Қаңлы мемлекеті - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Қаңлы мемлекеті
07.11.2014, 00:32

Қаңлы мемлекетіҚазақстан аумағында Қаңлы мемлекеті өмір сүрді. Қаңлы мемлекеті де қытай деректері арқылы әлемге мәлім болған. Қытайдың "Тарихи жазбалар. Ферғана тарауында": «Қаңлы (Кангю ) Ферғананын батыс солтүстігінде шамамен 2000 ли - шақырымдай жерде тұрады. Көшпенді мемлекет. Даружылармен ғұрып-әдеттері ұқсас. 70-80 мың жері бар.

Ферғанамен іргелес отырған ел» /6/ -деп жазылған. Осы еңбектің даружылар тарауында: "Даружылардың солтүстігіңде қаңлы тұрады. Көшпенді мемлекет. Мал соңынан ілесіп көшіп жүреді. Ғұндармен әдет-ғұрыптары ұқсас» /7/ -деп жазылған. Бұдан Қаңлылардың арғы тегінің даружылармен байланысты екендігін аңғарамыз. Ал даружылардың б.з.д. 160 жылдары Жетісу жерінен үйсіндер тарапынан ығысып, батыс оңтүстікке ауғандығы жоғарыда айтылды. Сол батыс оңтүстікке ауған даружы¬лар құрамынаи қаңлы тайпасы бөлініл шығып, Талас өзенінің орта ағысында б.з.д. 160 -150 жылдары аралығында өздерінің дербес Қаңлы мемлекетін құрған. Қытайдың "Ханьнама – Хань шу" атты жылнамасында:

"Жыжы төңірқүт өз жеңісіне масаттанып, Қаңлы патшасын да көзге ілмеді. Ол тіпті қаһарланып, қаңлы патшасының қызын, ақсүйек төрелерінің бірнеше жүздеген қарапайым адамдарын өлтіріп, жіліктеп Даулай шүйге (Дүлей су – Талас өзені – Н.М.) тастап жіберді"

/8/ - деген деректер. Қаңлы патша ордасының Талас өзені_бойында болғандығын аңғартады.

Қаңлы мемлекеті құрылғаннан кейін біршама ұзақ уақыт даму үрдісінде болған. Бұл жөнінде "Ханьнаманың Чэн Тань өмірбаянында" маңызды мәлімет жазылған. Онда:

"Қаңлы мемлекеті патшасы Леүйенй (Лоюнй) жерінде тұрады. Жазда Битянь қаласында болады. Битянь қаласынан Шаңаньге дейін (Хань империясының астанасы – Н.М.) 12 мың 300 ли. On Басқаққа (Ду ху - Хань патшалығының қазіргі Шынжаңның оңтүстігіндегі Бүгір ауданына орналастырған бақылаушы органы – Н.М.) тәуелді емес.... Қаңлының 120 мың отбасы, 600 мың адам, 120 мың жеңімпаз әскері бар"

/9/-деп жазылған. Жоғарыдағы келтірілген екі деректі салыстыратын болсақ, Қаңлы мемлекетінің алғашқы құрылған кездегіден анағұрлым дамығандығы байқалады. Даму, әрине, оның құзырындағы жер көлемінің кеңеюінен де көрінеді.

Қытай деректеріне сүйенсек, б.з.д. I ғасырдағы Қаңлы мемлекетінің иелік еткен аумағы Талас өзенінің батысын, оңтүстігі Сырдария өңірін толық қамтығандығын байқаймыз. Сондықтан, Қаңлы мемлекетінің басқару жүйесі де алғашқы кездегіден көп өзгерген. Атап айтқанда, Қаңлы патшасы оңтүстік өңірдегі жазиралы аймақтардағы қыстақтар мен қалаларды сол географиялық бөгделенген ортасы бойынша, жеке-жеке иеліктерге бөліп басқару саясатын қолданған. Оларға өзінің тоқалдан туған ұлдарын жіберіп, билеп-төстеп отырған. Бұл жөнінде қытайдың мынадай жазба дерегін дәйекке келтіруге болады. "Қаңлыда бес кіші патша – князь (сиао ван ) бар. Біріншісін Суше ваңы (Кеш князь) деп атайды. Ол Суше - Кеш қаласында тұрады. Ол жерден Басқақ тұрған жерге дейін – 5 мың 776 ли, ал Яш гуаньға /10/ дейін 8 мың 25 ли- екіншісін Фумо ваңы (Күшаня князы ) деп атайды. Ол Фумо – Күшаня қаласында тұрады. Ол жерден Басқақ тұрған жерге дейін 5 мың 767 ли, ал Ян-гуаньға дейін 8 мың 25 ли- үшіншісін Үйни ваңы (Ташкент князы) деп атайды. Ол Үйни – Ташкент қаласында тұрады. Ол жерден Басқақ тұрған жерге дейін 5 мың 266 ли, ал Ян-гуаньға дейін 7 мың 525 ли- төртіншісін Жи ваңы (Бұхара кня¬зы) деп атайды. Ол Жи - Бұқара қаласында тұрады. Ол жерден Басқақ тұрған жерге дейін 6 мың 296 ли, ал Ян-фаньға дейін 8 мың 550 ли- бесіншісін Оужянь ваңы (Үргенжі - Үргеніш князы) дел атайды. Ол Оужянь Үргенжі - Хоразим қаласында тұрады. Ол жерден Басқақ тұрған жерге дейін 6 мың 906 ли, ал Ян-гуаньға дейт 8 мың 355 ли. Бұл бес кіші патша түгелдей Қаңлы патшасына бағынады" /11/. Демек, Қаңлы мемлекеті өзінің географиялық ерекшеліктеріне сай, өзіне тәуелді елді бес әкімшілік аймаққа бөліп басқарған. Сонымен, қатар қаңлылардың мемлекеттік саяси басқару құрылымдық жүйесінде де өзіндік ерекшеліктер сақталған. Атап айтқанда, оларда патша, патшаның орынбасары, ақсүйіктер, ябғұ (жабғу) және түменбасы қатарлы бес дәрежелі әкімшілік басқару жүйесі қолданылған. Ал елді жазбаша заң арқылы басқарғаны да қытай деректерінде анық жазылған.

Қаңлы мемлекетінің әлеуметтік шаруашылығы оның табиғи ауа-райы және географиялық жағдайына байланысты орналастырылған. Қаңлы елінің оңтүстік өңіріндегі тұрғындар егін шаруашылығын негіз етіп, мал шаруашылығы және жеміс-жидек өндірісімен айналысқан. Сондықтан, қытай жылнамаларында қаңлының вассалында күріш, тары, асбұршақ, бидай дақылдары және жеміс-жидектер көп өседі /12/ деп жазылған. Ал қаңлы елінің солтүстік өңірін мекендеген тұрғындар жартылай көшпенді тұрмыс өткізген. Олар мал шаруашылығын негіз етіп, жылқы, сиыр, қой, түйе және қашыр қатарлы мал түліктерін өсірген. Қытай деректерінде қаңлылардың етті мол беретін тегене-құйрық қой өсіргендігі жазылған. Онда "қаңлыларда үлкен құйрықты қой өседі. Ол қойдың құйрығы көлемді жөне дөңгелек келеді, құйрығының салмағы 10 мың ( бір мың 500 г. - Н.М.) болады' /13/ деп жазылған мәліметтер, қазіргі кезде "тегенеқұйрық қазақ қойы» деп аталып жүрген қой тұқымын алғаш қаңлылар жетілдіріп, қазіргі қазақтарға мұра болып қалған деп ойлаймыз. Қаңлының қол өнеркәсібі де барынша дамығандықтан, "қаңлы мәдениет аймағы" қалыптасқан.

Қаңлы мемлекеті б.з. IІІ ғасырынан бастап құлдырады. Соған байланысты Қаңлы мемлекетінің вассалы болған, қаңлы князьдары билеген оңтүстік өңірдегі қала-қыстақтық аймақтар дербес елге айнала бастады. Сондай-ақ, олардың тіршілік және тұрмыстық формасының ерекшеленуіне байланысты олардың рухани жөне заттық мәдениеті өзіндік даму үрдісіне түсті. Сонымен, қаңлының оңтүстігі мен солтүстігіндегі тұрғындардың этникалық ерекшеліктері айшықтала түсті. Ал қаңлының солтүстігінде көшпеңді немесе жартылай көшпенді өмір сүрген тұрғындардың дамуы үйсіндерге жақындасу бағытында болды. Демек, әлеуметтік өндіріс тіршілік формасындағы айырмашылықтардың алшақтауы ел ішіндегі біртұтастықты әлсіретті. Соның салдарынан Қаңлы мемлекеті б.з. V ғасырында ыдырай бастады, VI ғасырда Түрік қағанатының құрамына қосылды.

Қаңлылардың батысында б.з.д. II ғасырдың соңында қытай деректерінде "Янцай" деп аталатын мемлекет қалыптасқан. Оны көптеген тарихшылар Аландар деп атап, оларды кіші жүздегі алшын руының арғы тегі деп есептейді /14/. Ал қытайдың Тарихи жазбалар. Ферғана тарауында": Янцай -Аландар Қаңлының батыс солтүстігінде 2000 лидей жерде тұрады. Көшпенді мемлекет, қаңлылармен ғұрып-әдеттері ұқсас. Садақты әскерлері 100 мыңнан асады. Жерінің шеті – су. Судың жағасы жоқ (судың шеті көрінбейді). Оны солтүстік теңіз дел атайды" /15/ -деп жазған.

IІІ ғасырда Қытай тарихшысы Шын Чю жазған "Саньго жы - Үш мемлекет деректері" деген жылнамада: "Солтүстік жаңа жолмен батысқа жүргенде және бір Янцай мемлекетіне барады. Оның және бір аты – Алан. Олар ертеде Қаңлыға тәуелді болған, қазір тәуелсіз" /16/ - деген мәліметтер жазылған. V ғасырда қытай тарихшысы Фань Хуа жазған "Соңғы Хань-намада":

"Янцай мемлекеті атын Аланшин мемлекеті деп өзгерткен. Патшасы топырақ қалада тұрады ...Халқының ғұрып-әдеттері, киім-кешектері қаңлылармен ұқсас"

/17/-деп жазылған.

Осы келтірілген деректерден, Янцай мемлекетінің – Алан мемлекеті екендігін көруге бо¬лады. Ал Алан мемлекетінің географиялық орны қазіргі Арал теңізінің бойы, батысы болған. Осыған қатысты қытай деректерінде айтылатын "Бей хай" - Солтүстік теңіз - деген сөздің қазіргі Арал теңізін меңзейтінін тарихшылар дәлелдеген /18/. Янцай - Алан мемлекеті құрылған алғашқы ғасырында Қаңлының вассалы болған, кейіннен қаңлылардың әлсіреуіне айланысты, шамамен б.з. ІІІ ғасырдың басында аландар дербестенген болар. Бұл сол кездегі тарихи жағдайға жанасады. Бірақ одан кейін, Түрік қағанатына дейінгі аралықта аландардың қоғамдық жағдайы жөнінде қытай деректерінде мардымды мәлімет жазылмаған. Бұл заңды да. Өйткені, Қытайда билеуші әулет ауысып, мемлекеттік қуаты әлсірегендіктен, олар Орталық Азияны бақылауын бірнеше ғасыр жалғастыра алмады. Сонымен қатар, алғаш Қазақстан даласында ел болып мемлекет құрған Үйсін, Қаңлы және Аландар да құлдырап, тарих сахнасынан өшкіндей берген жайы бар. Сондықтан, олар жөнінде мәліметтердің жазылғанын немесе бір мезет жазылмай қалғандығын түсінуге болады.
Дегенмен, жоғарыда қысқаша келтірілген қытай деректерінен мынадай маңызды мәселелерді анықтауға болады.

Бірінші. Қазақтың этногенезі. Хұн, хұннан бөлінген үйсін (құрамында сақ, даружылар тұқымдары бар), даружылар құрамынаи бөлінген қаңлы және қаңлыға бағынышты болған аландар - қазақ халқының ең алғашқы арғы тегін қалыптастырған қайнар бұлақтар болып табылады. Бұл - бос болжам емес, ол қытайдың ресми жазба деректерінен шығарылған тарихи логикалық қорытынды.

Өйткені, ұлттың атрибуттары этнографиялық ершеліктерден көрінеді десек, онда жоғарыда келтірілген хұн, үйсін, қаңлы және аландардың ғұрып-әдеттерінің бір-бірімен ұқсастығы олардағы ортақтықтарды көрсетпей ме?! Демек, Қазақстан аумағында қазақ халқының алғашқы этникалық мәдениеті негізін жоғарыдағы ру-тайпалар қалыптастыра бастады. Бұны яғни б.з.д. IV—III ғасырдан б.з. VI ғасырға дейінгі мезгілді қазақ этникалық мәдениеті қалыптасуының бірінші кезеңі деуге болады.

Ал Түркі қағанаты құрылған VI ғасырдың ортасынан ХШ ғасырдың басына дейінгі мезгілді қазақ этномәдениеті дамуының екінші кезеңі деуге болады. Өйткені бұл тұста Көктүрік империясының біртұтас басқаруында көптеген есімдермен аталатын түркі тайпалары Қазақстан аумағы бұрынғы ру-тайпалармен тоғысып, қазақтың этникалық мәдениетін дамыта түсті. Бүл кезеңде қазақтың байырғы этникалық мәдениеті транцформацияға ұшырап, дін исламдық дүниетанымы мен өмір көзқарасын байырғы тәңірлік нанымдарымен біріктіріп, өзіндік рухани мәдениетін айшықтай түсті.

Жошы-Қыпшақ ұлысы мен Ақ Орда мемлекеті, яғни XIII ғасырдан XV ғасырлар – этномәдениеті дамуының үшінші кезеңі. Бұл тұстағы қазақ мәдениеті өзінің ұлттық тілі, ділі мен билігі толық қалыптасуымен ерекшеленеді.

Демек, қазақтың ұлттық мәдениетінің қалыптасуы жиырма ғасырлық даму кезеңін бастан кешті. Соған қарамастан, таяу заманға дейін, тіпті, қазірге дейін қазақтың этномәдениетінде байырғы түркілік, сақтық мәдениеттің элементтері сақталып келді. Оны заттық мәдениет саналатын қолөнер бұйымдарының мәнерлеу ерекшеліктері мен рухани мәдениет саналатын тұрмыстық дағды мен дүниетаным сарқыншақтарынан толық көруге болады. Бұл жөнінде автор қазіргі қазақ халқында сақталған "Атау-кере" салтының байырғы үйсіндерден жалғасып келгендігін дәлелдеген /15/.

Екінші. Қазақ мемлекеттігі тарихының басталуын да Қазақстан аумағында ең алғаш қалыптасқан Үйсін, Қаңлы және Алан мемлекеттерінен есептеуге толық негізіміз бар.
Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Зардыхан Қинаятұлының "Көшпенділер мемлекетінің пайда болу ерекшеліктері мен типі: Қазақ мемлекеттігін кезеңге бөлу мәселелері" атты баяндамасындағы көзқарастарды қуаттаймын.

Үшінші. Қазақстанды ежелден бері мекендеп келген қазақ халқының өзі игерді, дамытты, өркендетті және қорғап, сақтап келді.
азақстандағы шұғылалы байырғы мәдениетті (оның ішінде қала-қорғандар мен "Алтын адам" да бар) бөгде бір халық жасап, жаратып, қазақтарға тарту етіп қалдырып кеткен жоқ. Олай болуы ақылға сыймайды. Ол қазақ халқының өзінің ақыл-парасаты мен ерік-жігерінің тарихи нәтижесі болып табылады.

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Бан Гу. Ханьнама -Хань шу. Соңғы рет майда жазумен басылған нұсқасы. Пекин, 1997, 2 т., 983-6.
  2. Чянду – Шеньду – жер аты. Қазіргі Ферғана тауының асуы.
  3. Ханьнама. Соңғы рет майда жазумен басылған нұсқасы. 2-т., 990-6.
  4. Лю Ши. Көне Таңнама - Жю Таң шу. Соңғы peт май¬да жазумен басылған нұсқасы. 11-т., 1322-6.
  5. Сы Мачян. Тарихи жазбалар – Шы жи. 1-т., 800-6.
  6. Бұл да сонда.
  7. Ханьнама. Соңғы рет майда жазумен басылған нұсқасы. Пекин, 1997, 2-т., 766-б.
  8. Ян-гуань – жер аты. Қытайдың қазіргі Гансу провинциясының батысындағы тay белесі.
  9. Ханьнама. 988-б.
  10. Фан Чянлиц. Жи шу-Жинама-Жи патшалығының тарихы. Соңғы рет майда жазумен басылған нұсқасы. Пекин, 1997, 4-т., 650-652-бб.
  11. Үй Үй. Суйнама Суй шу – Суй патшалығының та¬рихы. Соңғы рет майда жазумен басылған нұсқасы. Пекин, І997, 7-т., 469 б.
  12. Хүң Тау. Он уш жылнамадағы қазақтарға қатысты деректердің қысқаша жинағы. Үрімжі, 1993, 93-б.
  13. Тарихи жазбалар. 1-т., 800-6.
  14. Фань Хуа. Соңғы Ханьнама – Ху хань шу. Соңғы рет майда жазумен басылған нұсқасы. Пекин, 1997, а-т., 756-6.
  15. Он үш жылнамадағы қазақтарға қатысты деректердің қысқаша жинағы. 92-б.
  16. Фын Чэнжүн. Батысөңір жер аттары. Пекин, 1980, 19-6.
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Қаңлы, мемлекеті
Просмотров: 564 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar