АЛАШ МҰРАТЫ – ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

АЛАШ МҰРАТЫ – ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ
[ Скачать с сервера (75.0Kb) ] 02.09.2014, 08:51

                                      

АЛАШ МҰРАТЫ – ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ

 

Алаш тарихы – жаңаруға ұмтылған, тарихи сабақтастықты үзбеген, білім мен елшілдікті басым бағыт еткен ұлттық серпілудің тарихы. Сондықтан біз Алашты ауызға алған сайын осыдан 90 жыл бұрынғы саяси қозғалыс пен күресті ғана емес, бүгінімізді ертеңге жалғайтын жасампаздық істерімізді сараптағанымыз дұрыс. Алаш – біздің ұлтқа, дәстүрге қаншалықты адал екенімізді салмақтайтын ар өлшемі. Алаш – өткен тарихтың ғана олжасы емес, бүгінгі ұрпақтың да елдік іске олжа салар мүмкіндігі.  Алаш – әлемдегі қазақтың да, қазақ ішіндегі әлемнің де тұтастығы, үйлесімділігі.

Кез-келген елді алға ілгерілететін ұлттық идея. Тіпті бүгінгі
әлем ұлт пен мемлекет ұғымдары арасына теңдік белгісін қойып отырғаны жасырын емес. Кеңестік түсінікте ұлттық идея әсіре ұлтшылдықпен теңестірілді. Бұл қай тұрғыдан қарасақ та ақылға сыйымсыз еді. Расында, қасаң да бұрқасынды жылдары ұлттық идея дегеніміз – мемлекеттік, елдік мүдде идеясы деген мағына беретіні ұмытылды.

Алаш идеясы – қазақтың  ұлттық идеясы болатын. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осы-тын. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді.

Егер сол тұстағы қайраткерлеріміздің көздегені жүзеге асқанда, қазір біздің еліміздің қосалқы аты Алаш (Алаш Орда, Алаш үкіметі, Алаш  Республикасы) болатындығына иманымыз кәміл. Осы ретте бәзбіреулер «сонда олар қазақ атынан жеріген бе?» деп сұрақ қоюы мүмкін. Бұған «әрин, жеріген жоқ» деп жауап береміз.

Есімізге олардың:

Арғы атам – ер түрік

Біз – қазақ еліміз, -

деген әнұраны түседі. Сонымен бірге зиялылар:

Азаматы Алаштың,

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мініп, ту ұстап,

Баптанатын күн туды,

деген жоқ па?! Осыған қарағанда, Алаш ұғымында рухтық, асқақтық, өрлік мағына бар. 

XX ғасырда қазақтың азаматтық тарихындағы ең ұлы идея қайсы десе, Алаш идеясы деп жауап берер едік. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы – осы идея.

Алаш идеясындағы қайраткерлердің жемісті еңбек жылдары – ақыл һәм жүрек айбатымен күрескен 1907 жылдан 1937 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты қамтиды. Тағдыр мен тарих оларға осындай мерзімді ғана қиыпты. Одан кейінгі жайы белгілі: айдалды, атылды, ресми тарихтан, ел жадынан аты өшірілді.

Қазір жұрт парламентаризм деген ұғымды жақсы біледі. 1907 жылы Ресей патшасы «әлхамдулла, алты миллионға» (А.Байтұрсынұлы сөзі) жеткен қазақ секілді ұлттарды сайлау және сайлану хұқынан айырды. Зиялылардың табанды күресі осы шақтан басталды.

 

 

 

 

         Петербор, Омбы, Ташкент, Семей тәрізді шаһарлар XX ғасыр
басындағы монархиялық билікке бас көтерген алаштық күрестің
шыңдалу мектебі болды.

         Ұлт лидерлері (серкелері) шықты: Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Барлыбек Сырттан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі, бүгінгі тілмен айтсақ, мемлекет басқаруға қабілетті Президенттей еді.

         Сөйте тұра «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бұлардың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан болатын. Әлиханнан қалған мынадай тағылымды сөз бар: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі».

         Ә.Бөкейхандар, міне, өзі айтқан «жүкті» қияға қарай көтеріп шықты. Өзінен кейінгі бір буынды тәрбиелеп өсірді. Бұл буынның қатарында М.Жұмабайұлы, С.Садуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытұлы, Б.Күлейұлы,  М.Әуезов т.б. бар еді.

1907-1919 жылдар аралығында артынан ерген елді ояту үшін Алаш зиялылары газет-журнал шығарып, кітаптар жариялады.

Таза саяси күресте жүргендер Ресейдегі түрлі партияларға кіріп, сол арқылы халқына бостандық әпергісі келді. Бұл ізденіс дәуірі еді. Ресейлік шындықта қазақ мемлекетін қалпына келтірудің жолы іздестірілді. Бұл ретте Қапқаз, фин, Еділ бойы зиялыларымен кеңескен кездер аз болмады. Бәрі де алғашқы этап – федеративтік жол (құрдас мемлекеттер бірлігі) деп, ымыраға келді.

1917 жылы 25 қазанда (ескiше) Ресей боданындағы сансыз ұлттардың тағдырын шешкен Петроградта төңкерiс болды.  Сол жылы ақпанда II Николай тақтан құлап, шарасыз билiктен кеткенде (орыстар оны «отрекся от престола» дейдi), бұл империяның зиялылары жаңа мемлекеттi қалай аяқтан тұрғызамыз деп iзденгенi мәлiм. Елдi тұралатып жатқан I дүниежүзiлiк соғыс, Қос үкiмет пен Уақытша үкiметтiң қалт-құлт қадамдары Ресейдi қазан төңкерiсiне алып келдi. Сол кез сарапшыларының ешқайсысы болжап бiлмеген большевизм дәуiрi осылай басталды. «Қазақ» т.б. ұлт газеттерi сол жылы қыркүйек-қазан айларындағы сандарында «большевизм құбылысына» елеусiздеу қараса, ендi ол «жер астынан шыққан жiкке» ұқсады. Қ.Кемеңгерұлы Алаштың  тынысы – «Жас азамат» газетiнде 1918 жылы шiлдеде жариялаған бiр мақаласының атын Ресей ахуалын меңзеп, «Бүлiнгеннен бүлдiргi алма» деп қойды. Мұнда қаламгер: «Бостандық туғаннан  кейiн қиялилары шитiнiң оғындай бытырлап, түрлi саяси жолға түсiп, ауа жайылып едi, бiздiң қазақ оқығандарынан есер де, ездiк те, халықшыл да, республикан да, тағы басқалары да шықты. Партияның азғыны – большевик партиясына кiргендер де болды. …Орыс не күйге түссе, қазақ та соған түседi. Егер де орыстан үлгi алуды бiздiң қазақ оқығандары тоқтатпаса, өткен жылғы орыс киген таз кептi бiздiң қазақ та киедi. …Бұқарашыл орыс қиялиларының жеке-дара ұстаған жалпы бақыт-махаббатына көтермешi болмай, таза Жапонияның жолымен жүрiп, бiрлiк-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек», -дейдi.

I жиһан соғысы тұсындағы аумалы-төкпелi жағдайға қазақ зиялылары ел шындығына сәйкес қарады. Олар басында қауқарсыз қазақты майданға барғызбауға күш-жiгер жұмсады. Ал 1916 жылы маусымда төтеннен жарлық шыққанда, қазақтың  қара жұмысқа емес, соғыс шебiне баруын қолдады. Мұндағы ойы, өздерi айтқандай, «жiгiттер жаңа замандағы соғыс тәсiлiн үйренсiн, ертең Алашты қорғайды» дегенге саятын.

1916 жыл оқиғасы (кейбiр ғалымдар мұны көтерiлiс дейдi) – қазақтың келешек қазан төңкерiсiне қосқан үлесi емес. Бiр кездерi «16 жылғы бас көтеру қазан жеңiсiне ұласты» деген қате концепция болды. Шындығында ол қазақтың өз жағдайына сай (метрополияның менмендiгiн мойынсынбаудың бiр амалы) туған оқиға болатын. Мұны осы оқиғаға байланысты жазылған Жамбыл, Сартай, Болман, Баттал, Құсайын, Қарсақ, Есқайыр, Бұзаубақ, Омар, Кенен т.б. ақындардың өлең-жырлары толығымен растайды.  Қорқыныш пен қауiп, ел қайғысы, ертеңгi күнге алаңдаушылық, торығу – бұл шығармалардың негiзгi өзегi. Рас, Ресей монархы билiктен кетiп, одан соң өкiмет тұтқасын ұстағандардың саясаттағы iсi божырап, большевиктер жеңiске жеткеннен кейiнгi кезеңде  16-жыл оқиғасы туралы жырларға аз-кем «жаңа заманның» түсiнiгi ендi. Бұл туралы М.Шоқай «Батыр большевик Амангелдi хақындағы ақиқат» (1936) атты мақаласында өткiр жазыпты.

Алаш зиялылары бас көтеруге қарсы болды. А.Байтұрсынұлы: «Бұл күнде – соғыс уақыты, тәртiп қатты. Қашқындардың артынан қуғыншы әтрет шығып, елдi һәм артынан қалған әке-шешесiн, қатын-баласын шулатқаннан, шаруасын күйзелткеннен басқа өнер, ешнәрсе жоқ», - деп жазды. Ахмет ел ақсақалдарына тентектi тезге сал, қызбалық пен ойсыздықты тый деп кеңес бердi.

Осы шақтың жағдайын көркем бейнелеген «Сәрсенбек» атты С.Садуақасұлы романының бiр кейiпкерi былай дейдi: «Бәрi бұзылды! Барлық пылан! Тып-тыныш, жап-жақсы болып келе жатыр едi. Бунт. Мыж-қыж! Жапония секiлдi оқып-жетiлiп алып, бiр-ақ iстейтiн жұмысты кәкiр-шүкiр адамдар келiп, бұзды да жiбердi». Бұл – оқыған азаматтың пiкiрi. Бiрақ замандастарының осындай пайымына қарамай романның бас кейiпкерi (бұл да оқыған) көтерiлiсшiлер арасына барады…

Жалпы 1916 жыл көтерiлiсiн сөз еткенде, зиялылар позициясын да, ашынған халықтың стихиялы бұлқынысын да сол кездiң шындығына сәйкес қарастырған жөн. Бұл мәселеде өркениеттi саяси күрес пен халықтық қозғалыстың түпкi мақсаты бiр жерден тоғысқаны аңғарылады.

Ел болашағын қазақ зиялыларының бiрi (Сұлтанмахмұт, Қошке, Смағұл, т.б.) – Жапония, ендi бiрi (Мұстафа) – Щвеция бағытында көргiсi келгендiгi – олардың iзгi ниетi едi. Ойланып қарасақ, бұл жай арман ғана емес, иммунитет. Бодандық шеңгелiнде жойылып кетуге қарсылық. 1916-1920 жылдар аралығында барша iзденiстен және шамамен 1929 жылға дейiн  созылатын Алаш қозғалысынан осы қасиеттi байқаймыз.

Большевиктердің 1917-1919 жылдар ішіндегі жеңістері алаш зиялыларының «елді оятамыз» деген әз идеясын быт-шыт қылды. Қазақстан болашағын М.Шоқай – Швециядай, Сұлтанмахмұт пен Смағұл – Жапониядай болады деп елестетіп жүргені бекерге айналып бара жатты.

Күрес тактикасы мен стратегиясын басқаша құру қажет болды. 1919-1920 жылдардан бастап Алаш зиялылары оқу-ағарту, баспасөз саласына топтасты. Алаш қайраткерлерін қадірлеген Тұрар Рысқұлұлының 1920 жылғы конфедерация туралы идеясы «кеңес үкіметіне қазылған ор» деп ұғынылып, большевиктер тарапынан қазақ зиялыларының арасына іріткі салу жұмыстары басталды.

Осындай қиындықтарға қарамай, Алаш зиялылары «сабақты ине сәтімен» большевиктік ағарту жұмысын өз ыңғайларына қарай бұра білді. 1920 жылдан мемлекеттік баспа құрылып, А.Байтұрсыновтың ұйтқы болуымен жаңа оқулықтар жазыла бастады. 1922 жылы Мәскеуде ашылған «Күншығыс» баспасының жұмысын да Әлихан мен Нәзір (Төреқұл) ел игілігіне айналдырды.

Категория: Тарих | Добавил: Jahcepik | Теги: мұраты, Алаш, Отандық, білім, күш, Мен, НЕГІЗДЕУШІ, ҒЫЛЫМДЫ
Просмотров: 270 | Загрузок: 122 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar