Ресейлік отарлаудың ерекшеліктері - Тарих - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Тарих

Ресейлік отарлаудың ерекшеліктері
[ · Скачать удаленно (20.2Kb) ] 31.10.2012, 21:16
Ресейлік отарлаудың ерекшеліктері 1944 жылы 10 сәуірде Мәскеуде тарихшылар кеңесі қабылдаған тезисте: «Кіші халықтарды үлкен елдердің жаулап немесе қосып алуының қай-қайсысы болмасын, объективті — прогресшіл факт (отарлау — объективті-прогресшіл құбылыс)», — деп атап көрсетілген.

Кеңестік тарихнама отарлау үдерісінің зорлық-зомбылықсыз жүрмейтіндігін мойындай отырып, сонымен бірге «ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерін дәріптеуге» үзілді-кесілді қарсы шықты. Міне, осы көзқарас тұрғысынан жазылған кеңестік кезеңдегі Қазакстан тарихының барлық басылымында Қазақстан Ресей құрамына түрлі себептерге байланысты өз еркімен енді, ал бұл оқиға қазақ халқын отарлық тәуелділікке душар еткенімен, түптеп келгенде, феодалдық мешеуліктен ілгерілеушілік жолына алып шықты деген тұжырым жасалынды. Пікірі бұл тұжырымға қайшы келген тарихшылар (Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, П.Галузо, т.б.) қудаланды.

Бұл айтылған тұжырымды Кеңестер Одағы ауқымында орнықтыра отырып, кеңес идеологтары орыс отаршылдығына батыстық жаулап алушылықтан өзге мазмұн, яғни оған ағартушылық, өркениеттік сипат беруге тырысты. Ал тарихи шындық Ресей үкіметінің XVIII—XX ғасырлардағы Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізгендігін көрсетеді. Оның мынадай белгілері мен ерекшеліктерін бөліп айту орынды:

Ресейдің Шығысқа, Орталық Азияға жылжуына түрткі болған оның өнеркәсіптік дамуы, соған байланысты өнім өткізетін рынокқа, шикізат көздеріне, т.б. мұқтаждығы еді. Бірақ Ресей бұл мәселелерді шешу үшін Батыс мемлекеттері сияқты алысқа артынған жоқ, іргесіндегі экономикалық дамуда кенже қалған елдерді жаулап алуға кірісті. Сондықтан да Ресей үшін Қазақстан сияқты елдерді отарлау оның континенттік аумағын одан әрі кеңейтумен бірдей болды.
Қазақстан жері империяның құрамына енді, сондай-ақ метрополияның әкімшілік басқару жүйесі оған да таралды. Ал осы Қазақстанға тараған Ресейдегі басқару жүйесі ол кезде (XIX ғасырдағы 60 жылдары) әскери-феодалдық мазмұнда болды және ол қазақ губернияларын метрополиядан бөлек, арнайы даярланған заңдар бойынша (1868, 1881, 1891, т.б.) басқарды. Бұл заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт-дәстүріне көшіруге мәжбүрледі. Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би, т.б.) село тұрғындарына теңгерілді. Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсаты керек болса, шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі мүдделілік танытып, қолдау көрсетіп отырды.
Қазақ губернияларын билеуге жіберілген генерал-губернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иемденді. Қазақтар оларды «жарым патша» деп атады. 1868 жылы енгізілген Ереженің 17-бабы бойынша, генерал-губернатор «саяси тұрғыдан сенімсіз зиянды бұратаналарды ішкі істер министрінің келісімімен империяның белгіленген жеріне бес жылға дейінгі мерзімге жер аударуға» құқылы болды.
1891 жылы 25 наурызда қабылданған Ережеде «көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы мемлекеттің меншігі болып саналады» деп көрсетілді. Бұл іс жүзінде қазақ жерлерін төркілеумен тең еді. Аталған бапқа «көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Мемлекеттік мүлік министрлігінің қарауына өтеді» деген қосымша енгізілді. Бұл қосымша отаршыл әкімшілікке ең құнарлы қазақ жерлерін артық деп жариялап, оларға ішкі Ресей губернияларынан орыс және басқа славян қоныс аударушыларын әкеліп орналастыруға мүмкіндік берді.
Қазақстандағы отарлау ісіне әскери қазақтар, орыс помещиктері мен шаруалары, орыс қоғамының басқа да сословиелері белсене ат салысты. Отарлаушы әкімшілік жаппай қоныс аударуға әсіресе ішкі губерниялардағы жерсіз шаруаларды кеңінен тартты, оларға түрлі жеңілдіктер жасады. Тек 1917 жылы Қазан төңкерісі қарсаңында-ақ қазақ жерлерінің 16%-ы (45 млн га) мұнда келіп орналасқан 1,0 млн жуық қоныс аударушыларға өтті. Өз еліндегі жоқшылықтан, помещиктік өктемдіктен, мемлекеттік биліктен қашқан орыс шаруалары Қазақстанға келіп, енді сол биліктің жергілікті тірегіне айналып, соған байланысты өздерінің аса маңызды мемлекеттік іс атқарып жатқандығын сезіне бастайды. Міне, осы билік пен қоныс аударып келушілер арсындағы өзара үнсіз түсіністік орыстық отарлаудың өркениеттік, миссиялық (құтқарушы) сипаты жөніндегі доктринаның өмірге келуіне негіз болды. Патша үкіметі өлке халқы құрамында жедел түрде славяндық элементтерді көбейте отырып, түптеп келгенде, сол арқылы мұнда терең тамыр жайып, орыс үстемдігін біржолата қамтамасыз етуді көздеді.
Ресей үкіметі қазақ халқына қатысты түрлі кемсітушіліктерге жол берді. Мәселен, қазақтардың орыстармен тең әскери білім алу, әскери қызметке шақырылу құқығы болған жоқ.
Патшалық биліктің (содан соң кеңестік биліктің) Қазақстанда түрлі мезгілдерде жүргізген реформалары қазақ қоғамының ішкі сұраныстарына сай келген емес, керісінше, Ресейдің мүддесіне сай мазмұнда сырттан, жоғарыдан таңылды. Реформа жөніндегі идея, оның мазмұны мен іске асыру механизмдері ресейлік орталықтарда даярланды, бұл іске бірде-бір қазақ тартылған емес. Сондықтан да патшалық биліктің Қазақстандағы реформалары қазақ қоғамы үшін пайдалы болған жоқ, өйткені олар ұлттық негізге сәйкес келген емес.[1]
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4



Категория: Тарих | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ерекшеліктері, Ресейлік, отарлаудың
Просмотров: 931 | Загрузок: 219 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar