Бір халық - бір ел - бір тағдыр - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Бір халық - бір ел - бір тағдыр
24.09.2015, 12:52
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Қазақстан - 2050»стратегиясы: Бір халық - бір ел - бір тағдыр.

Тәрбие сағатының мақсаты: «Қазақстан - 2050» стратегиясы туралы ой бөлісу. Ел тарихы жайлы білімдерін дамыту. Оқушыларды Отанды, елді, жерді сүюге туған ел тарихын білуге, қастерлеуге тәрбиелеу.
Тәрбие сағатының көрнекілігі: «Қазақстан - 2050» стратегиясы бильборды, «Астана» буклеті.
Тәрбие сағатының барысы:
Мұғалім сөзі:
Қымбатты оқушылар, міне жаңа оқу жылының есігін биылғы жылы жаңа мектепте аштық. Сендерді жаңа оқу жылымен және Білім күнімен құттықтаймын! Бұл мереке сендер үшін мектеп қабырғасындағы соңғы, қимас күн болғалы тұр, келесі жылы дәл осы күні жоғарғы оқу орындарында боларсыңдар. Сондықтан да биылғы мектеп түлектері біздің бүгінгі өтетін «Қазақстан - 2050»стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» тақырыбындағы тәрбие сағатымыз сендерге үлкен ой тастар деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Назарбаев: Жастарымыз салт - дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс, деп сендерге үлкен үміт артып, сенім білдіріп отыр.

І жүргізуші:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған
Бұл далада өскен жанда жоқ арман, демекші Алтайдан Алатауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата – бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілігі арқасында қол жеткізген тәуелсіз еліміз күннен күнге шарықтап дамып келеді.

ІІ жүргізуші: Ия, жиырмадан жаңа асқан жас мемлекет болсақ та көп жетістіктерге жеттік. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н. Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы «Қазақстан - 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы Жолдауында жан - жақты талдап, болашаққа бағдар жасап отыр.
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар Президенті, - деп ақындарымыз жырға қосқандай Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев еліміздің дамуы мен халықаралық деңгейге көтерілуі үшін бар еңбегін аямады.
«ЭКСПО көрмесі - жаһандық ауқымдағы оқиға. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай - ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады, - деген сенімде Мемлекет басшысы.
Балалар Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал саясаты туралы қандай ой айтасыңдар?

І жүргізуші
Теңдікті бостандықты иеленгендер.
Халқымның мақтанышы – алып тұлға,
Әлемнің назары ауды Ақ ордаға
Бәйтерек – көкке қолын созып тұрған,
Ұқсайды менің асқақ арманыма.

Елбасымыз өз Жолдауында «Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деп осы мәселе төңірегінде үлкен ой қозғады. Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.

Тәуелсіздік - тірегім алмас үнді,
Тәтті үміті халқымның сан ғасыры
Көк байрақты, кемеңгер кемел ойлы
Келбетіңнен көремін жалғасымды, дей келе, «қазақстандық патриотизм» ұғымы туралы ойларыңды ортаға салуларыңызды сұраймын.

ІІ жүргізуші:
Бір ата, бір ананың түлегіміз
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз
« Бірлік барда тірлік бар» деген бабам
Бірлік деп бірге соқсын жүрегіміз!
Бүгінгі тақырыпта көрсетілген «бір халық - бір ел - бір тағдыр» түсінігі бойынша сөз қозғасақ, Жолдауда айтылғандай, біз - бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз. Біз - көпұлтты қоғамбыз. Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс. Қазақстан - біздің қасиетті мекеніміз. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату - тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру - барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт Біз көппіз және бәріміз - бір Елміз, бір халықпыз.
Ал достар бұл жайында сендер не айтасыңдар?

І жүргізуші:
Көз қуанып күн сайын көркеміне,
Көңіліміз сенеді ертеңіне
Қазақстан – алып ел, төрі Астана,
Таңым ғана лайық ел төріне
Ел болдық ерік алдық астаналы,
Енді кімнен қазағым жасқанады?
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады Еліміздің әр жылғы жеткен табыстары мен жетістіктерінде Елбасымыздың ерен еңбегі байқалады. Елбасы өз сөзінде: « Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемін? Мен 2050 жылғы қазақстандықтар - үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар - әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар - өз елінің патриоттары» деп айтқан. Болашақтың иесі бүгінгі жас ұрпақ болашақты қалай елестетеді екен?

ІІ жүргізуші:
Көк жүзінде қалықтаған қыранмын,
Бейбітшілік пен бостандық жыр - әнім
Самғап жүрсек бостандықта биікте
Шарықтайды кең көлемде бұл әнім
Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр...
Бүгін міне, Тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!

І жүргізуші:

Тәуелсіз Қазақстанның өсуі мен көркеюіне, бүкіл әлемге танылуына бар күш жігерін аямай, ел тыныштығын сақтай отырып, дұрыс бағыт бағдар көрсетіп келген Елбасымыздың еңбегі ерен. Халқына арнаған Жолдауында аға ұрпақпен қатар жас ұрпаққа ерекше үміт артып: «Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер - болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер. Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің - елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш. Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары - ерік - жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен 21 - ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін» деп атап өтті.

ІІ жүргізуші:
Ия, еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақ. Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің ұланы біз ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азамат екендігімізді ұмытпайық! Елбасымыздың, еліміздің бізге артқан сенімін ақтауға лайық болайық. Ол үшін білім алуға, тәрбие үйренуге, жамандықтан алақ болып, жақсылыққа құштар, салауатты өмір салтын сақтайтын азамат болуға күш жұмсайық. Бүгінгі сабағымыздағы түйген ойларымызды болашақта есте ұстап, іске асыруға шақырамын.

Қорытынды мұғалім сөзі: қымбатты балалар, бүгінгі «Қазақстан - 2050»стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» тақырыбында көп мәселе қамтылып өтті. Ия, өздерің айтқандай ел тағдыры сендердің қолдарыңда. Бейбіт өмірдің қадірін түсінетін, оны сақтай білетін, ата аманатын орындайтын азамат болуларыңа тілектеспін.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ел, Тағдыр, Халық, бір
Просмотров: 172 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar