Карл Маркс және оның көзқарастары - Курстық жұмыстар - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Курстық жұмыстар

Карл Маркс және оның көзқарастары
[ · Скачать удаленно (94.0Kb) ] 14.11.2012, 21:14
ЖОСПАР

1. Кіріспе
2. Негізгі бөлім
І. Карл Маркстің өмірбаяны және экономикалық теориясы.
ІІ. Капиталистік өндіріс процесі теориясы және қанау мәселесіне қазіргі көзқарас.
ІІІ. Экономикалық ілімінде қосымша құн теориясының алатын орны.
IV. «Гота программасына сын» деген еңбегінің маңызы.
3. Қорытынды
4. Қолданылған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ

ХІХғ. 40-шы жылдары еңбек пен капитал арасындағы күрес шиеленісе түсті. Бірқатар елдерде пролетариат табы дербес күштерге айналды:
Францияда – 1831 және 1834 ж. лион тоқымашыларының көтерілісі;
Англияда – 30-шы жылдардағы чартистердің қозғалысы;
Германияда – 1844 ж. силездік тоқымашылардың қоғалысы.
Жұмысшылардың бұл қозғалыстарының бәрі капиталистік жүйеге қарсы бағытталды. ХІХ ғ. 40-шы жылдары пролетариаттың революциялық қозғалыстарының орталығы Германияға ауысты. Қалыптасқан осы жағдайлардың жиынтығы марксизмнің 40-шы жылдары Германияда пайда болуына әкелді.
Марксизм – бұл жұмысшы табының, жұмысшы табы үшін қалыптасқан ілім. Маркс ілімі туралы В.И.Ленин «Маркстік ілімі – ең күшті ілім, өйткені ол дұрыс ілім. Ол ілім – адамдарға жоққа сенудің қандайымен болса да, реакцияның қандайымен болса да, буржуазиялық езгіні қорғаудың қандайымен болса да ымыраласпайтын тұтас көзқарас беретін толық және жүйелі ілім. Ол ілім – адамзаттың ХІХ ғасырда жасаған неміс философиясы, ағылшын саяси экономиясы, француз социализмі сияқты таңдаулы ілімдердің заңды мирасқоры...», - деп жоғары баға береді. Марксизм ілімінің негізін салушылар неміс революционер-ойшылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельс.
Менің рефератымның мақсаты К. Маркстің көптеген теориялар туралы және олардың экономикалық ілімінде алатын орнын баяндап жазу. Жұмысымды теорияларға сәйкес бөліктерге бөлдім. Әр бөлімде бір теорияны қарастырдым.

К. Маркстің экономикалық теориясы.

К. Маркс Пруссияда (Германияда) Трир қаласында, адвокаттың еврей отбасында 1818 жылғы 5 мамырда дүниеге келген. Маркс Трир гимназиясында, одан соң Бонн және Берлин университеттерінде оқыды. Университетті бітіргеннен кейін «Демокриттің натурфилософиясы мен Эпикурдың натурфилософиясы арасындағы айырмашылық» деген тақырыпта докторлық диссертацияны тамаша қорғап шығады.
Маркстің революциялық қызметі өте ерте басталды. 1842 жылы ол «Рейн газетін» (рейндік радикал буржуазияның органы) шығаруға белсене қатысты және оның редакторы болды. Редактор болып жүргенінде ол экономикалық мәселелермен тереңірек айналысты, мемлекет пен заң орындарын сынға алудан саяси экономияны сынауға көшті. Осы жылдары Маркс газеттің революциялық-демократиялық бағытын едәуір күшейтті. 1848 жылғы наурызда Пруссия үкіметі бұл газетті жапты. Бұдан кейін Маркс Парижге көшіп, «Неміс-француз жылнамасы» журналын шығаруғы кірісті. Бұл журналда ол «Гегельдің право философиясына сын. Кіріспе» және «Еврей мәселесіне» (1843-1844) деген мақалалар жариялады.
Гегель философиясын талдау барысында ол, жеке меншікті жойып, әлемдік құрылысты түбірімен өзгерте алатын пролетариат күшінің рөлін түсінді, әрі пролетариаттың мүддесін қорғады.
1844 жылы Маркс пен Руге шығарған «Неміс-француз жылнамасында» Ф.Энгельс «Саяси экономия сынының очерктері» еңбегін жариялайды. Энгельстің бұл мақаласы Маркстің экономикамен одан әрі айналысуына септігін тигізеді. Маркс бұл еңбекті жаңа, пролетарлық саяси экономияның кемеңгер очеркі деп атады. Экономикалық мәселелермен айналысуының нәтижесі ретінде Маркс «1844 жылдың экономикалық-философиялық қолжазбаларын» шығарды, бұл еңбек ССРО-да алғаш рет 1932 жылы жарияланды. Бұл еңбегінде Ф.Энгельс секілді К.Маркс өндіріс шығындарының негізгі элементтеріне: жалақы, капиталдан алынатын пайда, жер рентасына талдау жасайды. Осы талдаудың негізінде Маркс жеке меншікті шеттетілген (оқшауланған) еңбектің нәтижесі деп тұжырымдайды. Ол былай деп жазды: « ... жеке меншік бір жағынан, шеттетілген еңбектің өнімі, екінші жағынан оны шеттетудің,шеттетуді жүзеге асырудың құралы».
Жеке меншіктің мәнісін одан әрі ашу үшін Маркс, еңбек пен капитал арасындағы диалектикалық байланысты талдайды. «Жұмысшы, - деп жазды ол, - капиталды өндіреді, капитал жұмысшыны өндіреді». Сондықтан буржуазиялық қоғамда «жеке меншік қатынасы – бұл еңбек, капитал және олардың өзара қатынасы». Егер жеке меншікті Маркс оқшауланудың салдары деп қарастырса, оқшауланудың өзі еңбек бөлінісінің салдары болып шығады.
Еңбек бөлінісінің экономикалық қатынастардың алғы шарттары туралы алғашқы зертеулік қадамдарын К.Маркс пен Ф.Энгельс кейіннен бірігіп жазған «Неміс идеологиясы» еңбектерінде қарастырады және бұл еңбекте Маркс пен Энгельс ғылыми коммунизмнің жаңа қалыптасқан теориясын баяндады.
1844 жылғы тамыздың аяғында Энгельс Манчестерден Германияға келді. Жолда ол Парижде К.Маркспен танысты, олар бұрын да бір-бірінен хат алып тұратын. Осы күннен бастап жұмысшы табының екі ұлы көсемінің достығы басталды.
Парижде Маркс пен Энгельс «Қасиетті әулет» (1844 жылдың аяғында жазылып, 1845 жылы басылып шықты) деген кітабын жазды. Бұл олардың бірлесіп жазған алғашқы еңбектері болатын. Бұл кітап негізінен сол кездегі буржуазияға қарсы дербес таптық күресте пролетариаттың әлсіздігі туралы айтылған сындарғы қарсы жазылды. Керісінше, сын айтушы ағайынды Бруно мен Бауэрге қарсы Маркс пен Энгельс пролетариаттың өзін өзі азат етіп қана қоймай, оның азаттығы тұтас қоғамның азаттығының алғы шарты болатындығын дәлелдейді. Пролетариаттың жеке меншікті құрта алатын тап екенін, оның әлемдік тарихи рөлін негіздейді.
Сөйтіп, ұсақ буржуазиялық социализмнің әр түрлі ілімдеріне қарсы күресте олар революцияшыл пролетарлық социализмнің теориясы мен тактикасын жасады.
1845 жылы Маркс Пруссия үкіметінің талап етуімен Парижден қуылып, Бельгияға көшті. Маркстің экономикалық көзқарастарының қалыптасуының келесі кезеңі, оның 1847 жылы «Философия қайыршылығы» деген еңбегінің жариялануы болып табылады. Мұнда ол ұсақ буржуазиялық социализм теориясы мен Прудонның анархизмін күйрете сынады.
Буржуазиялық экономистермен салыстырғанда Прудон жеке меншік қатынастардың жемісін «адамшылыққа жат қылықтарға» жатқызады («Жеке меншік дегеніміз не?»).
Буржуазиялық экономия ғылымын сипаттай келе Маркс, «жеке меншік – саяси экономияның барлық ой-пікірінің алғы шарты болып табылады»,- деп жазған болатын. Осы тұрғыда Маркс Прудонның еңбегін былайша сипаттайды: «Прудонның «Жеке меншік дегеніміз не?» шығармасы, саяси экономия көзқарасы тұрғысынан алғанда, саяси экономия іліміне тағылған сын»,-деп жазды. Бірталай жыл өткен соң, 1865 жылы И.Б.Швейцерге жазған хатында Маркс «саяси экономияның ғылыми тарихында, еске алуға тұрғысыз шығарма»,-деп одан әрі қатты сынға алады.
Маркстің экономикалық көзқарастарының қалыптасу кезеңдерін көрсететін, кейіннен шығармалар жинағына енген еңбектеріне «Жалдамалы еңбек және капитал» (1849), «Экономико-философиялық қолжазбалар» (1857-1858, 1861-1863, 1864-1865), «Саяси экономияға сын» (1859), «Гота программасына сын» (1875) жатады.
Маркстің «Жалдамалы еңбек және капитал» еңбегінде капиталға тұңғыш рет буржуазиялық өндірістік қатынастар шеңберінде анықтама беріледі. Капиталдың басты алғы шартына жалдамалы еңбекті жатқызады. Капиталды қорланған еңбек деп есептеген ол, «капиталдың мәні, - тірі еңбектің қорланған еңбекті сақтау мен айырбас құнын көбейтудің құралы болып қалуында»,- деп жазды.
Сол сияқты жалдама еңбек туралы ол «жалдама еңбектің орта бағасы – жалақының минимумы, яғни жұмысшының, жұмысшы есебінде, тіршілігін сақтауға керекті тіршілік заттарының жиынтығы»,-деп жазды, яғни жалақыны тіршілікке қажетті заттардың бағасы арқылы анықтай отырып Маркс өзіне дейінгі классикалық буржуазиялық саяси экономия өкілдерінің позициясында тұрғандығын бекітеді.
Маркс Энгельспен бірге «Коммунистер одағының» басшысы болды. 1847 жылдың аяғы мен 1848 жылдың басында олар «Коммунистік партияның манифесін» жазып шығарды. Ол халықаралық пролетариаттың тұңғыш программасы болды. Бұл документте олар коммунистік дүние тануды, қоғамдық тұрмыс саласын да қамтитын дәйекті материализмді, даму туралы неғұрлым жан-жақты және терең ілім ретінде диалектиканы, тап күресі теориясын баяндап, жаңа коммунистік қоғамның жасаушысы – пролетариаттың тарихи рөлін көрсетіп берді.
1848 жылғы революция басталғанда Маркс Бельгиядан қуылды. Ол Парижға, одан соң Кельнге көшіп, онда «Жаңа Рейн» газетінің бас редакторы болды. Газет бетінде Маркс ірі буржуазияның опасыздығын, ұсақ буржуазияның қорқақтығы мен дәйексіздігін аяусыз әшкерелеп, біртұтас демократиялық Герман республикасын құру жолында саяси және экономикалық тұрғыда күресті.
Революция жеңілгеннен кейін Пруссия үкіметі Марксті «шетелдің адамы» ретінде Пруссиядан жер аудару туралы үкім шығарды. Маркс алдымен Парижға, содан соң Лондонға көшіп, өмірінің ақырына дейін сол Лондонда болды. Қуғында оның тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Бұл жылдары Энгельс Маркске материалдық жағынан зор көмек көрсетіп отырды. Ол 1850 жылы Манчестерге көшіп келіп, Маркстің отбасы жөніндегі материалды қамқорлықтың едәуір бөлегін өз қарамағына алды. Бұл туралы В.И.Ленин былай жазады: « ... мұқтаждық Марксті және оның отбасын қатты қинады; қаржы жағынан Энгельс аянбай ұдайы жәрдемдесіп тұрмаған болса, Маркс «Капиталды» аяқтай алмауы былай тұрсын, тіпті жоқшылықтың қыспағынан өліп кетуі кәміл еді».
Кельнде Коммунистер одағының мүшелерін соттағаннан кейін Маркс саяси үгітті қойып, саяси экономия саласында Британия мұражайының кітапханасында болған бай қазынаны он жыл бойына зерттеумен шұғылданды.
Оның саяси экономиямен көп жыл айналысуының алғашқы жемісі 1859 жылы шыққан «Саяси экономия сынына» деген шығармасы еді. Бұл шығармада ақша туралы ілім қоса қамтылып, марксистік құн теориясы тұңғыш рет жүйелі түрде баяндалған.
Маркстің негізгі экономикалық шығармасы – «Капитал», бұл еңбекке ол өзінің бүкіл ғұмырын арнады. Маркс жүргізген зерттеулерінің нәтижесі ретінде кітапты «Саяси экономияға сын» деген тақырыппен 6 томдық қылып шығаруды жоспарлады. Бірақ бірінші кітап шыққаннан соң (1859), ол өзінің еңбектерінкапиталистік қоғамның заңдылықтарын ашу мақсатында «Капитал» деген тақырыпқа біріктірді.

К. Маркстің капиталистік өндіріс
процесі теориясы және қанау
мәселесіне қазіргі көзқарас

Бұл мәселе маркстік саяси экономикада басты орын алды, өйткені осында қосымша құн теориясының мәні ашылды. Теория ақшаның капиталға айналу мәселесінен басталады. Қосымша құн өндісіне талдау жүргізіледі. Ақшаның капитал ретінде айналысының мәні кәсіпкер ақшасына белгілі көлемде тауарлар сатып алып, сол тауарларды сатумен байланыста ақша табады, яғни А – Т – А. Мұндағы бір ақиқат, кәсіпкер айналыстан алғашқы жұмсалған ақшаның мөлшеріндей ақша табатын болса, онда айналымның ешбір мәні болмас еді. Капиталдыңауыспалы айналымының мәні, осы процесте кәсіпкердің алатын ақша мөлшері алғашқы авансыланған ақшадан көп болады. Міне, осыдан келіп капиталдың жалпы формуласы мынандай көрініс алады: А – Т – А' яғни, тауарларды сатудан түскен ақша сомасы, алғашқы авансыланған ақша мен қосымша құн мөлшерінің өсім қосындысына тең, А = (А + ∆А).
Өндіріс процесінде құн көлемі қалай өседі екен? К. Маркстің пікірі бойынша, рыноктан тауар сатып алып, оны тұтыну – еңбектің заттануы. Олай болса, құнның өндірілгені. Мұндай тауар жұмыс күші болғаны. Жұмыс күші – адамның еңбекке қабілеттілігі. Адамның бойындағы дене күші мен рухани қабілетінің жиынтығы. Еңбектің өзі жұмыс күшін тұтыну процесі.
Қосымша құн ерекше тауар – жұмыс күшін тұтыну процесінен туындайды, олай болатыны өндіріс процесінде жалдамалы жұмысшы қажетті жұмыс күшінен артық құн мөлшерін өндіреді. Жұмыс күшінің тұтынуы құнының мәні де осында. Жұмыс күші – тауар құны жұмысшының физикалық және мәдени талғамдарын қанағаттандыру үшін қажетті игіліктер құнына тең. Жұмыс күшінің құнына бұдан басқа білім алу мен мамандықты игеру, сондай-ақ отбасын сақтап, дамыту үшін шығындар кіреді. Жұмысшының өндірген жаңа құны мен жұмыс күшінің өз құнының айырмасы қосымша құн құрайды. Оны капиталист тегін иемденеді. К. Маркстің теориясы бойынша капиталистік қанаушылықтың мәні де осында. Капиталист авансыланған капитал өндіріс жабдықтары мен жұмыс күшін сатып алуға жұмсалады. Маркстік тұжырымдама бойынша, құн тек еңбекпен өндіріледі. Құн өндіруге құрал-жабдықтар да қатынасады, бірақ тікелей өнім өндірмейді. Сондықтан да капитал өндіріс құрал-жабдықтар сатып алатын белгілі өз құнының мөлшерін өзгерпейді. Оны К. Маркс «тұрақты капитал» деп атайды да, «С» әрпімен бейнелейді. Капиталдың жұмыс күшін сатып алуға кететін бөлігі, өндіріс процесінде өзгереді, өйткені жұмыс күш өз құнынан артық қосымша құн өндіреді. Капиталдың бұл бөлігі өзгермелі капитал делініп, «V» әрпімен, ал қосымша құн «m» әрпімен белгілейді. Сонымен капиталистік кәсіпорында өндірілген тауар құны (m) үш бөліктен тұрады T = C + V + m.
К. Маркс капиталистік қанауды сандық мағынада қосымша құнның массасы мен нормасы арқылы сипаттайды. Мұнда қосымша құн нормасы қосымша құн массасының өзгермелі капиталға қатынасы арқылы анықталып, капиталдың жұмыс күшін қанау дәрежесін көрсетеді.

m' = m/n ∙ 100%
Мұндағы m' – қосымша құн нормасы; m – қосымша массасы; V - өзгермелі капитал.
Адамды адам қанау мәселесі, оны жою маркстік ілімде басты орын алады. Капитализм мен қанаушылық бұл теорияда бір-бірінен ажырағысыз. Оның негізінде капиталистік жеке меншік арқылы капиталистік қоғамда қанаушылық қатынасы орын алып жалдамалы жұмысшылардың еңбегінің нәтижесін капиталистер иемденеді деген қорытынды жасалды.Мынадай бір сұрақ қоялық. Кез келген қоғамда еңбек нәтижесі басқа біреудің пайдасына шешілуі мүмкін бе? К. Маркс «Гота программасына сын» деген еңбегінде Лассалдық теорияға талдау жасай отырып, қоғамның қалыпты дамуы үшін жеке тұтыну қорынан басқа тұтынылған өндіріс құрал-жабдықтарының орнын толтыру қорының қажеттіліктерін қанағаттандырудың бірлескен қоры, еңбекке жарамсыз адамдарға көмек көрсету, өндірісті ұлғайту т.б. қорлардың қажет болатынын көрсеткен. Меншіктің кез келген нысанында өндірушілер өндірген бүкіл өнімді тұтыну мүкін емес. Қосымша өнімнің шеттетілуі тек меншік нысанына ғана емес, өндірістің қоғамдық сипатына да байланысты, сондықтан ол кез келген қоғамда орын алады.
Қосымша өнімнің шеттетілуі меншіктің кез келген нысанында орын алатындықтан, ол қоғамдық шаруашылықтың объективті қажеттілігі болып табылады. Олай болса қанаушылық шеттетілудің белгілі бір жәрежесіне, қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығына байланысты. Батыс елдерінде жалдамалы қызметкерлердің жалақы қоры ұлттық табыстың 60-80 процентін құрайды. Тек 20-40 процентін құрал-жабдықтарының иесі иемденеді. Ал бұрынғы кеңес елінде жалдамалы қызметкер иемденетін жаңа жасалған құнның үлесі әр қилы есептеулерге қарағанда, 30-40 процент, ал мемлекетке тиесілі үлесі табыстың 60-70 процентін құрайды немесе жеке меншік үстемдік ететін қоғаммен салыстырғанда, ол 1,5-2 есе жоғары болғаны. Осыдан мынадай заңды сұрақ туындайды: егер жаңа жасалған құнды капитал иесі иемденгенде қанаушылық орын алатын болса, өндірілген өнімнің 60-70 процентін мемлекет иемденетін жағдайды қалайша сипаттауға болар еді? Егер орын алатын объективті экономикалық (этикалық емес) негізге сүйенер болсақ, онда қосымша құн нормасы (m') капиталистердің жалдамалы жұмысшыларды қанау дәрежесін сипаттайтын бірдей ұғымды бере алмайды. Қосымша құн бірнеше негізгі бөліктерге бөлшектенеді. Біріншіден, құсымша құн қор жинауға кетеді: екіншіден, салық жүйесі арқылы қосымша құнның бір бөлігі мемлекеттік бюджетке түседі, үшіншіден, қалаған бөлігі жеке тұтынуға кетеді. Қосымша құнның тек соңғы бөлігі ғана қанаушылық белгісінің ауқымы мен дәрежесін анықтай алады. Осының өзінде де бір ескерер жәйт: қосымша құнның капиталистің жеке тұтынуына кеткен бөлігінің барлығын «заңсыз» иемдену деп айтуға болмайды. Біріншіден, тіпті еңбек құн теориясына сүйенгеннің өзінде, капиталист-кәсіпкер өндірісті ұйымдастырғаны үшін өз еңбегінің белгілі бір бөлігіне ие болуы керек. Екіншіден, капиталды пайдалануға берудің өзі қызмет көрсетудің түрі, ол да төленуі тиіс. Осы қызметі үшін бөлінген капиталдан процент талап етіледі. Жалдамалы қызметкер де өз жинағын банкте ұстай отырып, белгілі дәрежеде процентпен (кіріс) табысқа ие болады. Сондықтан қосымша құнның массасы мен нормасы қанаудың ауқымы мен дәрежесін дәл анықтай алмайды. Сөз жоқ, егер жұмыс күші құнынан төмен төленетін болса, онда қанаушылық орын алады. Ал, К. Маркс зерттеген кез жұмыс күнінің ұзақтығы тәулігіне 10-12 сағат болғаны, оның үстіне сол өндіргіш күштер даму дәрежесінде техника қауіпсіздігі сақталмағаны да ақиқат. Жалдамалы қызметкерге жұмыс күшінің құны толық төленетін болса, қоғамдық өндірісте орташа еңбек жағдайы сақталатын болса, алатын жалақы қоғамдағы материалдық және рухани игіліктерді пайдалану мүмкіндігін берсе, қанаушылық түсінігі өзінің экономикалық мазмұнын жойып, адамгершілік-этикалық мағынаға ие болар еді.

К. Маркстің экономикалық ілімінде
қосымша құн теориясының алатын орны.

Капиталистік өндіріс тікелей еңбекшілер қажеттерін қанағаттандыру үшін дами алмайды. Капитализм жағдайында жұмысшы капиталды молайту үшін өмір сүреді. К. Маркс ашқан капитализмнің негізгі экономикалық заңы – қосымша құн заңы буржуазиялық қоғамда болатын бүкіл процестер мен құбылыстарды түсінуге және ұсынуға мүмкіндік береді. Капитализмнің негізгі экономикалық заңы капиталистік өндіріс әдісінің мәнін білдіреді және оның экономикалық дамуының басты процестерін анықтайды. Қосымша құн заңы дегеніміз капитализмнің қозғалуы мен даму заңы болып табылады.
Қосымша құн заңының күшіне енуіне қарай капиталистік өндірістің дамуы антагонистік формада жүреді. Капитализмнің негізгі экономикалық заңы капитализм қайшылықтарының аса терең көрінісі болып табылады. Оның күші осы қайшылықтардың үнемі шиеленісуіне әкеліп соқтырады және капиталистік құрылыстың дамуына ғана емес, сондай-ақ оның күйреуіне де себепші болады. В.И. Лениннің анықтамасы бойынша, қосымша құн теориясы К. Маркстің экономикалық ілімінің іргетасы болып табылады. Ол капиталистік өндірістің ең терең негіздерін, оның қанаушылық мәнін ашады, буржуазиялық қоғам дамуы процестерін шынайы ғылыми тұрғыдан түсіндіру үшін шешуші шарт болып табылады.
Пролетариат пен буржуазияның экономикалық жағдайының диаметралдық қарама-қайшылығын көрсете келіп, К. Маркс буржуазиялық қоғамның негізгі таптары арасындағы антагонистік қайшылықтардың себебін ашты. Буржуазияға қарсы пролетариаттың таптық күресі – капитализмнің ажырамас белгісі. Оның себептері өндіріс әдісінің өзінде, капиталистердің жалдама жұмысшылардықанауында тамыр жайған. К Маркс былай деп көрсетті: «жалдама жұмысшыларды қанаудың өсуімен таптық қайшылықтар дамып тереңдейді. Жұмысшылардың таптық күресінің күшеюі буржуазиялық құрылыстың іргесін шайқалтуға сөзсіз әкеліп соқтырады. Буржуазияға қарсы пролетариаттың күресі «әр түрлі және мазмұнға неғұрлым бай формаларда көріне отырып, пролетариаттың саяси өкіметті («пролетариат диктатурасы») жеңіп алуына бағытталған саяси күреске сөзсіз айналады». В. И. Ленин «Карл Маркс» атты еңбегінде былай деп көрсетті: «капиталистік қоғамның социалистік қоғамға айналатыны сөзсіз екенін Маркс бүтіндей, тек қана қазіргі қоғам қозғалысының экономикалық заңынан», яғни қосымша құн заңынан шығарады. К. Маркс «Капиталда» буржуазиялық құрылыстың көрін қазушы және жаңа, коммунистік қоғамды жасаушы ретіндегі пролетариаттың тарихи ролін ғылыми негіздеп берді. «Маркстің «Капиталы» түгелімен мынадай ақиқатты – капиталистік қоғамның негізгі күштері тек буржуазия мен пролетариат қана болатындығын және бола алатындығын анықтауға арналған деп айтуға болады: - буржуазия сол капиталистік қоғамның құрушысы ретінде, оның қозғаушысы ретінде болады, - пролетариат капиталистік қоғамның көрін қазушы, оның орнын басуға қабілеті бар бірден-бір күш ретінде болады».
К. Маркстің қосымша құн туралы ілімі өздерінің өмірлік праволары жолындағы, жаңа қоғамдық құрылысты орнату жолындағы капитализмге қарсы күресінде пролетариатқа рухани қару береді.

К. Маркстің «Гота программасына сын»
деген еңбегінің маңызы.

Бұл еңбек 1875 жылы жазылған және ол лассальшылдық көзқарас орын алған Германия социалистік жұмысшы партиясы программасының жобасын сынау тұрғысынан талдауға арналған еңбек болып табылады.
Материалистік диалектиканы қолдана отырып, Маркс болашақ қоғам дамуының екі сатысын атап көрсетеді. «Коммунистік қоғамның жоғары фазасында – деп жазады ол, – адамды құл қылатын еңбек бөлінісіне адамның бағынуы жоғанғаннан кейін; сонымен бірге ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы қарама-қарсылық жоғалғаннан кейін; еңбек тіршілік құралы ғана болудан қалып, өзі өмірдің бірінші қажеттілігіне айналғаннан кейін; жеке адамдардың жан-жақты кемелденуімен бірге, өндіргіш күштер өсіп, қоғам байлығының барлық негіздері арнасына тола аққаннан кейін, тек сонда ғана буржуазиялық құқықтың тар шеңберінен мүлдем арылуға болады, сөйтіп қоғам өзінің туына: «Әркімнің – қабілетіне қарай, әркімге керегіне қарай! – деп жаза алады».
В.И. Ленин өзінің бірқатар еңбектерінде Маркс ұсынған қағидаларды қамытты. Бұл тұрғыдан алғанда «Мемлекет және революция» (V тарау) атты еңбегінің ерекше зор маңызы бар. Коммунизмнің жлғары фазасы туралы ілім КПСС документтерінде одан әрі дамытылуда. Оның жиынтық сипаттамасы Коммунистік партия Программасында берілген. СССР-дің кемелденген социализм кезеңіне енуі партияның жаңа экономикалық стратегиясына талдау жасауды, социализмнің коммунизмге ұласу жолдарын одан әрі нақтылай түсуді талап етті.
Коммунистік формация туралы маркстік-лениндік ілім, оны партияның одын әрі дамытуы буржуазиялық көзқарастарға қарсы күресте сенімді тірек болады, коммунизмнің адамзат қоғамының жоғары формасы ретінде сөзсіз салтанат құратындығын сенімді түрде дәлелдейді.

Қорытынды

Маркстің творчестволық мұрасы оның «классикалық мектептегі» алдындағылармен, әсіресе А.Смит пен Д.Рикардомен улкен байланыс бар.
Сонымен, классикалық мектеп саяси экономияный тұжырымдамасын тереңдете отырып, У. Петти, А. Смит, Д. Рикардо, К. Маркс және Ф. Энгельс теориялық тұжырымдаманы жасады, ол жинақталып – «марксизм» деген атқа ие болды. К. Маркстің ашқан басты жаңалықтары: қоғамдық-экономикалық формация, капитализмнің даму заңдылықтары, социализмнің жаңа жүйе ретінде пайда болуы, ұдайы өндіріс пен экономикалық дағдарыстар теориясы, тауарға сіңген еңбектің екі табиғаттылығы, қосымша құн туралы ілімдерді қалыптастырғанын; абсолюттік рентаның, жалдамалы еңбектің мәнін ашқанын білдік. Және өзінің еңбегімен экономика іліміне үлкен жаңалық ашып, дамуына зор үлес қосқан. Экономикалық ғылым үш ғасыр бойы саяси экономия ретінде дамыды. Экономикалық ілімнің анықтамасында таптық көзқарастың басымдылығын дәлелдей отырып, К.Маркс оны кеңінен қолдануды ұсынды.
К. Маркс өзі айтқандай: «...экономикалық формаларға анализ беруге микроскопты да, не химиялық реактивты де пайдалануға болмайды. Бұл екеуінің орнына абстракцияның күші жүруге тиіс», Маркс жекеше тыс ойлайтын экономист деп айтуға болады.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Ө. Қ. Шеденов. Экономикалық ілімдер тарихы. Алматы - Ақтөбе, 2006ж.
2. Саяси экономия. Оқулық. Алматы, 1982ж.
3. Мұртаза Бұлұтай. Дін және мәдениет.
4. Я. Әубакіров. Экономикалық теория негіздері. Алматы «Санат», 1998ж.
5. Шеденов Ө. Қ. Жалпы экономикалық теория. Ақтөбе – 2004ж. «А-Полиграфия».
Категория: Курстық жұмыстар | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: оның, Маркс, карл, және, көзқарастары
Просмотров: 5605 | Загрузок: 358 | Рейтинг: 4.7/3
Всего комментариев: 0
avatar