Асимметриялық ақпарат нарықтары - Экономика - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Экономика

Асимметриялық ақпарат нарықтары
[ Скачать с сервера (28.1Kb) ] 21.11.2012, 00:02

Асимметриялық ақпарат нарықтары

 

 Жетілген бәсекелі нарықты қарастырғанда осы нарыққа сәйкес барлық ақпараттар симметриялы түрде болады, яғни нарық барлық ақпаратпен толық қамтамасыз етіледі. Белгісіздік болмайды, мұндай жағдайда барлық ресурстар аса тиімді түрде қолданылады. Бірақ, нақты өмірде таза жетілген нарықтық бәсекелі механизм болмайды, және ол ақпараттың жетілмегендігінен (асимметриялылығынан) туындайды. Ақпараттың асимметриялылығы дегеніміз нарықтың жекелеген қатысушыларының маңызды ақпараттарға ие болу жағдайы, ал басқа субъектілердің мұндай маңызды ақпараттарға ие болмауы, яғни ақпараттардың субъектілер арасында тең бөлінбеуі немесе дұрыс қамтылмау жағдайы. Белгісіздік құбылысы туындайды – болашақтағы ықтимал оқиғалардың болуы туралы ақпараттардың жетіспеушілігі.

 

          Неоклассиктердің айтуынша, асимметриялық ақпарат – нарықтың фиаскосын (дәрменсіздігін) тудыратын себептердің бірі. Бұл немен байланысты? Асимметриялық ақпараттың нәтижесінде интерналийлер туындайды, яғни келісім жасаушы тұлғалардың келісім жасау барысында пайда болатын, алдын-ала келісілмеген және алатын шығындары немесе табыстары. Интерналийлердің көптеген мысалдары: тұтынушы тауар сатып алады, бірақ ол тауар сапасыз болып шығады; келісімге келуші тұлғаның біреуі келісім – шартты бұзғанда (ағылшын тілін үйретуші репетитор тіл үйретемін деп екі айдың ақшасын алдын-ала алып алады да, нәтижесінде ол өз уәдесін орындамауы мүмкін); жалдаушы жұмыскерді жалдаудың арқасында өзін-өзі жетілдіру жолымен өз біліктілігін арттыруы мүмкін және т.б. Интерналийлердің пайда болуының себептері неде? 100%-дық ақпарат жинаудың трансакциондық шығындары өте жоғары болуы мүмкін және ол шығындар толық ақпаратты иеленуде әкелетін нәтижеден асып кетуі мүмкін. Сатып алынатын тауардың сапасы туралы алдын-ала қалай білуге болады? Сапа сертификатын сұрау керек пе? Ал егер бұл сертификат заңсыз болса және далған болып табылса? Әлде дайындаушы-фирмаға сұрау жіберу керек пе? Бірақ осындай әрекеттер жасауға шығындар көп кетуі мүмкін, және бұған кететін уақыттың да альтернативті құны жоғары болуы мүмкін.

 

          Сонымен, асимметриялық ақпарат нәтижесінде нарықтың жұмыс істеу механизмі бұзылады, яғни бағалық белгілер істің нақты жайын бейнелей алмайды. 2001 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, американдық экономист Джордж Акерлофтың 1970 жылы жарияланған, ұсталған автокөліктер нарығындағы жағдайды сипаттайтын «Лимондар нарығы» атты мақаласы осы ақпараттың асимметриялылығын сипаттайтын классикалық мысал болып табылады: яғни нарықта ұсталған жаңа автомобильдер бар. Мұндай машинаға тұтынушы 6000 долл. төлеуге даяр, ал сатушы 5000 доллардан жоғары кез-келген бағаға сатуға дайын. Бірақ бұл нарықта «лимондарды», яғни ақауы бар автомобильдерді сатуға тырысушы сатушылар да бар, бұлар осы «лимондарын» 2000 доллардан жоғары кез-келген бағаға өткізуге дайын, ал сатып алушылар мұндай көлікті 3000 долларға дейінгі кез-келген бағаға сатып алғасы келеді. Егер ақпарат симметриялы болғанда ғой, ұсталған көліктер үшін де, «лимондар» үшін де нарықтар болушы еді, сәйкесінше, мұндай нарықтардың да өз бағалары болар еді. Бірақ, әрине бұл жерде симметрия деген жоқ. Тек сатушы ғана өз көлігінің қыр-сырын біледі. Ал сатып алушылар болса мұндай көліктердің мән-жайы туралы ештеңе білмейді.Сондықтанда, жаман және жақсы автомобильдер үшін орташа баға қалыптасады: 4500долл. = (3000долл. + 6000 долл.) / 2. Әрине жақсы машиналарды сатушылар мұндай бағамен сатпайды, ал «лимондар» үшін бұл орташа баға өзінің нақты құнынан асып тұр, яғни тіпті жақсы деген сөз. Нәтижесінде, «лимондар» сапалы тауарды нарықтан ығыстырады, мұндай құбылыс микроэкономика терминінде теріс селекция (жағымсыз таңдау) деп аталады.

 

          Теріс селекцияның, немесе жағымсыз таңдаудың мысалы ретінде сақтандыру қызметінің нарығы қарастырылады. Жағдай сол баяғы «лимондар» нарығындағы сценарий бойынша дамиды. Бұл жағдай ақпараттың асимметриялылығынан орын алады. Адамдар өз денсаулығы жайлы кез-келген компаниядан гөрі жақсы біледі. Денсаулығы нашар адамдар сақтандыру қызметіне көп жүгінеді. Денсаулығы нашар адамдардың үлесі сақтанушылардың жалпы санында біртіндеп өсе береді. Бұл сақтандыру қызметінің бағасын көтереді. Баға өскен сайын денсаулығы жақсы адамдар сақтандыруды азайтады немесе мүлдем тоқтатады, және аурулардың саны ұлғая береді. Нәтижесінде тек ауру адамдар ғана сақтанатындай жағдай орын алып сақтандыру қызметі тиімсіз болып қалуы мүмкін. Біз енді өзімізге белгілі жағдайды байқап отырмыз: сапасыз тауар нарықтан сапалы тауарды ығыстырады. Сақтандыру қызметі тиімсіз болып қалады, бірақ ол бізге қажет. Сондықтанда, сақтандыру қызметімен көбінесе мемлекет айналысады.

 

          Сонымен, асимметриялық ақпараттың жағымсыз салдарларының бірі болып теріс селекция табылады. Теріс селекция құбылысымен асимметриялық ақпараттың келесі бір жағымсыз салдары тығыз байланысты – моральдік тәуекелдің пайда болуы. Өз денсаулығын сақтандырушы тұлғалар өз денсаулығына ұқыпты қараудан гөрі дәрігерге көп жүгіне бастайды. Өз автомобилін ұрлаудан сақтандырушы тұлғалар көліктерінің есіктерін бекітпейді, сигнализация жүйесін қоймайды. Сақтандыру компаниялары адамдардың осындай қылықтарын болжай алмайды және олар моральдік тәуекелмен (сақтық шараларына деген ынтаның болмауы) байланысты қосымша шығындарға тап болады.

 

          Асимметриялық ақпарат тұрғысынан «принципал - агент» мәселесі туралы да айтып өткен жөн. Компания акциясы иегерінің (принципал) және компания менеджерінің (агент) әртүрлі мақсаттары болады. Әрине менеджер фирманың гүлденуіне мүдделі болса, ал фирма басшысы да осыны қалайды, бірақ менеджердің өз жеке мақсаттары бар (жұмыс күнін толық істемеу). Принципал болса өз менеджерлерінің мақсаттары туралы толық мәлімет білмейді, сондықтанда фирманың қызметіндегі принцип әрқашанда пайданы максималдауға бағыттала бермейді. Принципал – агент мәселесінің мысалдары көп: компания басшысы мен оның менеджерлері, жер иегерлері мен арендаторлар, сайлаушылар мен заң органдары, т.б. Агент принципалға қарағанда көп ақпаратқа ие, яғни олардың арасындағы ақпарат асимметриялы түрде бөлінген. Бұл жағдайда принципал агенттің іс-әрекетін толық бақылай алмайды, сәйкесінше, агент өз міндетін өзінің жеке мүддесіне қолданады.

 

          Асимметриялық ақпарат және белгісіздік жағдайында адамдар өзінің экономикалық қызметін жүзеге асыру барысында тәуекелге барады. Тәуекел деп біз әрбір мүмкін нәтиженің ықтималдылығын біле отырып бәрібір соңғы нәтижені анық білу мүмкін еместігін сипаттайтын жағдайды түсінеміз. Адамның белгісіздік жағдайындағы іс-әрекетімен байланысты бірқатар негізгі түсініктерді қарастыратын болсақ, мысалы, лотереяға қатысу – тәуекелмен байланысты әрекет болып табылады. Кездейсоқ шаманың күтілетін мәні (мысалы, лотереядағы ұтыс немесе ұтылыс) математикалық күтім формуласымен есептеледі:

 

                                               Е(х)= π1Х1 + π2Х2+ ... + πnХn                                     (1)

 

 мұндағы,  π1, π2, ... , πn - әрбір нәтиженің ықтималдылығы,

 

                   Х1, Х2, ... , Хn- әрбір нәтиженің мәні.

 

 Бұл жерде, ықтималдылықтардың табиғаты әртүрлі болуы мүмкін, яғни объективтік және субъективтік ықтималдылықтар. Объективтік табиғат концепциясын жақтайтын ғалымдар ықтималдылықтың мәні математикалық негізде анықталады деп санайды. Ал субъективтік бағытты жақтаушылар (мысалы, американдық экономист және статистик Леонард Сэвидж), ықтималдылықтар – бұл кез-келген жағдайдың орын алуындағы сенімділік дәрежелері деп айтқан. Дегенмен, ықтималдылықтың қандай табиғатын қабылдасақта біз математикалық күтім (нәтиженің күтілетін мәні) мен күтілетін пайдалылықты ажырата білуіміз қажет.

 

          Күтілетін пайдалылық теориясын математикалық дәлелдеудің бастамаларын швейцар математиктері Габриэль Крамер мен Даниил Бернуллидің еңбектерінен көруге болады, соңғысы әйгілі Санкт – Петербург парадоксын шешуді ұсынды. Парадокстың мәні мынада: индивидтер ойынға қатысу үшін белгілі бір ақша сомасын ғана төлей алады, ұтыс ойынының математикалық күтімі шексіз жоғары. Ойын монета лақтырумен байланысты, көрсетілген жағы түспегенше дейін ұтыс болмайды, мысады, «бүркіт», ал ұтыс мөлшері көрсетілген «бүркіт» жағы түскенге дейін монета лақтыру санымен анықталады. Бірінші лақтыру кезінде «бүркіт» жағы түссе Х – субъект У – субъектіге 1 доллар төлейді; екінші лақтырудан түссе У – субъект 2 доллар алады; үшінші лақтырудан – 4 доллар, яғни «бүркіт» жағы түсетін әрбір лақтыру үшін Х-субъект n – дік лақтыру кезінде 2n-1  доллар төлейді. Ықтималдылықтар теориясына сәйкес, монета лақтыру ойынының ұтыс ықтималдылығы 50%-ды құрайды, немесе әрбір лақтыру кезіндегі 0,5 мәні. Бірінші лақтыру кезіндегі ақшалай ұтыстың математикалық күтімі π*1 долл. немесе 0,5*1 долл.= 0,5 долл. құрайды. Екінші лақтыру кезінде ол (0,5*0,5)*2 долл.= 0,5 долл. құрайды. Жалпы күтілетін мән ойынның әрбір кезеңіндегі күтімдер сомасын білдіреді және ол сәйкесінше мынадай мәнді құрайды: 0,5долл. + 0,5 долл. + 0,5 долл. + ... Бұл шексіз қатарлардың сомасы шексіз үлкен мәнге ие.

 

          Сонымен, парадокстың мәні – мұндай ойындағы күтілетін ақшалай ұтыс шексіз, бірақ адамдардың көбі ойынға қатысуға бейім емес. Неге мұндай жағдай орын алады? Санкт – Петербург парадоксын түсіндіру үшін Д. Бернулли мынаны болжаған: бұл жағдайда индивидтер күтілетін ақшалай ұтысты емес, моральдік күтімді максималдауға тырысады. Яғни, моральдік күтім – бұл ұтыстың күтілетін пайдалылығы деп аталады. Бұл мәселені адамдардың тәуекелге қатынасы арқылы байланыстырып қарастырайық.

 

          Д. Бернуллидің идеялары күтілетін пайдалылық теориясының негізін қалаушы американдық экономистер Джон Фон Нейман мен Оскар Моргенштерннің еңбектерінде дамыды. Олардың айтуынша, жеткіліксіз ақпарат жағдайында индивидтің ұтымды таңдауы болып максималды күтілетін пайдалылықпен байланысты таңдау болып табылады.

 

          Әрбір нәтиженің күтілетін пайдалылығы келесі формуламен есептеледі:

 

                                                       Е(U) = ΣU1π1                                               (2)

 

 мұндағы U1 – і нәтижесінің пайдалылығы, π1 – і нәтижесінің ықтималдылығы, n – нәтижелер саны. Содан соң индивид нәтижелердің күтілетін пайдалылықтарын салыстырады және күтілетін пайдалылықты максималдауға тырыса отырып шешім қабылдайды. Оның тәуекелге деген қатынасы қандай? Адамдардың тәуекелге деген қатынасы әртүрлі. Оларды үш топқа бөлуге болады:

 Тәуекелге бейтарап қарайтын адамдар.

 Тәуекелді жақтаушылар, яғни тәуекелге бейім адамдар.

 Тәуекелді жақтамаушылар, яғни тәуекелге бейім емес адамдар.

 

          Біреуі көп ақша табу мақсатында тәуекелге баруы мүмкін, ал енді біреулері тәуекелмен байланысты әрекеттерге мүлдем бармайды. Экономикалық агенттердің таңдауларын түсіндіру үшін күтілетін пайдалылық концепциясын талдауымызға еңгізуіміз керек.

Категория: Экономика | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Асимметриялық ақпарат нарықтары
Просмотров: 893 | Загрузок: 407 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
avatar