Ел қорғаған ер баба - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Ел қорғаған ер баба
24.09.2015, 09:35
Мақсаты: Оқушыларды қазақстандық ұлы адамдардың ерлік істерімен таныстыру, үлгі ету, батыр тұлғалар ерлігіне тереңірек үңіле отырып оқушылардың ой – өрісін дамыту. Отанын, елін, жерін сүюге, қорғауға баулу, батыл болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Бауыржан Момышұлы туралы кітап көрмесі, өмірбаяны, Бауыржан аға туралы жазылған ақын – жазушылардың нақыл сөздері, “Отан үшін от кешкендер ” стендісі

Отан соғысы туралы деректі фильм жүріп жатады.
Жүргізушілер ортаға шығады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Биыл біздер жеңістің 68 жылдық мерекесін тойламақпыз. Жеңіс... Оны сан миллиондаған адамдар 4 жыл бойы минуттан, сағаттан сарыла күтті емес пе? Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталды, тілектері орындалды. Бірақ сол жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ Отан үшін өздерінің кеудесін оққа тосқан миллиондаған асыл азаматтардың ерлігін мақтанышпен айта аламыз. Олар Қ. Смағұлов, Б. Момышұлы, Т.Бигелдинов. Әлия мен Мәншүк. Сонымен бірге өзіміздің ауылымыздан шыққан аталарымыз Ғатау атаны, Ғаббас атаны, Иманғали атаны айтуымызға болады.

Енді біздер бүгін осы қан майданда қасық қаны қалғанша соғысып, ерлік істерімен Отан үшін күрескен батыр ағамыз Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы туралы сыр шертпекпіз.
М. Мақатаевтың «Бауыржан Момышұлына» өлеңі оқылады.

1 – жүргізуші: Отан – Ана жылағанда шерленіп,
Тапжылмастан шөгеді екен жерге бұлт.
Қара бұлтты қақ жарайық деді де,
Қолдарына қару алды ерленіп.

2 – жүргізуші: Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 - ші желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келді. Бауыржан Момышұлы – Екінші дүние жүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.
Бауыржан 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады.

Туған ауылына оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылы, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады. 1941 жылы ІІ - ші дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан даңқты генерал – майор И. В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды, батальон, полк командирі қызметтерін атқарды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен ерекше көзге түседі. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А. Бек «Волокаламское шоссе» повесін жазды.

1 - Жүргізуші: Б. Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың бірі болды. Ол бұл теорияны жүзеге асыруда бүкіл әскер түрлерінің өзара тығыз байланыста әрекет еруіне баса көңіл бөліп отырады. Танк, артиллерия әскери бөлімдерді полктар мен дивизиялар командирлері қол астына бере отырып, олардың өздігінше жауынгерлік қимылдар жүргізуіне мүмкіндік жасау тактикасын қолданды. Өзі қашан да ұрыс тағдырын шешетін жерде болды.

2 – жүргізуші: Б. Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ – даңқы, батырлығы А. Бектің кітабында суреттеледі. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз тілдеріне аударылды. Б. Момышұлы 1950 жылы Кеңес Армиясы бас штабының арнаулы жоғары әскери академиясын бітіріп, әскери академияда дәріс оқумен бірге шығармашылыққа бет бұрды. 1956 жылы демалысқа шығып, өмірінің соңына шығармашылық жұмыспен айналысты. Жазушылық таланты тез ұшталды. Ол шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрларының негізін қалады. Жазушының өзекті тақырыбы – Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлердің тұлғасын жан – жақты суреттеп сомдауға арналған.

1 – жүргізуші: Бауыржан атамыз тек қана жауынгер емес, оның бойында ақындық қуаттың бүршігі ерте белгі бергендігін білеміз. Енді Баукеңнің шығармаларына кезек берейік. Өлеңдері оқылады.
1. Жардың мұңы
2. Әскери ант
3. Туған жер
4. Тырнақтап жина әр жерлен
5. Толғау

1 - жүргізуші: Бауыржан ағамыз әр жылдар өз көңіл күйіне оралған сезімдерін қағазға түсіріп отырған. Әр шумақ өлеңнің өзіндік жазылу тарихы бар.
Енді Бауыржан атамыздың бір қақпайларын тыңдап қарасақ:
Уа, жалған, сен бе жалған, мен бе жалған
Жалғандық затымызда қайдан қалған?
Серкедей таяқ жеген серттен қайтып,
Өзіме өзім нанбай көңілім қалған.
19. 01. 1947 ж.
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
Бұрынғы қалпымнан аса алмаспын,
Кейбіреуден ерте өрлеу шыққанменен.
28. 01. 1941 ж.

«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде»
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түпкіріне сөз келгенде.
6. 12. 1947 ж.
Сарнатқан қыл қобызды Қорқыт бабам,
Жаһаннан бір тиянақ таба алмағын.
Түкіріп жүзі қара сұм өмірге,
Тайсалмай суық көрсе өзі – ақ барған.

Наглядевшись по сторонам и назад,
Мой прадед Коркут – музыкант,
Наплевав в лицо этому миру,
Без сожеления сошел в могилу.
1959 ж.

Ей, подлый мир, писак наемных!
Архивные крысы, обожравшиеся буквами книг,
Вас, лицемерных попугаев, ненавижу,
Я солдат, на бой Вас зову.

Жоқшылық ер жігітке намыс емес.
Жоқ болсаң өз туғанын таныс емес.
Суық үй, дәмсіз тамақ, салақ қатын –
Үшеуі кедейліктен алыс емес.
Барлығы әйел заттың үйші емес,
Сарнатқан домбыраны күйші емес.
Тырбыңдап аяқ – қолын сілтегенмен
Барлығы жорғалардың биші емес.
Алдымен ән салуға ақыл керек,
Ырғақтың мағынасына болар тірек.
Ой бар ма, жүрек бар ма, лебіз бар ма?
Көрермен, тыңдарманға солар керек.
1958 ж.

2 – жүргізуші: Бауыржан атамыздың жазған эпистолярлық жанр ретіндегі хаттар легі де замана шындығын, қанды майдан үстіндегі жауынгердің ішкі рухын таныту арқылы жастарды елін, жерін сүюге деген махаббат сезімін оятуда таптырмайтын өмір оқулығындай жерде қалдырып отырады.
Жазған хатынан көрініс

1 – жүргізуші: Бауыржан ағамыз туралы жазылған естеліктер шалқар дария айдынына құйып жатқан мың бұлақты арналы өзендердің саласындай Баукеңмен түрлі қарым – қатынаста болған сан қилы тағдырды бастан кешкен адамдардың естеліктері. Енді осындай естеліктерді тыңдасақ:
Естеліктер оқылады
Т. Әлімқұлов»Оның пірі – шындық»
Т. Ахтанов «Ел қасиеті – ер қасиеті»
Қ. Өмірәлиев «Халық ұлы»

2 – жүргізуші: Бауыржан ағамыз қанды қырғын ішінде жүріп, ерлікті, ата дәстүрін ойлай жүріп, майдан шындығынан туған атақты қырық мақал – мәтелі болатын. Осы ағамыздың нақыл сөздеріне кезек берейік.

● Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.
● Таяқтан тайсалмасаң,
Семсерден сескенбесең,
Жеңдім дей бер…
● Қарабет болып қашқанша,
Қайрат көрсетіп өлген артық.
● Ептілік те – ерлік.
● Айбындана шапқаннан ажал да сескенеді.
● Қой бастаған арыстан тобынан арыстан бастаған қой тобы артық.
● Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,
Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
● Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет.
● Тізе бүгіп тірі жүргеннен,
Тіке тұрып өлген артық.
● Ана үшін аянба – ант ұрады,
Бала үшін аянба – бетің күйеді,
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
● Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек.
● Тәртіпке бас иген – құл болмайды,
● Тәртіпсіз – ер болмайды.
Елсіз ер бола ма?
Жұртсыз жігіт бола ма?
● Ерлік – елдің қасиеті,
● Жүректілік – жігіттің қасиеті.

Қорыта келе оқушылар Бауыржан атаны бүгінгі күнде кім деп танимыз?
Ақын, батыр, дана,
Шешен, адал, өктем

Бауыржан ата бір басына өнер мен білімді тоғыстырған сегіз қырлы бір сырлы жан десек, ғылым саласында өзінің қандай қолтаңбасын қалдырды?
- философия
- этнопедагогика
- этнопсихология
- этномәдениет
- этнофилософия
- этнография сынды ғылым салаларын қамтиды.

Мұғалімнің қорытынды сөзі: Балалар бүгін біздер Қазақстанның халық қаһарманы атанған, ел басына күн туған кезде қол бастап жалынды сөздерімен жігер беріп, рух беріп, ерлікке, жеңіске жетуге бар күш жігерін қосқан, өмірі ерлік пен шежіреге толы, тұла бойы тұнған дарын, қарымды қаламгер Бауыржан атаның барлық қырларын қамтып, өзімізге рухани азық алдық.

Өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған,- деп Абай атамыз айтқандай, Бауыржан әлі өлген жоқ, өйткені оның артында өшпес мол мұра, ізін басар рухы мықты сіздер сияқты талапты жастары бар.
Енді Бауыржан атамыздың Жуалыдағы мұражайын саяхат жасайық
(Фото шолу)
Бауыржан атаны бәріміз еске алып, ата рухына тағзым етейік.
(Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандар ескерткіш монументіне гүл шоқтарын қою)
Б. Момышұлына арнау Х. Ерғалиевтың «Сырдар дос» өлеңі оқылады.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ел, қорғаған, баба, ЕР
Просмотров: 181 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar