АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ
[ Скачать с сервера (65.5Kb) ] 02.09.2014, 08:54

АЛАШТЫҢ АстанаСЫ және ұлттық идея

 

ХV ғасыр ортасында шаңырақ көтерген Қазақ мемлекетінің күні бүгінге дейін сабақтастығы мен жалғастығы үзілмеген төл тарихы әлденеше Астананы аспандатқаны ұлттық санамызда, бабаларымыздан жеткен рухани мұрада өшпес із қалдырды. Бастау-бұлағына көз жіберсек, бұл әріден келе жатқан дәстүр екен. Елорданы қастерлеудің тамаша үлгісін Күлтегін тасындағы Өтікенге арналған жазудан, Асан Қайғының Жерұйықты іздеуінен көре аламыз. Байырғы түркілер де, олардың заңды мұрагері қазақтар да мемлекеттің Астанасын елдік тірегі, үйлесім мен бірліктің ұйытқысы, ақыл-ой мен күш-қайраттың қайнар бұлағы ретінде қабылдаған ғой.

Үш ғасырға жуық созылған отарлау,  тоталитарлық  модернизация  мен зорлық Елордаға қатысты қастерлі ұғым-түсініктердің, жөн-жоралғының, салт-сананың сайын даламыздағы құндылықтарын аяусыз шайқалтқанымен, түбегейлі жойып жібере алмапты. Олар мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланған сәттен бұрқ етіп сыртқа шықты. Елордасын бас-аяғы 10 жыл ішінде бұрын-соңды қол жетпеген биікке көтере алған халық, оған барша әлемнің назарын аударта білген халық, жатқа телмірген жадағай қаланы Қыз Жібек пен Баян сұлудың моншағындай ару шаһарға айналдырған халық, түптеп келгенде, мәңгі ел ұстайтын мәңгі халық екенін бүгінде қапысыз дәлелдеді.

Мықтылардың әлсіздерді өзіне қаратып алуының әлемдік тәжірбиесіне көз жүгіртсек, бодан елдің бостандыққа шығуы, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі ешқашан оңайға соқпаған. Миллиондардың қанын мойнына артқан кеңестік тоталитарлық жүйені былай қойғанда, өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Англия, Франция, Португалия сияқты отарлаушылары Индиядан, Алжирден, Египеттен айрылмау үшін небір құйтырқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын қария тарих жақсы біледі. Ендеше, баршаға жайлы жаңа тұрпаттағы қоғам орнатуға уәде бергенмен, діттеген мақсатына жетпей, айықпас қайшылықтардан  титықтағанына қоса  қатыгездігі шектен шыққан КОКП мен Кеңес Одағы уысынан аман-есен босағанымыз – біріншіден, тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы құрбандықтардың өтеуі екені күмәнсіз.

Азаттық туын көтерген сәттен жауапкершілігі бұрынғыдан әлденеше ауыр жаңа дәуір басталды. Саяси жүйені, экономикалық қатынастарды, мәдени-рухани құндылықтарды, заңнамаларды, ішкі-сыртқы саясатты тәуелсіздік мүддесіне жүгіндіру, тарих тағылымы мен заманауи талаптары биігіне көтеру, сол арқылы елдің табиғи-ырғақты даму жолын табу, әлемдік өркениетке өзіндік келбет-кескінімізбен кірігу – бәрі бір сәтте алдан шықты. Бұған өтпелі дәуір қиыншылықтары қосылды. Ескі қоғам ығысып орнын бере қоймаған, жаңа қоғам әлі толық орнықпаған ғасырлар тоғысында, қазақ халқы ұлт болып қалу-қалмауы қыл үстінде тұрған алмағайып заманда «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?», «Кім кімді жеңеді?» сұрағына жауап ұсынғандар елде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені әлі есімізде. Олардың ішінде империялық пиғылдағы шовинистер де, дәстүрлі қазақы қалпымызға оралуды  қалағандар да, батысшылдар да, түрікшілдер де, панисламшылар да бар еді. Сырттағылар да қарап жатпады. Ресейде А.Солженицын мен М.Горбачев Қазақстанға өтіп кеткен жерлерімізді қайтаруымыз керек деген арандатушы әңгімелерін бықсытты.

Қоғам жол айрығында тұрды. Қолдан келсе, ақыл-ойды, күш-қайратты жұмылдырып, бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіру керек немесе «құдай салды, біз көндік» аясында қалып, азаттықты тәрк ету керек. Кешігу өліммен пара-пар деген сөз осындайдан айтылған шығар, сірә. Ахуалдың мейлінше күрделі екенін 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде, Елбасымыз бүкпесіз айтты: «Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік». Осылайша Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа бастаған ізденіс жолын таңдады.

Алматыдағы Орталық алаңда азаттықтың ақ таңын қарсы алған сан мың адам алдында тебіреніспен айтылған Президенттің сөзінде қазір және  таяу болашақ үшін қажет ұлттық идеяның құрамдас бөліктері айқындалған еді. Алдымен дүниеге келген жаңа мемлекет Қазақ елі екені баса көрсетілді. «Ел» байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, Халық, Отан, Атамекен дегенді білдіреді. Басты мағынасы мемлекеттің бар-жоғына келіп тіреледі. «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік», – деді Елбасы.

Президент пайымынан ұлттық идеяға қатысты екі ойтүйін туындап тұр. Бірі – ұлттық идея өзін-өзі таныған ұлт барда ғана дүниеге келеді. Өзін-өзі тану тарих толқынында шыңдалған ұлттардың ғана пешенесіне жазылған. Ұлттық «Меннің» асқар шыңы ұлттық мемлекет құру, ұлттық мемлекет – ұлттық «Меннің» қамал-қорғаны. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны мен өзегін бүгінді кемел келешекпен жалғастыратын өміршең де қисынды арман құрайтыны. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» қағидатын халқымыз ұрпақтан ұрпаққа аманаттағанда, өсер елдің серігі – оптимизм екенін қапысыз таныған ғой.

Бұдан кейін алға тартылған президенттік келелі ой – тәуелсіздіктің табалдырығында тұрғанымыз жайлы. Дұрыс бағытта ілгерілеу үшін бірінші қадамнан ұлттық идеяны оң анықтаудың мәні зор. Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын атқаруға есік ашуымен ғана қымбат емес, әлемдік өркениеттің көші соңында салпаңдамауға, табиғи-ырғақты өсіп-өну жолын табуға мүмкіндікті арттыратын ұлттық идеямен де қымбатты. Еңселі ел болу тым асығыстықты да, ерте күнді кеш қылған жайбасарлықты да көтермейді. Біз үшін оны ешкім атқарып бермейді. «Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда», - деді Президент. Тарқата айтар болсақ, әулеті мен дәулеті тасыған еңселі ел дегеніміз шынайы әрі де-юреден де-фактоға айналған, толыққанды азаттыққа қол жеткізген, ұлттық идеясын әспеттеген ел ғой.

Президент сөзінің соңы көп ұлтты халыққа береке-бірлік жарасатынын баса көрсетумен түйінделді. «Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», - деді ол. КСРО-ның ыдырауын тездеткен ұлтаралық қақтығыстар қызуы асқынып тұрғанда, желтоқсан жарасы жазылмаған тұста азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты басты міндеттердің қатарына қою барлық жағынан өзекті болатын. Ұлттық идеяның көздегені де халықтарды  ара-дара қылу емес, тұтастыру ғой.

Әрине, азаттықтың алғашқы ақ таңында ақтарылған жан тебіренісінде ұлттық идея ұғым-түсінігі қолданылған жоқ. Еуропоцентристік идеологиялық қысымнан ұлтсыздануға шақ қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бірақ ұлттық идеяның болмыс-бітімі  Қазақ елі, Азаттық, Бірлік екені тайға таңба басқандай дараланды. 17 желтоқсанда айтылған көреген сөздер сол күні кеште тағы бір қырынан дәлелденді. Мәселе Н.Назарбаев пен Алматыға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер арасындағы кездесу. Екі басшы өз мемлекеттерінің мүддесі биігінен келіссөз жүргізгені түсінікті жайт. Сондағы байқағанын және ойтүйінін мұхиттың арғы жағынан келген қонақ былайша қағазға түсіріпті: «... Назарбаевпен болған әлгі үш сағаттық жолығысуымның бұған дейінгі өткізген жолығысуларымның ішіндегі ең жақсысы болғанын іштей сезіндім. Ол ешбір асыра бағалаусыз-ақ айта қаларлықтай әсер қалдыратын айтулы лидер екен... Назарбаев керек нәрсені дәл көре алады, түсінікті нәрсені жүзеге асатындай жүйелі жолға қоя алады».

Осылайша, бар-жоғы қазірге дейін пікірталас туғызып жүрген ұлттық идеяның сүлбесі жүйелік дағдарыс шарықтау шыңына жеткен, алда не тосып тұрғаны белгісіз, тәжірибе мардымсыз, бәзбіреулерді пессимизм иектеген тұста ел астанасы – Алматыда дүниеге келді. Тағдыр анықтағыш сәтте Қазақстан халқы, әрине, ең алдымен қазақ халқы сабырлық танытып, асқанның да, сасқанның да  сөзіне ермей, Алаштың бас қаласында айтылған ұлағатты сөздерге қонақ берді, бүкіл ел сайлаған тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың таңдауына ұйыды, уәжіне құлақ қойды, өз болашағын сеніп тапсырды. Халық пен Биліктің арасындағы өзара риясыз сенімнің арқасында, бай, дамыған мемлекетке айналып кетпесек те, Қазақстан әлемге мәшһүр табыстарға қол созды.

Президент те барын салды. Пәтерлерді жеке меншікке беруден ұлттық қауіпсіздік қалқаны – Қарулы Күштерді жасақтауға дейін бақылауға алып, тікелей араласты. Мемлекеттік басқару органдары жүйесі әлденеше рет реформаланды, әртүрлі топтар мен қоғамдық қозғалыс өкілдерімен, шахтерлармен, дихандармен, студенттермен, зиялы қауыммен жиі-жиі кездесу өткізіп, елді дағдарыстан шығарудың амалын ойластырды, Қазақстанның әлемдегі орнын табуға, ТМД ықпалдастығын қалыптастыруға күш-қайратын аяусыз жұмсады. Айталық, 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру жоспарын ұсынды. Осы жылдың ішінде ғана Мәскеуде, Давоста, Венада, Индияда, Пәкістанда, Бішкекте, Вашингтон мен Нью-Йоркте, Хельсинкиде, Анкарада, Берлин мен Парижде, Тегеранда ел мүддесін көздеген халықаралық келіссөздер жүргізді. Менің пайымдауымша, тәуелсіздіктің алғашқы төрт  жылы – Президенттің мемлекеттік қызметтегі тағдырының ең ауыр, ең қиын  кезеңі.

Жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтпау үшін күндіз-түні тынбаған саяси-интеллектуалдық күрес пен жанталас, дүниенің төрт бұрышында жинақталған тәжірибені зерделеген ізденіс Елбасын үш ұлы пайым-тұжырымға және нақты қадамдарға әкелді. Оның екеуі 1994 жылдың, біреуі 1995 жылдың еншісінде. 1994 жылдың наурызында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі арқылы көрегендікке толы ұсыныс – Еуразиялық одақ идеясын паш етті, шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруге түпкілікті шешім қабылданды. Ал 1995 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, ел тағдырына жауапкершілік жүгін Н.Назарбаев толық өз мойнына алды. Мемлекетті басқарудың президенттік формасы дүниеге келді. Осы жылғы 31 желтоқсанда жаңа жылдық құттықтауында Президент Н.Назарбаев былай деген еді: «Бүгінгідей күрделі жағдайға тап болып отырған жалғыз біз емес. Бізге дейін де көптеген елдер мақсаттарына жету үшін не бір қиын-қыстау кезеңдерді, тар жол, тайғақ кешулерді бастарынан өткізген. Қайсы бір ел болмасын, осы жолдармен өтуге тиіс».

Ақиқатына жүгінсек, сын сағатында ел өзі сенген Ерді төбесіне көтерген, ал нағыз кемел Ер қашанда елді өрге сүйреген ғой.

Сонымен, тәуелсіздікті жариялаумен Елбасын және  елді баурап алған ұлттық идея формуласы ресми танылмаса да әрбір атқан таңмен, нақты іс-шарамен мақсат-міндетін жүзеге асырып жатты. Еуразиялық одақ идеясы жойқын ядролық қару-жарағымен, ұлтаралық қақтығыс-соқтығыстарымен, дау-шарымен әлемді алаңдатып отырған посткеңестік кеңістікте татулығы жарасқан, береке-бірлікке шақырушы ел – Қазақстан бар екенін, оның лидері Н.Назарбаев ұлттық және өңірлік мүдделерді жалпыадамзаттық қажеттілікпен үйлестіруге жол тапқанын айшықтаса, жаңа астананы айқындау азаттықтың алғашқы ұлы жеңісі болатын. Ал тәуелсіз республикамыздың екінші Конституциясы реформа адымдарын шапшаңдатып, халық пен Елбасымыздың жасампаздықпен көсіле қимылдауына құқықтық негіз қалады. Ұлттық идеяның реализмі мен пәрменділігі ұлы Абайдың 150 жылдығын, М.Әуезовтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде ұлықтаумен, «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасын қабылдаумен және дәйектелді. 1997 жылғы қыста ұлы көштің Жетісудан Сарыарқаға бет түзеуі тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген ұлттық идея салтанаты шеруін екінші кезеңге, астаналық кезеңге бастаған сәт еді.

Категория: Тарих | Добавил: Jahcepik | Теги: ұлттық, Идея, және, Астанасы, Алаштың
Просмотров: 338 | Загрузок: 118 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar