Қазақтар - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Қазақтар
[ · Скачать удаленно (139.0Kb) ] 06.11.2012, 20:35
Қазақтар



Қазақтар— ұлт, Қазақстан Республикасының байырғы және негiзгi халқы. Қ-дың ҚР-дағы саны 8,3 млн. (1999), әлемде 12,4 млн. Түркi тiлдерiнiң солт.-батыс қыпшақ тiлдерi тобына жататын қазақ тiлiнде сөйлейдi. Ислам дiнiнiң сүнниттiк бағытын қабылдаған. Оған дейiн шаман дiнiнiң негiзi болған тәңiрге, аруаққа сиыну нанымдары орын алды. Қ. тұрантектес расаның негiзгi өкiлi. Өз алдына тұтас халық болып қалыптасқанға дейiнгi этн. тарихы аса күрделi. Қазақ даласын қоныстанған әр түрлi тайпалар Қазақстан жерiн ерте тас дәуiрiнде-ақ мекендей бастаған. Оған айғақ болатын ежелгi адамдар тұрақтары Қаратау, Маңғыстау, Орт. және Шығ. Қазақстан, Бетпақдала, Мұғалжар таулары, Балқаш к. маңынан ұшырасады. Археол. жұмыстар нәтижесiнде палеолит дәуiрiне жататын 500-дей ескерткiш орындары анықталып, олардың саны жылма-жыл артып келедi. Мезолит дәуiрiнде садақ пен жебенiң пайда болуына орай кезбе аңшылар тобы бөлшектенiп кеткендiктен, бұл дәуiр тұрақтарының (жалпы саны 50 шақты) зерттелуi мардымсыз.



Қазақстанның неолит (тұрақтар мен қоныстарының жалпы саны 800-дей), қола дәуiрiнен қалған ескерткiш мұралар аса бай, алғашқы аталық тайпалардың көбейiп, өркендей бастағанын және ол тайпалардың көршiлес Сiбiр, Орал, Едiл бойы, Орт. Азия халықтарымен тығыз байланыста болғанын көрсететiн археол., антропол., этнол. дәлелдер көп (қ. Дала өркениетi; Көшпелiлiк; Қазақстанның көне заман мен орта ғасырдағы тұрғындарының антропологиялық сипаттамалары). Б.з.б. 1-мыңжылдықта Қазақстан аумағында өмiр сүрген ежелгi тайпалар көшпелi тұрмысқа ауысып, олардың өзара бiрнеше тайпалық бiрлестiктерi құрыла бастады. Солардың ең iрiлерiнiң бiрi — сақтар. Олар Сыр бойы, Қаратау, Талас өлкесiнен бастап Тянь-Шань тауларына дейiнгi оңт.-шығыс беткейдi мекендедi. Арал т. мен Сырдарияның сағасын, Әмудария бойын мекендеген тайпалар массагеттер одағына бiрiктi. Сақ тайпалары Солт. Қара т. өңiрi мен Днепр бойын мекендеген скифтердiң және төм. Едiл бойы мен Оңт. Орал өңiрiндегi савроматтардың, Кир мен Дарий I және Александр Македонский дәуiрiндегi гректердiң тұсында өмiр сүрген.



Сақ тайпалары тарихы мен олардың материалдық және рухани мәдениетiнiң аса маңызды деректерiнен (қорым, көмбе, т.б.) қазақ халқының мәдениетi бастау алады. Б.з.б. (3 — 1 ғ-ларда, б.з. басындағы 1 — 5 ғ-ларда) қазiргi Қазақстан жерiнiң оңт-нде, Сырдария, Талас, Шу өзендерiнiң бойында, Жетiсуда, Солт., Батыс, Шығыс және Орт. Қазақстанда ежелгi сақ тайпаларының негiзiнде өркендеп, жаңадан бiрлескен тайпалар одағы пайда бола бастады. Олардың iшiнде қуатты мемлекетке айналып, тарихта, мәдениетте, өнерде белгiлi iз қалдырғандары — ғұндар, үйсiндер, қаңлылар, сарматтар. Олар б.з. 5 ғ-на дейiн өмiр сүрiп, көп елмен қарым-қатынас жасады. Өркениеттi мемлекеттер олармен байланыс жасауға құштар болған. Бұл мемлекеттер, негiзiнен, көшпелi және жартылай көшпелi мал ш-мен, кен қазумен шұғылданып, Жетiсу төңiрегi мен Шу, Талас, Сырдария, т.б. өлкелерде отырықшылық жағдайда суармалы егiншiлiкпен, балық аулау кәсiбiмен айналысты.



Қ-дың шығу тегiне ежелгi жергiлiктi сақтардан кейiн ерекше негiз болған, әсiресе ғұндар, үйсiндер, қаңлылар. Ұзақ заманғы бұл этн. процесс б.з.б. жүз жылдың 1-жартысынан басталып, б.з. 5 — 6 ғ-нда толық қалыптасып үлгердi. Қазақ халқының негiзiн құраған көп тайпалар 552 ж. Түрiк қағандығының құрамына кiрiп, чұмығұн, дай, ирки, чуре, чубан (Шуманақ), дулу деген әр түрлi атпен белгiлi болды. 603 ж. құрылған Батыс Түрiк қағандығының этн. саяси негiзi "он тайпа” (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейiнгi аралықта жатқан ежелгi үйсiн жерiн жайлады. Шу өз-нiң шығыс жағында дулудың бес тайпасы, ал батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендедi. Оның орнына Түргеш қағандығы (704 — 756), одан кейiн Қарлұқ қағандығы (756 — 940) орнап, жоғарыда аталған тайпаларға үстемдiк еттi. Бұл мемлекеттер дәуiрiнде отырықшылық бел алып, егiн ш. дамыды, қалалар өркендеп, сауда-саттық жанданды.



Бұл кезде Жетiсу мен Талас бойында қарлұқтар, шiгiлдер, яғмалар, адғұлар мекен етсе, Орт. Қазақстан мен Сырдария бойында оғыздар мен қыпшақтар үстемдiк еттi. 9 ғ-дың аяғы мен 11 ғ-дың басында оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Едiлдiң төм. бойына дейiнгi кең-байтақ аумақты мекендедi. Оғыздардың қоныс-өрiстерi Ырғыз, Орал, Ембi, Ойыл өзендерiнiң бойларында, Сырдария бойындағы Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегiне дейiн шашырап жатқан. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал — Каспий далаларының үндi-еуропа және финн-угор тектес ежелгi (негiзiнен, түркiлендiрiлген) этн. топтары және сонымен бiрге Жетiсу мен Сiбiрдiң халаджы, жагар, чарук, қарлұқ, имур, байандұр, қай секiлдi көшпелi және жартылай көшпелi тайпалар да кiрдi. Оғыздардың батысында Едiл мен Жайық арасында печенегтер (бесенелер) мекендедi. Кейiн оғыздар — түрiкмен халқының, бесенелер — қарақалпақ халқының негiзiн құрса да, олардың кейбiр топтары қазақ халқының да шығу тегiне әсерiн тигiздi.



9 — 11 ғ-лар басында өмiр сүрген Қимақ қағандығының аумағы Солт., Шығ., Орт. Қазақстанды алып жатты. Бұл федерацияға алғашқы жетi тайпа: эймур, имек, татар, байандұр, қыпшақ, ланиказ, ажлар тайпалары кiредi. Қимақтарға (кимектерге) қарасты аумақта қыпшақ бiрлестiгiмен қоса 11 — 12 ғ-ларда жекелеген топтары қыпшақтардың рулық-тайпалық құрамына кiрген кумандар да айтылады. Олар 9 — 10 ғ-лардағы жазбаша деректер мәлiметтерi бойынша Бат. Қазақстан аумағын мекендеген және қимақ (кимек), қыпшақ, куман тайпаларының үш құрамды бiрлестiгiнiң батыс тармағы болған. 10 ғ-дың орта шенiнде Қашқар және Жетiсу жерiнде түркi тектес қуатты Қарахан әулетi (942 — 1210) билеген күштi мемлекет құрылды. Кешiкпей Қарахан ұрпағының хандары Әмудария мен Сырдария аралығындағы ол кезде әлсiрей бастаған самани әулетi билеген мемлекеттi бағындырып алды. Мұның өзi Орта Азия мен Қазақстан халықтарының экономикасы мен мәдениетiне зор әсерiн тигiзiп, Жетiсу, Шығ. Түркiстан және Орта Азия халықтары мен тайпаларының арасындағы өзара байланысты күшейттi.



Найман, керейiт, жалайырлардың ертеректегi мемлекеттерi Орт. Азияның шығысында — Қазақстанмен шектесiп жатқан Моңғолия аумағында пайда болса да, олардың қ. тарихына тiкелей қатысы бар. Моңғолдар талқандағаннан кейiн найман мен керейiт топтары, жалайырлар қалыптасып жатқан көптеген түркi халықтарының құрамына, атап айтқанда қазақ халқының құрамына бiртiндеп сiңiсе бердi. Наймандар моңғол кезеңiнде Сырдарияға дейiн жетiп, қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен. Керейiттер Едiл бойына дейiн барып, кейiнiректе өзбек пен қырғыз құрамына, ал шағын тобы Қ-дың құрамына кiрдi. Қазақстанның солт. және солт.-шығыс аудандарында көшпелi мал ш-мен айналысқан қыпшақтар өмiр сүрдi. Қыпшақтар 11 ғ-да кең байтақ қазақ даласы мен Оңт. орыс даласына үстемдiк еттi де, 12 ғ-да Днепр өз-не дейiн жайлап жатты. Қыпшақтар, негiзiнен, қазақ халқының құрамына енсе, олардың кейбiр топтары кейiнiрек өзбек, қарақалпақ, башқұрт және қырғыз халықтарының да құрамына қосылды. 12 ғ-дың 2-жартысында Жетiсу мен Оңт. Қазақстан өлкесiндегi үстемдiк еткен қидандар (1128 — 1213) да қазақ халқының құрамында өзiндiк iз қалдырды. Бұлар жергiлiктi түркi тектес халықтармен араласып, Қ-дың және кейбiр Орт. Азия халықтарының да этн. құрамына бiршама әсерiн тигiздi. 11 — 12 ғ-ларда Қазақстанның далалы аудандарын мекендеген түркi тайпаларының өзара бiрiгiп, отырықшылық жағдайда егiншiлiгi дамыған аудандармен экон.-мәдени қарым-қатынас жасауының жақсаруы қазақ халқының қалыптасу барысындағы елеулi кезең болды.



Қ-дың бiр тұтас халық болып қалыптасу жолында 13 ғ-да басталған моңғол шапқыншылығы да айтарлықтай iз қалдырды. Жетiсу халқы Шыңғыс ханға ешбiр қарсылықсыз берiлдi. Одан ығысып келген бiрқатар тайпалар Қазақстандағы этн. өзгерiстердiң бiршама сапырылысуына өз әсерiн тигiздi. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейiн 13 ғ-дың ортасында Қ. жерiнiң көп бөлiгi Жошы ұлысына қарады, тек Жетiсу бойы Шағатай ұлысының қарауында болды. Қазақстанның солт.-шығыс бөлiгiнiң аз ғана бөлiгi Үгедей ұлысына ендi. Көп ұзамай моңғолдар жергiлiктi тұрғындармен, әсiресе, қыпшақтармен араласып, өзiндiк ерекшелiктерiнен мүлдем айрылды да, 14 ғ-да бүтiндей қыпшақ болып кеттi, қыпшақтың тiлiн, салт-санасын қабылдап, түр-түс жағынан да қыпшақтарға сiңiсiп кеттi. Моңғолдан кейiнгi кезең (14 — 15 ғ-лар) Шығ. Дештi-Қыпшақ, Жетiсу мен Оңт. Қазақстанның кең аумағындағы көшпелi және жартылай көшпелi, отырықшы-егiншi халықтың бас қосып бiрiгуiмен сипатталады. Бiрыңғай халық пен оның мемлекеттiгiн құру жолындағы тарихи қам-харакеттiң дамуы аймақтың саяси бытыраңқылығын болдырмау iсiнiң аса қиын жағдайында өтедi.



Моңғол империясы ыдырағаннан кейiнгi кезеңiнен соң осы аймақ халқының саяси өмiрiнiң дамуы жергiлiктi этн. негiзде пайда болған бiрнеше мемл. құрылымның оңашалануы арқылы өтедi: олар Ақ Орда, Моғолстан, Әбiлхайыр хандығы (Көшпелi өзбектер мемлекетi), Ноғай Ордасы. 14 ғ. мен 15 ғ-дың бас кезiнде Қазақстан халқының мемл. бытыраңқылығының сақталып қалуы — жаңадан ғана құрыла бастаған қазақ халқының этн. даму жолының, үш жүздiң түзiлуi сияқты, ерекшелiгiнiң тууына себепшi болды. Тарихи дамудың сол кезеңiнде iлгерiде айтылған мемлекеттер шеңберiндегi этн.-саяси эволюциялық өзгерiстер жаңадан ұйымдасып жатқан көршi түркi халықтары — өзбек, қырғыз, татар, ноғай, т.б. үшiн де белгiлi дәрежеде ортақ болды. Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасындағы тайпалар мен тайпалық бiрлестiктер экон. дамуының деңгейi, қоғамдық қатынастары мен мәдениетi жағынан бiр-бiрiмен өте жақын едi. Қалыптасып қалған қазақ халқының жекелеген бөлiктерiнiң бiрнеше саяси бiрлестiктерге — мемлекеттерге енуi, өндiргiш күштердiң әлсiреп, мұның iшiнде адам санының кемуiне, экон. құлдырауына, туыстас этн. топтардың бытырап кетуiне, олардың саяси және шаруашылық байланыстарының үзiлуiне әкелiп соқтырған үздiксiз соғыстар мен Жошы әулетi арасындағы, рулар мен тайпалардың басшылары арасындағы өзара алауыздық талас-тартыстар мұндағы ха-лықтардың бiрiгiп нығаюын тежеп отырды.



Сол себептi этн. өзара жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жеңiп шығу iс жүзiнде бiр тектi халыққа айналып болған қазақ тайпалары мен руларын мемлекетке бiрiктiру қажеттiлiгiн алға тартты. Оның шешiлуiне Қазақ хандығын құру нақты мүмкiндiк туғызды. Қазақ хандығының құрылуы Шығ. Дештi Қыпшақ, Жетiсу, Оңт. Қазақстанның кең-байтақ жерiнде етек алған әлеум.-экон. және этно-саяси құбылыстардың заңды қорытындысы едi. 15 ғ-дың ортасында Әбiлхайыр хан қайтыс болғаннан кейiн, оның қол астындағы көшпелi тайпалар бiрлестiгi ыдырап, "Қазақ”, "Өзбек” хандығы болып екiге бөлiндi. Қазақ хандығы бұрынғы Жошы ұлысының Шығыс өлкесiн (Ақ Орда) тегiс мирас етiп, Жайық пен Ертiс, Түмен мен Сырдария арасын қоныстанды. 15 ғ-дың соңы мен 16 ғ-дың басында бұларға Моғолстан өлкесiн мекендеген Ұлы жүз қазақтары (Үйсiндер, Дулаттар) қосылды. Қ. мемлекеттiгiнiң белгiлi жерi болуымен бiрге, оның барлық халқы ортақ бiр тiлде сөйледi, шаруашылығы, тұрмыс-салты өзара ұқсас, етене жақын болды. 15 ғ-дан 16 ғ-дың бас кезiне дейiн бұлар бiрде өзбек, бiрде қазақ атанып жүргенiмен, "қазақ” деген этн. атау түпкiлiктi орныға бастады. 15 — 16 ғ-ларда Қазақстан жерiнде болған iрi-iрi саяси оқиғалар нәтижесiнде Ноғай, Сiбiр және Моғолстан хандықтарының ыдырауына байланысты, көптеген тайпалар мен этн. топтар қазақ хандығының құрамына ендi.



16 ғ-да Қ. қауымының үш жүзге бөлiну процесi аяқталды. Ұлы жүзге — Үйсiн одағының маңына топтасқан сарыүйсiн, дулат, қаңлы, албан, суан, жалайыр, шапырашты, шанышқылы, ошақты, ысты, сiргелi тайпалары; Орта жүзге — арғын, найман, қыпшақ, керей, уақ, қоңырат тайпалары; Кiшi жүзге (Алшын одағының тобына) жетiру, әлiмұлы және байұлы сияқты рулар бiрлестiктерi кiрдi. Бұлардың көпшiлiгi — Алтын Орда дәуiрiндегi ноғайлылар едi. Сондай-ақ, олармен аталас рулар Едiлдiң төм. сағасында, Солт. Кавказда, Қырымда ұшырасады (жағалбайлы, берiш, шеркеш, малқар, т.б.). 16 ғ-да Қасым хан тұсында Қазақ хандығындағы халық саны 1 млн-ға жеткен. Этн. аумағы кеңейген. Ақназар, Тәуекел хан, 17 ғ-да Есiм, 17 ғ-дың соңы — 18 ғ-дың басында Тәуке хан үш жүздi бiрiктiрдi (қ. Қазақ хандығы). 1635 ж. құрылған Жоңғар хандығы Қ-ға қарсы басқыншылық саясат ұстанды. 18 ғ-дың 1-ширегiнде бiрнеше iрi-iрi жорықтар ұйымдастырды. Ең iрiсi 1723 — 25 ж. "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” қазақ халқына зор ауыртпалықтар әкелдi. Тәуке қайтыс болғаннан кейiн үш жүздiң бiр-бiрiнен дербестенiп, алшақтануы Қазақ хандығының қуатын әлсiреттi. Жоңғарлар Қ-дың бiр бөлiгiн этн. аумақтарынан шалғайға ысырып тастады. Мал мен жайылымнан жаппай айырылу, шаруашылық күйзелiсi хандар беделiн түсiрiп, жаугершiлiк пен алауыздықты күшейттi. Саяси және экон. қиын жағдайда Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесi алға тартылды. Қ-дың сыртқы саяси жағдайының күрделiлiгi Әбiлқайыр ханды Кiшi жүзде Ресей протекторатын қабылдауға мәжбүр еттi.
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ҚАзақ жұрты, Қазақтар, Қазақ елі
Просмотров: 819 | Загрузок: 230 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
avatar