Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰҰ – соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал ете алатын бірден-бір халықаралық орган - Әр түрлі - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Әр түрлі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰҰ – соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал ете алатын бірден-бір халықаралық орган
[ Скачать с сервера (76.0Kb) ] 02.09.2014, 10:22
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰҰ – соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал ете алатын бірден-бір халықаралық орган

 

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясы ресми түрде 18 қыркүйекте ашыл­ған. Содан бері мұнда жұмыс қы­зып жатыр. Сессияның күн тәр­тібіне көз жүгіртсеңіз бас айналады – 160-тан астам мәселе қаралады екен. Олардың арасынан жотала­нып көрінетіндері – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, адам құқық­тарын, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және экономикалық даму, СПИД-пен күрес мәсе­лелері. Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды қарасты­руды да жалғастырады. 62-ші сессияның төрағасы болып бұ­рынғы Юго­сла­вия Республикасы – Македония­ның бұрынғы сыртқы істер ми­нистрі Срджян Керим сайланған.

Осы жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Қанат Сауда­баев­тың АҚШ-қа сапарына орай Ва­шингтонға жолымыз түскенде біз мұндағы көрнекті конгрессмен­дердің бірі Эни Фалеомаваегамен сұхбаттасқан болатынбыз. Айтқан­дай, ол кісі жақында біздің елімізге келіп кетті, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Президент Н.Ә.Назарбаев Эни Фалеомаваегаға бірінші дәрежелі “Достық” орденін табыс етті. Шет жағасы газетте (2007, 10 маусым) жарияланған сол әңгімеде конгрессмен АҚШ-тың Киото хаттамасына қосылмау себебі жайындағы біздің сұрағымызға да жауап қайтарған, Буш әкімшілігінің бұл қадамын құптамайтынын жасырмай айтқан. Біз Нью-Йоркке келіп түскен күні, 24 қыркүйекте ғаламшардағы климаттың өзгеруіне байланысты бүкіл адамзатты алаңдатып отырған осы мәселе Бас хатшының бастамашылығымен 62-ші сессияда арнайы қаралыпты. Мұның алдында жаһандағы климат ахуалы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде де екі рет талқыланған екен. Ға­лым­дар мен сарапшылар ауа райының жаппай жылынуы ең алдымен адамның өндірістік қызметіне, атап айтқанда, буланатын газдардың ат­мосфераға көтерілуіне байланысты екенін қадап көрсетуде. Журналис­терге таратылған ақпараттың өзі шошындырады: 1970 жылдан бері Жерді жаппай жылытуға соқтыра­тын булы газдардың көлемі 70 пайызға артқан екен, егер апаттың алдын алмаса 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш қазіргіден тағы да 25 пайызға көбейетін көрінеді. Мұ­хит­тағы мұзтаулардың ери бастауы әлем­дегі талай қаланы су алып кетуіне соқтыруы да мүмкін. 1997 жылы Киото хаттамасына қосылған елдер 2012 жылға қарай буланатын газдардың деңгейін 1990 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға кемітуге уағдаласқан. Алайда ол хаттаманың мерзімі 2012 жылы бітетініне әрі АҚШ сияқты бірнеше белді мем­ле­кеттің оған қол қоймауына байла­нысты бұл мәселе едәуір ушы­ғып тұр. Дүйсенбі күнгі жалпы пікірталас барысында бұл мәселені талқылау желтоқсан айында Бали ара­лында жалғасатын болып шешілді.

“Бүгін – Елбасы сапарының басты күні. Бүгін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең биік мінбері­нен сөз сөйлейді” – кеше Астанаға жолдаған алғашқы мақаламызды осылай аяқтаған едік. Иә, БҰҰ Бас Ассамблеясының сес­сиясы – әлем­нің ең биік мінбері. Адамзат тағ­дырының талай-талай мәселелерін шешкен осынау залдан кеше Қа­зақстан Президентінің дара дауысы дүйім дүниенің қиыр-қиырына сан тілде қатарласа тарап жатты.

Сессияны БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жиырма минөттік сөз сөйлеп ашты. Бразилия Президенті Л. да Силваның, АҚШ Президенті Дж.Буштың, Гана Президенті Дж.Куфуордың сөздерінен кейін төртінші болып кезек біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа тиді.

– Мен баршаңызды сондайлық та алыс емес тарихқа қайта оралып, БҰҰ Бас Ассамблеясының ең бірінші қарары неге арналғанын еске түсіруге шақырғым келеді, – деп бастады сөзін Қазақстан Президенті.

Бұдан алпыс бір жыл бұрын, 1946 жылы алғаш шақырылған БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің бірінші шешімімен Атом энер­гиясының ашылуына байланысты туындаған проблемаларды қа­рас­тыру үшін комиссия құрған бо­ла­тын.

Міне, сол уақыттан бері адам­заттың алаңдаушылығын азайта алатындай ештеңе дерлік болған жоқ. Керісінше, бүкіл осы жылда­ры ядролық қаруға ие болу жолын­дағы жанталас жалғасуда, бүгінде оған тіпті лаңкесшіл ұйымдар қосылып отыр.

Әлемдік қоғамдастық халықара­лық қауіпсіздік жүйесін реформалау қажеттігін әлдеқашан мойындаса да, айтарлықтай ілгерілеушілік жоқ.

Бұл мәселелер бойынша халық­аралық консенсустың жоқтығы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің кілт әлсіреуіне соқтырды. Тұтастай алғанда әңгіме халықаралық бас­қарымдылықтың жүйелік дағдарысы туралы болып отыр.

Бәрінен жаманы мынау, әлем­дік қоғамдастықта жаппай қырып-жою қаруының таралуын тоқтатуға қабілетті жария тетіктер барған сайын азайып барады.

Бірінші кезекте Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) асимметриялық келісімге айналғанын мойындау керек. Онда ядролық емес мемлекеттерге ғана санкция­лар көзделген. Ал енді ядролық державалар ядролық қару әзірлеуге тыйым салуға шақырса, онда олар­дың өздері атомдық арсеналды қысқарту мен одан бас тартудың үлгісін көрсетуі тиіс.

Мұндай әділетсіздік жаппай қырып-жою қаруына ие болу ниеті­нен арылмаған мемлекеттер үшін түрткі себеп болып табылады.

Біздің тұрғыдан мұндай ұмты­лыс ақылға сыйымсыз екенін қосқан жөн.

Қазақстан халқы атомдық жа­ры­лыстар салдарының бүкіл қасіретін өз басынан өткерген. Семей ядролық полигонында олар 456 рет жарылған.

Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның бірінші та­рихи шешімі Семей ядролық поли­гонын жабу болды. Соның артынша әлемдегі қуаты бойынша төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұры­лымдарын жою жүзеге асты.

Айта кетейін, сол кезде бізде оқытылған қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге іс жүзінде ядролық оқтұмсықтарды жеткізу жөніндегі құралдардың барлық түрлері бар еді.

Бұл қадамдар жаһандық қауіп­сіздік саласындағы біздің мемле­кетіміздің стратегиясын айқындап берді. Адамзат тарихында алғаш рет сойқан салу күшіне ие ел өз ер­кімен одан бас тартты.

Осы шешімімен Қазақстан әлемге сенім туғызғанына нық се­німдімін. Осының арқасында біздің елімізге бүгінде бүкіл әлем білетін дамудағы таңғажайып табыстардың негізі болған елеулі инвестициялар ағыла бастады.

Біз осы қадамымызбен барлық ядролық державалардан қауіп­сіз­ді­гі­мізге кепілдік алып, өз тәуелсіз­дігімізді нығайттық. Неге өзгелер де қару-жарақ шығаруға орасан зор қаражат жұмсағанша, біздің өнегемізді жалғастыр­мас­қа?

Алайда таралу үдерісіне мораль­дық, экономикалық және басқа себептермен қатар құқықтық тос­қауыл­дар керек. Сондықтан Қазақ­стан Шартты жаңа нақтылықтарға қарай бейімдеуді ұсынады.

Бұл соңғы жылдары халықара­лық лаңкесшілдік әлемдік қоғамдас­тықтың қауіпсіздігін айтарлықтай әлсіреткені үшін әсіресе өзекті болып отыр.

Лаңкесшілдікке халықаралық есірткі саудасы қаржылық тірек болуда. Бүгінде “лаңкесшілдік эко­номикасының” жыл сайынғы ай­налымының үштен бірі нақ осы есірткі индустриясына келеді.

Лаңкесшілдік тұрақсыз және кедей елдерде өзіне орта тауып отырғаны жалпыға мәлім. Біздің өңірде Ауғанстан сондай ел болып табылады. Нақ осы елден есірткі­лерді сату барған сайын өсе түскен көлемде жүргізілуде.

Кедей мемлекеттерге дамыған елдердің көмегі, нақты нәтижелерге жеткізе аларлықтай көмегі қажет.

Осы таяуда ғана шетелдік көмектің реципиенті болған біздің еліміз экономиканың қауырт өсуі арқасында “жаңа нәрлендіруші” мемлекеттер тобына еніп келеді. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жыл сайын экономиканың өсуі 10% төңірегінде болды. Енді біз де көршілерге көмектесудеміз.

Қазақстан Иракты қалпына келтіру және Ауғанстанда ахуалды тұрақтандыру үдерісі бетпе-бет келіп отырған қиындықтарға алаңдаушылық білдіреді.

Қазақстанда Ауғанстан бойын­ша арнаулы бағдарлама әзірленге­нін айтқым келеді. Ол ауған эконо­ми­касын инвестициялауды, гума­ни­тар­лық жобаларды іске асыруды қа­мтиды.

Бүгінде бітімгершілік операция­ларын жүргізу жөніндегі БҰҰ-ның күш-жігері өңірлік дағдарыстарды бейбіт реттеудің барынша тиімді құралы болып қалуда, деп жалғас­тырды сөзін Қазақстан басшысы.

Бұдан 15 жыл бұрын Қазақстан осы мінбеден Ұйымның бітімгер­шілік әлеуетін нығайту жөнінде бастама көтерген болатын. Біз мем­лекеттер өздерінің әскери бюджет­терінің бір пайыз қаржысын ерікті түрде аударуы есебінен БҰҰ-ның Бі­тімгершілік қорын құруды ұсы­намыз.

Бұл идея әскери мақсаттардың әлемдік шығынынан 1%-ын даму мақсаттарына қайта бағдарлауды ұсынған Бас хатшы Пан Ги Мун мырзаның тарапынан қолдау тапты. Бүгінде бұл сома триллион американ долларынан астамды құрайды.

Бұл шешім БҰҰ-ның Мыңжыл­дық даму мақсаттарына жету жөніндегі стратегиясын іске асыру жолында маңызды қадам болар еді деп есептеймін.

Бұдан кейін Мемлекетіміздің басшысы сессия отырысына қаты­сушы ханымдар мен мырзалардың назарын Қазақстанның БҰҰ-мен және оның мүшелерімен ынтымақ­тастық тұрғысынан маңызды мәні бар бірқатар мәселелерге аудартты.

Бірінші. Қазақстан Бас Ассам­блеяның климаттың өзге­руіне байланысты проблемаларды осы сессияның басым тақырыбы ре­тінде даралап көрсету шешімін құптайды.

Осыған байланысты Тұрақты даму жөніндегі Йоханнесбург саммитінде ұсынылған біздің бастамамызға назар аудартқым және БҰҰ аясында Әлемдік эколо­гиялық проблемалар реестрін жасау­ды тағы бір рет ұсынғым келеді. Бұл құжат экологиялық апаттарға қарсы күрес тетіктерін әзірлеуге көмектеседі.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына қарай бір кездегі ішкі ірі Арал теңізі өз су массивінің төрт­­тен үш бөлігін жоғалтты. Бұл теңіз төңірегінде тұратын миллиондаған адамдар үшін апатқа айналды. Теңіздің жалаңашталған табанын­дағы тұз экологияға зардап келтіре отырып, бүкіл Еуразияға таралуда.

Орталық Азия өңірінің елдері теңізді қалпына келтіру жөнінде көп іс атқарды, алайда бұл проб­леманы шешу бойынша әлемдік қо­ғамдастықтың күш-жігерін топ­тастыру керек. Сондықтан да мен 2002 жылғы Жер саммитіндегі секілді тағы да Аралды құтқарудың халықаралық қорына БҰҰ инсти­ту­тының статусын беруді ұсы­намын.

Екінші. Бүгінде әлемдік қоғам­дастық үшін жаһандық энергетика­лық дағдарыстың тереңдеуі және планетада қолайсыз климаттық өзгерістер қатерінің өсе түсуі аса өткір проблемалар болып табы­лады. Біз бұл проблемаларға “8 тобы” және АТЭҚ басшыларының алаңдаушылық білдіруін бөлісеміз.

БҰҰ аясында Жаһандық энер­гиялық-экологиялық стратегияны әзірлеп, оны 2012 жылғы Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте талқылау орынды болар еді, деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Үшінші. Қазақстан бір бөлігі болып табылатын Каспий өңірі ха­лықаралық энергетикалық рынок­та барған сайын өскелең рөл атқаруда.

Бүгінгі күні Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 7-ші орын, газдың қоры бойынша – 6-шы орын, уран қоры бойынша 2-ші орын алады.

2017 жылға қарай Қазақстан әлемдегі аса ірі мұнай өндірушілердің ондығына кіреді. Қазақстан елде өндірілетін газдың көлемін де ұлғайтуда. Уранның ірі қорына ие бола отырып, біз атом энерге­ти­касын дамытуда маңызды рөл атқаратын боламыз.

Бұл ретте Қазақстан жаһандық энергетикалық тепе-теңдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген өз жауапкершілігін толық мәнінде сезінеді.

Энергия тасымалдаушылардың тұтынушыларға жеткізілімін одан әрі әртараптандыру, сондай-ақ энергия ресурстарын өндірушілер үшін кепілдік беру мақсаттарында Қазақстан Энергия жеткізілімдерінің Еуразиялық тұрақтылық пактісін қабылдауды ұсынады, деді Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев.

Төртінші. Қазақстан жерінде БҰҰ тарихында теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің проблема­лары бойынша алғашқы жаһандық конференцияның өткізілуі 2003 жылы халықаралық құжат – “Алматы іс-әрекет бағдарламасы­ның” қабылдануына жеткізді. Ол осы елдер тобына көрсетілетін ық­пал­ды көмекке септеседі деп білеміз.

Бұл бағыттағы маңызды да қи­сындық тұрғысынан дәйекті қадам Қазастанда осы жылғы мамырда өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және Әлеуметтік комиссияларының (ЭСКАТО) соңғы сессияларында қол жеткізілген өңірлік ынтымақ­тас­тықты және көлік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту жөнін­дегі шешім болды, деп түйін­деді ойын Қазақстан басшысы.

Бесінші. Азия туралы айтқанда континенттік ауқымдағы ұжымдық қауіпсіздік тетіктерін қалыптастыру тақырыбын айналып өтуге болмай­ды. Бұл Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы қазақстандық бастаманың іске асы­рылуы арқасында мүмкін болды.

Айтпақшы, бұл ұсынысты мен нақ осы мінбеден 1992 жылы Бас Ассамблеяның 47-ші сессиясының ба­рысында алғаш рет жария ет­кенмін.

Бүгінде АӨСШК Азия аумағы­ның 90 пайызын алып жатқан 18 мемлекетті біріктіреді. Бұл елдердің халқы бүкіл жер халқының жарты­сын құрайды. Уақыт АӨСШК үдерісінің қажеттілігін дәлелдеді, оның аясында Азия мемлекет­терінің саяси үнқатысуы қарқын алып келеді, деді Елбасымыз.

Алтыншы. Біз БҰҰ қызметін реформалау жөніндегі бірлескен күш-жігерге қолдау білдіреміз.

Категория: Әр түрлі | Добавил: Jahcepik | Теги: ете, бейбітшілік, НАЗАРБАЕВ:, соғыс, БҰҰ, және, мәселелеріне, Нұрсұлтан, ықпал, тиімділікпен
Просмотров: 325 | Загрузок: 257 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar