды. Бұл шырармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған.
" Ақсу - жер жаннаты" романына 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Қ. Ысқақовтың қаламынан туындаған шығармалардың қай - қайсысын алмайсың , көз алдымызға бүкіл Алтай өңірі өзінің ғажайып тұтас тұлғасымен, әсем табиғатының көрінісі тұра қалады.
Жазушының үздік шығармалары орыс , украин , өзбек , татар, чех , словак , неміс тілдеріне аударылып басылуы жазушының рухани әлемінің кеңейгенін танытады.
Жазушының тағы бір ерекше еңбегі классикалық аударма саласында да шоқтығы биік келеді. А. Чехов , И. Буниннің әңгіме - повестері ана тілімізде тамылжып сөйледі.
Қ. Жұмаділов жерлес жазушымыздың шырармашылырына : "Алтайдың тұмса табиғатын , шулаған қара орманы мен Бұқтырманың булыққан сарынын көркем прозада бірінші рет бейнелеген - Қ. Ысқақов."- деп жоғарғы бара берген.
Қ.Ысқақов- идеялық, адамгершілік, профессионалдық кемелдікті бауырына басқан шынайы суреткер.

Ысмаилов Төлеужан (1932 - 1973 ж.)
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің бірі, Қайнар орта мектебінің түлегі - Төлеужан Ысмайылов бұрынғы Социалистік Қазақстан совхозының Аққора деген жерінде дүниеге келді.
Әкесі Мұхамеджан колхоз басқармасы бола жүріп, 1942 жылы әскерге алынып, майданнан оралған жоқ. Қаршадайынан жетім қалған Төлеужан Шоң деген жерде бастауыш класты бітіріп, кейін Қайнар орта мектебінде оқыды. Төлеужанға ақындық нағашы жұртынан дарыды. Шешесі де домбырашы, әнші болған. Арғы тегі атақты жыршы Жанақтан бастау алатын Төлеужан орта мектепті 15 жасында аяқтаған.
КазМУ- дің журналистика бөлімінде оқыды.Оқып жүрген кездерінде тұңғыш өлеңдері жариялана бастады.
1951 жылы университетті тәмамдаған соң, "Жазушы" баспасында редактор болып, соңынан Қазақстан Жазушылар Одағында кеңесші қызметін атқарды. Павлодар, Қызылжар қалаларының облыстық газеттерінде, сонымен бірге "Лениншіл жас" газетінде жемісті еңбек етті.
Төлеужанның таланты жөнінде белгілі қаламгер Т. Ахтанов : " Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант - Төлеужан Ысмайылов еді" дейді.
Төлеужан шығармасының кең қанат жаюына жазушы Ә.Нұршайықов қол ұшын берді.
Ол талантты ақын ғана емес, талантты журналист те еді. Оның қаламынан туған көркем очерктер мен мақалаларды жұрт қызыға оқыды. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты жыл ғана еңбек етті. Тіршілігінің соңында ауыр дертпен, өкпе ауруымен арпалысты.
Ақынның көзінің тірісінде үш кітабы жарық көрді :
"Әлдекімге бір шапалақ","Есіл", "Америка трагедиясы".
Ақынның әдеби мұрасының бір саласы- аударма. Т. Драйзердің "Америка трагедиясы" романының көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлді.
Көптеген орыс ақындарын қазақша шебер сөйлете білген Төлеужанның аудармашы ретіндегі құдіретін көрсететін екі үлкен еңбегі бар : бірі - А.С.Пушкиннің "Батыс славян жырлары", екіншісі –М. Лермонтовтың "Мцыри" поэмасы.
1984 жылы ақынның "Сырымды айтам" жинағы жарық көрді. Ол өлеңдер, сатиралар және поэмалардан тұрады. Әрине ақын тірі болса, талай - талай асыл сөздерін халқына арнар еді.
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ЕСІМДЕР, танымал, жазушылар, Шығыс-Қазақстан:, ақын
Просмотров: 3937 | Загрузок: 232 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar