Жүрек етінің қабыну аурулары (Миокардит (Myocarditis)) - Биология және Экология - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Биология және Экология

Жүрек етінің қабыну аурулары (Миокардит (Myocarditis))
[ · Скачать удаленно (25.4Kb) ] 30.10.2012, 21:49
Жүрек етінің қабыну аурулары (Миокардит (Myocarditis))

Миокардит (Myocarditis). Миокардит жүрек бұлшық етінің қабынуы. Миокардиттің мынадай клиникалық түрлерін айырады: барысы бойынша – жіті және созылмалы; аурудың таралуы бойынша – шектелінген және жайылған; пайда болу себептеріне байланысты – босалқы және қосалқы түрлерін.
Себептері. Жүрек етінің қабынуы – көбінесе басқа індетті паразиттік және жұқпайтын ішкі аурулардың асқыну салдарынан пайда болатын қосалқы дерт. Миокардит саңырауқұлақ микробтары тудыратын аурулардың организмді уландыруынан пайда болуы мүмкін (микоз, микотоксимоз). Жұқпайтын аурулардың ішінен тікелей миокардитті асқындыратын аурулар мыналар: жүрек қабының қабынуы, жүректің ішкі қабының қабынуы, плевраның қабынуы, өкпенің қабынуы, азықтармен уланулар.
Дамуы. Жүрек етінің қабыну процесі организмде орын алған негізгі аурулардың қоздырушы микробтары мен вирустарының шығарған уыттарының жүрек етіне әсер етуі зардабынан пайда болады. Аурудың алғашқы кезінде жалқықтану процесі басым болып, жүрек етінің орталықтары домбығады, сонан соң оларда өзгеріс-ұлғаю (альтерация-пролиферация) процестері басталады.
Г.В.Домрачевтің мәліметі бойынша жіті миокардит екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңінде жүрек еттерінде әлі айтарлықтай өзгерістер байқалынбайды, тек қабынудан пайда болған жат және басқа да түрлі уытты заттар миокард рецепторларын (сезімтал нервтерін) қоздырып, жүрек қызметін күшейтіп, жеделдетеді. Жүрек қызметінің тездетілуі артериядағы қысымды күшейтіп, қан айналысын жеделдетеді. Аурудың екінші кезеңінде, жүрек етінің қажуына байланысты миокардтың қоректенуі жеткіліксізденіп – азғындау (дистрофия-дегенерация) басталады да, оның жиырылу қабілеті әлсірейді, артерияда қысым азайып, қан айналысы баяулайды. Осы кезеңде ентігу, көгеру, ісінулер пайда болып, бірінші кезеңдегі аурудың барысы мен салыстырғанда жүрек жұмысының ырғақтығының бұзылғандығы айқынырақ білінеді.
Өлекседегі өзгерістер. Миокардиттің даму түрлері, көпшілігінде негізгі аурулардың ерекшеліктері мен өту жайына көп байланысты болады. Алдыңғы жалқықтанудың басым болған кезеңінде, жүрек етінің домбыққандығы, кесіп қарағанда түсінің қызғылттанып, кейде теңбілденіп, қанталағаны көрінеді. Қоректенуі бұзылып азғындаған кездерінде (дамудың екінші кезеңінде) жүрек еті бозарады, бұдырланады, кесіп қарағанда өзіне тән кескіні жойылады. Азғындағаны айқын білінгенде жүрек етінің түсі піскен етке ұқсап божырап, ыдырағыш келеді. Жүрек етін аурудың әр түрлі кезеңдерінде гистологиялық әдістермен зерттегенде, өзгерістер ет талшықтарында, миокардтың дәнекер ұлпаларының тұлғасында, тамырларында жане жүйкелерінде болатыны айқындалынады. Ет талшықтарында, көбінесе, ағзатталынған немесе майланған азғындау, дәнекер ұлпаларында ісік – негізі заттардың бұзылып өзгеруі, лимфа түйіршіктерінің (лимфоцит), кезген торшалардың, кейде түйір лейкоциттердің (гранулоцит) шоғырлануы көрінеді. Тамырлардың өзгеруі оның төңірегіне инфильтраттың (клеткалық элементтердің, қанның, лимфаның ұйысуы) жиналуымен, майда тамырлардың қабырғалары гиалиноздануымен (шыны тәрізденіп жылтырауы), кейде тамырдың ішінде қанның ұйыумен (тромб) бейнеленеді.
Белгілері – аурудың даму кезеңдерінде, басты аурулардың өту жайы мен барысына байланысты болады. Дененің қызуы, дағдылы түрде көтеріледі. Мал самарқауланады. Азыққа тәбеті төмендейді немесе тартпайды. Малдың өнімділігі мен жұмысқа қабілеттілігі күрт төмендейді.
Жіті миокардиттің дамуының бірінші кезеңінде жүрек соғуы жиілейді, қосымша жиырылу пайда болып, тамыр толқыны үлкейеді, жүрек тұсын тексергенде ауырсынады, жүректің түрткісі күшейіп, кейде қатты қағып кетеді, жүрек дыбыстары, әсіресе, бірінші үні күшейеді. Артерияда қысым көтеріліп қан айналысы тездетіледі.
Клиницистердің көпшілігінің мәліметтері бойынша жіті миокардиттің дамуының алдыңғы кезеңінде электрокардиограмма (ЭКГ) Р, R әсіресе Т кертештері күрт биіктейді. PQ мен QT аралықтары қысқарады, кейде ST бөлігі білік бойы орнынан жылжиды. Келтірілген жүрек қызметіндегі өзгерістер миокардтың әлі де болса зақымданып, жұмысының күшейіп, ширақ істеуін байқатады.
Аурудың екінші кезеңінде, жүрек етінің қоректенуі бұзылып – азғындауына байланысты, ылғи да жүрек қызметінің жеткіліксіз жұмыс істейтінін көрсететін негізгі белгілері: ентігу, көгеру, ісіну және жүрек жиырылу ырғағының бұзылғандығы болып табылады. Жүрек ырғағының өзгеруі, көбінесе қарыншалардың қосымша жиырылуы, құлақшалардың дірілдеуі, кей кездерде Гис тармағының аяқтарында бөгелістер пайда болуы, құлақшалар мен қарыншалар аралығында жартылай не толық бөгелістердің болуы арқылы білінеді. Тамыр соғуы бәсеңдеп, оның толуы азаяды. Жүрек түрткісі әлсірейді. Жүрек дыбыстарының бірінші үні күшейеді, кейде екіге бөлінеді немесе жарықшақтанады. Жүрек дыбыстарының екіге бөлініп не жарықшақтануы, ең алдымен, жүрек етінің импульс өткізгіш жүйесінің ауруға шалдыққандығының немесе жүрек қарыншаларының біреуінің қызметі нашарлағандығының белгілері болып есептелінеді. Жүрек дыбысының екінші үні бәсеңдейді, себебі, қарыншалар әр жиырылған сайын жиырылу жылдамдығының бәсеңдеуімен бұлшық етінің жиырылу қабілетінің әлсірегендігінен қолқаға қанды әдеттегіден кем өткізеді де, соның салдарынан артерияда қысым азаяды. Жүрек етінің құрылымы қатты бұзылғанда шоқырақ ырғағы, эмбриокардия пайда болады немесе дыбыстары күрт бәсеңдеп, екі үннің екеуі де көмескіленеді. Бәсеңдеген және көмескіленген үндер көбінесе, жүрек етінің жайылма түрінде зақымдалғанын көрсететін белгілер.
Миокардиттің дамуының екінші кезеңінде, көбінесе, жүректің ішкі, астар қабына қатысы бар ағзалардың қызметтері нашарлағанынан – қарыншалардың кеңеюінен, құлақшалар мен қарыншалардың аралықтарындағы қақпақшалардың кемістігінен және қарыншалардың қолқаға не өкпе артериясына шығатын тесіктерінің бұлшық еттерінің серпіліс күші әлсіреп, кеңейіп кетуінен шығатын ішкі қабыттық (эндокардиалды) шуылдар пайда болады. Жүрек еті жайылмалы түрде азғындап өзгергенде, кейде тамыр соғысында ырғақсыздық пайда болады. Жүрек қызметіндегі кемшіліктер дамыған сайын артериядағы қысым азайып, венадағы қысым көбейеді, сөйтіп қан айналысы бәсеңдейді, лобелин немесе цитотонмен сынағанда қан ағымының жылдамдығы ірі малда 35-45 секундке дейін азаяды (В.Т.Мухин, Н.З.Обжорин, Н.Р.Семушкин т.б.).
Жіті миокардиттің дамуының екінші кезеңінде электрокардиограммада кертештердің QPs жиынтығының биіктігі біраз кішірейеді. Ол жалпақтанады және түрі өзгереді, Т кертеші қаттырақ жалпақтанады, PQ және QT аралықтары ұзарады, ал ST бөлігі білік бойы жылжиды. Аурудың осы даму кезеңіндегі электрокардиограммадағы өзгерістері жүрек етінің бұзылып – азғындауының дәлелі болып саналады.
Еске сақтайтын бір жайт, миокардпен ауырғанда әр түрлі дәрежеде басқа да ағзалар мен жүйелердің – өкпе мен бауырдың, бүйректердің, ас қорыту жүйесінің қызметтері бұзылады. Олар ентігу, көгеру, тері мен кілегей қабының сарғаюы, несептің аз шығуы, ісіну, ас қорыту процесінің бұзылуы белгілерімен көзге түседі. Барлық жағдайда да жүйке жүйесінің қызметі өзгереді.
Қанды тексергенде, ядросының ығысуы регенеративті немесе дегенеративті түрде кездесетін дақты (нейтрофилді) ақ қан түйіршіктері көбейеді, сонымен қатар, ылғи да аллергия текті (сезімталдықтың күшеюінен болатын) ауруларына тән белгілер – эозинофилдер көбейеді.
Барысы. Жіті миокардиттің барысы көп жағдайда негізгі аурудың өтуіне не ұзақтығына байланысты, бірнеше күнге немесе жетіге созылады. Ауыр өткен жағдайда жіті миокардит не жүректі салдандырып өліммен бітеді, не миокардиофиброзға (миокардиосклерозға) айналып, малдың өнімділігін және жұмысқа қабілеттілігін толық жояды.
Анықтау. Аурудың өту кезеңдерінің тән белгілеріне негізделінеді. Ауруды анықтауда электрокардиографияның (жүректің биотогын жазу) маңызы өте зор, өйткені ол әдіс арқылы аурудың өту кезеңдері туралы толық, анық мәліметтер алып, болжамы туралы да дұрыс пікір айтуға болады.
Миокардитті анықтау үшін оның атқаратын қызметін сынайтын (функциональная проба) әдіс қолданылады: малды шамалы желілейде де, жүрек соғысын мұқият тексереді. Миокардитпен ауырса, желіленгеннен кейін де, жүрек етінің рецепторлар аппаратының (сезімтал нервтердің қабылдаушылық қасиеті) қатты қозғыштығының дәлелі ретінде, жүрек соғысының жылдамдығы 2-5 минутке созылады.
Саралау. Миокардитті перикардиттен, эндокардиттен және миокарцоздан ажырата білу керек.
Аурудың болжамы. Миокардитте болжам, көбінесе аурудың смпаты мен өту жайына байланысты. Кей уақытта, негізгі ауруды ерте анықтап, нәтижелі ем қолданса, миокардиттен толық сауығып кетеді. Кей жағдайда негізгі аурудан емес, миокардиттің ауыр өтетін түрінен өліп қалуы мүмкін. Көбінесе, миокардит миокардиогенерацияға, миокардиофиброзға (миокардиосклерозға) айналып, малдың өнімділігі мен жұмысқа қабілеттілігін азайтумен бітеді.
Емі. Ауру малға толық тыныштық жағдай жасалады. Аурудың алдыңғы кезеңінде жүректің қызметін жақсартуға арналған дәрі-дәрмектерді, әсіресе, жүрек қызметін күшейтетіндерін, жүректің оларсыз да зорланып істеп тұрғанын еске алып, қолдануға асықпау керек. Олай болмаған жағдайда жүрек тез арада салданып жұмысын тоқтатып қалуы мүмкін. Осы кезеңде жүрек тұсына суықтық-резіңке қапқа салынған мұз, немесе суық су тартқан жөн. Ауыр жағдайда оттегін дем арқылы (ингаляция) ендіреді (80-120 литр ірі және 10-15 литр жылдамдықпен) немесе тері астына енгізеді (6-10 л ірі және 0,5-1 л ұсақ малдарға). Аурудың екінші кезеңінде, жүрек етінің жиырылу күші әлсірегенде, қан тамырына 30-40% глюкоза ерітіндісін кофеинмен араластырып енгізсе, жақсы нәтиже береді. Жүрек соғысы тездетілген жағдайда камфора, коразол, кордиамин қолданған жөн. Камфораны аузы арқылы беруге беруге болады, ірі малға 5-10г, ұсақ малға 0,5-4 г немесе иньекция (құюға) әдейі арналған 20% майлы ерітіндісін теру астына енгізеді, ірі қаралар мен жылқыларға 20-40 мл, ұсақ мал мен шошқаларға 3-6 мл, 1-2 мл иттерге, түлкілерге 0,5-1 мл.
Коразолды тері астына, ірі қара мен жылқыларға 0,5-2 г, ұсақ мал мен шошқаларға 0,05-0,1 г енгізеді. Оны қан тамырына да енгізуге болады (ірі малдарға 0,5-1 г).
Кордиаминді қан тамырына, ірі қара мен жылқыларға 10-15 мл, ұсақ мал мен шошқаларға 2-3 мл немесе тері астына: ірі малға 15-20 мл, ұсақтарына 2-4 мл енгізеді.
Артерия қысымы күрт төмендегенде қан тамырына 1:1000 қатынасында ерітілген адреналинді (ірі малдарға 2-3 мл) немесе тері астына 1% мезатон ерітіндісін (ірі малдарға 10 мл, ұсақтарына 1 мл-ге дейін) енгізеді. Миокардитте жүрек қызметін күшейтіп, соғуын тездететін, сөйтіп оны тез арада шаршатып, салдандыруға дейін апаратын наперстянка препараттарын қолдануға болмайды.
Миокардитті нәтижелі емдеу үшін әсіресе, аурудың бастапқы кезінде организмнің тітіргенгіштік қабілетін басатын (десенсебилирующие, противоаллергические) дәрі-дәрмектерді – натрийдің салицилатын, амидопиринді, кальцийдің хлоридын, димедролды, супрастин және кейбір гормональды препараттарды (кортиокотропин, кортизон және соның ұқсастары) қолданады. Антибиотиктер мен сульфаниломидтерді де пайдаланады.
Кейбір аса бағалы малдарды (асыл тұқымды, спорт бағытындағы жылқыларды, қызметке қолданатын иттерді т.б.) емдеуге ногокаинамид, кокорбаксилаза, курантил (дипиридамол) немесе интенкардин (карбокромен), феникаберан, обзидан (пропранололгидрохлорид) өте жақсы нәтижелер береді.
Миокардитті емдеуде ауруларға дәрі-дәрмектерден басқа азықты ретпен (диета), құнарлы да жақсы қорытылатын азықтар беру керек.
Сақтандыру шараларының мақсаты – аллергияға қарсы қолданатын дәрі-дәрмектерді пайдаланып, негізгі ауруларды дер кезінде айықтыруға әрекет жасау.
Категория: Биология және Экология | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: етінің, аурулары, (Myocarditis)), (Миокардит, жүрек, қабыну
Просмотров: 5264 | Загрузок: 293 | Рейтинг: 4.0/2
Всего комментариев: 0
avatar