Киіз үй. Киіз үй жиһаздары - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Киіз үй. Киіз үй жиһаздары
24.09.2015, 09:10
Тақырыбы: Киіз үй. Киіз үй жиһаздары
Мақсаты: а/Оқушыларды киіз үй сүйегімен және киіз үй жиһаздарымен таныстыру, кеңірек мәлімет беру.
ә/Ұлттық мұрамызды сақтауға, қадірлеуге тәрбиелеу.
б/Дүниетанымын кеңейту, сөздік қорларын байыту.
Құралдары: киіз үй макеті, сандық макеті, өрнекті сырмақ, суреттер, слайд

Барысы
Бүгінгі тақырыпты жұмбақ шешу арқылы табайық.
Тіреусіз күмбез,
Сылақсыз қабырға
Тұтқасыз есік
Іргетассыз ғимарат. (Киіз үй)
Бүгінгі тақырып киіз үй және оның жиһаздары туралы болмақ.
Киіз үй көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Біздің халқымызда киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келеді.
Мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі өмір сүретін адамдар үшін киіз үй ыңғайлы да жеңіл, қолайлы баспана. Ең кереметі оны жарты сағатта жығып, тағы сондай уақытта тігіп үлгіруге болады.

Тұтыну қажетіне орай киіз үй үш түрге бөлінеді. 1. . Киіз үй үш қанаттан бастап, он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін үлгілері болған. Жалпы киіз үй басты - басты төрт түрлі жабдықтан тұрады.
1 - оқушы. Киіз үйдің сүйегі қайың, мойыл, сәмбі талы, қарағай сияқты ағаштардан жасалатын жабдықтар (кереге, уық, шаңырақ, маңдайша, табалдырық, жақтау немесе таяныш, сықырлауық)
2 - оқушы. Киіз үйдің киіздері негізінен қойдың күзен жүнінен жасалатын жабдықтар (туырлық, үзік, түңлік, киіз есік, уық қап, дөдеге т. б)
3 - оқушы. Киіз үйдің бау - шуы қой, түйе жүнінен, жылқы жалынан есілетін, тоқылатын жіптер (арқандар, бас бау, аяқ бау, уық бау, түңлік бау, құр, терме, басқұр, жел бау т. б)
4 - оқушы. Киіз үйдің іші - тысына тұтатын шидің түрлері - шым ши, ораулы ши, кілем ши, алаша ши, ақ ши.
Киіз үйдің сыртқы көрінісіне, сәулеті мен көлеміне қарай ақ үй, боз үй, қоңыр үй және т. б аттарымен атайды.
Енді киіз үй жиһаздарымен танысайық. Киіз үй жиһаздарына абажа, абдыра, ағаш төсек, адалбақан, асадал, бөгіре, жағылан, жозы, жүкаяқ,
кебеже, сандық жатады. Солардың ішінен бірнешеуімен танысайық.
5 - оқушы. Адалбақан - тұрмыстағы тазалықтың кепілі. Оған киімдерді, жеңіл бұйымдарды іліп қояды. Адалбақан киіз үйді құру кезінде шаңырақты көтеріп тұру қызметін де атқарады.
6 - оқушы. Қазақ халқының тұрмыста қолданатын сандық бейнелі үй жиһаздары негізінен абажа, әбдіре, сандық, қобдиша деп бөлінеді. Сандыққа киім - кешек, заттарды салады.
7 - оқушы. Жүкаяқ - қазақ тұрмысындағы үй жиһаздарының бірі. Ол жиған жүктің, сандықтың астына қоятын ағаш тұғыр.
8 - оқушы. Кебеже - бидай, арпа, тары, күріш сияқты дәнді - дақылдарды, тағы басқа да азық - түлік түрлерін салып қою үшін арнайы жасалған ыдыс.
9 - оқушы. Асадал - асың адал болсын деген сөз. Оған ыдыс - аяқтарды сақтайды.
Киіз үй макетіне дайындап келген бөліктері арқылы киіз үйді құру. Бөліктер қағазға салынған суреттер. Әр бөлікте сұрақтар бар. Сұрақтарға шыққан әр оқушы жауап береді.
1 - ші кереге - достық туралы 5 мақал айт.
2 - ші кереге - еңбек туралы 5 мақал айт.
3 - ші кереге – отан туралы 5 мақал айт.
Шаңырақ – рәміздерді ата
Уық – үш жүздің биін ата.
Есік - төрт түліктің атасын ата.
Ши - қазақ батырларын ата.
Туырлық - білім туралы мақал айт.
Киіз есік - еңбек туралы мақал айт.
Түңлік - апта күндерінің қазақша атауы.

10 - оқушы. Киіз үй
Киіз үй дөп - дөңгелек,
Жыққан кезде он бөлек.
Тіккен кезде топ етіп
Қона қалар дөңге кеп.
Көшіп - қонып үнемі
Көк жайлауда жүреді.
Самал соқса аңқылдап,
Желге іргесін түреді.
Сан ғасырлар аралап,
Таныс болған бар алап.
Саяхатшы бір өзі,
Қой айдаған қоралап.
« Саяхатты сүйемін,
Өркешінде түйенің!»-
Деп жырлаған бұл үйге
Бүгін өзім иемін.

11 - оқушы
Шаңырақ
Көтерілсе шаңырақ,
Ақ бақанды астына ап.
Жатқан уық жамырап,
Бірігеді бас құрап.
Ата - баба тілеген
Қалмасын деп қаңырап.
Төбесі көк тіреген
Осы – қара шаңырақ!

12 - оқушы. Кереге
Ыңғайлы жоқ өзіндей,
Торжол дәптер көзіндей,
Тез жиналар, қаласаң.
Керілгенде қарасаң.
Секілді алып парақтар,
Керегелер ұнайды.
Жалғаса кеп қанаттар,
Киіз үйді құрайды.
Киіз үйдің сұлбасы
Қиысады не қилы.
Уықтардың бір басы
Керегеге бекиді.

13 - оқушы. Уық
Дегеніміз - уықтар -
Имек басты сырықтар.
Шаңырақты уысқа ап,
Тұрады ылғи нық ұстап.

14 - оқушы. Үзік пен бақан
Киіз үй, бір қызығы,
Салады еске атаны:
Ақ шапаны - үзігі,
Ақ таяғы - бақаны.

15 - оқушы. Түңлік
Киіз үйдің арайлы
Терезесі - түңлік.
Ашық тұрса қарайды,
Түнде жұлдыз үңіліп.
Түңлікті ашқанда,
«Құтылдым!»- деп қуанып,
Түтін ұшар аспанға,
Шуда құсап шұбалып.
Қайырылып, түріліп,
Тұрады оның бір басы.
Бір жағынан түңлік -
Киіз үйдің мұржасы.

16 - оқушы. Белдеу
Киіз үйдің белбеуі -
Беліндегі белдеуі.
Болсын күндіз, түн мейлі,
Босатуды білмейді.
Тіресердей дәуіңмен,
Күресердей дәуіңмен.
Қашан ауыл көшкенше,
Біреу келіп шешкенше,
Тұрғаны тас түйін боп:
«Келіп қалар құйын!» деп.
Ал енді бүгінгі сабақта білгендерімізді киіз үй топтамасына жазайық.
Сабақты қорытындылау.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Киіз, үй, жиһаздары, үй.
Просмотров: 331 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar