“Ғалияда” оқыған қазақтар - Әр түрлі - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Әр түрлі

“Ғалияда” оқыған қазақтар
[ Скачать с сервера (61.0Kb) ] 02.09.2014, 10:29

“Ғалияда”  оқыған қазақтар

 

Қолжазба “Садақ” журналын Уфадағы “Ғалия” медресесінде оқып жүрген қазақ жастары 1915-1918 жылдары шығарыпты дегенді 1952 жылы адал жүрек ақын, атақты “Әли қарттың әңгімесі” поэмасы үшін “жемеген таяғы жоқ” Жақан Сыздықовтан естіп ем. Басылымды іздеу барысында талай қызыққа да, қиындыққа да батқаным 1986 жылы шыққан “Садақ” атты хикаялы эссеме негіз болды. Баспаның сол кездегі қырағы редакторлары, басшылары “Садақты” тілге тиек етіп, бүкіл қазақтың интелектуалды дүниесін ақтарып кетіпсің, “қажетсіз” оқығандарды, зиялыларды атапсың деп кітаптың жартысына жақынын қысқартып тастаған болатын. Тәуелсіздік қолымызға емін-еркін тиген уақытта “Сандалтқан “Садақ” есімді ғылыми-деректі шытырман хикаяны Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша 2002 жылы шығарғанда “Фолиант” баспасы көлемі үлкен екен деп автормен ақылдаспай үштен бір бөлігін алып қалыпты. Ол тарауларда медресе “Ғалияны” бітіріп келгендердің игілікті істері, артында қалған ұрпақтарының әке-аталарының жүз жылдығын атау рәсімдері және жаңадан табылған мәнді құжаттар, яғни қазақтың зиялылығын танытатын бөлігі алынып қалыпты. “Өзі болмаса да көзі” деген атпен жалғастырамыз деп уәде беріп еді, осы күні сөздің шындыққа айналуы қиын болып бара жатқандықтан тиянағы әзірге көрінбей тұр.

 

“Ғалияда” оқыған қазақ жастарын айтудан бұрын осындай кіріспенің болары заңды. Өйткені халқымыздың биік өресін көрсетейін десең еуроцентризмге бой алдырып қалғандар әлі де құлашты кеңге жаздырмай келе жатыр.

 

Биыл “Ғалия” медресесінің 100 жылдық мерейтойы болайын деп жатыр. Оның орнына өмір сүріп жатқан Ресей ислам университеті жер-жерге сауын айтып, конференцияға шақыру жіберуде. Маған келген хатта: “Татар, башқұрттан кейін көп оқыған қазақ жастары, сондықтан баяндама дайындай келіңіз”, деген өтініш те бар.

 

1905 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін аз-маз еркіндіктің шеті көрінгенде сонау Қырымда Исмаил Гаспринский (Гаспралы) өзінің “Тәржиман” газеті арқылы жадидизмді насихаттап, жаңаша оқу жүйесін, яғни бірыңғай Құран уағызын жаттата бермей дүнияуи білім алуға үндеді. Осы жаңа ба­ғытты Ресей империясы қол астындағы мұсылмандар жұртында алғаш жүзеге асырған Зиядрин Әл-Камали деген ағартушы болды. Бұған діндарлар қарсы болып, талай қиястықтар да жасады, аяқтан да шалды. Бірақ жаңаның жеңетін заңдылығы бұл салада да анық көрініп, 1918 жылға дейін өмір сүрді.

 

“С открытием “Галии” начала стекаться жаждущая знаний молодежь из всех мусульманских районов России.

 

“Галия” имела 3 подготовительных класса с годичным курсом каждый и 3 основных класса по три года обучения. Изучалась каноны ислама. Преподование общеобразовательных предметов (алгебра, физика, история, география, русский язык, татарский язык и литература, педагогика и гигиена) было поставлено несравненно лучше.

 

“Галия” отличалась от многих медресе не только постановкой учебного процесса, но и Свободолюбимым Духом. Здесь были диспуты, лекции, литературные вечера, издавались рукописные журналы на татарском, казахском, узбекском языках. Учащиеся живо откликались на революционные события. Крупная забастовка шакирдов состоялись в 1912 году” (“История Уфы”, 1981 г. 182-183-беттер), деген мәнді хабарлар мен деректер біраз жайдан мағлұмат берсе керек. 

 

1912 жылғы шәкірттер көтерілісіне тап сол кезде “Ғалияда” оқыған Мағжан Жұмабаев қатысып қалуы ғажап емес. Өйткені, Ғалымжан Ибрагимов сынды озық ойлы жанмен бірге оқуы, жақын таныс болуы және сол 1912 жылы өлеңдер жинағын шығаруы жас талапкер қоғамдық-әлеуметтік оқиғадан тыс болды дегізбесе керек. Өйткені, қасындағы жора-жолдастарынан қалып қоюға қаншама саналы болса да ұяты жібермейді. Екіншіден, медреседен қуылған 65 шәкірттің бірі Мағжан болуы да мүмкін.  Небәрі бір жыл ғана оқып, қаншама “орысжанды” болса да, Омбыдағы оқытушылар семинариясының дайындық  курсына “жаңа заманға ыңғайлану талабымен” түсіп еді деу өте қиын. Мағжанды зерттеушілер осы жайды архив деректері арқылы анықтаса, талай қызыққа кезігеріміз анық.

 

Сонымен “Ғалия” медресесі 12 жыл өмір сүрді. 1916 жылы 30 желтоқсанда “Тұрмұш” газеті он жыл жасаған “Ғалия” медресесін –  930 шәкірт, оның 224-і қазақ, өзбек, адыгей, әзірбайжан, черкес жастары бітіріп шыққанын жазды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хайыржан Бекхожин өзінің “Қазақ баспасөзінің даму жолдары” деген 1964 жылғы еңбегінде “Ғалияны” бітірген 154 қазақ шәкірттері төте оқу мектептерін ашып, бала оқытқандары жайында тиянақты дерек келтіреді. Одан кейінгі екі оқу жылын қосқанда ең аз дегенде екі жүздей қазақ жастары жоғары оқу деңгейіндегі медреседен білім алып, елге пайдалы еңбек етті деп шамалауға болады. Олардың қайсыбірінің аты-жөні белгілі, хабар да бар.

 

Мәселен, 1913 жылы “Медресе “Ғалияға” 40-тан астам қазақ шәкірті келді. 14-і Семейден, 7-і Ақмоладан, 5-і Торғайдан, 6-ы Астраханнан, 6-ы Жетісудан, 2-і Сырдариядан. Сонымен қатар Кавказдан – 5, Қырымнан – 2, Стамбұлтүркі – 1, Ауған түркімені – 1” деген дерек “Қазақ” газетінің 31 қарашасындағы санында жарияланды. Сонымен қатар “Қазақ”, “Вақт”, “Тұрмұш” газеттерінде кейде аттары аталып, кейде 17, 34, 40, 38 деп аты-жөні көрсетілмей қол қойған қазақ шәкірттері газетке хабар беріп, мәлімдеме жасағандары да бар. Менің өзіме осылардың 79-ы аты-жөнімен белгілі. Оларды тарих үшін де, кейінгі ұрпақтары үшін де сөз арасында атап көрсеткенім дұрыс болар.

 

Өз қолымдағы деректерге сүйенсем, “Ғалия” шәкірттерінің іс-әрекеттері маған 1911 жылдан белгілі. Сол жылы “Айқап” журналы өзінің 4-ші санында: “Медресе “Ғалияда” оқушы қазақ шәкірттері “Әліппе, яки төте оқу” есімлі қазақ һәм қырғыз балаларына арнап бір кітап басып шығарып, сатыла бастады. Бағасы 17 тиын. Қайырлы сағатта болсын!

 

Шәкірттердің тағы бір ыждаһаты бұл “Әліппеден” соң қазақ балалары оқу үшін тағы бір кітап жазып шығармақ екен. Біздің білуімізше марқұм Тургайская область инспекторы болып тұрған Ибрагим Алтынсаринның орыс ғарпымен бастырған “Хрестоматия” деген кітабы орталарынан ұлықсат алып, ғараб ғарпымен бастырғаны мақұл болар еді”, деген хабарламаның айтары айрықша мәнді екендігін аңғармасқа болмас.

 

Не болмаса “Айқаптың” 1911 жылғы 10 санында: “Ғұмар Қарашұлының жаңа шығарған “Өрнек” атты кітапшасын 1911 жылы Уфада медресе “Ғалиядағы” қырғыз-қазақ шәкірттері жалпақ қазақ тілінде бастырған екен. Оның біреуін алдырып оқыдық. Өзі аз болса да сөзі жақсы, терең ойға түсіретін болғандығы үшін оқып алып, Қарашұлы мен шәкірттерге көп сүйсініп, дұға қылдық”, деген сыни ойы бар жарнамадан біраз сыр аңғарып, ол кездегі шәкірттердің іс-әрекетіне ішің жылып қана қоймай, “шіркін олар атқарған істерді ел-жұртқа жайса ғой”, дегің де келеді.

 

Шәкірттердің қандай игі қадам жасағандығын және оны сол кездегілер қалай қабылдағанын күні бүгінге дейін қисыны табылмай келе жатқан бір өткір мәселенің шетімен көрсете кеткен жөн. Мұнда әуелінде жай ғана тілек болып көрінгенмен, бара-бара үлкен дауға айналып, талай қияс қадамдар жасатқан жай да кездесті.

 

1913 жылы “Қазақ” газетінің, 8 және 15 желтоқсандағы сандарында “Емле хақында” деген тақырыппен медресе “Ғалияның” 17 шәкірті, атап айтқанда Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұсайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камалидден Жайсаңов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Елепов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбек Ермектасов, Мырзахмет Қожақланов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғамбаев, Молдахмет Ержанов, Қапан Ғабдылкереев, Хұсайын Ажаров қол қойған мақала жарияланды. Ол негізінен Ахмет Байтұрсыновтың араб алфавиті негізінде қазақ тіліне лайықталып, ықшамдалып күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршең де ыңғайлы төте оқу жазуы – сұлу жәдит емлесін кеңінен қолданып, қазақ мектептерінде дәйекті оқыту жайына тоқталған ойлы мақала болатын.

“Сендер өздеріңе әліппе жасап алайық деп жүрсіңдер. Бізде оқып жүрсендер де қазақ даласына алақтай қарайсыңдар, біздің оқу-білімімізді өздеріңе ыңғайламақсыңдар. “Ғалия” татар медресесі болғандықтан, татар тілінен басқаларға жол жоқ”, деп татарды “айрықша жақсы көретін” екі шәкірт медресе оқуханасында жатқан “Садақ” журналының 1913 жылдың күзінде шыққан 2 нөмірін жыртып-жыртып, дәретханаға апарып тастапты. Бұған ызаланған қазақ шәкірттері біраз қызылшеке болып, қол көтерісіп қалған сәті кездесіпті. Жастардың қызбалығы медреседе біраз дүрбелең туғызыпты. Басшылықты да, ұстаздарды да ойландыра бастаған шақта “Садақтың” үшінші саны 1915 жылы 20 қарашада әзер шығады. Сол жылдың 23 желтоқсанында “Қазақ” газеті “Ғалияның” 34 шәкірті қол қойған “Қазақ тілінде оқыту жайында” атты ашық хат жариялады. Бұл ұсыныс жағдайдың ушыға түсуіне апарып соқтырды. Өйткені “қазақ балаларын оқытып жатқан мұғалімдеріміздің қазақша оқу құралдары бола тұрып, ноғай тілінде жазылған оқу құралдарын алдыруларын көреміз. Бұл қазақ балаларын оқытып, бір нәрсе білдіру үшін “барынша қазақша оқу құралдарын һәм қазақ емлесін қолдану тиіс” деген талап түрік тектес ағайындарды татар тілі мен әдебиетімен “азықтандыруға” жан салып жүргендердің “жынына” тиді. Оны аңғару онша ұзаққа созылмады.

1916 жылдың 1 қаңтарында, яғни бір жұмадан соң татардың Орынборда шығып тұрған “Вақт” газеті Кабир әфенді Бәкір жазған шолуда 1915 жылғы жайсыз, көңілсіз уақиғалардың бірі ретінде атап өткенде 16 қаңтарда 38 шәкірт, атап айтқанда Ғабдулжапар Байжұманов, Ғабрахман Мұстафин, Ғұмар Нияз, Нұрахмет Афлигов, Мұхамедрахым Асылбаев, Нұртаза Нұрпейісов, Мәлік Мұстафин, Ғаббас Қанафин, Бимұхамет Майлин, Төлебай Ержанов, Армия Ешкеев, Хажимолла Басимов, Ғайса Тоқтарбеков, Ешмұхамедов, Сейіт Аманжолов, Хамза Ибрагимов, Досмайыл Есентаев, Нұғыман Манаев, Жиенғали Тілепбергенов, Сұлтан Шоқаев, Әлмұхамет Жандыбаев, Ғабдолла Толбаев, Балақожа Сүлейменов, Қаһан Ережепов, Зейнелғабиден Имажанов, Хайролла Ибрагимов, Садық Қасымов, Ахметнәби Ғалиханов, Дәулетқали Есенгелдин, Келді Мұқаметкелдиев, Меңдіғали Сакипов, Ахмет Егізбаев, Бекмұхамет Олжабаев, Досмұхамет Аманқұлов, Сәрсембі Баубаев, Мұхаметкәрім Оралбаев, Дөненхан Ғұмаров, Кәрім Ешмұхаметов: “Біздің ол хатымыз бастауыш мектебімізде ана тілінде оқу оқыту бірінші қадам деп тапқанымыздан жазылған еді. Көп жылдардан бері татар мақбуғатымен халқымыздың бұл дәрежеге келуін естен шығарып, қарсылық жасау емес еді һәм әдебиет айырмашылықтары аз екі халық арасын бүлдіріп, татар әдебиеті мен матбұғатын қазақтарға жек көрсету ниетінен аулақ едік. Ол тіпті қаперімізде болмаған жай!

Рас, татардың белгілі зиялыларының кейбіреуі татар халқын айрықша сүйіп, Россиядағы бүкіл мұсылмандарды жоғарғы бір түрік-татар ұлты етіп жасауды тілейді екен. Пікірлеріне рахмет! Ондай сөздерді ХХ ғасырда туғандарға айту көзсіз. Бұдан бұрынғы заманда татарлана алмаған бір халық бұл ХХ ғасырда татарлана алмас!” деп жауап берулері “Садақтың” алғашқы сандары тұсында бұзылған шырықты онан әрі ушықтыра түспесе, тыныштандыра қойған жоқ. Жалпымедреселік жиналыс шақырылатын болған соң Орынбордан Ахмет Байтұрсынов әдейі келіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сынды татар-башқұрт көшбастаушы зиялылармен сөйлесіп, татулық орнатқан-ды. Бұл мәселенің жөнді арна табуына Ғалымжан Ибрагимовтың осы жиналыста жасаған “Тілдері басқа болса да көңілдері бір” деген баяндамасы себепкер болды.

 

“Қазақты татар әдебиеті билән қанағаттандыру фикирі тек ол халықты вэ тарихи ағымын білмеуден келедүр. Бізге қазақларны” “татар тілі мен әдебиеті” астына кірігу қиялынан гөрі әдеби қазынамызды байыту үшін қазақ халқы әдебиетінен кең рәуіште үйрену тиышлелер”, деген ойын айтып, жалындап келе жатқан өртті басқаны тарихқа белгілі. Ғалымжан Ибрагимовтың бұл баяндамасы “Ақ” (білім) журналының 1916 жылғы 15 санында басылып, кейінгі көп томдықтарында үзбей жариялануда. Қарапайым тілектен басталған ұсыныс екі халықты жарастырар үлкен оймен аяқталуы албырт шәкірттердің алғыр тілектерінің жетелілігін көрсетіп, болашақ қайраткерліктеріне бағдарлама болғанын аңғару қиынға түспесе керек.

 

“Ғалияда” оқыған қазақ жастарының бір тобы “Садақтың” 1918 жылғы 10 ақпанында шыққан соңғы қоштасу санында журналдың шығаруына ат салысқан өлең-жыр, мақала, ел сөзін жинап тапсырған авторлардың жасырын аттарын ашып берген тізім бар. Олардың біразы жоғарыдағы хаттамада кездеседі. Алайда Зияш Алдабергенов, Салахидден Жүсіпұлы Сарталиев, Мұхамет Сабыр Айтқожин, Мағауия Таңатаров, Хамза Бекмұхаметов, Әбдірашит Әлімбаев, Әбубәкір Қазақов, Бекбау Әлиев, Төлеубай Ақылбеков сынды азаматтар да “Ғалияда” оқыған-ды.

 

 

Қазақ зиялылығын көрсету үшін жоғары білім алғандарды анықтап, мәдениетіміздің биік өресін жоғарғыларға білдірмей көп еңбек еткен азамат Ғалым Ахмедов болғанына ешкім дау айта алмас. Медресе “Ғалияны” бітіргендерден 76 кісінің аты-жөнін баспасөзге жариялады. Солардың ішінде Әбушахман Бөкеев, Ғабдрахман Сұлтанов, Сермұхамбет Қыпшақбайұлы, Ахмет Мәметов (Мәншүктің әкесі), Жұмағали Бейсенбаев, Балқожа Сүлейменов, Нұрахмет Ақылбеков, Сәдуақас Жандосұлы, Кенжеғали Ғабдуллин (ақын, ерте қайтыс болған), Бекмұхамет Серкебаев (Ермектің әкесі), Төреахмет Қожымов, Әшкей Жақаев, Айтмағамбет Жұманов, Жармұхамет Тіленшиннің аттары атап көрсетілген.

 

Сонымен қатар “Қазақ әдебиеті” газетінде “25 ноябрь, жұма күні кешкі сағат 6.30-да М.Әуезов музей-үйінің залында (М.Төлебаев көшесі, 185 үй) қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің кезекті сабағын “Қолжазба журнал “Садақ” (медресе “Ғалиядағы” қазақ шәкірттері, жайынан) деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев өткізеді” деген хабарға қазақтың “ескілігін” білуге құштар біраз зиялылар жиналды. Университеттің мәшинесіз ректоры Рахманқұл Бердібаев, Жамбыл бөлімінің меңгерушісі, жан досым Мырзабек Дүйсенов, ол кезде атақты ақын деп білетін, кейін құдам болған Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, бірге оқыған парталасым Есенгелді Жақыпов, қазақтың сөз өнерінің маржандарын жинауда ерен еңбек сіңірген Мардан Байділдаев сынды азаматтар музейдің кішкене залын керіп отырғандарымен қоймай, төпелетіп сұрақты жаудырып, медреседе оқыпты деген талай адамдардың атын атады. Мардан марқұм: “Сырдариядан оқуға түскен екеу кім екен?” деп мені тығырыққа бір тіреп алды да, мен оларды білемін, біреуі мына Ауыл шаруашылығы институтындағы профессордың әкесі деп атын атап еді, қазір есіме түсіре алмай отырмын. Есенгелді Семей төңірегінен оқыған адамдардың, өсірген Таһир Жомартбаевтың атын атап еді, “менің көргендерімнің ішінен кездестіре қоймадым” дегеніме дес бермей “анау списогіңе қосып қой” деп бұйырды.

 

Әлден уақытта орнынан Мұзағаң көтеріліп: “Сен айтқан Әбдірашит Әлімбаев менің әкем Аймағамбет болып жүрмесін. Ол кісі де медреседе оқыған еді”, деп күмілжітті. Әбдірашит деген қысқы каникул кезінде Омбыдан келе жатып бар қаражатын ұрлатып алған соң “Ғалия” шәкірттері жылу жинап берген және “Садаққа” “омбылық” деген жасырын атпен мәтін беріп тұрған шәкірт. “Сіздің әкеңіздің молдалықтан басқа өнері бар ма еді? деп сөзімнің аяғын қалжыңға жықтым. “Жоқ, білемін ғой әкемді”, деген соң: “Құжатыңызбен сендірмесеңіз мына тізімге қоса алмаймын” деп әрең құтылдым.

 

Сонымен, медреседе оқыған екі жүздей қазақ жастарының елге қайсысының еңбегі сіңгенін айтар болсақ, өзім анық танитындарым бірқыдыру. Олардың ішінде “Ғалияда” жарты жылдай оқыды деп жазылып жүрген, шындығында екі оқу жылын оқыған Бейімбет Майлинге түсіндірме беріп жатуым артық болар. “Шұғаның белгісіндей” классикалық шығарманы жариялаған “Садақ” журналына Бейімбеттің редактор-шығарушы болу эстафетасын жалғастырған Жиенғали Тілепбергеновтің әдебиет тарихына оралуына біраз маңдай тер төккенімді айтып жатпай, 1955 жылдан бері зерттеліп, 1968 жылы шыққан “Ізбасар” жинағын, 1995 жылы Ақтөбе азаматтары шығарған 2 том шығармаларын “Алаш” баспасы 2005 жылы қайтадан толықтыра жариялап жатқанын айтсам да жетер. Жиенғалидың ұлы Нұраш, менің шәкіртім доцент Ниязова осы игі істің соңында жүр.

 

Категория: Әр түрлі | Добавил: Jahcepik | Теги: оқыған, “Ғалияда”, Қазақтар
Просмотров: 346 | Загрузок: 148 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar