ДҮЛДҮЛДЕР ӨТКЕН... ДҮБІРЛІ ДАЛАНЫ ТЕРБЕП - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

ДҮЛДҮЛДЕР ӨТКЕН... ДҮБІРЛІ ДАЛАНЫ ТЕРБЕП
[ Скачать с сервера (69.5Kb) ] 03.09.2014, 16:44

Жыл сайын ақпанның соңғы күндері Жамбыл мұражайында жыр алыбының туған күніне орай жиын өтеді. Ұлы ақынның ұрпақтары, қаламгерлер бас қосып, ата жайлы, оның телегей теңіз мұрасы жайлы ғибратты сөз, естеліктер айтылады. Дастарқан жайылып, ұлы ақын рухына бас иіп, дұға бағыштаймыз. Біз осы бір шараға қатысқан сайын үнемі бір өзгеше әсерде боламыз. Ең алдымен, жүз жасаған абыздың аруағын тым жақыннан сеземіз. Жаңа ғана шапанын сүйретіп, жай басып жанымыздан өтіп кеткендей. Ол басқан топырақта әлі суымай табан ізінің жылуы жатқандай. Ауада қалқып шалдың шапан исі қалғандай. Сондайда өкініш баурайды. Көзі тірісінде бала болып осы шалдың киелі шапанының шалғайына бір кіріп-шықпағаныңа өкінесің. Сөйте алған ұрпақтың бақытына қы­зығасың. Соның өзі-ақ былайғы өмірде рухани азық, жанға медет болар еді-ау! Осындайда дана тұлға, өмірде көрмегені жоқ шежіре шалдарды сағынасың. Сол шалдар қасиетті ақ дастарқан басында алқа-қотан отырып, әңгіме қозғағанда босаға жақта отырған біздің көз алдымыздан көлбеңдеп күллі дүние өтер еді-ау. Өткен ғасырмен бірге келмеске шапанын сүйретіп, көшпелі дәуір куәсіндей “дария кеуде тау мүсін” қариялар да өтіп кетіпті-ау! Біздің бала кезімізде ондай қариялар әр ауылда болушы еді. Сөйлеп кетсе табан астында тарих тіріліп қоя берер еді... Аузында дұғасы, өн бойында иманы тұнған сол қариялар ауылдың даналық қазынасындай көрінуші еді. Ал енді сол кемеңгер қариялар, арасына домбырасын көтеріп алыстан жырау келер болса, бәрі ысырылып төрден орын беретін. Өйткені, кемеңгер қариялар әр ауылда кездессе де суырыпсалма сайыпқыран жыраулар әр ауылда кездесе бермейтін. Жыраудың орны бөлек. Сондықтан да олар ескі ауылдың сағына күтетін қонағы. Кітапхана, баспасөз, театр, кино, теледидары, радиосы жоқ ол заманда ескі ауыл үшін жырау-жыршының келуі бір мереке болатын. Өнер мерекесі. Тек қана өнер мерекесі емес, сондай-ақ жеткіншек ұрпақ үшін теңдессіз мектеп, елдік пен ерлік мерекесі. Жамбыл ата естелігінен: “Ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлыбына еміренген маядай, батырларды жырла дейтін. Мен де жұрттың тілегіне сәйкес Өтеген батыр, Саурық батыр, Сұраншы батыр, Көрұғлы батыр, Алатай Жапарқұлдың жырларын айтатын болдым. Ел есіткенде ыңыранып жылайтын...”

 

Байқайсыз ба?! “Батырларды жырла дейтін”, “Ел есіткенде ыңыранып жылайтын” дейді Жамбыл ата. Шолақ қайырылған осынау жолдар астарында неткен ауыр ақиқат, телегей теңіз сыр жатыр! “Ыңыранып жылайтын” дейді. Астапыралла! Аузына қараған дүйім жұртты “ыңырантып жылатқан” ол неткен құдірет!? Дүйім жұртты жылатып, жүрегін көздің жасымен шылатқан неткен құдірет!? Дүйім жұртты аузына қаратып жан-дүниесін дүр сілкінткен ол қандай сиқыр?! Біздің мынау мүмкіндігінде шек жоқ дамыған заманда, жалт-жұлт еткен заманауи өнеріміз дәл солай қарақұрым халықты қойдай иіріп қойып ыңыранта ала ма? Тереңін шайқап тебіренте ала ма?! Ал жалғыз домбыралы жалғыз жырау сөйте алушы еді ғой. Сонда бұл феноменнің сыры неде? Ол нендей құдірет? Сөйтсек, ол құдірет — ұлы жырау Жамбылдың көмейінен күмбірлеп құйылған жыр құдірет екен. Әзелден атамыз қазақ табынған сөз құдірет екен. Оған тағы да екі құдірет қосылады екен. Домбыраның сазы мен жыраудың әуезі. Осынау үш құдіретке ие болған жырау ғана бұл өнердің шарықтау шыңына көтеріле алыпты. Халық сүйіспеншілігіне бөлене алған. Ұлттың рухын қалыптастыруда айрықша рөл атқарған. Тіптен, шешуші рөл атқарған. Шаршы топта Жамбыл жырау толғағанда “елдің ыңыранып жылауы” содан. Осынау үш өнер – сұңғыла сөз бен сылқым саз және күміс көмей әуез дарыған жыр сүлейімен жүздесу қашанда сананы сілкіп, сұрапыл сезім дауылын қозғаған. Тыңдаған жұртты ыңырантқан. Ондай жүздесуде қаңсып жатқан шөл аспанын қақыратып найзағай ойнап нұр жауғандай жанға дауа шипалы сөз-жаңбыр нөсерлейтін болған. Шөліркеген шөл даланың сусыны қанып, аспаннан райыс нұры құйылатын болған. Тыңдарман қауым рахат арылу күйін кешкен. Рухтанған, түлеген, жаңғырған, желпінген, тазарған, ширыққан. Ал енді осы қаумалаған қара құрым қауымның жан дүниесіне жыр жаңбырын нөсерлеткен құдіретті өнер иесінің өзі қалай қалыптасты? Бастауын қайдан алды? Мұндай дәстүрлі өнер тек ғасырдан ғасырға, ұстаздан шәкіртке жалғасу, сабақтасу арқылы жеткені айғақ. Кез келген жыраудың қайнар көзіне үңілсеңіз, соған көзіңіз жетеді. Бұл өнердің түп-тамыры көз жетпес көне дүние түкпірінен басталады.

 

Бұл өнердің бастауы тым әрі, орта ғасырлардағы Сыпыра жырау, Асан қайғыдан да әрі Қорқыт ата, одан да ежелгі түркі тарихын жырмен тасқа қашаған Йоллытегін, Тоныкөк жырауларда жатыр, аты қалмаса да соңында “Ергенекон”, “Алып Ер Тоңға”, “Аттила”, “Томирис” тәрізді жырларының жаңғырығы қалған ежелгі түрік, ғұн, сақ жырауларында жатыр делінеді. Ендеше, жыраулық өнер – сабақтас өнер. Алыстан келе жатқан алтын тін – жібек арқау үзілместен жалғанып жиырмасыншы ғасырға жеткен. “Жалғанып” дедік. Ендеше, бағзыдан келе жатқан баба жыр-дәстүр, алтын арқаудың келесі жас ұрпаққа көшер, жалғанар тұсы болғаны. Бұл өзі “Олимпияда отын” көтеріп жүгірген желтабанның қолындағы мәңгілік алауды өшіріп алмай келесі желтабан жүйрікке тапсыру сәтін елестетеді. Талантты шәкіртке тарлан ұстаздың кездесу тұсы. Немесе, жыраулық өнердің жалғануы. Жыраулар тағдырында ол бір өмірге қайта келгендей таңғажайып сәт. Оны тек бастан кешкен біледі. Өйткені, ол – шәкірттің анадан қайта туғандай ақын болып оянар сәті. Санасына ұлы өнер жарқ еткізіп сәуле шашып жарықтандырып, жан дүниесін астан-кестең еткен сәті. Ол әсерді сөзбен жеткізу қиын. Сезімтал бала бастан кешкен мұндай сәт адам санасына өшпес із, тозбас таңба салады. Балғын жастың болашақ тағдыр арнасын өзгертеді. Мұны балауса шағында ұлы жырау өнерімен жүздескен жан ұға алады. Сондай күйді бала Жамбыл да жасы он үштен аса бере бастан кешкен. Алатау бөктерінде Сәтімбай жайлауында отырған өз ауылында ұлы жырау Сүйінбаймен жүздескен. Жапаның үйінде отырып ұлы жырау қаумалаған халық алдында соны бір мақаммен соны бір дастанды бастайды. Бұған дейін ауыл арасы әнші, күйші, жыршыларды талай тыңдап жүрген Жамбыл бала үшін бұл мақам, бұл толғаудың аяқ алысы бөлек, бір тосын да тылсым жыр әлемі болғаны анық.

 

Бастайын Көрұғлының хиқаятын,

Түрікмен Текежәуміт дейді затын.

Әкесі Көрұғлының Раушанбек,

Толыбай арғы атасы аталатын 

 

– деп боздай бастаған жырау дастан қақпасын жұртқа соныбір қоңыр сарын, парасат сабырмен аша түседі. Сол қақпаның арғы жа­ғындағы тылсым әлемге мына қаумалаған қалың жұртты бастап ертіп жетелеп барады. Бала құлағы бұрын шалмаған қызылбастың қанқұйлы патшасы мен түріктердің текетірес заманы көз алдында іңірде пері көшкендей көлбеңдеп өре бастады. Жырау көмейінен өрбіген кең құлашты зор күңіреніс алыс заманның ащы шындығын тірілтіп, пияз қабығындай біртіндеп арши түсті. Бұл күңіреніс, зор күңіреніс бейнебір ұмыт қалған бағзы дәуір бабалар гөй-гөйі. Парасатты. Сабырлы. Терең толғаулы. Сол үн, күңіренген көне үн жыраудың тәңір дарытқан таңдайы арқасында алыстан ғасырлар қойнауынан оянып, күмбірлеп бүгінгі тірі құлаққа талып жетеді. Жамбылдың бала құлағы ұлы жыраудың көмейінен көне мақаммен өрілген түйдек-түйдек шумақтарды қомағайлана қылғытады. Табиғаты сирек алтын сөз. Асыл жақұт, маржан сөз. Бірін шашпай, шашау жібермей теріп отыр. Жырау толғауымен сол сөздерден құралып кең тынысты батырлық дастанның оқиғасы да өріліп барады. Өрілген сайын елге қалқан болам деген жас батырды қатал заманның қатыгез тағдыры біресе отқа, біресе суға салады. Шыңдап ширатады. Сүйінбай жыраудың “Қөрұғлыны” айтқандағы мақамы қандай десеңші! Кісіні естен тандырады. Көне түркілердің көмей толғауы. Кейде ботадай боздап желіп отырады. Кейде қайқаң қағып көкке қыранша самғайды. Биіктен сорғалайды. Құлақтан кіріп бойды алады. Сана сезіміңді солқылдатады. Сондықтан да сиқырлы, соны. Бала Жамбылдың санасын матап, шырмап, баурады. Тыңдаған сайын ұстаз тұлғасы көз алдыңда биіктеп, қол жетпес құдірет иесіне айналып барады. Айберен аруақтанып, айшықталып түседі. Жырау барған сайын арқаланып, көз жанары шақпақтай жарқылдап арсы-гүрсі өркештеніп барады. Батыр жауға шапқанда өзі де қалың қамысқа тиген өрттей қаулап дүрілдейді. Батыр жаумен жағаласқанда бейнебір қарсы келген жаумен өзі бетбе-бет келгендей өршеленіп, екіленеді. Не болар екен деп оны тыңдап отырған жұрттың зәресі ұшады. Ал бала Жамбыл болса көз шарасы ұлғайып Қөрұғлының қасында қан майданда бейне өзі жүргендей ширығып алған. Ұлы дастан таң сарғайып, тау иығынан жылтырап күн сығалағанша толас таппады. Соған дейін ана құшағындағы сәбилер болмаса киіз үйдің туырлығын түріп қаумалаған қалың жұрт кірпік ілген жоқ. Әсіресе, бала Жамбыл әрі-сәрі.

 

 Ұлы өнер сыйлаған ұлы бақыттан есі шығып есеңгіреп қалған. Ұлы жырау толғаған ұлы дастан әсерінен шыға алар емес. Бала Жамбыл ол әсерден ғұмыр бойы шыға алмасын ол сәт аңғарған жоқ. Бұдан былай Сүйінбайға сыйынбай сөз сөйлемейтінін түйсінген. Бұл кездесуден кейін бала Жамбыл ұлы жыраудың жанынан қарыс қадам қалған жоқ. Баланың айтқыштық талантын аңғарған ұлағатты ұстаз да ақ батасын беріп, Жамбылды шәкіртім деп жариялады. Шәкірт баланың төбесі көкке жетті. Осы күннен бастап ұстазы табылған Жамбыл бала ұлы өнер айдынына шындап құлаш ұрды. Жыраудың атқосшысы болып ел аралады. Сүйінбай айтатын жыр жалғыз “Көрұғлы” емес екен. Айлап айтса да таусылмайтын айдын шалқар көл екен. “Мың бір түн”, “Шахнаме”, “Манас”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Тотыкамал”, “Сейттбаттал”, “Қыз Жібек”, “Орақ-Мамай”, “Едіге”, “Шора батыр”, “Қабанбай”, “Бөгенбай” “Ерназар – Бекет”, “Садыр патша – Жамбыл патша”, “Өтеген батыр”, “Сұраншы батыр”. Осылай жыраудың жыр қоры тізіліп кете береді. Бала Жамбыл осы жырларды құлағына құя берді. Жаттай берді. Жаттаған сайын өресі де, өрісі де кеңейе берді. Жас Жамбыл қиядағы ұясында қанатын қомдаған бала қырандай. Қанаты қатайып, күні келгенде шаңқылдап жыр көгіне көтерілді. Тау қыранының дауысы алысқа жетті. Ұяда көрген тәлімі жыр додасында жебеді. Қолтығынан демеді. Шаршы топқа түскенде шалыс қадамнан сақтады. Ақын деп аузыңа қараған қарақұрым халықпен бетбе-бет қалудың өзі қатал сын – қылкөпір екен. Ол көпір үстінде сен жан-жақтан, төменнен қадалған мың сан көз ұшында жалғызсың. Әр қимыл, әр қадамыңды қалт жібермей қадалған көздер. Табаның тайды екен, құладым дей бер дозақ отына. қылкөпірден қаз-қаз басып, сиынған пірің жар болып, аман-есен өттің екен... алдыңда абырой, атақ, даңқ күтіп тұр... Жыраудың жәннат бағы... Халық алдына шыққан сайын немесе мың сан назар ұшында осынау қылкөпірге көтерілген сайын Жамбыл жырау да шыңдалып өнер шыңына көтеріле түсті. Тіптен бұл өнердің еш ұстаз айта алмайтын қырық қат­пар қыр-сырына қанықты. Мысалы, жырдағы батыр ол, ең алдымен, мына қаумалаған жұрт сенімінен шығуы тиіс. Ол отқа салса күймеуге, суға салса батпауға тиіс. Қорқу дегенді білмеуге тиіс. Бір өзі он емес, жүз кісі қарсы келсе де қоғадай жапырып, қырып салуға тиіс. Ол пендешіліктен ада. Халық үшін туып, халық үшін қажет болса өлуге тиіс. Батырдың сүйгені міндетті түрде ақылға дана ару жар. Жалпы қазақ түсінігіндегі әйелге тән жақсылықтың, жақсы қасиеттің бәрі батыр сүйген қыздың бір бойынан табылуы керек.

 

Батырлық дастанның талабы осы. Өйткені, жырау алдында отырған бозбала – батырдан үлгі алуы керек, қыз бала батыр сүйген қыздан үлгі алуы керек. Тыңдарман талабы осы. Мінеки, сон­дықтан да батыр мен оның сүйгенінің бойында да, ойында да мін болмауы керек. Мін байқалар болса, оны жырау дереу қырнап, жонып-жөндеп тыңдарманға әдемілеп жеткізуі керек. Оқиға желісін де әр айтушы жырау осылай өзінше да­мытып отырады. Осындай әр жыраудың сүргісінен өткен жырда қырнала-қырнала мін қалмайды. Тап-таза, жалт-жұлт еткен жауһарға айналады. Тыңдарманға керегі осы. Тыңдарман жырауды да жағымды кейіпкерлер көтерілген кісілік биіктен көргісі келеді. Ол оңай талап емес. Нәтижесінде, жырау өзі қолдан қашап жасаған батырларға, даналарға тартпай тұра алмайды. Ерлік, мәрттік, тектілікті жырлап, жағы талмай насихаттай бергеннен кейін келе-келе жыраудың өзі де трансформацияланып, өзі насихаттап отырған ержүрек батырларға тарта бастайды. Егер жұрт алдында жырау өзі насихаттап отырған ерлерге емес, ездерге ұқсап отырар болса, оның сөзінде пәтуа болмай далаға кетіп, оған жан сенбес еді. Осы тұста бір тойда өзіміз көрген бір эпизод еске түседі. Марқұм сирек талант иесі Қаламқас Орашева сол тойда сұңғыла жырау Н.Байғаниннің “Нарқыз” дастанынан үзінді жырлады. Батыр қызды жырлаған жырау қызымыз Қаламқас сахнада тіпті екіленіп, аруақтанып кетті. Біздің көз алдымызда қайраты бойға сыймай тасып, жай отындай жарқылдап бейне батыр қыз Нарқыздың өзі отырғандай көрінді. Жыр аяқтала салысымен арынын баса алмаған Қаламқас сыртқа шықты. Мен де сыртқа шықтым. Жыршыны тамаша өнерімен құттықтадым. Сөйтсем, Қаламқас бейне аламан шабыстан тұяғы қызған бәйге атындай арынын баса алмай екі иығынан дем алып тұр екен. Әлі өз-өзіне келе алмай тұр екен. Осы сәт жырау қыз маған арқалы жандай көрінді. Осындай транформация болмаса, яғни жырау жұрт алдында бір мезет өз-өзін ұмытып, дастан кейіпкеріне айналып кетпесе өнері тыңдарман қауымды құрықтар құдірет-күшке айналар ма еді? Әй, қайдам.

 

Яғни, жырау жұрт алдында, мезгіл алдында батырды сомдаушы. Батырдың мәңгілік бейнесін граниттен қашаушы, мүсінші. Тек қана қашап қоймай, ол бейнеге “үп” деп үрлеп дем салып жан беруші. Жасымас жігер, қайтпас қайрат беруші. Жыраудың жанартау жүрек оты, тасыған күрескерлік қайрат-қуаты түгел жыр арқы­лы батырдың бойына көшеді. Жырдағы батыр әсіре ардақталып дәріптеледі. Демек, жырау кім десек, ол – дастандар арқылы бізге жеткен батырлар мен сұлулардың атасы. Жырауларды сондықтан халқымыз олардың өздері жырлаған батырлардан кем қастерлемеген. Бүйтіп яғни, өзі айтқан жырымен бірге өсіп, бірге өну, елге тұтқа болған батырлармен бірге туып, бірге өлу барлық жыраулар өткен мектеп. Міндетті рухани мектеп. Сол мектептен өткен жырау сөзсіз өз дәуірінің абы­зы. Сондықтан да Сыпыра жырау, Асан қайғы, Бұхар жыраулар өз заманында сөздеріне хандар тоқтаған тарихи тұлғалар болған. Бұл дәстүр жаңғырығы Жамбылдың жыраулық өнері шарықтаған 19 ғасырға да жетті. Бірақ, жырауы қалса да, хандары мен билері жоқ, оның орнын орыс ояздары басқан, ел еңсесін отарлық езген зар заман еді ол. Жыраудың балалық шағы тек қана орыс озбырлығы емес, Қоқан тепкісін де көрген жүрегі қаяулы қалың жұрттың арасында өтті. Басқыншылармен арыстандай алысқан Сұраншы бастаған қазақ батырларын Жамбыл көзбен көрді. Отансүйгіштік, күрескерлік, ұлт азаттық ұрандарын өз құлағымен естіді. Ол ұрандар жырға айналып, халықтың жігерін жанып, жүрек­терде отаншылдық отын жақты. Кешегі бала Жамбыл енді күрескер дана Жамбылға айналды. Оны “Сұраншы батырдағы” мына жыр жолдарынан оқимыз. Жетісуды басып алған Қоқан ханы Құдиярдың 20 мың әскеріне небәрі 300 сар­базбен қарсы шыққан Сұраншының майдан алдында жігіттерге жігер беріп айтқан сөзі:

 

Батыр туған жігітке

Шабатын жаудың көбі жоқ.

Суырып қылыш ат қойсаң

Қарсы тұрар бірі жоқ.

Еңкілдеген шал анау,

Шырылдаған бала анау.

Қуыршақ болған жауыңа

Келіншек пен қыз анау.

Көзім тірі тұрғанда

Қорлыққа қалай көнейін?!

Жауым көп деп жасқансаң

Сендерді дос демеймін.

Қашар болсаң қырамын,

Кетпейсің тірі біреуің.

Ел үшін жанды қимасаң

Ер деп қалай сенейін.

Ақ сүт берген анам – ел!

Үлгі берген атам ел.

Халық үшін мен лақ,

Жау қолында өлейін.

 

“Жау қолында өлейін” дейді Жамбыл. Батырдың да, ақынның да сөзі осы. Оны тыңдап отырған қарақұрым халықтың да сөзі осы. Жырау тек қана жыр жырлап отырған жоқ. Ұстаның болат балқытар гүмпілдеген көрігіне айналып отыр. Сол көрігін, жыр көрігін гүмпілдетіп, ұста ұстаз ертеңгі ел қорғайтын жас ұрпақты шыңдап отыр. Ал, біз болсақ, бұл мысалдан ұлт рухын шыңдайтын ұстахананы көріп отырмыз. Ұстасы – жырау. Осы ұстаханада замандар бойы үзіліссіз, ұлт рухы шыңдалыпты. Жырау алдынан жас та, кәрі де намыс жігері жанылып, жау көрсе жолбарыстай атылуға дайын отан қорғаушылар шығыпты. Ездер ер болуға ұмтылып, ерлер арыстандай азуын айға білепті. Осылайша, бұл ұстаханада қазақтың ел мен жер дегенде өре түрегелер өршіл рухы шыңдалыпты. Ол ұстахананың маңдай тері сорғалап балға ұстаған ұстасы – жырау, ұлттық рухтың ұстазы.

 

Күлдір де күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз.

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екенбіз.

Жалаулы найза қолға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!

 

— деп арындаған Ақтамберді жырау қартайып, өлер шағында “Бар арманым айтайын, батырларша жорықта, өлмедім оқтан қайтейін!” деп аһ ұрған. Жыраулар мұрасына қалай көз жүгіртсеңіз де бұрқ-сарқ қайнаған батырлық рухқа кездесесіз.

 

 

Категория: Тарих | Добавил: Ulyaa | Теги: Дүлдүлдер, ӨТКЕН..., дүбірлі, даланы, ТЕРБЕП
Просмотров: 531 | Загрузок: 165 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar