Ата-ананы қадірлеу – парыз - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Ата-ананы қадірлеу – парыз
24.09.2015, 11:49
Тақырыбы: Ата-ананы қадірлеу – парыз

Мақсаты: оқушылардың бойында ата-анаға деген ерекше жылы сезім қалыптастыру, ата-ананың бала өміріндегі ролін түсіндіру, ата-ананы құрметтей, сыйлай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: оқушылардың ата-анасымен түскен суреттерінен слайдтар, әке, ана туралы мақал-мәтелдер, цитаталар: «Адам жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды», «Ата-ананың қадірін білмеген –халық қадірін білмес».

Тәрбие сағатының барысы:
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі. Ата-ана - әрбір адамның қайтып соғар қазығы. Оған деген сүйіспеншілік тек жүректен шығу қажет. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады.
«Әкеге бағыну – тәңірге бағыну» деп әкені одан бетер дәріптеген. Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымызда адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауына арналады.

2. А. Бақтыгерееваның «Ана жайында аңызы» мәнерлеп оқылады.
...Ананың кезі бар ма кекті болған.
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса топырақта жатқан жүрек:
«Құлыным, байқасаңшы», - депті оған...
- Ата-ананың қандай қасиеті байқалады? Ата-ана тек аңызда ғана осындай ма? Өз ата-анаң туралы не айтар едің?

3. Ой толғау.
А. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» - дегенді қалай түсінесіңдер?
Ә. «Анаңды Меккеге үш рет апарып келсең де ана сүтін ақтай алмайсың» - дегенді қалай түсінесің?

4. Мұғалімнің сөзі.
Жаһандану қазақ қоғамын құрдымға батырып бара жатқандай. Бүгінде көптеген жастар ата-аналарын қарттар үйіне тапсыруды үрдіске айналдырған. Бұл –өте үлкен қасірет. Күнделікті өмірде ата-анасын ренжітіп, оларға қатты сөйлеп, қол көтеріп жататындар да кездеседі. Бұл неліктен? Оған таңданып қарағанша келешекте осынау ақжаулықты аналарымыз бен ардақты әкелеріміздің, аталарымыздың осы жалған дүниенің тозағына түспеуінің қамына кірісуіміз қажет. Шариғат бойынша ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Ал ата-ананың ашуы мен ызасы, яғни қарғысы Жаратқан Алланың қаһарына тең. Ата-ананың сені қарғадым деп айтуы міндет емес. Олардың көңілін қалдырудың өзі – перзенттің қарғысқа ұшырауы деген сөз.

5. Оқушы.
«Жаннат аналардың аяғының астында» деген сөзді білмейтін адам жоқ. Бірақ ешбір адам бұл сөздің мағынасына терең көз жүгірте бермейді. Ата-анаңа қандай жақсылық жасаң да көзі тірісінде жасау керек. Ата-анаң қартайған шағында оларға «түһ» деуші болма, ренжіте көрме және оларға жақсы сөз айт. Екеуіне де зор мейірмен, кіші пейілмен бас иіңдер. Кішкентайыңда сені мәпелеп өсіргеніндей сен оларға рақым ет.

6. Көрініс.
Бір күні ардақты пайғамбарымыздың алдына бір әйел келіп:
- Сіздің жақын сахабаңыз әрі сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатыр, - деп хабар береді. Пайғамбарымыз Әбу Бәкір садық пен Біләл азаншыны жіберіп, Алқамадан хабар алуды бұйырды. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда, Алқама сөйлеп, өзінің жайынан хабардар етеді. Алайда тілін кәлимаға келтіріп: «Лә иләһа иллаллаһ» деп айта алмады.Бұған таңырқаған пайғамбарымыз өзі келіп көреді. Бар жайдан қанық болған соң сахабаларына қарап:
- Бұл Алқаманың анасы бар ма? – деп сұрайды. Сахабалар:
- Әкесі ертеректе дүние салған, анасы болуы керек, - деседі.
- Ол анаға хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса, өзім барайын, - дейді. Хабарды алған Алқаманың анасы:
- Пайғамбарымыздың алдына өзім барамын, - дейді. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының жанынан өтіп барып, тіке Пайғамбардың алдына келіп сәлем береді. Пайғамбарымыз одан:
- Сіздің балаңыз Алқама қандай бала еді? –деп сұрақ қояды.
- Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады, - дейді. Сонда Пайғамбарымыз:
- Жоқ, сізбен мәмлесі қандай еді? – дегенде:
- менің баламнан көңілім қалғаны қашан, бұл баланы балам деп ұмытқалы көп уақыт болды, - дейді де, көз жасын тыя алмайды. Себебін сұрағанда:
- Баламның сәби кезінде әкесі дүние салды. Жесірліктің тауқыметін тарттым. Күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесі көзін тігіп, қабақ шытып қараса, жүрегім бұл жағдайға шыдай алмайтынына сендім. Балам өсіп, азамат болды. Үй болды. Бірақ сол күннен бастап бар тәтті тамақты әйеліне тасыды., бар жылы сөзді әйеліне арнады. Осы жағдайларды көріп, бір үйде тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап, кетуге даярландым. Сонда балам: «анашым, сіз мені бағып-қаққан едіңіз, енді қайда барасыз?» деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп, апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім - махаббатым бұл балама теріс болды. Пайғамбарымыз:
- Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы жатыр. Ризалығыңызды білдіріңіз, - дейді.
- Разы емеспін,- деп ана қайталайды. Сол сәтте пайғамбарымыз сахабаларына:
- Отын жиыңдар да, үлкен алау жағыңдар! Анасын нариза еткен баланың отта жануын анасы мен баршаларыңыз көріңіздер! – деп бұйырады. Сонда Алқаманың анасы:
- Ей, Расулалла Пайғамбар, балам жанғанша, сол отта мен жанайын, балама разымын, разымын,- деп бірнеше рет қайталайды. Сол сәтте Алқама «Лә иләһа иллаллаһ» деп жан тапсырады. Пайғамбар:
- Дүниенің азған отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, разылық бермегеніңізде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді, - дейді.
Міне, осыдан-ақ дүниедегі ең қымбат жан ана мен әке екенін аңғаруға болады.

7. Оқушы.
Ата-анасына мейірімі жоқ, қадірлемейтін перзентті имансыз деп айтса да артық болмайды. «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер» деген сөз бар.
Бірде бір жігіт пайғамбарымызға мынадай өтінішпен келіпті:
Әкем қартайғанның салдарынан жайсыз болып кетті. Үйіме келіп, қолына не ілінсе соны алып кете береді, - депті. Мұны естіген Расулалла баланың әкесін өзінің құзырына шақыртты. Алдына келген қарияның үстіндегі киімі әбден тозған, өзі бейшара халге түскен екен.
- Ұлыңның сөзі рас па? – деп одан сұрайды.
Ол:
- Иә, дұрыс. Мен ұлымды бақтым, қақтым, өсірдім. Азамат болсын деп жалғыз өзім тәрбиеледім. Анасы ерте дүние салған еді. Өзім жемегенді ұлыма жегіздім, өзім кимегенді ұлыма кигіздім. Қартайған кезімде бағады ғой деген зор үмітім де болған. Бірақ ұлым анасыз өскеннен бе, мейірім - шапағаты жоқ болып шықты. Маған қарайламайды, сондықтан өз күнімді өзім амалдап жүрмін. Ұлымның үйіне бара қалсам, қолыма ілінген затты ала кетемін. Ол затты сатып, ақшасына тамақ жеп күнелтемін. Бұл ісім дұрыс па, қате ме, білмеймін, - деп егіліп жылайды. Пайғамбарымыз ашуға булығып ұлына қарап:
- Тарқан дүниең, сатып алған заттарың, тіпті сенің өзің де әкеңнің жеке мүлкін дейсің! Егер тапқан табысың әкеңді бағуға жетпесе, әкең сенің өзіңді сатып жіберуге құқы бар. Сен тапқан табысыңды өзімнің ғана мүлкім деп, бұған басқаның қатысы жоқ деп ойлама! Барлық дүниеңе әкең ие! – деп қатты айтады. Халық даналығында: «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» демей ме? Пайғамбардан: «Ең алдымен жақсылықты кімге істейміз?» - дегенде, ол:
- Анаңа! – деді
- Одан кейін ше?
- Анаңа!
- Ал одан кейін ше?
- Анаңа!
- Ал одан кейін ше?
- Әкеңе!
/ оқушылардың пікірі /

8. Мұғалімнің қорытынды сөзі.
–Жаңағы жігіт әкесін үйінен қуып жіберсе, бүгінде көптеген жастар ата-аналарын қарттар үйіне өткізуді үрдіске айналдырған. Бұл – өте үлкен қасірет. Бұған жол бермейік. Ана деген әлемнің жан дүниесі, бастауы мен таусылмайтын жалғасы.
Анам маған:
Үлкенді сыйла,- деген.
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем, - деген Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарымен тәрбие сағатын қорытындылаймыз
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: парыз, Ата-ананы, қадірлеу
Просмотров: 402 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar