Үйінде ұл - қызы бардың, көгінде жұлдызы бар - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Үйінде ұл - қызы бардың, көгінде жұлдызы бар
24.09.2015, 15:10
Тақырыбы: Үйінде ұл – қызы бардың, көгінде жұлдызы бар
Мақсаты: а) Ата - аналарды қатыстыра отырып, олардың үлгісі мен ықпалы арқылы оқушыларды ата - аналарын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
ә) Ата - ана, ұстаз, оқушы арасындағы ынтымақты нығайту.
б) Халқымыздың әдет - ғұрпы, салт - дәстүрі арқылы оқушылардың бойында асыл да адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру
Көрнекілігі: Отбасы, ата - ана, салт - дәстүрлер туралы нақыл сөздер.
Шараның түрі: Пікірталас

Барысы:
І. Ұйымдастыру
2. Сан сұраққа саяхат
3. Ұрпақ үшін тыйым сөздердің пайдасы бар ма? (талқылау)
Жүрісі:
Мұғалімі: Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата - аналар және оқушылар!
Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесіне ерекше мән беріліп отырған. Еліміздің болашағын дамытушы да, ілгері апарушы да - балалар, яғни бүгінгі ұрпақ - ертеңгі елдің болашағы. Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата - ана мен мектеп. Болашақ десек те, келешек десе де бала - ұрпақ деген мағынаны білдіреді.
Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Шығыс ғұламасы Әл - Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Осыған орай бүкіл ата - ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата - аналар іс - жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат. Олай болса, біз бүгінгі пікірталасымызда бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғамақпыз.

І. Сан сұраққа саяхат.
Ата – аналарға: 1. «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы» – дегенге келісер ме едіңіз?
2. Отбасында берілетін тәрбие ұл баланың тәрбиесі, қыз баланың тәрбиесі деп бөлініп берілуі керек деп ойлайсыз ба?
3. Ана көп жағдайда баласының жаман қылықтарын әкесінен жасырады, сіз оған қалай қарайсыз?
4. Қыз баланы өсіріп тәрбиелеу, тек қана ананың, ал ұл баланы тәрбиелеу тек қана әкенің тікелей міндеті деген пікірге қалай қарайсыз?
4. «Үйінде ұл – қызы бардың, көгінде жұлдызы бар» деген сөздерді оқушыларға қалай түсіндірер едіңіз?
Оқушыларға: 1. Бақыт дегенді қалай түсінесіздер?

Ата – аналарға: 1. Адам баласының ажары да, бақыты да отбасынан басталады. Ал отбасы бақыты, ата - ана үшін бала бақыты деген не? дегенді қалай түсіндіресіз?

2. Халқымыздың аяулы ұлы, зиялы азаматы Б. Момышұлы кезінде «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке - шеше жоқ»- деп мұңайған екен. Бауыржан атамыз бүгінде біздің арамызда жоқ. Осы атамыз көтерген мәселе бүгінде бәрімізді алаңдатуы тиіс. Бұл ата - анаға да, ұстаздарға да, балаларға да ой салады деп ойлаймын. Ал сіздер бұған қадай ой айтасыздар?
3. Атақты педагог Ы. Алтынсарин: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады», – деп атап айтқан. Ертегілерде жақсылық пен жамандық, батырлық, жауыздық, қорқыныш пен әділетсіздік бар екендігі белгілі. Сондай - ақ, олардың бір - біріне қарсылығы, ең бастысы, небір қиын - қыстау жағдайда қалай жеңіп шығу мүмкіндігі көрсетіледі. Ал қазіргі кезде ертегі оқудан, тыңдаудан гөрі теледидардан атыс – шабысты көруге асық болатын балалар көбейіп барады емес пе? Мамандардың пікіріне сүйінсек, балалар мен жасөспірімдер теле - аудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отырады екен. Бұған сіздің қосарыңыз бар ма?

ІІ. Бала тәрбиесіне арналған асыл сөздерге тоқталу. Тыйым сөздерді оқушыларға беру. «Ұрпақ үшін тыйым сөздердің пайдасы бар ма?»
Оқушыларға: «Тізеңді құшақтама», «Үйді айналып жүгірме», «Үйге жүгіріп кірме», «Табалдырыққа отырма», «Есікке керілме», «Малды теппе», «Ақты төкпе» сөздерінің мағынасын қалай түсінесің? Өздеріңіз түсінбей жүрген сөздеріңіз болса, ата – аналардан сұрап қалайық

ІІІ. Ата – аналардан бір – бір тілек сұрау
Мұғалім: М. Жұмабаев: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – деген екен. Демек, халық педагогикасына сүйене отырып, баланы патриоттыққа тәрбиелеу, отансүйгіштік пен ұлттық намысын ояту – ең басты мәселелердің бірі. Бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына қосылу үшін де бұл мәселенің маңызы зор. Ендеше ұрпақ тәрбиесіне ата – ана, мектеп болып жұмылғанымыз жөн. Сонда ғана көтерер жүгіміз жеңілдеп, көкжиегіміз кеңеймек деп бүгінгі пікірталасымызды аяқтағым келеді. Уақыт бөліп келгендеріңізге көптен – көп рахмет.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: бар, Үйінде, жұлдызы, бардың, ұл, көгінде, қызы
Просмотров: 247 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar