Ер ақын, ерен ақын, ерекше ақын - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Ер ақын, ерен ақын, ерекше ақын
24.09.2015, 11:57
Тақырыбы: «Ер ақын, ерен ақын, ерекше ақын»
Мақсаты:
Ақынның өмірін, өлеңдерінің өзіндік табиғатын даралай, саралай отырып өзгешелігіне көңіл бөлу, өлеңді мәнерлеп, жатқа оқуға дағдыландыру, отаншылдыққа, туған жерге деген сүйіспеншілікке, табиғат әсемдігін түсінуге, қасиетті нәрселерді қадір тұтуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: ақын шығармашылығына арналған көрме, ақынның портреті, кештің тақырыбы жазылған плакат, буклет, слайд.

1 - жүргізуші:
Ей, өлең, маған тиген еншім едің,
Бой жазайын, қасыма келші менің.
Менің саған шамалы жақсылығым,
Сен де маған, әрине, көншімедің.
Сананы сары уайым сарылтқанмен,
Тынысты тұйық тұман тарылтқанмен,
Үзбеймін күдерімді жарықтан мен,
Үзбеймін күдерімді халықтан мен! – деп ақынның өзі жырлағандай, жыр әлемінде өз ойын, өмір шындығын көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлаған, өз дәуірінің шежіресін айқын да айшықты бояумен жеткізген, қасқая қарап ақиқатты жырлаған Мұқағали Мақатаев шығармалары 60 - 80 жылдардың көркем тілмен жазылған тұтас бір шежіресі секілді.
Ақын шығармаларының тақырыбы әр алуан, бірақ оның ерекшеліктері өзгеге ұқсамас сыры мен қырында жатыр. Дүниедегі бар құбылысты, адамзат санасындағы сан қырлы сезімді сөз арқылы жеткізуге болады. Сондықтан да сөз құдіретінің мән - мағынасына терең бойлап, мың сөзден бір сөз таңдап, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелейтін Мұқағалидай ақын – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының ірі.

2 - жүргізуші:
Мұқағали Мақатаев 9 ақпан 1931 жылы Алматы облысы, Нарыңқол ауданындағы Қарасаз аулында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң ауылдың хатшысы, Қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметінде болды. 1954 - 1962 жылдар арасында қазақ радиосында диктор болды, 1962 - 1972 ж арасында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, 1972 - 1973 ж. Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді. Тұңғыш өлеңі 1948 ж. Нарыңқол аудандық «Советтік шекара» газетінде басылды. Мұқағали Мақатаев 1976 жылы 27 наурызда қайтыс болды. Әкесі Сүлеймен шаруа адамы еді. 1941 ж. Желтоқсанда майданға аттанып, содан оралмады. Шешесі Нағиман да қарапайым шаруа адамы еді. Мұқағали
Отбасының тұңғышы болғандықтан оны әжесі Тиын өз бауырына салады. Тиын әже мейірімді, кісілігі мол, керек кезінде адуынды адам болған. Әже тәрбиесінде өскен Мұқағали шешесін өмір бойы «Нақа» деп атап кеткен.
(«Арыз жазып кетейін», «Автограф» өлеңдері мәнерлеп жатқа айтылады)

1 - жүргізуші:
Мыңдаған талантты сазгерлер Мұқағалидың мұңды, сырлы, сан қырлы жырларын жаттап, әуен - ән іздеп шарқ ұрды, шабыт шақырды. Оның оттай ыстық өлеңдері өз - өзінен әнге, толғауға, термеге сұранып тұратын. Самалдай желпіп маңдайдан сипайтын, жанға ләззат құятын, көкірек көзіңді майдай ашатын ән - әуез – әрқашан да өмір - серік, жанға қуат, рухани азық.
Ән: «Сенің көзің»

2 - жүргізуші:
Махаббат бүгін тағы қарамады,
Қарамады, жанымды жаралады.
Шәміл - ау, білесің бе шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!
Иә, нәзік жанды ақын жүрегінің шынайы іңкәрлік сезімі махаббатқа ұласады.
«Бақыт іздеп», «Ей, өлең» өлеңдері мәнерлеп жатқа айтылады

1 - жүргізуші:
Өлеңдері қандай еді ақынның,
Ештеңе жоқ әсем сенің күлкіндей.
Бақыттысың сен әрдайым, бақытты
Бағалай біл күрсінбей.
«Күрсінбеші», «Жылдарым, менің, жылдарым», «Қызыма»

2 - жүргізуші:
Өлеңдері қандай еді ақынның,
Себелетіп жүрегіңе нұр шашқан.
Ал, әндері қандай еді мөп - мөлдір,
Тыңдай бергін келе беред, тыңдасаң.
Ән: «Қарасаз»

1 - жүргізуші:
Айналайын Атамекен, Ақ мекен,
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен!
«Қарасаз», «Әкеме», «Елім барда» өлеңдері мәнерлеп жатқа айтылады.

2 - жүргізуші:
Хас шебердің тұмшалайды даңқын кім
Кеш түсінді шын бағасын нарқыңның.
Қара өлең деп қапа болып көңілің,
Осы жолда сан сүріндің, сан тұрдың
«Қара өлең», «Поэзия» өлеңдері мәнерлеп жатқа айтылады.
Би: «Әлқиса»

1 - жүргізуші:
Ақынға бір кездері ақ қанат құс арманын қуып келген ару Алматының төрінен көшенің аты берілді. Аспантаудың ақиық ақынына аспанмен таласқан биік ескерткіш те қойылды. Бұл – Мұқағалидың мәңгілік ғұмыр екенің айқын айғағы.
Енді ақынның өз естеліктеріне сөз берейік.

1 - оқушы:
Қалам ұстаған бауыр - қарындастарым, халықты ұмытпаңдар. Халықсыз күнің қараң. Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер.

2 - оқушы:
Мен өлеңді ойдан құрастырып жазбаймын. Әлдекім құлағыма сыбырлағандай болады. Соны көшіремін, сенесіз бе?

3 - оқушы:
Ашығын айтқанда, өзімнің қандай екенімді білмеймін. Көңілшек екенім рас, алайда жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ.

2 - жүргізуші:
Қандай ғана анадан туды адам
Сәбилердің ұйқысын қуалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат,
Қандай рақат сәбилерге жыламаған!
«Бесік жыры», «Біздер деген» өлеңдері мәнерлеп жатқа айтылады.
Ән: «Жас қайың»

1 - жүргізуші:
Шарасында шаттықтың мұңы басым,
Нұр - сәуле боп жүректе жыры қалсын.
Мұқағали – мұзарттың мұзбалағы,
Шашып өткен әлемге шұғыласын.

2 - жүргізуші:
Мұқағали жыры – күшті жыр. Сондықтан да, ол – ер ақын, ерен ақын, ерекше ақын. Ер ақын дейтініміз – ол шындықты бүкпесіз бетке айтады. Ерен ақын дейтініміз – сөзі шырайлы, тілі қарапайым, тың өлеңдер жазды. Ерекше ақын дейтініміз – ол ер және ерен ақын болғандықтан да ерекше.

1 - жүргізуші:
Тірісінде сый көрмей кеткен ақын,
Тек өлген соң атағын жайған ақын.
Ежелден қазақтың бұл қасіреті –
Бармағын тістеп кейін ойланатын.
Күн сүйіп кереқарыс маңдайынан,
Лағыл жырлар төгілген таңдайынан.
Барында бағаламай, білдік кейін
Қазақтың айрылғанын қандай ұлан?!

2 - жүргізуші:
Алтынға мейлі толмай - ақ қойсын сандығым,
Ырзамын саған, Ырзамын саған, тағдырым!
Ақынның өз тағдырына деген ризашылығы болашаққа деген ұлы сенімінен туындаған болатын.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ерекше, ерен, ЕР, ақын
Просмотров: 170 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar