Қазақстан Республикасының Заңы Халықтың көші-қоны туралы ЖОБА - Экономика - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Экономика

Қазақстан Республикасының Заңы Халықтың көші-қоны туралы ЖОБА
[ · Скачать удаленно (361.5Kb) ] 14.11.2012, 00:13
Қазақстан Республикасының Заңы

Халықтың көші-қоны туралы

Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.

1-бөлім. Жалпы ережелер

1-тарау. Негізгі ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) босқындар – негізделген қауіп төнуі себепті, саяси сенімі, нәсілдік белгісі, діни нанымы, азаматтығы, ұлты, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы бойынша қудалау құрбанына айналған, өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде тұруға мәжбүр болған және осындай қауіп салдарынан өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе пайдаланғысы келмейтін шетелдіктер немесе осындай қауіп салдарынан бұрынғы тұрғылықты елінен тыс жерде тұрып жатқан, еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін азаматтығы жоқ адамдар;
2) демеуші – Қазақстан Республикасында тұратын, отбасын біріктіру мақсатымен өзінің отбасы мүшелерінің елге келуі туралы қолдаухат беруші отбасы мүшесі (қамқоршы, қорғаншы);
3) еңбек көші-қоны – еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке адамдардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс ауыстыруы;
4) заңсыз көші-қон – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына (нан) келуі, кетуі, болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағы арқылы транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін заңнаманы бұза отырып кетуі, келуі және болуы;
5) келуге және кетуге рұқсат (виза) – осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспорт немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол онда белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасы аумағына келуге, оның аумағы бойынша жүріп тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасы аумағынан кетуге құқық береді;
6) көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;
7) көшіп келушілер – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұруға келген шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар;
8) көші-қон – жеке адамдардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті немесе мәжбүрлі қоныс ауыстыруы;
9) көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – көші-қон процестерін реттеуді және Қазақстан Республикасы халқының көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырушы мемлекеттік орган;
10) көшіп-қонушылар – себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адамдар;
11) көшіп-қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы – көшіп-қонушыларға ықпалдастыру және бейімдеу қызметтерін көрсетуге, сондай-ақ оралмандардың және олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруына арналған орын;
12) қабылдаушы ұйым – оқытуды, тағлымдамадан өткізуді және/немесе біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөніндегі шарттың тарабы саналатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
13) қоныс аударушылар – ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына және тұрақты тұру үшін елдің экономикалық келешегі зор өңірлеріне халықты оңтайлы қоныстандыру схемасына сәйкес Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адамдар;
14) миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы аумағында өз қызметін жүзеге асырушы діни бірлестіктің жарғылық ережелерінде қамтылмаған діни сенімді діни-ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату;
15) оралмандар – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатымен Қазақстанға келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған сәтте шетелде тұрақты тұрып жатқан ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар және олардың Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тысқары жерде туған ұлты қазақ балалары;
16) оралмандардың көшіп келу квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, осы Заңда көрсетілген көлемде әлеуметтік қолдау көрсетілетін оралман отбасыларының саны;
17) отандастар – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адамдар;
18) тұрақты тұруға рұқсат – Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде, көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат;
19) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған орын;
20) уақытша тұруға рұқсат – Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде, көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және олардың болу мақсатына қарай, Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат;
21) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін, Қазақстан Республикасы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны;
22) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат – көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган таратып бөлген квота шегінде, Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін бір жұмыс жылынан аспайтын мерзімге тарту үшін, жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін, белгіленген нысандағы құжат;
23) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган таратып бөлген квота шегінде Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасу үшін жергілікті атқарушы орган бір жылға беретін, белгіленген нысандағы құжат;
24) ықпалдастыру және бейімдеу қызметтері – көшіп-қонушылар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және қоғамға ықпалдастыру және көшіп-қонушылардың әлеуетін іске асыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңгерлік, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені;
25) ішкі көші-қон – жеке адамдардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша қоныс ауыстыруы;
26) ішкі көшіп-қонушылар – Қазақстан Республикасының ішінде өздігінен немесе ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы бойынша қоныс аударушы адамдар;
27) ішкі көшіп қонушылардың қоныс аудару квотасы – экологиялық өмір сүру жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендерден Қазақстан Республикасының экономикалық перспективалы өңірлеріне тұрақты тұруға қоныс аударуға тиіс Қазақстан Республикасы азаматтары отбасыларының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шекті саны;
28) эмиграция – Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа мемлекетке уақытша немесе тұрақты тұру үшін кетуі;
29) этникалық қазақтар – шетелде тұрақты тұратын, ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар;
30) этникалық репатриация – ұлты қазақ шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына келуі.

2-бап. Халықтың көші-қонын реттейтін заңнама
Көші-қон саласындағы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Көші-қонның негізгі түрлері
Қазақстан Республикасы аумағына (аумағынан) келу, кету және болу мақсатына қарай көші-қонның мынадай негізгі түрлері бар:
1) білім алу мақсатында;
2) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;
3) отбасын біріктіру мақсатында;
4) тарихи отанына оралу мақсатында;
5) азаматтық алу мақсатында;
6) гуманитарлық және саяси уәждемелер бойынша;
7) туристік мақсатта.

4-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері мен міндеттері
1. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат мынадай принциптерге негізделеді:
1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарының заңдылық және халықаралық құқық негізінде сақталуы:
2) ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүддесін ұштастыру;
4) көші-қон процестерін реттеудің ашықтығы;
5) ұлты қазақ адамдардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу;
6) мемлекеттің көші-қон түрлерін реттеудегі сараланған тәсілі;
7) көші-қон процестерін реттеу, заңсыз көші-қонның алдын алу және болдырмау саласындағы халықаралық ынтымақтастық.
2. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері:
1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
2) этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсету, өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оларды ұтымды қоныстандыруды ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту, ұлттық еңбек нарығын қорғау;
4) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына кірігуін қамтамасыз ету;
5) салдарында халықтың жаппай көші-қоны болуы мүмкін жанжалдардың алдын алу және болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту;
6) ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, көшіп-қонушылардың ел аумағында оңтайлы қоныстандырылуын қамтамасыз ету;
7) шетелде тұратын отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту болып табылады.

5-бап. Көшіп келушілердің жалпы құқықтары мен міндеттері
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында:
1) заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алуға, медициналық және әлеуметтік көмекке;
3) мәдениет жетістіктерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей пайдалануға;
4) Қазақстан Республикасының көшіп келушілерге ашық аумағы бойынша еркін жүріп тұруға және Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген негіздеме мен тәртіпке сәйкес тұратын жерін таңдауға;
5) өзіне тиесілі мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және өзге де мемлекеттік органдарға шағымдануға;
6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды қоспағанда, көшіп қонушыларды бейімдеу және ықпаластыру орталықтарында ақылы ықпаластыру және бейімдеу қызметтерін алуға құқығы бар.
2. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасында:
1) заңнамалық актілерде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттері болады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағына келудің, кетудің және болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.

6-бап. Көшіп келушілердің келуінің, кетуінің және болуының
жалпы шарттары
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасы аумағына келу, кету және болу тәртібі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
2. Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды сақтаған кезде, заңды төлқұжаты немесе оны ауыстыратын құжаттары бойынша келеді.
3. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасына келуге – Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсаттарды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасынан кетуге – Қазақстан Республикасына келуге рұқсаттарды Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары береді.
Паспорттары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде тіркелген көшіп келушілерге кету-келу рұқсаттарын беруді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүргізеді.
4. Қабылдаушы ұйымдардың қолдаухаттары бойынша көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге бірнеше рет қолданылатын рұқсаттар берілуі мүмкін.
5. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін, бес күнтізбелік күннің ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті. Тұрғылықты жері өзгерген жағдайда, көшіп келушілер бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шыққан күнінен бастап, бес күнтізбелік күннің ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті.
Қазақстан Республикасына келген кезде 16 жасқа толған әрбір көшіп келушіге көші-қон кәртішкесі беріледі.
Көші-қон кәртішкесі Қазақстан Республикасынан кеткен кезде тапсырылуға тиіс.


7-бап. Көшіп келушілер болып табылмайтын адамдар
Қазақстан Республикасы аумағында:
осы Заңның 3-бабында көзделмеген, жеке сипаттағы мақсатпен 90 күннен артық болмағандар. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін, бес күнтізбелік күннің ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті.
бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде транзитпен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетіндер;
Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте жүргендер;
дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетіндер;
Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатындар;
теңіз және өзен кемелерінің, әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер деп танылмайтын басқа да жағдайларды белгілей алады.
Осы тармақта көрсетілген адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.

2-тарау. Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерін
басқарудың мемлекеттік жүйесі

8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) халықтың көші-қон процестері саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын жыл сайын белгілейді;
3) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгілейді;
4) оралмандардың көшіп келу квотасын белгілейді;
5) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
6) көшіп қонушылардың Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды;
7) көшіп-қонушыларды бейімдеу және ықпаластыру орталықтарын, уақытша орналастыру орталықтарын құрады;
8) заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

9-бап. Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
2) еңбек көші-қоны мен этникалық репатриацияны реттеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлейді;
3) шетелдік жұмыс күшін тарту, оралмандардың көшіп келуі, ішкі көшіп- қонушылардың қоныс аударуы квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
4) шетелдік жұмыс күшін тарту, оралмандардың көшіп келуі, ішкі көшіп- қонушылардың қоныс аудару квоталарын облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының арасында бөледі;
5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді;
6) еңбекші көшіп-қонушылар мен оралмандардың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады және ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың, ішкі істер органдарының, Сыртқы істер министрлігінің тиісті ақпараттық жүйелерімен өзара қарым-қатынасты қамтамасыз етеді;
7) еңбек көші-қоны және этникалық репатриация мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
8) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны туралы заңнаманың сақталуын бақылайды;
9) шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
10) ішкі көші-қон процестері мониторингін және оны реттеуді жүзеге асырады;
11) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
12) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

10-бап. Сыртқы істер министрлігінің құзыреті
Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері:
1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі;
3) шетелде тұратын отандастарымызбен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседі;
4) ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның келісуімен:
визалардың санаттары мен түрлерін, оларды берудің, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімін қысқартудың және ұзартудың тәртібін;
көшіп келушілердің төлқұжаттарын тіркеудің, олардың жүріп-тұруының, сондай-ақ шетелдіктердің баруы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) кіруінің тәртібін, шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жол жүруінің тәртібін айқындайды;
5) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға келу рұқсаттарын беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ көші-қон, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдармен және ішкі істер органдарымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
6) осы Заңның 6-бабына сәйкес:
Қазақстан Республикасына келу туралы өтініш берген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құжаттарын қабылдайды және тіркейді әрі оларды (еңбек қызметіне рұқсат алған адамдарды қоспағанда) Қазақстан Республикасының осыған уәкілетті мемлекеттік органдарына жібереді;
Қазақстан Республикасының осыған уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған қорытындыларды не рұқсаттарды ескере отырып, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасына келуге рұқсат береді;
7) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес құжаттарды консулдық заңдастыруды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының есебін жүргізеді;
9) халықтың көші-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
10) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

11-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті
Ішкі істер органдары:
1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
2) көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсат және Қазақстан Республикасынан кетуге – Қазақстан Республикасына келуге рұқсат береді;
3) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның келісуімен көшіп келушілердің төлқұжаттарын тіркеудің және олардың жүріп тұру тәртібін, сондай-ақ, шетелдіктердің болуы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) олардың кіруін, шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру тәртібін айқындайды;
4) көшіп келушілерге шекара аймағына кіру құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
5) көшіп-қонушылардың заңнамада белгіленген келу, кету, болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру ережелерін сақтауын бақылайды;
6) шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібінің сақталуын бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
7) азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуін ресімдейді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды;
Категория: Экономика | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: туралы, көші-қоны, жоба, Республикасының, заңы, Қазақстан, халықтың
Просмотров: 2083 | Загрузок: 204 | Рейтинг: 5.0/7
Всего комментариев: 0
avatar