Көшпелілік - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Көшпелілік
[ · Скачать удаленно (32.0Kb) ] 31.10.2012, 22:15
Көшпелілік — көшпелі халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесі, шаруашылық-мәдени типі.
Мазмұны
1 Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері
2 Көшпеліліктің шығу тегі
3 Көшпеліліктің эволюциясы
4 Пайдаланылған әдебиет

Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері

Көшпелілер туралы түсінік алдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді.

Сонымен қатар көшпелілер туралы нашар түсініктер сол ерте заманда-ақ қалыптасты. Көне Қытайда «көшпелілер жабайы, мәдениеттің қас жауы» деген түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды «тағы-жабайылардың тұқымы, өркениеттің жауы» деп есептеді.

XVIII—XIX ғасырлардағы Еуропа ғалымдары да көшпелілер туралы өз көзқарастарын білдіріп отырды. Мысалы, Монтескъе көшпелілер қоғамын «әділетті, теңдікті қоғам» десе, Фергюсон, Адам Смит: «Көшпелілерде мүлік теңсіздігі, әлеуметтік теңсіздік ерте пайда болды», — деген. Ал философ Кант: «Мемлекеттің өзі көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің өзара қақтығысынан, қорғаныс мақсатында пайда болды» деген тұжырым жасайды. Атақты философ Ф. Гегель: «Көшпелілерде әлеуметтік қарама-қайшылық болғанымен, мемлекет болған жоқ», — деп есептеген.

XX ғасырдағы Еуропа ғалымдарының көшпелілікке көзқарасы әр түрлі болғанымен, бұл қоғамның жағымсыз жақтарына ғана назар аудару басым болды. Мысалы, Рацель, Гумплювич, Торнвальд, Тойнби деген ғалымдар: «Көшпелілер өз бетімен өркениет жасауға қабілетсіз, олар мемлекетті, басқа да өркениет жетістіктерін отырықшы елдерді жаулап алу арқылы ғана үйренді» деген тұжырымдар айтты. Олардың және бұл ғалымдардың жолын қуушы қазіргі заманғы зерттеушілердің пікірінше: «Көшпелі қоғам — бұл бір орнында тоқырап, өз бетінше дами алмайтын қоғам, отырықшы мәдениеттің әсерінсіз өркениет жасай алмайтын қоғам, болашағы жоқ қоғам».

Көшпелілік кеңес ғылымында XX ғасырдың 20—40-жылдарынан бастап зерттеліп келеді. Бұл саладағы кеңес тарихшыларының еңбектерінде де маркстік-лениндік көзқарас басым болды, зерттеушілер, негізінен алғанда, көшпелілердің қоғамдық құрылысына ғана мән берді. Мысалы, А. П. Чулюіиников деген зерттеуші: «Көшпелілерде таптық қоғам болған жоқ, тек рулық қауым болды», — десе, П. Кушнер: «Көшпелілерде «рулық мемлекет», феодализмнің бастапқы нышандары ғана пайда болды», — дейді.

XX ғасырдың 30-жылдары С.П.Толстов пен Б.Я.Владимирцевтің көшпелі қоғам туралы пікірлері 60-жылдардың соңына дейін әр түрлі нұсқада қайталанып, дамытылып келді. С. П. Толстовтың пікірі бойынша: «Көшпелілер отырықшы халықтар сияқты алдымен құлиеленушілік, содан соң феодалдық қоғамды басынан өткізді. Бірақ көшпелілердің құлиеленушілік қоғамы әскери құлиеленушілік демократия немесе патриархаттық монархия түрінде құрылды». «Көшпелілердегі меншіктің негізі жер ме, мал ма?» деген мәселенің төңірегінде пікірталас жүрді. Бір топ ғалымдар: «Көшпелілерде рулық қоғам қалдықтарымен араласқан феодалдық қоғам болды және феодалдық меншіктің жерге қатысты негізін жерге жеке меншік құрады», — дегенді айтты. Екінші бір топ зерттеушілер: «Еуразия көшпелілері патриархалдық-феодалдық қоғамда өмір сүрді, осы таптық қоғамдағы меншіктің негізгі түрі малға қатысты жеке меншік болды, ал жер рулық қауымның ортақ иелігінде болды», —деген пікірді ұстанды.

Көшпелі қоғамды зерттеуде қоршаған орта (табиғат) және адамның белсенді іс-әрекет мәселесі жиі қозғалып отырды. Олардың пікірі бойынша, далалы, шөлейтті, шөлді, таулы аймақтарды жайлаған халықтарда табиғат жағдайына қарай мал шаруашылығы, көшпелілік қалыптасқан. Осындай халықтардың бірі — қазақ халқы далалы, шөлейтті аймақты игерудің бірден-бір жолы мал шаруашылығы деп білген және осындай табиғи жағдайға икемделе өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен.

XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап тоталитарлық жүйе идеологтары көшпелілікке қарсы шыға бастады. «Адам табиғатты өзгертуші құдіретті күш» деген қағиданы басшылыққа алған коммунистік идеологияның өкілдері көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келген халықтарды жаппай отырықшылыққа айналдыру қажеттігін дәлелдеп бақты. Ал осы қате көзқарастан қазақ халқы 30-жылдары қатты күйзеліске ұшырап, жаппай қырылып, көпшілігі елден ауып кетуге мәжбүр болғандығы белгілі.

XX ғасырдың 60—70-жылдарынан бастап жекелеген ғалымдар көшпеліліктің географиялық-экологиялық себептерін қайта мойындай бастады. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелілік дегеніміз, кейбіреулер айтқандай, «адамзаттық өркениеттің сара жолынан адасу» емес, керісінше, шаруашылықтың, мәдениеттің ерекше даму түрі. Олардың пікірі бойынша: «Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті табиғатта өз шаруашылығын қалыптастырған, олардың негізгі күнкөріс көзі мал болған, мал басы өскен сайын жайылым айырбастау қажеттілігі туған, сөйтіп жылжымалы өмір салты қалыптаскан».

Көшпелі халықтар, оның ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген тарихшы Л.Н.Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев: «Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл атқарады» деп санады. Оның ойынша, «бүкіл тарихи үдеріс географиялық, биосфералық өзгеріске тікелей және толығымен тәуелді». Л.Н. Гумилевтің осындай көзқарастары кезінде сыналған да еді.

Археолог К.Ақышевтың пікірі бойынша, Қазақстан жерінде көшпелі мал шаруашылығының қалыптаса бастауы қола дәуірінің соңы, темір дәуірінің басына, яғни б.з.д. IX—VII ғасырларға жатады. Осы кезден бастап, Орталық, Батыс Қазақстан жерінде меридиан бойымен көшу, ал Шығыс Қазақстан мен Жетісуда қыста жазықтар мен қар аз түсетін таулардың қойнауын қыстап, жазда биік таулы жайлауларға көшу қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстан аймағында ерте заманнан-ақ көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы шаруашылық пен тұрмыс орын алған.

Өткен ғасырдың 60—70-жылдарынан бастап қазақ көшпелі қоғамы жөнінде қазақстандық ғалымдардың еңбектері шыға бастады. Бұл ретте С.Зимаиовтың «Қазақтардың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылысы», В.Ф. Шахматовтың «Қазақтың жайылымдық көшпелі қоғамы», С. Толыбековтің «XVII—XX ғасырдың басындағы қазақтардың көшпелі қоғамы», Д.Кішібековтің «Көшпелі қоғам: шығуы, дамуы, құлдырауы», Н. Масановтың «Қазақтардың көшпелі өркениеті», т.б. еңбектері жарық көрді.

Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелі жұрттар өз бетімен таптық қоғамның ең алғашқы сатысына жетеді, ал олардың өрі қарай дамуы отырықшы халықтардың ықпалымен ғана іске асады. Көшпелі қоғам — бұл даму болашағы шектеулі қоғам.

Кейінгі кезде көшпелі қоғамның ежелгі замандағы, орта ғасырлардағы мәдени, әлеуметтік-саяси оңды жақтары, артықшылықтары мойындалып келеді. Көшпелі өркениеттің адамзат тарихындағы заңды құбылыс, шаруашылықтың, мәдениеттің, өмір тұрмысының ерекше бір түрі екендігін көпшілік ғалымдар мойындай бастады.
Көшпеліліктің шығу тегі
Соғыс және аңшылық арбалары бейнеленген жартастағы суреттер (б.з.д. II—I ғғ.);
1, 5, 6 — Арпаөзен,
2, 3, 4, 7 — Қойбағар

Көшпеліліктің шығуы, көпшілік жағдайда, географиялық ортаның тікелей әсерімен байланысты. Сондықтан да көшпелілік белгілі бір нақты тарихи кеңістіктерде ғана таралды. Көшпеліліктің пайда болуы — белгілі бір климаттық жағдайлар, экологиялық ұяның (ниша) шектеулі мүмкіндіктері, табиғи ресурстардың сол өлкеде өмір сүруші этностың алдына қоятын табиғи талаптарына байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизикалық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Әдетте, бұл — далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері, тау аймақтары. Мұндай жерде көбінесе жаңбыр аз, жылдық ылғалдың мөлшері 200—400 мм арасында ғана болады. Осындай аймақтарға: Қазақстан, Монғолия, Жоңғария, Араб түбегі, Оңтүстік-батыс, Оңтүстік Азиядағы шөлдер мен шөлейтті аймақтар, Африка континенті жатады.
Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Көшпелілік
Просмотров: 1481 | Загрузок: 208 | Рейтинг: 4.2/4
Всего комментариев: 0
avatar