Пазырық Мәдениеті, Пазырық обалары, патша обалары - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Пазырық Мәдениеті, Пазырық обалары, патша обалары
[ · Скачать удаленно (25.0Kb) ] 31.10.2012, 21:29
Пазырық Мәдениеті, Пазырық обалары, патша обалары – Таулы Алтай өлкесін ерте темір дәуірінде мекендеген тайпалардың археологиялық мәдениеті (біздің заманымыздан бұрынғы 6 ғасырдың ортасы – 3 ғасыр). Осы мәдениеттің айрықша ескерткіштері үлкен обалардың ғылыми әдебиеттегі шартты атауы. Пазырық мәдениеті, негізінен, РФ Алтай Республикасының оңтүстік-шығыс және шығыс өлкелерінде көбірек зерттелген. Зерттеу жұмыстары 17 – 18 ғасырларда басталды. Зерттелу тарихының басты ерекшелігі – 1960 жылға дейін негізгі деректер үнемі үлкен обалардан алынып, ескерткіштердің басқа түрлерін (кіші обалар, қоныстар, т.б.) қазу мен зерттеу тек осыдан кейін ғана қолға алынды. В.В. Радловтың Үлкен Катанда (Қотанды), Үлкен Берел (Қазақстанның Қатонқарағай өлкесінде) обаларында жүргізген қазбалары барысында көне дәуірдегі тайпа көсемдері жерленген қабірлер ашылды. Олардың санының көптігі, деректерінің құндылығы 20 ғ. зерттеушілері арасында үлкен ғылыми қызығушылық туғызды. Ертеректе зерттелгендерінің қатарына мыналар жатады: Үлкен Катанда обасы (Радлов 1865 ж.; қайыра зерттеген А.А. Гаврилова 1957 ж.), Үлкен Берел обасы (Радлов 1865 ж., толық деректерін баспаға шығарған С.С. Сорокин 1962, 1967 ж.), Шибе обасы (М.П. Грязнов 1927 ж.), Пазырық қорымындағы 5 оба (С.И. Руденко 1929 ж. 1-оба, 1947 – 1948 ж. 2, 3, 4-обалар, 1949 ж. – 5-оба), Қаракөл қорымының 2-обасы (С.В. Киселев 1934 ж.), Курота-1 қорымының 1-обасы (Киселев 1937 ж.), Яконур қорымының 5-обасы (Грязнов 1939 ж.), Башадар қорымының 2 обасы (Руденко 1950 ж.), Тұйықты қорымының 2 обасы (Руденко 1954 ж.). Бұған қоса 1990 жылдан бастап Ак-Алаха-1, 3, Құтырғантас сияқты үлкен обалар зерттелді. 1980 жылдан бастап дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқан ғылыми қорытындылау жұмыстарында В.А. Могильников, А.С. Cуразаков, В.Д. Кубарев, Л.С. Марсадолов, М.Т. Абдулганеев, П.И. Шульга, Ю.Ф. Кирюшин, Н.В. Полосьмак, т.б. зерттеулері маңызды.
Пазырық мәдениеті – жинақталған деректерінің көлемі, олардың маңызы мен зерттелу деңгейі, қатысқан зерттеушілердің санының молдығы, ол туралы пікірлердің жан-жақтылығы мен құндылығы жағынан Еуразия археологиясындағы ерекше құбылыстардың бірі. Дерекнамалық қорды 135-тен астам қорымға біріккен 650-ге жуық обадан алынған мәліметтер құрайды. Үлкен обалардағы жерлеу ғұрпының аса маңызды белгілеріне қабірлердің үлкен, терең болуы, қабір түбіне салынған, ішіне сәнді оюлы саркофагта адам жерленетін ағаш қима, оның сыртына көптеген жылқы мүрделері қойылуы жатады. Қабір түбіне кетіп отырған ылғал қатып, тереңнен қайта буланып шыға алмағандықтан, үлкен обаларда мәңгі тоң қабаты қалыптасқан. Осының салдарынан қабірге салынған адам мен жылқы мүрделері, көптеген бұйымдар жақсы сақталған. Заттай деректер арасында қыш, ағаш, металл ыдыстар, қару түрлері, сәндік бұйымдар, еңбек құралдары көптеп саналады. Қазіргі күнде көптеген қоныстары белгілі болғанымен, олар тек соңғы 15 – 20 ж. ішінде ғана зерттеле бастағандықтан, мәліметтері дәйекті зерттеулер деңгейіне жеткен жоқ. Шешуі табылмай отырған мәселелердің бірі мәдениеттің шығу тегін анықтау болып отыр. Дәл осы аумақта осының алдында, яғни б.з.б. 7 – 6 ғасырларда өркендеген майемер мәдениетімен екі арада тікелей генетикалық сабақтастық жоқ деген пікір қалыптасқан. Расында да Пазырық мәдениетіне тән негізгі белгілер (өлген адамның басын шығысқа қарату, үлкен қабірдегі ағаш қима, көптеп қойылған жылқылар, жалпы үлкен оба тұрғызу дәстүрі, т.б.) б.з.б. 6 ғасырдың ортасына қарай кенеттен пайда болып, күрт қанат жайып, көбейіп кетеді. Руденко кезінде бұл мәдениеттің бүгінгі жалғастырушылары осы күнгі қазақ, қырғыз халықтары деген болатын. Бір топ ғалымдар шығу тегі бойынша Пазырық мәдениеті байырғы түркілердің мәдениетіне жатады деген пікірді ұсынған. Сонымен қатар, зерттеушілердің негізгі бөлігі мұны көне үндіеуропалықтар (иран тілдес тайпалар) мәдениетінің ауқымында ұстап келеді. Үлкен обалардан алынған деректер арасында Алдыңғы Азияның мәдениетіне сәйкес келетін маңызды белгілердің болуына орай соңғы кезде Пазырық мәдениетінің осы өлкелермен екі арадағы тікелей сабақтастығы жайлы пікірлер айтылды. Бұл зерттеушілердің болжамы бойынша, Алдыңғы Азияда (Иран) скифтермен бірге жорықта болып, біраз уақыт билік құрып, кейін ығыстырып шығарылған көшпелі киммериялықтар (кемерлер) Таулы Алтай өңіріне келіп, мәдениеттің қалыптасуына мұрындық болған. Қазақстан ғалымдары (К.Ақышев, т.б.) Пазырық мәдениетін сақ мәдениеттерінің бірі деп санады. Пазырық мәдениетінің ерекше бір саласы – Пазырық обалары. Таулы Алтайдағы Үлкен Ұлаған өзенінің оң жағалауында, Пазырық алқабында диаметрі 24 – 47 м, биіктігі 1,5 – 3,7 м болатын бес үлкен оба қазылды. Тас үйінділердің астында тереңдігі 4 м, ауданы шамамен 50 м2-ге жететін үлкен қабірлер ашылған. Оюлы ағаш саркофаг-табыттарға салынған адам мүрделері биіктігі 2 м, қабырғалары екі қабаттап өрілген, едені мен төбесі бар, іші кең бөрене қималардың ішіне қойылған. Қиманың сыртынан көптеген жылқы сүйектері табылған, мысалы 1-обада 10, 2-обада 7, 5-обада 9 жылқы денесі табылса, 3, 4-обаларда олардың саны 14-ке жетеді. Кезінде қатты тоналғанына қарамастан, қабір ішінде сақталған тоң қабатына байланысты көптеген металл, ағаш, киіз, тері, мата бұйымдары бұзылмаған. Олардың арасында түрлі киім үлгілері, арба, Алдыңғы Азиядан әкелінген түкті кілем сияқты жәдігерлер айрықша орын алады. Бальзамдалған ерлер мен әйелдер мүрделері аса құнды ғылыми деректер саналады. Бұл обаларда тайпа көсемдері мен бай ақсүйектер жерленген. Бұл әлемнің басқа жерінде кездеспейтін, ең алдымен, Еуразияның далалық өлкелеріне тән құбылыс. Қазіргі күнде негізгі бөлігі қазылды.
Пайдаланған әдебиет
↑ «Қазақ Энциклопедиясы»


Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: обалары, патша, Мәдениеті, Пазырық
Просмотров: 702 | Загрузок: 200 | Рейтинг: 3.5/2
Всего комментариев: 0
avatar