Арқалық батыр жырының нұсқалары - Ғылыми Жұмыстар - Рефераттар - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Рефераттар » Ғылыми Жұмыстар

Арқалық батыр жырының нұсқалары
[ · Скачать удаленно (230.5Kb) ] 11.11.2012, 10:52
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, «Арқалық батыр» жырының зерттелу тарихы, жұмыстың дерек көздері, зерттеу нысаны, зерттеу әдістері, қолданбалық маңызы, сыннан өтуі мен сарапталуы жөнінде мәліметтер берілген.
«Арқалық батыр» жырының версиялары» деп аталатын бірінші тарауда «Арқалық батыр» жырының нұсқаларының сюжеттік құрылымы мен образдық жүйесі тұтастай алынып, салыстырмалы түрде талданады. «Арќалық батыр» жырының нұсқаларын мазмұндарындағы, образдық және көркемдік, тілдік жүйелеріндегі өзгешеліктерге орай үш түрлі версияға бөліп қарастырғанды жөн көрдік.
Бірінші версияға жырдың Е.Ахметов, А.Татанайұлы, А.Түгелбаев, С.Мәжитұлы, Ж.Әбілғазыұлы нұсқалары және Қайса мен Дөнеш жинаған нұсқасы, К.Мәженұлы, Қ.Ашубайұлы, Ш.Исаұлы жинап, бастырған нұсқасы, сондай-ақ жырдың Моңғолияда жарияланған нұсқасы жатады. Бұл нұсқаларды «Көтбай версиясы» деп қарастырғанда, біз З.Сейітжанұлының: «Ержан да, оның ұстазы – Көтбай жыршы да сол Арқалық батырды естіп-білген, не болмаса, оны өз көзімен көрген адамдардың арасында туып өскен», – деп жазғанына сүйендік [2, 25 б.].
Жырдың екінші версиясы қолжазбасының басындағы «Автордан» деген түсініктемесінде Сағидолла Нұралин бұл нұсқаның қағазға түсуіне жырдың Е.Ахметов нұсқасының түрткі болғанына тоқтала келіп: «Арқалықтың бұрынғы жырын мен жаттап алған адам емеспін. Бірақ Керей ақсақалдарының ауыз әңгімелерінде Ержан айтқаннан басқарақ сияќты еді. Мен қарттардың ауыз әңгімесіне негіздеп Арқалық батыр жөнінде аз қалам қозғағым келді... Демек, менің жазбаѓым көне замандағы Көтбайдың айтқаны да емес, Абақ Керейдің ақсақалдарының жай сөзбен айтќан әңгімесіне негізделіп, өз қабілетімнің келгенінше өлеңмен болмақ. Бірақ негізгі шындық өмірде болѓан істің шеңберінен шығып кетпейді», – деп жазған [3, 2 б.].
Жырдың үшінші версиясы – Е.Құлсариев және И.Байзақов жырлаған нұсқалары.
«Арқалық батыр» жырының Көтбай версиясына, яғни бірінші версияға жататын нұсқаларында ұқсастықтардың мол болуымен қатар айырмашылықтар да кездеседі. А.Татанайұлы нұсқасының басында дүрбіттен Қаракерей руының адамдарының жылқы алғандығы, оның Арқалық оқиғасына әкеліп соқтырғандығы баяндалады. Ал, Е.Ахметов нұсқасында Арқалық пен төрт серігінің дүрбітке барған сапарынан да бұрын Әжі төренің тапсырмасымен ұраңқайға барымтаға барғаны айтылып, бұндай оқиғалар олардың билеушісінің дағдылы кәсібіне айналғаны айтылады. Бұл версияның өзге нұсқалары Әжінің алпыс жылқысын дүрбіт алғанын, соған орай төренің Арқалық пен серіктерін кек қайтарып келу үшін жұмсағанын баяндаудан басталады. Е.Ахметов, А. Түгелбаев, Ж. Әбілғазы нұсқаларында жорыққа аттанып бара жатқан Арқалық кісі өлтіріп алса, арты не болатынын төреден сұрағанда, төре: «Ап келсең осы жолы бұл кегімді, Берсем де Сейілханды, сені бермен»,– деп жауап береді. Бұндай уағдаласу А.Татанайұлы нұсқасында жоқ.
Ж.Әбілғазыұлы, А.Татанайұлы нұсқаларында Арқалықтар бес жүз жылқыны айдап алып, жылқышыларды байлап кетеді. Е.Ахметов нұсқасында бес мың жылқыдан жүз жиырма жылқының екі есе қып қайыратындай бөлігін бөліп алып, у-шусыз-ақ кетіп бара жатқан Арқалық Жұбайдың: «Күшпен алдым», – дейсің бе сен төреңе?» – деп әзілдегеніне шамданып, кейін қайтып, ұйқыдағы жылқышыларды оятып кетеді. А.Түгелбаев нұсқасында ұйықтап жатқан үш жылқышы үш жүз жылқыны жау айдап кеткенде улап-шулап жаяу қалады. Осы нұсқада Қара Ертістен өткенде сексен құлынның суға кеткені баяндалады. А.Татанайұлы нұсқасында Ертістің өткелін білу үшін бас кейіпкердің Көкжал атпен суға түсіп, қиындықпен арғы бетке өткені, содан кейін жігіттердің де жылқымен алысып, аман шыққаны суреттеледі. Е.Ахметов нұсқасында Жұбай қайыс арқанмен бөрте айғыр мен бөрте биені ұстап алып, екеуінің құйрықтарын шалмалап, бөрте айғырдың ноқтасын Арқалыққа тартқызып, өзі жылқыны тықсырып айдап, судан өткізеді де, өзге жолдастарына: «Үшеуің судан өтсең, жаның олжа!»– дейді.
А. Түгелбаев, Ж. Әбілғазыұлы, А. Татанайұлы нұсқаларында отыз атпен он бес қалмақ қуғыншы келеді. Е. Ахметов нұсқасында олардың саны – алпыс. Нұсқалардың барлығында Арқалықтың жалғыз өзі жауға тосқауыл жасау үшін кейін қалғаны баяндалады. Е.Ахметов нұсқасында Жұбай жылқыны жөнге салып жіберіп, Арқалыққа қайтып келіп, екеуі алпыс қалмақтың алтауын өлтіреді. А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында он бес қалмақтың он төртін Арқалықтың жалғыз өзі өлтіргені суреттеледі. А.Татанайұлы нұсқасында қуғыншылардың бәрінен бұрын жеткен қара қасқа атты біреуі Арқалықтың қолынан өлген соң, өзге қалмақтардың беті қайтып қалады да, Арқалық өз жолдастарын қуып жетеді. Сол жерде өзге жігіттердің де делебелері қозып: «Қалмақтың бірін қоймай аламыз», – десіп, кейін қарай жүріп, қуғыншылардың біреуінен өзгесін өлтіреді. Барлық нұсқада да қалмақтың біреуі жүйрік атының арқасында жанын сауғалап қашып құтылғаны, кетіп бара жатып, Арқалықтың есімін біліп алғаны айтылады.
Ж. Әбілғазыұлы нұсқасында қырғыннан аман қалған қалмақтың еліне жеткізген хабарынан соң, қалмақтар: «Өлтірмей Арқалықты, тынбаймыз»,– деп серттеседі. Арқалықтың атын есту топтың ішінде отырған ханшаның үміт отын жарқ еткізеді. Арқалықтың даңқын елден жазықсыз қуылған сүйген жігіті – Қоңқадан естіген хан қызының сол сәттегі сезім-күйін суреттеу алдағы уақытта болатын оқиғалар шешімінің дәлелдемесі (мотивировкасы) қызметін атқарады.
А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Әжі төре болған жайды естігенде, шошып кетіп: «Ешкімге менен басқа айта көрме», – десе, А.Татанайұлы Арқалықты мадақтап: «Берсем де жалғыз ұлым – Қасымханды, Сені бермен, тұқымым құрымаса», – дейді. Е.Ахметов нұсқасында Әжі төренің қуғыншылардың өлімі туралы қандай пікірде болғаны айтылмайды. Бірден малды санап алуға кірісіп, қара атты және оның күмістелген ер-тоқымын көріп қуанғанымен, Көкмойынды көріп: «Қоя бер, басқа ат мініп, мұны», – дегеніне Арқалық көнбеген соң, төренің түсі суып, тілден қалып, төртеуіне бір қотыр бие беріп: «Барған соң аттарыңды әкеп бер», – дейді. А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында да төре Арқалықтың жылқының ең тәуірін өзі алғанын білгенде, ашу шақырғанымен, Арқалық өзі таңдап алған сәйгүлігін бермегенімен, төре той қылып, құдайыға бие шалып, әр барымташыға бір-бір байталдан үлес береді. Ал, А.Татанайұлы нұсқасында Арқалық төреге мойын ұсынып, жауыр, шолақ байталына мініп, үйіне келеді. А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Байматай Әжінің: «Берсе егер Көкшегірді, қайраным бар, Бермесе Көкшегірді, ойраным бар», – деген жарлығын жеткізгенде, Арқалық төренің қағазын быт-шыт қып жыртады. Ж.Әбілғазыұлы нұсқасында Арқалық Байматайдың өзіне сый көрсетіп, қайтарады. А.Татанайұлы, Е.Ахметов нұсқаларында бұл эпизодтар жоқ.
Әжі төре дүрбіттерге Арқалық пен серіктерін ұстап беруге келіседі. Оны Арқалыққа хабарлаушы – төрт нұсқада да Тәтен төре. Е.Ахметов нұсқасында Тәтен Арқалықты адам жіберіп шақыртып алады, ал, өзге үш нұсқада Арқалықтың үйіне өзі келеді. Е.Ахметов нұсқасында Тәтен төре Арқалыққа орыс еліне өтіп кетуге кеңес беріп, соңынан Жұбай ерді жіберетін болады. А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Тәтен Жұбайдың ұсталғанын, А.Татанайұлы нұсқасында Арқалықтан басқа төртеуін ұстап бергенін хабарлайды. Е.Ахметов, А.Түгелбаев нұсқаларында Арқалық: «Жұбайды кетем қайтіп қиып тастап?!» – десе, Ж.Әбілғазыұлы нұсқасында Жұбайды күшпен босатып алатынын айтады. Дегенмен, ақырында қашуға бел байлайды. Ж.Әбілғазыұлы, Е.Ахметов нұсқаларында оның бұндай шешімге келуіне Тәтеннің: «Егер де жолдасыңды шын қимасаң, болмай ма жолдан тосып, алған тартып», – деген уәжі ықпал етеді. А.Түгелбаев нұсқасында бұл эпизод кездеспейді. А.Татанайұлы нұсқасындағы Арқалық қашпай, дүрбітке барып, жолдасын босатып алып, төреге бүлік салмақшы болғанда, төре қатты сасып, Арқалықты шақырып: «Келген соң төрт жолдасын шығаралық», – деген сәлем жолдайды. «Өзім барсам, бір іс қып, құтылармын. Төртеуі барса, обал-ды, өледі», –деген оймен төренің аулына келген Арқалық төренің: «Қалдырмай ертең түстен, берем»,– дегеніне сеніп, алаңсыз ұйықтап жатқанда, Әжінің жігіттері оны байлап алады. А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында да Арқалық Бурылтоғайға жетіп, ұйықтап, демін алғаны баяндалады. А.Түгелбаев нұсқасында батырдың бірден Ертістен өтіп кетпеуіне нендей себеп болғаны ашып көрсетілмейді. Ж. Әбілғазыұлы нұсқасында бұл атты оттатумен байланыстырылады. Сол уақытта Арқалықтың атын қасқырлар жейді. Олардың саны – Е.Ахметов нұсқасында алтау, А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында жетеу.
А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында батырдың нағашылары қуғыншылардың: «Кім де кім Арқалықты ұстап берсе, он жамбы және тәжілік мансап береміз», – деген құлақтандыруын естіген соң, өз жиендерін сатып, Әжіге хабар береді. Арқалық жүз сексен адамға қарсы соғысып, қолға түспеуге әрекеттенгенмен, нағашысы бұның найзасын ұрлап әкеткендіктен, құр қолмен алты адамды өлтіруге ғана шамасы келіп, ақырында қолға түседі. Е.Ахметов нұсқасында дәретке шыққан Арқалықты Әжі төренің тыңшысы байқап қалады. Арқалық «Арқалықты ұстап бер», – деп қинаған қуғыншылардан қаймығып, өзіне келіп: «Жиен-ау, қайтесің?» – деп жағдайларын айтқан екі нағашысын өзі үшін күйдіргісі келмей, қарсылықсыз беріледі, тіпті қуғыншылардың талабы бойынша нағашыларына өзінің қол-аяғын да өз еркімен байлатады. Тұтқындарды алып кетер сәттегі оқиға Е.Ахметов нұсқасында үш шумақ арқылы ғана баяндалса, А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Арқалық пен әке-шешесінің, әйелінің, халқының ұзақ қоштасуына, арыздасуына, бір-бірлеріне мұңдарын шағысуларына кезек беріледі.
Татанайұлы нұсқасында Арқалықты дүрбіттерге тапсырғалы жатқан Ажыдан Тәтен төре Арқалықты бір түнге сұрап алып, досын қонақ қылып, түнде Арқалыққа: «Қайтеді қашып кетсең, батыр сабаз?»– деп ұсыныс жасап, ол әрекетін: «Сен кетсең, табылмайды сендей адам»,– деп түсіндіреді. Арқалық оған көнбеген соң Тәтеннің Арқалыққа көрсеткен ең соңғы көмегі оның табанына асыл кездік желімдеп беру болады. Тәтен төренің Арқалыққа жасаған осындай қамқорлығын бас қаһарманға А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Досынжап, Е.Ахметов нұсқасында Қарамерген деген Арқалықтың достары көрсетеді.
Тұтқындарды алып кеткен дүрбіттердің алғашқы аялдаған қаласының аты – А.Татанайұлы нұсқасында Делүн, А.Түгелбаев нұсқасында – Құлжа, Әбілғазыұлы нұсқасында – Буыршын, Е.Ахметов нұсқасында – Қобда. Ең соңында бұлар Ежен ханға апарылып, Ежен ханның өзі: «Арқалық қайсысың», – деп сұрақ қойып, орнынан түрегеліп, бас кейіпкерден жауап алады, ақырында: «Қор болған қазағында батыр екен, Әзір біз өлтірмейік», – деген шешімге келіп, бұларды зынданға салуды бұйырады. А.Түгелбаев, Е.Ахметов, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Ежен ханның қызы зындандағы тұтқынды іздеп келіп, хал-жай біліп, азық бергені баяндалады. Алдыңғы екі нұсқада қыздың бұл әрекеті бұлардың кім екенін білгісі келген құмарлықтың ықпалы ретінде түсіндірілсе, соңғы нұсқада қыздың сөзінде қайшылық бары байқалады: «Естіп пе ең сен Еженнің Қаламқасын»,– деп өзін таныстырған ол іле-шала Арқалықтан өлген қалмақ батырының қызы ретінде сөйлеп: «Әкемнің кегі сенде, тана алмассың», – деп, өзінің тұтқындағы қазақ батырын өлтіргелі келгенін білдіреді. Одан ары қарай қыз өзінің сүйгені Ежен ханнан зорлық көріп, қуғында жүргенін айтып, Арқалыққа шағынады. А.Татанайұлы нұсқасында тұтқындарды іздеп келген Арқалықтардың қолынан өлген бір қалмақтың Бауасина атты қызы әуелде әкесін өлтіргені, батырды өлтірмекші болып келгенмен, тілдесе келе, оған жаны ашып, қазақ батырына астыртын тамақ тасуға көшкені айтылады.
А.Түгелбаев нұсқасында ертеңіне өлтірілетінін естіген Арқалық түн ортасында ұйқысынан шошып оянып, табынындағы кездікпен әуелі өзінің, содан кейін Жұбайдың кісендерін бұзып, екеуі сыртқа шығады. Ж.Әбілғазыұлы нұсқасында зарланып жылап жатып ұйықтап кеткен Арқалыққа түсіне Жәнібек батыр еніп, өзінің атын ұран етіп айтса, Тәңірі жәрдем берсе, себеп боларын айтады. Арқалық ұран салып, айғайлағанда қол-аяққа салынған матаулары үзіліп, быт-шыт болып, жоғалады. Осындай эпизодты А.Татанайұлы нұсқасынан де кездестіреміз. Е.Ахметов нұсқасында хан қызының жіберіп тұрған сиыр етін жеп әлденген Арқалықтар жатқан зынданға Жәнібектің көк бөрісі кіріп келгенде, батырды байлаған шынжырлардың бәрі түсіп қалады. Р.С.Липец батырлық жыр поэтикасына тән негізгі ерекшеліктердің бірін ар-ұждан ұғымымен, кімнің де болса көмегінен бас тартушылыққа байланысты екенін атап көрсету арқылы аңғартып, бұндай жағдайда көлеңке тек батырға ғана емес, бүкіл халыққа түсетінін ескерткен болатын [4, 118 б.]. Бұл пікірдің дұрыстығына қазақтың классикалық қаһармандық эпосының кез келген мәтіні дәлел бола алса, яғни, оларда аруақ, әулие және тағы да басқа киелі жандар батырдың ғайыптан тууына, керемет қабілеттерге ие болуына көмектескенімен, олардың жауларымен ұрыстарына тікелей араласпайды, жоғарыда сөз болған эпизодтар тарихи жырларды айтушылардың бұл дәстүрді үнемі ескере бермейтінін байқатады
Қаһармандық эпостың бас кейіпкерінің жау елінің қызының көмегімен азаттық алуы – жалпы әлем эпосында жиі кездесетін және эпос зерттеушілердің назарын айрықша аударып, әр түрлі пікірлер тудырған мотив.
Е.Ахметов, А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында да Арқалықтың еліне келгенде бірінші көрген адамы өзінің әкесі, ол баласын танымай, өзіне төреден қорықпай сәлем беретін кісі табылғанына таңданады. Е.Ахметов нұсқасында Арқалық әкесіне өзінің кім екенін айтып білдіргені, әйелі мен баласы, ел-жұртымен және Жұбайдың әйелімен кездесуі суреттеледі. Ал, А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Арқалықты әкесінің танымауы, Арқалықтың өзінің кім екенін айтпай, өз үй-ішінің адамдарының хал-жағдайларын білуіне ұласады. Жырдың осы тұсында «Алпамыс батыр» жырына еліктеушілік бар екені «Бөрібай» деп аталатын Арқалықтың әкесінің А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұылы нұсқаларында «Байбөрі» деп аталуынан байқалады. Бұл да – әлем халықтарының фольклорына ортақ типологиялық мотивтердің бірі.
А.Татанайұлы, А.Түгелбаев, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Арқалық елге жетісімен, ешкіммен ақылдаспастан, бірден төренің аулына ат ойнатып келгенде, төре жүк аяқтың астына кіріп, жасырынады. Алдыңғы екі нұсқада Арқалықтың алдынан ханымның шығып, араша сұрағаны баяндалады. Батыр өзіне сәлемдесу үшін жиылған халықтың: «Арқалық, жасың кіші, кешіңіз. Тарқасын Ажыдағы өшіңіз»,– деген тілегін орындайды да, Ажы ақсарбасты құдайыға шалып, той жасап, Арқалыққа тоғыз байлайды. Жыр фольклорлық туындылардың дәстүрі бойынша бас қаһарманның барша мұратына жеткенін баяндаумен тамамдалады. Ал соңғы нұсқада батыр ашуынан қайтпай тұрғанда бектер мен төрелер жиылып келіп, басу айтады. Арқалық оларға ру намысын оятарлық біраз сөз айтқанда, жиылған жұрт екі бөлініп, жалпақ ел Арқалыққа ауып кетіп: «Төрені аламыз бірге шауып»,– деседі.
Ж.Әбілғазыұлы, А.Түгелбаев нұсқаларында Арқалық өзіне сәлем бере келген Сейілханның құйрығына тартып отырған темекісімен таңба салып: «Таңбалы көт төре» деген атақ болып, Мысал сөз арт жағында қалсын», – дейді». А.Түгелбаев нұсқасы осы эпизодпен тамамдалады. Ал, Ж.Әбілғазыұлы нұсқасында бұдан кейін Тәтен төре Арқалықтың бұл әрекетіне де қолдау білдіруі – біздің ойымызша, шындыққа жанаспайтын, тек эпикалық әсірелеудің үлгісі ретінде ғана қабылдауға лайық эпизод. Өйткені Әжінің намысына тиетін жағдай оның інісі – Тәтенді де бейтарап қалдырмасы анық. Арқалықтың Жұбай ердің құны үшін төреден бес жүз жылқы алғаны, оны Қияқ, Сейтен, Тұяқтардың іздеп келіп, көріскені, төртеуінің жылқының біразын кедейлерге таратып беріп, үш жүзін Жұбайдың үйіне айдап барғаны, Арқалықтың Жұбайдың ұлы – Жігерге сөз айтуы тек осы нұсқада кездеседі.
Ж.Әбілғазыұлы нұсқасының өзге нұсқалардан тағы да бір айырмашылығы – Арқалықтың аман-есен оралғанын естіген нағашы әжесі өз ұлын Арқалықтан, жиылған бар халықтан кешірім сұрауға жұмсайды. Сарыны көріп, қанжарына ұмтылған Арқалықты қариялар басу айтып тоқтатады. Арқалықтың еліне оралғанына жарым жыл өткенде ханшаны алып қашқан Қоңқа оның үйіне келіп, көп уақыт бойы досының үйінде тынығып, аттанады. Бұдан кейін келген Досынжапты да Арқалық екі ай күтіп, шығарып салады.
Көтбай версиясы нұсқалары әуел баста бір өнерпаз тудырған жырдан таралғаны аңғарылады. Дегенмен, әр жыршы өзі орындап отырған мәтінді тек жаттап алған қалпында қайтадан айтуға қанағаттанбай, өзінің таным-түсінігі, көркемдік қабілетіне сәйкес азды-көпті өзгерістер енгізіп отырған. Жырдың бұл версиясы қазақтың қаһармандық эпос дәстүрінде дүниеге келген. Сондықтан онда кейіпкерді дәріптеуге, эпикалық әсірелеуге бой ұрудың белгілері мол. Жырдың бұл версиясында формулалық сипатқа ие мотивтер елеулі орын алады.
Жырдың бұл және өзге версияларының мазмұндары және оларға арқау болған тарихи шындық В.М.Жирмунский «Билеуші өзінің ең жақсы батырын әділетсіздікпен зынданға тастайды (немесе өз патшалығынан қуады)» деп айдар таққан типологиялық мотивке сәйкес келеді. Бұл сюжет әлемдегі барлық халықтардың эпикалық туындыларында кездеседі. В.М.Жирмунский бұндай сюжеттердің феодалдық мемлекетте орталық билік ішкі қайшылықтардың, жікшілдіктердің салдарынан әлсіреп, халықты өз алпауыттарының немесе сыртқы жаулардың зорлығынан қорғай алмайтын дәрежеде болған белгілі бір тарихи жағдайларда ерекше сұранысқа ие болатынына, батырдың бұндай жағдайда халықты қорғаушының мінсіздендірілген образы ретінде көрінетініне тоқталған [5, 134-135 б.].
«Арқалық батыр» жырының екінші версиясы болып табылатын Сағидолла Нұралин жырлаған нұсқасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығындағы 330-буманың 8-дәптерінде сақтаулы.
Бұл версияның Көтбай версиясынан айырмашылықтарының болуы да аңыздың сол қалпында өлең өріміне түсірілуіне байланысты. Жыршы қазақтың, оның ішінде Абақ Керейдің, шежіресінен қысқаша мағлұмат беріп, Абақ Керейді билеген Әжі төрені де таныстырып өткен соң, жыршы Әжінің алпыс жылқысын дүрбіттер барымталап алғанына тоқталып, дүрбіттердің бұндай озбырлығының негізгі себебін Қобда, Алтай, Тарбағатай – үш аймақты Шаған Кеген деген торғауыттан шыққан адамның билегенін бүкіл моңғол бұрыс көруімен байланыстырып, Қобдада Алтай астында тұрған дүрбіттердің осыған еліккенін баяндайды.
Байматай бұл нұсқада Арқалықтардың қарымта қайтаруға аттануына мұрындық болған белсенді тұлға қызметін атқарып, кек қайтаруға Арқалық пен Жұбай лайық екенін білдіреді. Батырды шақырғалы Ақшағылға барған Байматай жарлы қарт Назардың ұлы – Арқалық тарысын жиып, анасының қазан асып, әйелінің сүт пісіріп, екі сәбиінің мәз-мәйрам ойнап жатқанына куә болады. Бұл нұсқаның өзіне тән ерекшелігі – Ластыдағы Қаражартастың қыр астына қонған төренің аулына күн қоңыр таудың астына кірген кешкі мезгілде жетуі, төре аулына барған қарашылардың дәстүрі бойынша алыстан аттан түсіп, жаяу келуі, бұйрықты ести салысымен Арқалықтың: «Қор етіп ұстап бермей, қорғайсыз ба, Қуғын сап, күш жұмсаса дүрбіт ертең», – деген сұрақ қоюы, Байматай мен төренің өзі Арқалық пен Жұбайға Қияқ, Тұяқ дейтұғын екі ұрыны қосып беруі, Арқалықтардың дүрбіттердің ламасы, Шаған Кегеннің жиені – кәрі Шолтым аулының жылқысын қуып алғандығы, бұл оқиғаның күн жауып, жай жарқылдап, жалын шашып тұрған үрейлі, өте сүркей қараңғы түні болғандығы, қуғыншының іле-шала, оқ жаудыра соңдарына түскені, қазақ жігіттерінің қуғыншымен арпалысып жүріп, жылқыны судан айдап өткізгені, судан өткен уақыттағы атыс кезінде оқ тиген Жұбай мергеннің суға батып кетіп, қаза табуы, Арқалықтың Қияқ пен Тұяққа жылқыны айдатып жіберіп, өзінің Қоңқаны іздеуі.
Қоңқа қалмақтардың ханы – Ясыкейді зорлықшылдығы үшін өлтірген батыр ретінде таныстырылып, елінен қашқан соң, Қоңқаның аз уақыт Сауыр тауын мекен қылғанын, Сауырдағы бір қоныстың беріге дейін «Қоңқаның үңгірі» деп аталатынын, Арқалық барған кезде Қоңқаның Күректіні мекендеп, тоқсан жасқа келгендігін, қорлық көрген көп жанды қолына ұстап, жүректілерді жинап, соларға батагөй болып отырғандығын баяндайды. Арқалықтың қандай шаруамен келгенін естіген Қоңқаның ой-сезіміндегі арпалыс ішкі монолог арқылы шебер суреттелген. Ол қиялымен қазақ, қалмақ таластарын шолып өтіп, ақырында: «Туыстан мұңы бір жан жақын ғой», – деген ойға бекіп, Арқалықтың тілегін орындауды дұрыс көреді.
Жолдастарына қайтадан қосылған Арқалық пен оның серіктері Керей ішіндегі Әжіден соңғы үлкен шенді адам – Бейсенбінің аулына келеді. Күйін шертіп алған соң Бейсенбі өзінен ақыл сұрай келіп жүретін жігітке: «Біреудің тынар ме екен басын алып? Батырым, болған екен жолсыз сапар»– деп, олжаның ішінен Сетіркөк деген жүйрік атты сауғаға сұрап: «Жарармын мен де сенің керегіңе. Болса да не қажетің, сен өзіме», – деп уәде береді. Жүзден аса жылқы әкелген Арқалыққа Әжі төре ат тұрғай, дөнен де бермей, ең болмаса, «рақмет» демейді, Қияқ, Тұяқ дегендерді еске де алмайды.
Арқалықтың пісіп тұрған тарыларын Мәуе байдың жылқылары жеп кетеді, бірақ жылқы иесі Арқалықтың әкесіне есе бермейді. Елге оралған Арқалық Мәуенің шұбар атын ұстап мініп, байдың жылқысын желісіне қуып тығады. Батырдан қорыққан Мәуе бай тарының ақысына Арқалыққа бір сиыр, бір дөнен, қозысымен он саулық қой береді. Арқалықтың үйіне қайтып оралғанына бір-ақ апта болған кезде дүрбіттен қарулы жүз кісі Әжі аулына келіп, әлек салып, Шаған Кегеннің: «Берсін Арқалықты ұстап маған», – деген бұйрығын жеткізеді. Әжі Мәуе байға Арқалықты алдап ұстау жөнінде бұйрық жібереді. Мәуемен бірге ордаға барып, Әжіге наразылығын білдіріп тұрған Арқалықты дүрбіттің қалың шерігі, үйге кіріп, тұтқындайды. Ал, Қияқ пен Тұяқ елден қашып кетеді. Арқалық Шолтымға апарып тапсырылып, қолына күзір, аяғына кісен салынып, керегеге таңылады. Сондай күйде күзден бастап, келесі жылдың жазына дейін Шолтым ламаның есігінің алдындағы күркеде жатқан Арқалықты жиырма жастағы Балжын атты монғол қызы азат етеді. Ол қыз меншікті әйелі жоқ ламаның үйінде уақытша әйелдікте жүреді. Сол сұлу Арқалықты босатқан күні дүрбіттер өздерінің Шаған деген мейрамын тойлап, кәрі-жасы түгел мас болып, тұтқын жатқан күрке қарауылсыз қалады. Осы сәтті пайдаланған Балжын сұлудың әрекетін жыршы: «Балжын қыз табын тапты, жаны ашыды», - деп түсіндіреді. Әрине жыршының мұндай пайымдауына ол өмір сүрген кезде үстемдік құрған коммунистік идеологияның ықпал еткені анық.
Шолтымның елінен қашып шыққан Арқалық Күректідегі Қоңқаға келеді. Жүз жеті жасқа келген Қоңқа Арқалықты зор құрметпен қарсы алып, Жұбайдың сүйегін Арқалыққа тапсырып, сәйгүлік атын сыйлайы. Арқалық оны өздерінің иесіз қалған қыстауларына барып, жерлейді. Елден қызыл шұнақ боранда әкесінің тастан құлап өлгенін, қолында мал, баста пана қалмағандықтан, Мәуе Назарға «ұрысың» деп жала жауып, өткен күзде қорасын өртегеннен кейін, әйелінің төркініне кетіп, қарт анасы қайыр сұрап жүргенін естиді. Сол уақытта Мәуе бай қасына үш баласын ертіп алып, қашып кетеді де, Арқалықтың шешесін тауып алып, сүйінші сұрайын деп келгенін айтып, өзінің Арқалықтан қорқатынын білдіріп, араша түсуді өтінеді. Кемпір, оның айтқанынан шыға алмай, Мәуе Арқалықтың шешесін баласының атына міңгестіріп алып, биге барады. Бұл жайдан хабардар болған Арқалық та бидің аулына келеді.
Жалпы ұзақ сапардан оралған батырдың жақын-жуықтарының өзі жоқта қорлық-зорлық көргеніне куә болып, әке-шешесінің, әйелі мен балаларының ауыр жағдайда жүргенде кездестіруі қазақ эпосы үлгілерінің көпшілігінен орын алатын дәстүрлі типологиялық мотив.
«Арқалық батыр» жыры версияларының ішіндегі тарихи шындыққа ең жақыны осы – С.Нұралин нұсқасы. Олай деуіміздің басты себебі оның қариялар айтқан аңызды сол қалпында өлең өріміне түсіруінде жатыр деп білеміз. Осы тұста С.Қасқабасовтың рулар, тайпалар арасындағы қақтығыстар туралы аңыздарды «ауызекі (ауызша) хроника іспеттес» деп сипаттағаны еске түседі [6, 121 б.]. В.Я.Пропп та [7, 263 б.], В.И.Чичеров та [8, 9 б.] аңыздың тарихилығын жоғары бағалаған.
Жырдың үшінші версиясы ретінде қарастырылып отырған Иса Байзақов және Ертай Құлсариев нұсқаларының мазмұнында да, образдық жүйесінде де біршама айырмашылыќтар байќалады. «Бұл нұсқаларды бір версияға жатқызған жөн»,– деп есептеуге Ертай Құлсариев туралы: «Арқалық батырды» ол Иса Байзақовтың, Саяділ Керімбековтің айтуынан жазып алған»,– деген мәлімет келтірілуі [9, 48 б.] мүмкіндік береді. Бұл версия нұсқаларының арасындағы айырмашылықтардың кейбіреулері мынадай: Діңгел деген қалмақ батыры Е.Құлсариев нұсқасында Арқалықтың ең басты қарсыластарының бірі болса, И.Байзақовта бас қаһарманның досы ретінде көрінеді. Екі нұсқада да Арқалық батыр оқиғасының басталуына Әжі ханның тұлпарын жау алуы себеп болады. Жылқыны алдырушы Е.Құлсариев нұсқасында – торғауыт Мәлік хан, И.Байзақов нұсқасында – дүрбіттер.
Бұл версия жырдың өзге нұсқаларынан әсірелеу тәсілдеріне көбірек ден қоюымен және кейіпкерлер құрамымен өзгешеленеді. И.Байзақов жырлаған нұсқа: «Астында Әжі ханның алтын тағы»,– деген жыр тармағымен басталады. Әжі өзінің батырлары мен бағландарына дүрбіт қалмақтың барлығы он бес мың жылқы әкеткенін, әсіресе, соңғы жолы өзінің Ақжал тұлпары да кеткені қатты батқанын айта келіп: «Сонан бір заман бар ма кек алатын?» – деп сұрағанда, Көкен би дүрбіттен тең түсетін бір батырдың Сарыарқадан жақында көшіп келгенін, оның аты – Арқалық, руы – Арғын екенін айтады. Жыршының бас қаһарманын осылайша өзіне неғұрлым таныс ортаға қарай жақындата түсуі жалпы әлем халықтарының эпикалық дәстүрі тудырған өзгешелік екенін Ю.И.Смирновтың: «В южнославянских сюжетных песнях эпические события нередко привязывается к местам, очень близким или родным для певца»,– деген ғылыми байқауы аңдатады [10, 42 б.].
Бұл версияда жырды жырлаушылардың өздерінің шығармашылығына арқау болған туындыға батырлық жырларға тән кең диапозонды, монументалды сипат дарытуға ұмтылғаны аңғарылады. Алғашқы екі версияны орындаушылардың бұндай қадамға баруына олардың болғанына бір ғасырдан астам уақыт өтіп үлгермеген оқиғаны, оның қатысушыларын жақсы білгені себеп болса, И.Байзақов пен Е.Құлсариевтің «Арқалық батыр» жырына арқау болған нақты тарихи шындықтан бейхабарлығы олардың гиперболалық тәсілдерге еркін бой ұруына мүмкіндік берген.
Көтбай және С.Нұралин нұсқаларында Арқалық пен оның серіктері Жәнібек батырдың аруағына сыйынады, Ал. И.Байзақов нұсқасында Әжі төре жорыққа аттанғалы тұрған батырларға: «Қаракерей аруағы қолдасын сендерді», – деп бата береді. Бұл да – И.Байзақов Арқалық өмір сүрген ортаның хал-жағдайын анық білмейтінінің белгісі. Бұл нұсқада Арқалық батыр мен оның жолдастарының тұлпар мініп, сауыт киюі және іздеп барған қалмақтың қаласының кеш батқан соң қақпалары жабылатын қорғаны болуы да оларды ХІХ ғасырда өмір сүрген шынайы тұлғадан гөрі, батырлық эпостың қаһарманына жақындата түседі. Арқалықтың дуалдан жалғыз өзі асып түсіп, Ақжалды іздеуі, Ақжалдың зынданда сақталуы, Ақжалды қолына түсірген Арқалықтың тұлпарға мініп, секіртіп, қорғанның сыртына топ етіп түсуі – бәрі – қазақ классикалық қаһармандық жырларында жиі кездесетін типологиялық мотивтер.
Қаһармандық эпос поэтикасы бас кейіпкердің асқан қаһарман екенін оның бетпе-бет ұрыстарда көрсеткен ерліктерін бейнелеу арқылы танытуды талап етеді. И.Байзақов та осы дәстүрден ауытқымағанын ол жырлаған нұсқаның кез келген бөлшегі айғақтайды. Бес мың жылқыны айдап кеткен Арқалықтарға ұзамай қуғыншылардың да қарасы көрінеді. Батыр қасындағы жолдастарына жылқыны айдап, ілгері кете беруді тапсырады да, өзі бір жыраға бекініп, қуғыншыларды тосады. Жырдың өзге нұсқаларындағыдай бұл нұсқада да басқа қуғыншылардан қара қасқа ат мінген біреуінің едәуір озып келе жатқаны баяндалады. Бірақ оның сипаты И.Байзақов нұсқасында өзге нұсқалардағыдан гөрі ала бөтен ерекше екені оның сауыт киюінен, күміс найзасымен түйенің құмалағын шаншып алып, қылышымен екі жарып тастап келе жатуынан және беліндегі отыз батпан шоқпары болуынан аңғарылады. Арқалықтың қасынан алпыс батырды өткізіп жіберіп, оларды артынан қуып жетіп, әрқайсысын найзамен бір-бір шаншып өлтіріп, түгел қырып салуы да жыршының тарихи жырдан гөрі қаһармандық эпос поэтикалық тәсіліне ден қойыңқырағанын айқын байқатады. Қазақ эпосы үлгілерінің барлығында дерлік айнымай қайталанатын формулалық сипатқа ие типологиялық мотивтердің бірі – қазақ батырының жекпе-жек шайқаста қару қолдану кезеңін қарсыласына беруі.
Бір жаушы келіп, дүрбіттерден қырық мың қалмақтың келгенін, Әжінің жанынан қорқып, Арқалықтың үш серігін жауға байлап бергенін, енді Арқалықты ұстауға әрекеттеніп жатқанын хабарлағанда Арқалық сауыт киіп, қару-жарақ асынып, жауға қыр көрсетпек болады. Батырдың осындай мінезін білетін Әжі төренің, қулыққа жүгініп, Арқалықтың аулына жіберген Қара шешен қалмақтан бітім алып қайтпаққа азын-аулақ әскер келгенін, Әжі ханның батырды солардың басы-қасында болсын деп шақырғанын айтады. Бірақ Арқалық Аюлының тауына барып, атын ағашқа байлап қойып, өзі қарауыл қарап жүргенде, төрт аю тұлпарын жеп кетеді. Батырды дәріптеудің тағы бір үлгісі Арқалықтың төрт аюды бір-бір атып өлтіруі болып табылады.
Сол сияқты батырды алдап қолға түсірердегі Қара шешеннің қалмақтарға: «Беліндегі қанжарын біз алмасақ, Бәрімізді қырады жасқағанда»,– деп ақыл айтқаны, Қабанбай берген қанжарды сұрап алғаннан кейін Қара шешен мен қалмақтар барлығы жабылып Арқалықты байлап алғаны ертегі мен қаһармандық жыр жанрларының поэтикасындағы басты ерекшелік – кейіпкердің әр түрлі сиқырлы, қасиетті заттардың көмегіне сүйенетініне еліктейтін жері. Қаһармандық эпосты шығарушылар мен айтушылардың осындай ұстанымдарына тарихи жыр мәтіндерінде ірілі-ұсақты өзгерістер ене бастағанын Арқалықтың құдіреттілігінің сыры Қабанбай берген қанжармен байланыстыру да айғақтайды.
Арқалық бір кісілік зынданда ешбір нәрсіз алпыс күндей аш болып, оның үстіне аяғының үстінде қақайып тұрған соң, ауыр салмақ мойнын үзуге айналады. Сол уақытта Арқалық: «Қор қылма мұсылманды!» – деп, бұлқынғанда білегінің терісі сыпырылып, шынжырменен бірге ілесіп шығады. Ханның Бикеш атты қызы Арқалыққа сол сәттен кейін келіп, жолығады. Арқалық қанжарымен қабырғаны талқандап бұзып, Жұбайға жетіп, оны да босатады. Зынданнан шыққан екеуіне қыз тамақ пен торы ала атты алып келіп: «Тең тұлпар таба алмадым осы жұрттан. Жалғыз өзін әкелдім мен сондықтан»,– дейді. Екі батыр мінгескен тұлпар оққа жеткізбей зулап келіп, Ұлытауға жеткенде, етпетінен омақата жығылады да, өліп кетеді. Оның себебін жыршы тұлпардың тоқ шабылғанымен байланыстырады. Жаралы Жұбайды арқалап келіп, қалың ағаштың арасына келіп демін алып, азықтандырып, жарасына ем қолданып отырған Арқалыққа бір жалаңаш адам қапылыста шабуыл жасайды. Оны алып ұрып, өлтірмекші болғанда, Жұбай: «Әуелі жөнін сұрап өлтіріңіз, Бар екен оқиғасы, сірә, қандай?», – дейді. Жалаңаш өзінің қарсыласының Арқалық екенін білгенде, кешірім сұрап: «Сыртыңнан: «Досым, – деуші ем, – жан қиярлық», Менің атым болады батыр Діңгел», – деп таныстырып, өзінің Арқалықты іш тартуына қазақ батырының қара қасқа атты дүрбітті өлтіруі себеп болғанын, өзінің жақында Арқалықты іздеп, қазақтардың арасына барып, сол кезде Әжі ханның қолына түсіп, азапталғанын, Әжінің бұны тірілей құдыққа көміп, сол шұңқырда жатқанына алтыншы күн болғанда бір жас келіншектің өзін құдықтан суырып алып: «Сен секілді күйеуім тұтқында», – дегенін, содан қашып келе жатып, өзінің бұларға ұрынғанын айтады. Арқалықтар сұрастырып отырып, Діңгелді өлімнен құтқарған келіншектің Жұбайдың әйелі екенін біледі. Діңгел Әжі ханның Арқалықтың баласын бауыздап өлтіріп, әйелі – Қарагөзді өзіне әйелдікке алмақ болғанын, Қарагөз оған көнбеген соң, оны азаптағанын да айтады. Елге жететін ат таба алмай отырған Арқалық пен Жұбайға Діңгел өздері отырған таудың иек астында қалмақтар бар екенін айтып, содан ат алып келуге шоқпарын ұстап, жаяу кетеді. Сол кезде екі жүз қуғыншы келіп, жекпе-жекке өзімен дос болдым деп алдайтын торы ала атты қалмақ шығады. Арқалық әуелі осы досы қалмақты, одан кейін екі жүз қалмақтың бәрін әп-сәтте қырып тастайды. Сол ұрыстың соңында төрт атты алып, Діңгел де келіп қалады. Бұлар семіз жылқының біреуін сойып, соның терісіне Жұбайды бөлеп, Жұбай үш күнде сау-саламат болады. Олар одан кейін Жақсылықтың үйіне келеді. Арқалық өзі сол жерде қалып, Жұбай мен Діңгелді жіберіп, Ақжал мен Көкжалды алдырады. Арқалық пен екі серігі елге келіп, өздерінен қорқып, жүктің астына тығылған Әжі хан мен Қара шешенді тауып алып, кескілеп өлтіреді. Халықтың бәрі Әжі ханды қарғап, Арқалыққа алғыс айтып, Көкенді хан сайлап, Бейсенді уәзір қояды. Арқалық Қарагөзбен табысады. Одан кейін Бикешке берген уәдені орындау үшін қалмаққа аттануға қамданады. Ондағы мақсаттары қалмақ халқын дінге бағындырып, Діңгелге Бикешті алып беру болады.
Қалмақтың ханы Арқалықты құтқарған өз қызы екенін сезіп, қызын шақыртып алып, әр түрлі азап-мазақ көрсетіп жатқанда, үш батыр келіп, соғыс ашып, оларды жеңеді. Жыр оқиғаларының шешімін мына тармақтар аңғартады: «Содан былай Діңгелді Бикеш сүйді. Махаббатың ерніне ерні тиді. Қыз әкесі: «Құлдық!» – деп Арқалыққа, Өзінен-өзі келіп, басын иді».
Бұнда да Әжі «хан» ретінде көрінеді. Ал, өзге версияларды жырлаушылар біраз уақыт болса да Қытай елін мекендеген адамдар болғандықтан, Әжі төренің кім болғанын жақсы білген, сондықтан тарихи шындықтан аттап кете алмаған. Ал, И.Байзақов пен Е.Құлсариев жыр оқиғасы өткен тарихи ортамен жете таныс болмағандықтан, көркемдік қиялға көбірек сүйенген. Соның бір айқын айғағы – Е.Құлсариев нұсқасының алғашқы шумақтарында «Орманбет – Әжі ханның ата заты» деген сөйлемнің кездесуі. Әжі ханның оң мен солында уәзірлері мен бектері отыратын, Бейсен, Көкен атты екі биі бар құдіретті әмірші ретінде суреттелуі жыршының Әжі хан мұндай зор билікке ие бола алмаған, қазақтар өмір сүрген жерлердің барлығында хандық институт жойылған тұста өмір сүріп, Қытай елінің Керей руы жайлаған бөлігіне басшы етіп тағайындалған адам болғаны жөнінде деректер мен құжаттар сақталғанынан бейхабарлығын аңдатады. Өйткені Орманбет (шын есімі – Оразмұхаммед) атты тұлғаның 1590 – 1598 жылдар арасында Ұлы Ноғай Ордасының биі болғаны – анықталған факт [11, 382-383 бб.].
И.Байзақов нұсқасындағыдай Е.Құлсариев нұсқасында да Арқалық ханмен терезесі тең адам ретінде бейнеленгені Әжінің оған бұйрық бермей, өтініш жасауынан байқалады. Хан тілегін қабыл алған Арқалықтың жауабынан батырдың жорыққа аттануға бел бууына ханға тәуелділік емес, халық қамын ойлағандық себепші болғаны аңдалады. Арқалықтың: «Аз Керей – аулақта жатқан елмін»,–деуінен де Е.Құлсариевке жырға арқау болған нақты тарихи шындықтың беймәлім екендігін ұқтыра түседі. Арқалық өзіне жолдастыққа Қияқ, Тұяқты және Жұбайды қосуды өтінеді. Е.Құлсариев бұл аталған батырларды: «Үш бала Орынбеттің баласы еді»,– деп таныстырып, олардың сол кезде он тоғызға келген, бұрын жауға бармаған жігіттер екенін де баяндай кетеді.
И.Байзақов пен Е.Құлсариев нұсқаларында Арқалықтың ата-анасы туралы ешқандай сөз болмайды. Ал, жырдың өзге нұсқаларында Арқалықтың әке-шешесінің жастары жеткен қарт адамдар екеніне айрықша назар аударылып отырады. Бұның эпикалық дәстүрдің ізі екенін немесе тарихи шындықтың көрінісі екенін ажыратуға Арқалық өмірі туралы деректердің аздығы кедергі келтіреді. Бұл жерде бой көрсеткен типологиялық мотив туралы С.Қасқабасов фольклор туындыларында бас қаһарманның міндетті түрде перзентсіздік зарын тартқан қарт ата-ананың қартайғанда көрген баласы болып келетініне тоқталып, ол ата-аналардың әлеуметтік жағдайы фольклорлық жанрлардың талабына орай әр түрлі болатынына назар аударып, олар – ертегілерде – қалай болғанда да, қарапайым адамдар, ал, эпоста әдетте патша немесе хан яки ірі байлар болып келетінін атап көрсеткен [12, 241 б.].
И.Байзақов пен Е.Құлсариев нұсқаларында қалмақтардың қақпасы іштен құлыптанған қаласына түнде кірген Арқалық пен Жұбай ұйықтап жатқан қақпа күзетшілерін өлтіріп, Көкжалды тауып, алып шыққан соң Арқалық: «Енді елге кетелік», – дегенде, бұған Жұбай келіспей, торғауытттан кек алмай кетпейтінін айтады. Сонда өзге үш батыр да: «Бұл да ақыл іс екен. Тәуекел!» – десіп, таңғы елең-алаң уақытта торғауыттың жылқысын алдап алып кетеді. Олар түс кезінде арттарына қарағанда, бұлттай қайнап келе жатқан торғауыттарды, солардың алдында көз ұшын
Категория: Ғылыми Жұмыстар | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: нұсқалары, Арқалық, батыр, жырының
Просмотров: 924 | Загрузок: 250 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar