Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы... - Әр түрлі - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Әр түрлі

Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы...
[ Скачать с сервера (62.0Kb) ] 02.09.2014, 09:05

Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы...

 

Біз сөз еткелі отырған бабамыз күрделі тағдыр иесі. Оны өзімізден бұрын өзгелер танып, баға берген. Оған америкалық ғалым М.Б.Олкоттың “аса мықты тұлға, ресейлік зерттеушілер А.И.Левшин, А.Добромысловтың “атақты адам” деп сипаттауы анық дәлел. Ал Шернияз ақын болса Баймағамбет сұлтанға берген жауабында:

 

Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы

Жайлаған арғын, найман, Өтенсазы...

Байеке, танымасаң, танытайын

Мен едім Исатайдың Шерниязы, – дейді.

 

Сонымен, Арынғазы кім? Ол қандай істерімен тарихта қалды? Оның өмірінен алынар тағылым неде?

Арынғазының замандастары – 1820 жылғы Бұхараға барған А.Ф.Негри басқарған орыс елшілігі құрамында болған капитан Е.К.Мейендорф: “Сұлтанның бет-әлпеті әдемі, үлкен, сұлу, қара көзді, сырт-пішіні келбетті және салиқалы көрінеді. Бізге ол кең түрде пайымдай білетін адам ретінде әсер қалдырды”, деп келтіреді. 1820 жылы 21 қарашада Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.Ф.Тимковскийге жазған тағы бір хатында жоғарыдағы жолдардың иесі: “Ол (Арынғазы – Ә.М., Ұ.Т.) қатал шешім қабылдай алатын, жігерлі, менің байқауымша, мінезі мазаң сияқты. Себебі, біздің әкімшілікті өзінің сан қырлы қиялымен жалықтырған. Мен оның қаталдығы мен әділдігі жөнінде айтқанмын. Ал оның адалдығына келсек, мен оған сенбес едім. Себебі, менің ойымша, ол әрқашан да тек өз пайдасы үшін қимылдайды”, – дейді. Ал Сыртқы істер министрлігінің аудармашысы Я.О.Ярцев 1821 жылы 24 қарашада Азия департаменті директоры К.К.Родофиникинге: “Арынғазы 35 жас шамасында. Оның сыртқы пішіні: ұзын бойлы, сымбатты. Кең жауырынды, жүрісі паң, сұлу жүзді, қалың қара, шағын сақалды, ойнақшыған қара көзді, іс-әрекеті жинақы. Ол — қызуқанды. Ашуланған кезде жүзі күреңітіп, көзі қанға толып, қолы дірілдейді. Ал қуанышын жасыра алмайды. Оның рухының ұлылығы мен ширақтығы қазіргі жағдайда — өнегелі. Ол ешуақытта өзгенің көзінше өзінің жабыққанын, мұңайғанын сездірмейді. Сонымен қатар, іс-әрекеттерінде және барлық жағдайда да қауіптенгенін, қорыққанын сездіртпей, айналасындағыларға жау-жүректілігімен, қатаңдығымен үлгі көрсете алады. Ол шығыс үлгісінде білім алған. Оның білімі арабша оқудан әрі аспайды. Дегенмен, оның ақылы кең, ойлау қабілеті жоғары. Оның сөзі жағымды, сенімді және әрқашан да паңдана сөйлейді. Ол қашан да қайырымды, қолы ашық және әрдайым кім-кімге де көмектесуге даяр тұрады”, дейді Арынғазыға Л.Мейердің де берген бағасы қызық! Ол: “Сұлтандар арасынан шыққан қазақтың жалғыз, адал патриоты”, деп өз ойын ашық айтқан.

Арынғазы Сыр бойы қазақтарын билеген Әбілғазы сұлтанның шаңырағында 1786 жылы дүниеге келді. Ата шежіресіне тоқталар болсақ, Жәнібек ханның Жәдік сұлтаннан тарайтынын атап өтсек жеткілікті. Оның арғы аталары — тұтастай қазақ­ты билеген Шығай, Есім, Қайып хандар. Бергі аталары — кіші жүздің оңтүстігінде өзіндік орны бар Батыр Қайыпұлы, Хиуаны билеген Қайып хан. Оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың соңғы жылдарына, кіші жүз қазақтарының ұзақ жылдар бойы күресінің нәтижесінде Жайық-Еділ аралығының қазақтарға қайтарылуы тұсында, оңтүстікте Хиуа хандары­ның Батыс Қазақстан өңіріне қайта-қайта басқыншылық әрекеттері күшейген кезеңде басталды.

Мұрағатқа арқа сүйесек, Арынғазы сұлтан есімі 1811 жылы Бөкей сұлтанды хан тағына отырғызушылар қатарында аталып, жазба деректе алғаш рет кездеседі. Патша үкіметі Әбілқайыр мен Батыр хандардан тарайтын ұрпақтарды өзара қарама-қарсы қойғанымен, ХІХ ғасырдың басында олардың қазаққа ортақ мәселеде бірлесе қимылдағаны анық байқалады. Арынғазының әкесі Әбілғазы хан да ата дәстүрі бойынша Бөкей ханмен үнемі байланыста болды. Міне, осы кезеңде Арынғазы көршілес түркімен ханы Нұралы ұлы Пірәлінің қызы Жақсыға үйленген-ді. Кейін Жақсы ханымның беделі өзімізге белгілі Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханымнан, Нұралы ханның қызы Тойқарадан, Кенесары ханның қарындасы Бопайдан кем емес деңгейде болды. Жалпы, қай кезеңде де кіші жүзді билеген Әбілқайыр, Батыр ұрпақтары өз жерлерінің тұтастығын сақтауға бар күшін салды. Оған елдің оңтүстігіндегі Хиуа хандығымен, түркімендермен болған түрлі қарым-қатынастар дәлел бола алады.

Жоғарыда айтқанымыздай, ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Хиуа ханы Мұхаммед Рахимнің қазақтарға қарсы ашық жаулаушылық әрекеті сипат алды. Орыс тыңшыларының мағлұматына сенсек, Хиуа ханында 35 мыңға дейін атты әскер болса, оның 5 мыңы мылтықпен қаруланған екен. Тұрақты әскерді қалыптастырған Мұхаммед Рахим оларға тұрақты жалақы беруді де ұйымдастырған. 1812 жылы қаңтар айында Хиуа ханы өзбек, түркімен, қарақалпақтарды қосып, Сыр бойы қазақтарына шабуылдап, 100 мың қой, 40 мың түйе, онысымен қоймай, 500 қыз-келіншекті еліне айдап кетті. Мұндай жойқын шабуыл 1815 жылдың қысында тағы да қайталанды. Осы жорықта Мұхаммед Рахим Әбілғазы билеген шекті руын бағындыруды көздеді. 5 мың мұздай қаруланған хиуалықтар шабуылынан Әбіл­ғазы хан, шекті Жаназар бастаған ел Сырдарияның арғы бетіне өтуге мәжбүр болды. Көп ұзамай Әбілғазы хан дүние салды. Қалыптасқан ішкі және сыртқы жағдайды қатаң ескерген шекті рубасылары Арынғазы сұлтанға сенім білдіріп, 1815 жылы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында, Жанкент қаласы маңында оны өздеріне хан көтерді.

Арынғазы сұлтанның хан сайлануы ХІХ ғасыр басындағы қазақ даласы үшін үлкен тарихи бетбұрыстың бастамасы болды. Өйткені, ХVІІІ ғасырда қазақтың ішкі мәсе­лелеріне араласуды батыл қолға алған орыс саясаткерлері Әбілқайыр, Батыр ұрпақтары арасында белгілі дәрежеде талас-тартысты қыздырып, қазақ сұлтандарын үнемі бір-біріне айдап салып отыратын. Патша үкіметімен байланысқа шыққан қазақ сұлтандарының Орынбор губернаторымен жазысқан хаттарында оның алғашқы белгілері байқалып та қалып жатты. Осыны ескерген Арынғазы Әбілқайыр хан ұрпақтары – Нұралы, Ерәлі, Пірәлі хандармен, өз бауырлары — кіші жүздегі Қарабай, Шерғазы сұлтандармен, орта жүздегі Батыр хан ұрпақтары — Жантөре Жиһангерұлы, Жұма Құдаймеңдіұлы, Баба Қайыпұлдарымен, Сырым батыр ұрпақтарымен, Бұхарадағы мұсылман діни өкілдерімен келісімге келіп, елді біріктіру жұмысын бастап кетті. Сөйтіп, ол ХІХ ғасыр басында мұндағы рулар арасындағы тартысты өзінің батылдығымен тоқтата білді. Бұл бағытта хан әдет-ғұрып және шариғат заңдарына сүйеніп, араздықты тудырушы кінәлілерді көпшілік алдында өлім жазасына кесуге дейін барды. Ел аузында сол уақытта Жайық бойындағы кіші жүзден Арынғазы деген хан шығыпты, өзі қара қылды қақ жарған әділ екен дейді деген әңгімелер тарады. Оны естіген орта жүздің Торғай еліндегі арғын рулары да әділдік іздеп келіп тұрған. Арынғазы жанынан арғын руы билеушілері – Жұма Құдаймеңдіұлы, Мұса батыр, қыпшақ руынан – Құсырау сұлтан табыла білді.

Тарихшы Е.Бекмаханов өзінің еңбектерінде Кенесарының сот-құқықтық реформасы­ның негізі Арынғазы тәжірибесінен алынғандығын атап өтеді. Ғалым одан әрі сұлтанның осы саладағы жаңашылдығы туралы “оның реформаторлық қызметі Тәуке ханға қарағанда, басқаша сипатталатын. Соған қарамастан, Арынғазының сот ісін құру қызметі хан билігін нығайтуға арналған еді. Оның біріктіруші саясаты феодалдық негізде құрылды. Арынғазы ру-шонжарлар билерінің сот құқығын шектеді. Рулар арасындағы дау-жанжал ол тағайындаған қазылар арқылы шешілетін болды. Арынғазының заң шығарушылық қызметіндегі бір жаңалық – ол сот ісін қазақтардың әдеттегі құқығы бойынша емес, шарият дәстүрі бойынша жүргізу, бұл сөзсіз түрде оң қадам және қазақтардың құқықтық қатынастардың дамуындағы белгілі бір кезең болды”, – деп көрсетеді.

1816 жылғы 20-25 мамырда Ор өзенінің маңында кіші, орта жүз қазақтарының Арынғазы ұйымдастырған Халық кеңесі өтті. Оған атақты Көтібар би, Арыстан батыр, бастаған кіші жүздің көптеген сұлтандары мен рубасылары және орта жүзден 7 мыңға жуық адам қатысқан. Кездесу қорытындысында хан орта жүз рулары мен жаппас, жағалбайлы руларының арасындағы тартыс мәселелерін әдеттілікпен шешкен. Мұны естіген патша үкіметі өздері тағайындаған кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлының беделіне күмән келтіре бастады. Орынбор губернаторы Г.С.Волконский Арынғазымен қарым-қатынас орнатуға кірісті. Ханның ел ішіндегі біріктіру саясаты мен орыс үкіметінің оған деген қызығушылығының артуы тағы да Хиуадағы Мұхаммед Рахимнің қазақтарға қарсы шабуылына әкелді. 1816 жылы қараша айында Сүйін би бастаған хиуалықтар 10 мың қолмен 11 күн бойы Жанкент қаласын, оның маңындағы 100 қазақ ауылын аяусыз тонады. Жорық кезінде қазақтар 2 мың адамынан айырылды. Оңтүстікте қалыптасқан саяси жағдайдан шығудың бірден-бір жолы кіші жүздегі Шерғазы хан, Қаратай сұлтанмен өзара бірлесу қажеттігін түсінген Арынғазы орыс әкімшілігі ұйымдастырған 1817 жылғы 29 тамыздағы Орынбор Сауда үйіндегі кездесуді қабыл алды. Қазақтар арасындағы белгілі үш тұлғаның кездесуі нәтижесінде Хиуа, Бұхара бағытындағы мәселелер шешілгендей көрінді. Бұхара жағына Арынғазы, Хиуа бағытына Қаратай жауапкершілігі келісілді. Ресей бағытын анықтаған Арынғазы Хиуамен де қатынасты реттеуге ұмтылды. 1817 жылы қараша айының аяғында ол Үргеніш қаласына Хиуа ханымен кездесуге ағасы Шерғазы Қайыпұлын жіберді. Осы сапарда тұтқындар алмасылды. Бірақ, Хиуа ханы Арынғазының кіші жүзде ғана емес, Ресей саясаткерлері алдында да зор беделге ие болып, қазақтың мемлекеттік мәселелерімен дербес шұғылдана бастауынан секем алып, қайткенде де оны өзінің құлақ-кесті құлы етуге тырысты.

Категория: Әр түрлі | Добавил: Jahcepik | Теги: жақта, дүмбірлеген, АР, Арынғазы...
Просмотров: 352 | Загрузок: 121 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar