Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты. Халықтар депортациясы - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты. Халықтар депортациясы
[ · Скачать удаленно (41.3Kb) ] 31.10.2012, 21:33
Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты. Халықтар депортациясы


Мазмұны
1 Соғысқа дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы
2 Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандар
3 Соғыс жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы
4 Екінші дүниежүзілік соғыстың халық санына тигізген әсері. Еңбек армиялары
5 Пайдаланылған әдебиет

Соғысқа дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы

Социалистік заманда Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ.

Кеңес өкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар — сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.

Депортация латынша deportatio — «қуғындау», «көшіру» деген мағынаны білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілдерінің белгілі бір іс-әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет. Ал шетел тіліне енген сөздер сөздігінде «депортация» — қылмыстық және әкімшілік жаза ретінде мемлекеттен қуылу, көшіру, жер аудару деп көрсетілген.

1920—1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіру — сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО- да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 млн адамға жетті. КСРО-да ең көп орын алған жаппай қуғын-сүргіндік көші-қондардың төмендегідей түрлері қолданылды:

этностың белгілері бойынша депортация («жазаланган халықтар», «шекараларды тазалау»,«сенімсіз халықтар»).
әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі кулақтарды жер аудару) кезінде келгендерді арнайы көшірілгендер (спецпереселенцы) деп атады.
саяси мүдде негізіндегі 1934—1944 жылдары көшірілгендерді «еңбек қоныстарындағылар» деп атады. 1944 жылдан бастап «арнайы қоныс аударылғандар» деген атау қолданылды.

Жоғарыда аталған күштеп жүргізілген депортациялардың ішінде мерзімі жағынан большевиктік әлеуметтік-таптық геноцид бірінші болып жүзеге асырылды. Кубань казактары, зиялылар, діни адамдар алғашқы большевиктік тәжірибенің құрбанына айналды. Одан кейін кулақтар мен байларды тап ретінде жою басталды. Оларды үш санатқа бөлді. Солардың ішінен екінші санатқа жататындарды КСРО- ның алыс аудандарына жер аудару көзделді. Жоспарлы түрде әкімшілік күшпен алып келіп қоныстандырудың мұндай ауқымы этностардың гендік қорына нұқсан келтірді, миллиондаған шаруалар ұжымдастыру жылдарында аштан қырылды. Жаппай ату жазаларына ұшырады және лагерь капастарына қамалды.

Қазақстандағы байларды тәркілеу барысында шамамен 5500 отбасы сыртқа көшірілсе, Қазақстанға Орта және Төменгі Еділ бойы, Орталық қаратопырақты және Мәскеу облыстары, Солтүстік Кавказ өңірінен 1932—1933 жылдары мыңдаған адамдар жер аударылды. Қазақстан «Сібір» сөзінің синониміне айналды. Осылайша халықтарды күштеп көшіру соғысқа дейінгі кезеңде басталып, әр түрлі әлеуметтік топтар мен сословиелерді, этностық топтарды КСРО-ның орталық аудандарынан 20—30-жылдары Қазақстан, Орал, Орталық Азия, Сібір, Қиыр Шығысқа жаппай көшіріп-қондыру қызу жүргізіліп жатты.

Кулак деп аталған миллиондаған таңдаулы шаруалардың көзін құртқан этнодемографиялық дағдарыс халықтарға зор зиянын тигізді. Қазақстанда ұжымдастыру науқаны кезінде жер аударылған кулактардан тұратын арнайы көшірілгендердің 100-ге тарта қоныстары болды. Олар арнайы комендатураларда есепте тұрды. ГУЛАГ қызметі жүйесіне күшпен тартылып, көмір өндіру, металл өндірісі, темір жол мен электростанциялар, НКВД (Ішкі істер Халық Комиссариаты) құрылыс объектілерінде, мақта өсіру, қызылша, қант өндірістерінде және т.б. жұмыс күші ретінде пайдаланылды.

Арнайы қоныс аударылғандардың азаматтық құқығы сақталды, қоныстанған әкімшілік аудан көлемінде жүріп-тұруына рұксат етілді. Бірақ қоныстанған жерінен кетуге құқығы болмады. Олардың тұрмыстық-шаруашылық мәселелерін шешу НКВД-ның, ГУЛАГ басшыларына жүктелді.

1930 жылдардың ортасында жаппай саяси қуғын-сүргіннің тереңдеуіне Сталиннің «Троцкий-Зиновьев» топтарымен және оңшыл оппортунистермен күресі түрткі болды. Орталықтағы болып жатқан бұл оқиғалар ұлт республикасында, өлкелерде тұрғындарды жаппай саяси кудалауға жол ашып берді. Осы үлгімен мұнда да «халық жауларын» — «ұлтшыл-фашистерді» әшкерелеу қолдан ұйымдастырылды. Елде сталиндік жаппай қуғын-сүргіннің кең етек алуына негіз қаланды.
Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандар

1936 жылы КСРО ХКК құпия қаулыларының негізінде Батыс Украинадан Қазақ АКСР- не 15 мың поляк және неміс шаруашылықтарын көшіріп-қоныстандыру басталды. Олардың көп бөлігі Солтүстік Қазақстанға, қалғаны Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Ресейдің ішкі аудандарынан, Украинадан, Белоруссия мен басқа республикалардан арнайы коныс аударылғандардың жалпы саны 1936 жылға қарай 360 мың адамға жетті.

Еділ өңірі немістерін Сібірге депортациялау идеясы 1915 жылы туса да, оны жүзеге асыруда көптеген кедергілер кездесті. Ал 1937—1938 жылдары немістердің ұлттық мәселесі қайта жандана бастады. Патша жүзеге асыра алмаған идеяны қолға алуға ыңғайлы кезең туғандай еді. Қазақстандағы «Кіші Қазан» науканы кезінде босап қалған жерлерге корейлерді, финдер мен поляктарды орналастырғаннан кейін кезек немістерге де келді.

Соғыстың алдында Қазақстан аумағына тағы да поляк ұлты өкілдерінің екінші толқыны көшіріліп әкелінді. 1939—1940 жылдары Гитлер армиясының Полынаға басып кіруіне байланысты Батыс Украина, Белоруссиядағы поляктар қосымша кашып келе бастады. 1940—1941 жылдары поляктардың осы бөлігі Қазақстанға қоныстандырылды. Дегенмен 1936 жылғы көшірілгендер мен 1940—1941 жылдары көшірілген поляк азаматтарының құқық жағынан айырмашылықтары болды. Соңғы келгендер «поляк осадниктері мен босқындары» ретінде өмір сүрді. Кеңес үкіметі КСРО аумағына келген поляктардан армия құрып, гитлерлік Германияға қарсы қою жағын да ойластырған еді. 1940—1941 жылдары 200 мыңдай поляк Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазакстан, Талдықорған, Жамбыл, Алматы облыстарына орналастырылды. Поляк-кеңес пактісіне қол қойылғаннан кейін олардың көп бөлігі Владислав Андерс бастаған поляк армиясының қатарында өскери қимылдарға қатысты. Андерс армиясына енгісі келмегендердің бір бөлігі Қазақстан аумағында қалды. Соғыстан кейін олардың көпшілігі еліне қайтқанымен, 30-жылдарда депортацияланған бөлігі қалып қойды.

Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық корейлер ілікті. Олардың кейбір белсенді бөлігін 1935—1936 жылдары күштеп әкімшілік қоныс аудару басталды. Жалпы, жаппай көшіріп-қоныстандыру екі кезеңнен түрды. Оның алғашқысы 1937 жылдың күзінен 1938 жылдың көктеміне дейін созылды. жылдың қыркүйек айының соңынан бастап алғашқы эшелондармен бірге Қазақстандағы корейлердің тарихы басталды. Жапон «шпионы» деп жала жабылған корейліктерді қазақтар жанашырлықпен қарсы алып, олардың аянышты халдеріне түсіністікпен қарады, құшағын жайып қарсы алып, қиын жағдайда қол ұшын беруден тайынған жоқ.

1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді олар тұрақты мекендерге орналастырылды. Негізгі бөлігі жойылып кеткен кеңшарлар мен игерілмеген жерлерге орналасқандықтан, тұрғын үй, жұмыспен, еңбек құралдарымен қамту жағы жетіспеді. Жаппай күшпен қоныс аудару корей халқын өзінің тарихи отаны — Кореядан көп жылдарға қатынасын үзіп, білім, тіл, мәдениет саласында орны толмайтын шығынға үшыратты. 1938 жылы 1 қыркүйекте барлық корей тіліндегі мектептер, Қазақстандағы педагогикалық училище, 1939 жылы Қызылордадағы корей педагогикалық институты жабылды, корей тіліндегі оқулықтар жойылды.

70 корей ұжымшарлары республиканың 8 облысында — Қызылордада, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда орналасты. Олар балық кәсіпшілігімен жөне ауыл шаруашылығымен айналысты.

КСРО-ның ұлт саясатында 30-жылдардағы қуғын-сүргінге иран ұлты да ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып жатқан ирандықтар 1938 жылы қазан—қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Кеңес азаматтығын алған 6 мың адам арнаулы қаулы негізінде 1710 шаруашылық (отбасы) Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарына, 300 шаруашылық Алматы облысы аудандарына орналастырылды.


Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: САЯСАТЫ., өкіметінің, халықтар, депортациясы, Кеңес, көші-қон
Просмотров: 1295 | Загрузок: 209 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar