Ар-намысым, қасіретім, қуанышым- желтоқсан! - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Ар-намысым, қасіретім, қуанышым- желтоқсан!
24.09.2015, 12:19
Тақырыбы: «Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!»
Мақсаты: Еліміздің тәуелсіздігі жолындағы желтоқсан құрбандарының ерліктерін үлгі ету арқылы оқушыларды тәуелсіздікті бағалай білуге үйретіп, патриоттық тәрбие беру.
Көрнекілігі: Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Лаззат, Сәбира, Ербол), тақырып желісі бойынша слайдтар, шарлар, нақыл сөздер
Жүру барысы:
Жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар!
Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына айналған, бізге тәуелсіздік туын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Міне, содан бері 26 жыл уақыт өтті. Өмір бізді одан алыстатып бара жатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды. Ол – дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақтың өр мінезді қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым, құрмет. Ендеше халқымыздың тәуелсіздігі, егемендігі жолында өз өмірлерін қиған құрбандардың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық! Бір минут үнсіздік.
Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздігіміздің бастауы.

Ақкүн: Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып – жойып таптады.
Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.

Жүргізуші: Қазақстанның астанасы Алматы қаласында қазақ жастарының ұлттық көтеріліске шығуына Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың жұмысынан босатылып, орнына басқа қаладан келген Геннадий Колбиннің тағайындалуы себепкер болды.

Гүлберген: Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең-жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз?
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеге өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық жансақ маздап біз.

Ақкүн: 1986 жылы 17 – желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылығын білдіріп, бейбіт шеруге шықты. Олар «қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді.
Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға, «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды.

Назым: Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн
Әділдікпен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
Қақап күннің ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын
ОМОН-дар бастан тепкен күн
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн

Ән: «Қара бауыр қасқалдақ»- орындайтын Қаюпова Гүлберген

Регина: Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар –ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
Желтоқсан тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары
Қалар мәңгі есінде Қазағымның.
Желтоқсан – жадымызда жаралы күн
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң
Еркіндік, егемендік, елдігімді
Емірене аңсады саналы ұғым.

Индира: Жас арудың жанарында –Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында –Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында –Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да –Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да - Желтоқсан

Айтуған: Желтоқсан оқиғасы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова тәрізді батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді.

Көрініс: «Қайратты тергеу сәті».
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр.
- Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға,
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Сот залы
Хатшы: - Сот келеді тұрыңдар !
Отырыңдар. Сот процесін бастаймыз!
Тергелінуші: Савицкийді өлтірген сен бе ?
Қайрат: - Жоқ, мен емес!
Сен өлтірген мойныңа ал! Алып кетіңдер! Бәрібір құтылмайсың бұзақы
1-ші куәгерді шақырамыз. Сізге сұрақ: Сіз алаңда Қайрат Рысқұлбековтің Савицкийді өлтіргеніне куә бола аласыз ба?
1-куәгер: Боламын өз көзіммен көрдім. Керек десеңіз мен де қолында таяғымен түскен суреті бар. Ол – ұлтшыл Қайрат оңбаған!
Тергеуші: 2-ші куәгерді шақырамыз. Сіз Қайрат Рысқұлбековтың Савицкийді өлтіргенін бейнетаспаға түсіргеніңіз рас па?
2-куәгер: Рас – рас ол Савицкийді аяғымен теуіп, таяқпен ұрды. Менің қолымда түсірген бейнетаспа бар.
Сот: Барлық куәгерлерді тыңдай отырып Қайрат Рысқұлбековті айыпты деп табамын.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып, мынадай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65- бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғарғы үкім өлім жазасына, атуға кесілсін.
Апасы:
- Жоқ, бұл үкім дұрыс емес.
Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы:
- Тынышталыңдар! Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот:
- Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат:
- Бар.

«АҚТЫҚ СӨЗ» оқылады.
Сот: Сот процесін аяқтаймын. Екі жендет Қайратты алып кетеді.
Одан соң ату жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыруға өзгертілді. Өкінішке орай, Қайрат бұл шешімді естіместен 21 жасында қапылыста мәңгілікке көз жұмды.

«Елім менің» орындайтын Ерболатов Айтуған

Ақкүн: Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.

Айтуған: Арада 4 жыл өткен соң 1990 жылы 17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылып, желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасы Мұхтар Шаханов жастарға арнаған «Төрт жыл кешіккен шындық» жалынды өлеңін оқыды.

Индера: Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей ар намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

«Қазақ биі» орындайтындар Гүлберген мен Индера

Айтуған: Осы көтерілістің нәтижесінде 1991 жылы біздің еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлап, тәуелсіз егеменді ел болдық.
Президент жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке “Халық Қаһарманы” атағы беріліп, ата – анасына “Алтын жұлдыз” айрықша ерекшелік белгісі тапсырылды.
Сәбира, Ләззат, Ерболдарға “Ақтау жөніндегі анықтама” қағаздары берілді.
«Өз елім» орындайтын - Сембаева Ақкүн

Шалқар шабытты ақын Мұқағали жырына арқау болған, біздің атамекеніміз, қазақ даласы – бабаларымыздың ұрпағына қалдырып кеткен асыл мұрасы.
Талай батырлар жанын қиып, қорғап қалған қасиетті Отанымыз Қазақстан!

Индера: Неткен байтақ, неткен ұлы сен елім,
Нендей күйге жүрегімді бөледім,
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.

Ән «Атамекен» орындайтын Какимова Регина

Индера: Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Жеңіп шықтың, бас имедің қасардың,
Сойыл, таяқ ойнаса да жанында
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным жеткіздің ақ тілекке.

Жүргізуші:
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының аманатын, азаттық идеясын жалғастырған қазақтың ұл-қыздары тәуелсіздік үшін құрбан болды.
Бұл күнде қазақ жерінде түрлі этнос өкілдері кіретін халықтар бірлік, достық пен ынтымақтықта өмір сүруде.

Регина: Ұлы достық
Нұрлы достық
Күн достық
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты
Биші қыздар биімен де үн қосты
«Өзбек биі» орындайтын - Қадірова Назым

Жүргізуші: 16-желтоқсан –Тәуелсіздік күнмен сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Азат елдің білікті, білімді, жігерлі, азаматтары болыңыздар! деген тілекпен Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Ар намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!» – атты ашық тәрбие сағатымыз аяқтаймыз.
Келесі кездескенше, хош сау болыңыздар!
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Ар-намысым, қуанышым-, Желтоқсан!, қасіретім
Просмотров: 196 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar