Дауылпаз ақын Қ. Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына әдеби - музыкалық кеш - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Дауылпаз ақын Қ. Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына әдеби - музыкалық кеш
24.09.2015, 12:45
«Қасымның ғасырлық тойы»
(Дауылпаз ақын Қ. Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына әдеби - музыкалық кеш)

Кештің мақсаты:
• Оқушыларды ақын шығармашылығымен, өмірбаянымен, азаматтық тұлғасымен таныстыру;
• Поэзияны сүюге үйрету, оның құдіретін сезіндіру:
• Оқушылардың өлең, көркем сөз оқу, ән айту қабілеттерін дамыту, өлең жазуға, ән айтуға қабілеті бар балалардың талабын ұштау.
Көрнекілік:
• Қасым Аманжоловтың портреті;
• Кеш тақырыбы мен өлең шумағы жазылған плакаттар;
• «Қасымнан - ғасырға» кітап көрмесі;
• Слайд;
• Ақын жайлы бейне көрсетілім.

1-жүргізуші: Ей, тәкәппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені,
Мен қазақтың баласы,- деп, кезінде ағынан жарыла толғанған ақиық ақын Қасым Аманжолов... Тірісінде - ақ аңызға айналған Қасым - ешкімге ұқсамайтын дара тұлға, ақындық шабыты жүрдек тұлпардай шапқан сайын өрлей береді. Оның жалынды да дауылды, нәзік те сыршыл поэзиясы жаныңа жайлы тиіп, баурап алады.

2-жүргізуші: Дейсіңдер - ау Қасымның несі басым?
Қасым солай болмаса, несі Қасым?- деп, ақындықтың асқар тауындай ағасына М. Мақатаев жыр арнаса, Б. Момышұлы «Қасым Аманжолов жаратылысы бөлек ақын» деп баға берген екен.
Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Сарыарқаның ең көрікті жерінде Қарқаралы ауданында дүниеге келген.

(Туған жеріне арналған «Сарыарқа», «Атамекен» өлеңдері)
1-жүргізуші: 1933 жылдан Оралда болған Қасым ақынның ең бір шарықтап өрлеген, талантының толысқан кезі еді. Қасым аяқ астынан өлеңді төгіп жіберетіндігімен, ән құмарлығымен, сауыққой ерке серілігімен жұртты тәнті ететін.
(«Домбыра» өлеңі оқылады)
2-жүргізуші: «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» деп Абайдың өзі айтқандай, Қасымның ақындық, серілік, оның үстіне бекзаттық адамгершілігі алдында көп сұлулардан ерік кетті. Оралдағы жылдар «махаббат қызық мол жылдар» болды.

1-жүргізуші: Махаббат, ақындығына қанат бітіргеннің бірі - осы Оралда 1935 жылы кездескен Сақыпжамал.
Сақыпжамал, атың қандай,
Сәпен дейміз қысқартып.
Жар бола гөр айтылғандай
Сенен қайсы қыз артық,- деп жырлаған Сақыпжамалға Қасым тоғыз жылдан кейін, соғыстан аман - есен оралғаннан соң қосылады. Екеуінің армандары орындалып балалы - шағалы болады.
(Ақынның күнделігінен )

1-жүргізуші: Күнделік осы жерден үзілген. Осы шағын ғана жазбалардан Қасымның болмыс - бітімі біршама аңғарылғандай болады. Ақынның жүрегін жылытқан жалғыз сәбиіне деген сәулелі махаббаты мен оның болашағына алаңы да, тағдыр тауқыметін бөліскен жарына деген аянышы мен құрметі де, қомағайлар мен құлқынының құлы болғандар салтанат құрған қоғамға жиреніші мен лағнеті де, өзінің талант құдіретіне деген сенім де көрініс береді.

2-жүргізуші: Жанар, Дариға атты қыздары болады. Қасым Дариғасын ерекше жақсы көрсе керек. «Дариғасыз бір күн де өмір сүре алмаймын» дейді екен. Дариға бір жарым жасында қатты ауырады. Сол кезде жазылған ақынның өлеңі.
(«Балам ауырғанда» өлеңі оқылады)

1-жүргізуші: Осы жылдары Қасымның өлеңдері газет бетінде көріне бастайды. Әсіресе Оралдың «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде жиі басылады. Жұртшылық Қасымды ақын ретінде 1936 - 1937 жылдары барып қана жыға таниды. 1938 жылы «Өмір сыры» атты тұңғыш жинағы жарыққа шығады.

Қасым әскерге 1941 жылы шақырылады.
(«Қоштасу» өлеңі оқылады)

2-жүргізуші: Соғыс кезінде қайнаған Қасым шығармашылығының ғажайып маржандарының бірі «Дариға, сол қыз» - тұтас бір соғыстың шежіресі. Басты кейіпкері - қазақ батыры, ақыны. Сол сұрапыл соғыс, сол сүйген қыз, өмірге құштарлық. Қансырап жығылып, семіп бара жатқан батырды қыз тұрғызып жібереді. Өмір елестеп, қыз алыстап, аласұрған, еңіреген ақын аяғында өлімді алыстатқан әмірші қызбен, өмірмен қайта табысады.

(«Дариға, сол қыз» өлеңі оқылады)

1-жүргізуші: Қасым өткір мінезді, бұрқ - сарқ қайнап, дауылдап жүрген болса керек. Музыкалық дарыны ерекше болған. Ақын өзінің композиторлығына ерекше мән бере қоймаған. Топ әндерінің ішінен «Дариға, сол қыз» ғана нотаға түскен. Әбілахат Еспаев нотаға түсірген.

(«Ақсәуле» әні тыңдалады)

2 жүргізуші: Соңғы өлең жазылып болды. Өзі туралы... Ақын бұл өлеңін тағдырының соңғы қара нүктесі екенін сезген жоқ. Көзіне әлденелер елестеп, өмірден өтіп бара жатқан соңғы сағаттарында ақын әлдекімдермен тілдесіп, қоштасып жатты. Шығармашылыққа ғұмырының 10 - ақ жылын арнаған ақынның хал - күйі осы алты ауыз өлеңіне сыйып тұр. Күрсініс бар, күлкі бар.

(«Өзім туралы» әні)

1-жүргізуші: Әттең дүние не керек, арманын арқалаған күйі дүлдүл ақынымыз Қасым Аманжоловты 1955 жылдың 17 қаңтарынан 18-іне қараған түні, небары 43-тен 44-ке қараған қыршын жасында мейірімсіз ажал, сол кездегі дауасыз дерт болып саналған құрт ауруы қайтпас сапарына алып кете барады.
(Абдрахман Асылбеков. «Қасым қайда?» өлеңі)

2-жүргізуші: Поэзия халықтың рухын көтереді. Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархаббаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе осы
жағында. Қасымның мейлінше жалынды, лепті, сыршыл поэзиясы - әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия.

1-жүргізуші: Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойына ақынның 100 жылдық мерей тойының сәйкес келетінін сезді ме екен?! Ақиқатында ақынның дауылпаздығы ел еркіндігі мен тәуелсіздігі күресін бейнелейтін жырларында анық көрініс тапқан.
Сондықтан, Қасым ақынды Қазақстан Тәуелсіздігі мен еркіндігінің жаршысы деп айтуға болады. Оның бұл күрестегі батылдық, ерлік рухы ақын поэзиясының өн бойында анық байқалды.
(күй «Ерке сылқым»)
(Қасым ақынға арнаған өлең жолдары)
Қасым туралы бейне көрсетілім.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: кеш, музыкалық, Қ., мерейтойына, Аманжоловтың, Дауылпаз, жылдық, Әдеби, 100, ақын
Просмотров: 224 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar