Ресейдің Қазақстанды жаулап алуының аяқталуы - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Ресейдің Қазақстанды жаулап алуының аяқталуы
[ · Скачать удаленно (24.4Kb) ] 31.10.2012, 21:18
Ресейдің Қазақстанды жаулап алуының аяқталуы
XIX ғасырдың ортасына карай қазақ жерлері үшін Қоқан, Хиуа және Ресей арасындағы талас күшейе түсті. Ресей үкіметімен болған 1840 жылғы келіссөзде Хиуа ханы өз билігінің Жем, Ырғыз және Торғай бойына дейін жететіндігін айтты. Сырдарияның төменгі жағасына орыс және қоқан қолдарын жібермеу мақсатында хан мұнда бекіністер салдырады. Бірақ Хиуа ханының бұл әрекеттеріне қарамастан, оларды Қоқан қолдары, кейін жақсы қаруланған Ресей әскерлері ығыстыра бастайды.

Жыл өткен сайын тереңдей түскен орыс билігіне қарсылық туғызу мақсатында Хиуа хандығы қазақтарды өзара бірлікке шақырады. Тура осындай әдіс-айлаға өзіне қарайтын аймақта Қоқан хандығы да көшеді. Өйткені Хиуа мен Қоқанның алым-салық жинаушыларының өктемдігі мен қатыгездігін көріп қалған халық олардан қарулы қарсылық арқылы болса да құтылуға әзір болды.

Осы мезгілде Түркістанның ішкі саяси өміріне Ресей белсенді түрде араласа бастайды. Оның мынадай себептері бартын. Біріншіден, XIX ғасырдың орта тұсынан бастап қарқынды даму жолына түскен Ресей өнеркәсібіне түркістандық рынок аса қажет. Қазақ тұтынушылары орыс көпестерінен ұн, түрлі мануфактура өнімдерін, металдан жасалған бұйымдарды көп мөлшерде ала бастайды.

Бұхара мен Хиуаға Ресей көпестері мата, иленген тері, металдан жасалуан бұйымдарды, қант және басқа тауарларды жеткізіп, Ресейге Түркістан өңірінен мақта, жібек, күріш, жеміс-жидек, арзан бағаға мындаған қой, ірі қара малды айдап кетіп жатты. Басқаша айтқанда, Түркістанмен тұрақты сауда қатынасын орнату Ресейге өте тиімді еді. Ресей көпестері Түркістан арқылы Үндістанға, Шығыс Түркістанға шығуды армандады. Бұл уақытқа дейін Орталық Азияға көз тіккен Англияның емеуріні Ресейді Қазақстан жерін өзіне қосып алу әрекетін біржола аяқтауға итермеледі.

Ресей үкіметінің бұл әскер күшімен іске асырылған әрекеті екі бағытта жүрді. Бірі батыстан, яғни Орынбор және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы, ал екіншісі шығыстан, яғни Омбы — Семей — Жетісу арқылы. Орынбор генерал-губернаторлары орыс билігінің Түркістан өлкесіне тереңдеп енуіне кедергі жасаушы Хиуа хандығы деп тауып, 1839 жылы бес мың қолдан тұрған Хиуа жорығын ұйымдастырды.

Бұл жорық ешқандай нәтижесіз аяқталды. 1847 жылы генерал-губернатор В.А.Обручев бұл өңірдегі аса ықпалды тұлға Жанқожа батырмен катынас орнатып, Райым (кейінірек Арал аталған) бекінісін салуға қол жеткізді. Орыс билігімен одаққа бару Жанқожа батырға бұл өңірдегі Хиуа және Қоқан тегікісінен құтылу үшін керек болған еді.

1850 жылы Жанқожа Райым бекінісіндегі орыс қолының көмегімен Сыр бойы қазақтарына шабуыл жасаған қоқандықтарды ойсырата жеңіп, олардың Қошқорған бекінісін алады.

1844 жылы патшалық билік генерал-губернаторларға қазақ даласына тереңдей еніп, тұрақты бекіністер салуға көшуді тапсырды. Сөйтіп, отарлау ісі жаңа қарқын ала бастады. Соның нәтижесінде, Райым бекінісінің артын ала Қазалы бекінісі салынды. Бұл бекіністерге жақсы қаруланған жаяу әскер мен атты қазақ әскері орналастырылды. Оларға жүктелген міндеттер қазақ ауылдарын бағындырып, хиуалықтар мен коқандықтардың бетін қайтарып, олардың бекіністерін алу.

1853 жылы губернатор Перовский бастаған 2170 адамнан тұрған орыс әскері Сырдың бойындағы Қоқан хандығының басты бекінісі Ақмешітті өзіне қаратып, оның атын өзгертіп, «форт Перовский» деп қойды. Осылайша Түркістан өлкесіне жол ашуға тиіс болған Сырдария бекінісі өмірге келеді.

Осымен бір мезгілде Қапалда орыс приставтығы мен Жетісу облысының кеңсесі ашылды. Оған жергілікті халықпен байланыс орнату, еппен оның сеніміне кіріп, сол аркылы Қоқан және қытай ықпалынан шығарып, орыс билігіне тарту міндеті жүктелді.

1846 жылы Кенесары хан қолын Жетісудан ығыстыруды көздеген орыс әскерінің экспедициясы Қапал бекінісінің негізін қалайды. Бұл іс жүзінде орыстардың Жетісуда жасаған алғашқы қадамы болатын. Англияның Шығыс Түркістандағы ықпалының арта түскендігінен қорыққан патша үкіметі тездетіп Жетісуда бекіністерін салуды, Ұлы жүз қазақтарын өз кұрамына қосып алуды, сондай-ақ Қытай үкіметімен Жетісу арқылы жүретін сауда қатынасы жөнінде тез арада келісімшарт жасасуды көздеді.

Жетісу жеріне орыс билігінің аяқ басқанын жеке мүддесіне пайдаланып қалуды көздеген Ұлы жүздің бір топ сұлтандары мен билері 1846 жылы жаңа билікті мойындайтындығын мәлімдеп, ант береді. 1850 жылдан бастап орыс қолдары Жетісудағы Қоқан қамалдарын жоюға көшеді. Орыс әскеріне елеулі карсылық көрсеткен Қаскелең өзені бойындағы Таушыбек қамалы еді. 1851 жылы жазда орыс қолдары бұл бекіністі алып, жойып жіберді.

Орыс билігі қазақ басқарушы тобына қатысты өзінің осы уақытқа дейін ұстанған әдісін Жетісу жерінде де жүргізді. Қытай және Қоқан сияқты карсыластарымен егесте, сондай-ақ Кенесары хан көтерілісін басып-жаншу ісінде Ресей жағында болған қазақ пен қырғыздың билеушілері мен ықпалды адамдарына түрлі сыйлықтар, әскери шеншекпен үлестіру арқылы оларды өзіне тартып, өз мүддесіне қызмет істетуге тырысты.

1853 жылы Ресейдің сыртқы істер министрі Батыс Сібір генерал- губернаторы Гасфорпқа Жетісуда Ресей ұстанымын нығайтуды қамтамасыз етерліктей нақты шараларды іске асыруды тапсырады. Осы міндетті орындау мақсатында, сондай-ақ Ресейдің Ташкент, Құлжа және Қырғыз бағытындағы сауда және басқа қатынастарына жол ашатын жаңа ірі бекініс салу жөнінде шешім қабылданды.

Ұлы жүз приставы болып жаңадан бекітілген майор Перемышльский бұл бекіністі орналастыру үшін Алатаудың етегіндегі Кіші Алматы өзені бойындағы Алматы елді мекенін таңдап алады. Құрылысы 1854 жылдың көктемінде басталып кеткен бұл бекініс Верный аталады. Оның жанынан, Алматы өзенінің оң жағасында қазақ әскерінің станицасы салынады.

Бір-екі жылдың ішінде мұнда Сібір қазақ-әскерінің 132 отбасы және 200 орыс шаруалары келіп орналасты. Содан кейін-ақ Алматыға Сібір қазақ-әскерінің оныншы полкын енгізу жөніндегі патша Жарлығы жарық көреді. Көп ұзамай Жетісу әскери губернаторы Колпаковский Семейден егінші татарларды және Воронежден (Ресей) орыс шаруаларын шақыртады. Осылайша Ресейдің Орталық Азияға енуіне жол ашуға тиіс болған Верный бекінісі біртіндеп осы өңірдегі әкімшілік орталығына және қалаға айнала бастайды.

Бұл кезде Қырым соғысында жеңіліс тапқан Ресей 1856 жылы енді негізгі назарын Түркістанға аударып, сонда орнығуға күш салады. Ал мұндағы Хиуа, Бүхар және Қоқан хандықтары арасындағы өзара тынымсыз қақтығыстар Ресейдің бұл мақсатына қолайлы жағдай туғызып, 1864 жылғы көктемде ол екі бағытта әскери қимылдарға көшті. Олардың бірі Сырдария бекіністер тізбегі тарапынан, яғни Перовскіден (Ақмешіт), ал екіншісі Жетісу жақтан, Верныйдан басталды.

Осы жылдың жазында бұл екі әскер қолдарының бірі Түркістанды ал екіншісі Әулиеатаны алды. Бұдан кейін екі қол бірігіп, Шымкентке бет түзейді. Орыс әскеріне бұл бекіністі алу жеңілге түспеді, оны қоқандықтардың жаяу және атты әскері, артиллериясы қарсы алады. Бір ескерерлік жағдай — екі жақтың да әскер күштерінің қатарында қазақ қолдары болды. Мәселен, Қоқан әскері құрамындағы қазақ колын Кенесары ханның ұлы Садық сұлтан, ал орыс әскері құрамындағы қазақ жігіттерін Сұраншы батыр басқарған еді.

Сондай- ақ бұған дейінгі Әулиеата үшін болған ұрыс барысында екі жақтың өзара келіссөзге шығарған елшіліктерінің бір жағында Садық сұлтан жүрген болса, екінші, яғни орыс елшілігінің құрамында Шоқан Уәлиханов бар еді. Сөйтіп, қазақ қоғамында бұдан біраз бұрын-ақ байқалған көзқарастық жіктеліс орыс-қоқан соғыс қимылдары тұсында да анық байқалды.

Екінші шабуылдан соң, 1865 жылы орыс әскері Түркістан өңірінің ірі сауда және саяси орталықтарының бірі Ташкентті алады. Өзара феодалдық қақтығыстардан қалжыраған Түркістан техникалық және ұйымдық тұрғыдан жоғары тұрған орыс әскеріне төтеп бере алмады. Міне, осы оқиғалардан соң Қазақстан бүтіндей Ресей империясы құрамына еніп, ендігі уақытта оның тарихында жаңа кезең — отарлық тәуелділік кезеңі басталды.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4


ар����h�� H�нысына шек қою қиынырақ еді, дегенмен бұл бағытта да түрлі шаралар қарастырылды. Соған қарамастан, Әбілқайыр хан 1740 — 1741 жылдары Иран шахымен Хиуа тағы үшін таласқа түсіп, бірақ мұнда орныға алған жоқ.
Ресейдің қазақ қоғамына тереңдеп ене бастауы, орталық билік пен жаңа өлкенің арақатынасын реттеп отыру міндеті жүктелген Орынборлық әкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне жиі араласа бастауы Қазақстанда мүлдем жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына алып келді. Оның жинақы көрінісі қазақ билеуші тобының Ресейге қатынас мәселесінде өзара қарсы тұрған екі лагерьге бөліне бастауы. Ресей үкіметінің алғашқы отарлау шаралары халықтың үлкен белігінің, оның Төле би, Абылай хан, Барақ және Батыр сұлтандар бастаған билеуші тобының жаңа билікке сескене қарауына түрткі болды. Бұл бағыттағылар Әбілқайыр ханның Ресеймен жақындасу шараларына сенімсіздікпен қарап, мұндай әрекет қазақтарды саяси тәуелділікке ұрындырады деп түсінді. Келесі, екінші бағытты ұстанушылар, яғни Әбілқайыр ханның ұлдары, Жәнібек және Есет батырлар Ресеймен тығыз байланыс орнату арқылы сыртқы қауіптен құтылуға және ішкі тұтастыққа жетуге болады деп түсінді. Сондай-ақ бұл топ Әбілқайыр ханның жеке беделіне үлкен үміт артты. Қазақ қоғамында пайда болған бұл рухани алауыздық тез арада егеске ұласпағанымен, өз нәтижесін бере бастады.
Ресейдің отарлау шаралары және Әбілқайырдың ұлдарын аманатқа алуы, сондай-ақ ханның өз қарсыластарын шектеуге бағытталған өтініштерінің аяқ асты болуы оның халық пен қарсыластары алдында беделінің түсуіне алып келді. Неплюевке жолдаған бір хатында хан: «Мен жіберген хаттардағы өтініштерге байланысты бірде-бір іс атқарылган жоқ, ал бұдан өткен жаманы сол, мені бүтін өз жұртыммен ұрыстырып, оның алдында ұятқа қалдырдыңыздар», — деген өкінішін білдіреді.
1748 жылы тамызда қарақалпақ арасындағы қазақтарға араша түсіп, оларды көшіріп алып қайтуға барған хан қайтар жолында Барақ сұлтанның жасағына кезігіп, екі арада болған қақтығыста қаза табады. Бұл бүкіл қазақ даласына лезде тарап, жайсыздық туғызған оқиға болды. Алдымен Қазыбек би мен жоңғар қонтайшысынан сауға сұрап, жағымды жауап ала алмаған Барақ Сауранға, Төле бидің жанына келіп паналап, биден әділ үкім күтеді. Билер соты сұлтанды ақтап шығады, бірақ ол көп ұзамай жаулары берген удан қаза табады.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4


Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: АЛУЫНЫҢ, жаулап, аяқталуы, Ресейдің, Қазақстанды
Просмотров: 1219 | Загрузок: 218 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar