Әліппемен аштық білім есігін, Тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Әліппемен аштық білім есігін, Тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін
24.09.2015, 09:40
Тақырыбы: Әліппемен аштық білім есігін,
Тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін.

Мақсаты: оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау. Әліппе оқулығына оқушылардың ерекше құрметі, бағасы, мектеп өміріндегі оқулықтың орнын түсінуге, Тәуелсіздігіміздің ұландары екендерін ұғындыру. Әр оқушының іс - әрекеттері арқылы қабілеттерін көрсету, шығармашылығын дамыту. Жаңа оқулықпен таныстыру, қызығушылығын арттыру, оқушылардың ата - ана, Отан, ел алдындағы борышын сезінуге, елін сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Әліппе, Ана тілі макеттері, нақыл сөздер, шарлар, әріптер таңбалары мен цифрлар т. б.
Техникалық құралы: мультимедиалық құрал
Жүру барысы: Құрметті ата - аналар, ұстаздар. Егемендігіміз ескеріліп, тәуелсіз тұлпардай етек - жеңіміз кеңейіп, атымыз алысқа жетіп, Тәуелсіздікке 21 жыл толып жатқан шақта сіздер үшін тойларыңызға тағы бір той қосылмақ. Өйткені балаңыздың, менің оқушыларымның тұңғыш рет сауатын ашқан Әліппені бітірдік. Кеше ғана алаңсыз шапқылап ойнап жүрген бүлдіршіндер, бүгінде бойларында жауапкершілік пайда болып, саналы азаматтық борыштарының алғашқы асуын аман - есен асып, 4 айға есейіп отыр. Бүгінгі «» атты ертеңгілігімізде олар «Әліппе» оқулығынан алған білімдерін ортаға салмақ кез келді. Әліппені бітіру алдағы өмірге жол бастайтын көп белестердің бірі. Ендеше біз бүгінгі күні сол белестің бірінен астық. Сондықтан бүгінгі той сіздер мен біздер үшін ортақ та салтанатты мереке. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Баршаңызға қош келдіңіздер дей отырып ертеңгілігімізді бастаймыз. Олай болса қол соғып қошеметтей отырып, ертеңгілігіміздің иегерлерін ортаға шақырайық.
Әсем (Әліппе):
Сәлеметсіздер ме, құрметті қауым!
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе – әріп атасы.
Бар білімнің бастауы,
Әліппе – ғылым анасы, - дей отырып, бүгінгі жиылып отырғанымыздың себебі менімен - «Әліппемен» қоштасып, менің ағам – Ана тілімен танысу, достасу ертеңгілігі.
Санжар (Ана тілі):
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға
Қош келіпсіз ұстаздар, ата - аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
Әсем (Әліппе):
Міне, қызық. Менімен қоштасатын достарым қайда кеткен?
Санжар (Ана тілі):
Мен білемін, олар ойнап кеткен ғой.
Әсем (Әліппе):
Жоқ, Ана тілі, олар ақылдарына ақыл қосып, саналы оқушы қатарына енді.
Санжар (Ана тілі):
Ә, онда оларға бұл жерге кіруге рұқсат берейік.
Санжар (Ана тілі), Әсем (Әліппе):
«Әліппемен аштық білім есігін, Тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін» атты салтанатты ертеңгілігімізді ашық деп жариялап, ортаға оқушыларды шақырамыз: (музыка әуенімен)
Санжар (Ана тілі):
Әліппені көп оқитын,
Жаныңа сая болатын,
Жансая шықты ортаға (Слайдтан Жансаяны көрсету).
Әсем (Әліппе):
Сабырлы да салмақты
Үйреніп бәрін жүретін
Асқар келеді
Алшаң басып аяқты (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Келе жатыр Бекзат,
Анасына қолғанат (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Кең маңдайлы Жанерке,
Сыныптың әдемісі, еркесі (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Дарасы болар қаланың
Әбубакір деген балаңыз (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Жақсылықты жақтайтын
Бәрін біліп жаттайтын
Болады ол өткір тілді
Есімі оның Алмас деді (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Қылығы оның сүйсінтер
Еркетотай Меруерттей (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Есімі Нұрсұлтан болады
Есепті де шағады (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Ерке Дамир келеді,
Әнде айтып, би билейді (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Бармағынан бал тамған,
Балдай тәтті Бибінұр (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Сабақтан еш қалмайтын
Болсын бала Нұрсұлтандай (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Міне келеді Ернар,
Ай мен күні анасының,
Ақылдысы атасының (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Жұмсағанда баратын
Айтқан тілді алатын
Оның аты Дамиржан (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Сәулелі де сымбатты
Сөйлегені тым тәтті
Назгүл деген қыздарың
Сіздерге арнап тіл қатты (Слайд тақпақ оқығанын көрсету).
Санжар (Ана тілі):
Дос қадірін білерсің,
Бірге жүрсең Абзалмен (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Шуағын шашып айналаға
Нұрдәулет шықты ортаға (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Ортаға келді Ахмад
Қылықтары тәп - тәтті ед (Слайд).
Әсем (Әліппе):
Асығып келеді ортаға,
Сыныптың ғана еркесі Дәнел бала (Слайд).
Санжар (Ана тілі):
Үміт күткен шапағаты,
Құстай сұлу Қарлығашы (Слайдтан ән айтқанын көрсету).
Әсем (Әліппе):
Өсті міне ойларың,
Өсті міне бойларың,
Қуанышқа ортақпыз
Құтты болсын тойларың!
Санжар (Ана тілі):
Шашу, шашу шашайық!
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың,
Бастаңғысын жасайық (музыка ойналады, шашу шашылады).
Ахмад:
Іші толған әріпке
Жақсы кітап әліппе.
Әліппені аламыз,
Мектепке біз барамыз.
Хор: «Біз мектепке барамыз».
Бибінұр:
Жақсы кітап – «Әліппе»,
Үйретеді әріпке.
Қуыршақпен қоштастым,
«Әліппемен» достастым.
Ж. Нұрсұлтан:
Мынау менің Әліппем,
Көгілдір туым түсіндей.
Ақылшы жақын досымдай,
Қымбатты маған кісімдей.
Дәнел:
Бірінші беттен елімнің,
Елтаңбасын таныдым.
Көк байрақты қазақтың,
Ұрпағымын, сәнімін.
Ән: «Біз шадыман баламыз».
Нұрдәулет:
Әсем ою өрнекпен,
Көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге,
Бастайтын жолды біліп пе ем?
Назгүл:
Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің әліппе.
Жансая:
Бүкіл қазақ баласы дәріптеген,
Қоштаспақпыз сүйікті «Әліппемен».
Ризамыз бәрімізді таныстырған,
Сөз бен дыбыс, әртүрлі әріптермен.
Ән: «Балдырғандар әні».
Әсем (Әліппе):
Рақмет, достарым.
Алмас:
Біз сенімен бірге екі тоқсан бойы көп еңбек еттік. 42 – әріпті түгел жаттап алдық. Әріпті әріпке қосып, буын жасадық, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрап, бүгінгі күні қысқа әңгімелерді оқи алатын болдық. Енді сен кетіп қалсаң, біз не істейміз?
Әсем (Әліппе):
Қорықпа,......... Сендерге әрі дос, әрі ағамды ертіп келдім. Ол Ана тілі. Енді онымен дос боласыңдар.
Ж. Нұрсұлтан:
Ал, ол сен сияқты ақылды ма?
Әсем (Әліппе):
Әрине, ол менен де ақылды.
Санжар (Ана тілі):
Рахмет саған достым,
Бүгін ниет қосқан күн.
Аянбаймын сырымды,
Баяндаймын ғылымды.
Талаптыға бәрі бар,
Менен оқып алыңдар.
Бірақ менің бір шартым бар.
Әсем (Әліппе)
Ол қандай шарт?
Санжар (Ана тілі):
Тапсырмаларды дұрыс орындаған оқушыға ғана Ана тілі әлеміне мынандай жолдама беремін (жолдаманы көрсетеді).
Дәнел:
Жақсы білім көрімдік,
Болсын сізге халайық.
Не үйрендік не білдік?
Қане, ортаға салайық.
Санжар (Ана тілі):
Олай болса мына тақтаға назар аударайықшы, балалар. Бүгінгі біздің ертеңгілігімізге «Ана тілі әлемінен» хат жіберіпті. Бұл хатта сендерге арналған тапсырмалар бар екен. Олай болса, осы тапсырманы орындайық.
Слайдтан «Әліппе туралы жаттаған өлеңдерің бар ма?»
Ернар:
Бар кітапқа бас болған
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
А. Нұрсұлтан:
Әліппе деген алтын жол,
Апарады сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол
Тырысып бақ намысқа.
Нұрдәулет:
А - ны айтқанда даусым дірілдеді,
Ұстазым көз алдында күлімдеді.
Күн сайын әріптердің атын біліп,
Сөз оқимын айырып буынды енді.
Бекзат:
Ыстық әрбір беттерің,
Жазуыңды ұғамын.
Ақыл бердің Әліппем,
Тәрбие бердің Әліппем.
Санжар (Ана тілі):
Жарайсыңдар, алғашқы жолдаманы алдыңдар.
Слайдтан «Кім Әліпбиді жатқа айтады?»
Жансая:
Қазақ әліпбиін жатқа айтады (жолдама алады).
Хор: «Әліппе».
Слайдтан «Ойна да ойла».
Мақсаты: оқушылардың ойлау қабілетін дамыту.
Шарты: оқушылар үлестірме қағаздағы сурет, әріп, т. б. таңбалар арқылы өздерінің жұбын тауып, тобын құрайды. Дәлелдеп сөйлейді.
жолдама алады
Ән: «Первый класс».
Ахмад:
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріп те
Оқимыз қазір ертекті
Үйреткен оны Әліппе.
Бибінұр:
Оқыған оны ғалым да
Оқыған оны мұғалім де
Оқыған оны көсем де
Жазушы, ақын, дарын да
Қарлығаш:
Кешегі сәби балаңыз,
Жарады міне қараңыз.
Ғылым білім жолына
Енді қайық саламыз.
Назгүл:
Анамыздай аялап
Ақылшы болған ұстазым
Өзіңнің ғана еңбегің
Бүгінде биік ұшқаным
Асқар:
Дәнекер боп дамыл таппай арада
Әліппені ұялатқан санаға
Ұстазымыз сізге алғыс айтамыз
Үйретуден жалықпаған балаға
Жанерке:
Бәрімізді сүйіп өткен,
Балаларға үйреткен.
Әліппе мен ұстазға
Бас иеміз құрметпен.
Барлығы бас иеді.
Хор: «Жарқын жүзді ұстазым».
Мұғалім сөзі: аяулы оқушыларым, «Әліппе» досымызбен де қоштасатын сәт келді. Оны сендерден кіші іні - қарындастарың күтіп отыр. Әліппеге қандай тілек айтасыңдар?
Абзал:
Қош бол құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
М. Дамир:
Қош Әліппем, биіктеткен асқарға,
Қанат берген шарықтауға аспанға.
Қоштассақ та ұмытпаймыз өзіңді,
Тапсырамыз іні - қарындастарға.
Меруерт:
Барлық әріп бағалы,
Айттық әділ бағаны.
Әріпсіз сөз болмайды,
Буын онсыз толмайды.
Адам барлық әріпті
Ардақтайды, қолдайды.
Әсем (Әліппе)
Бізге осылай оқып үйренуімізге көмектескен ата - аналарымызға не дер едіңдер?
Әбубәкір:
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз,
Ата - ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты, міне, балаңыз.
Санжар:
Сөз үлкен анамыз –........... әжемізге беріледі.
Әсем (Әліппе):
Рахмет достарым оқуда алда болыңдар. Менімен қоштасқанда, алған білімдеріңді одан әрі ана тілі оқулығымен жалғастырасыңдар. Мені қалай сүйіп, ұқыпты, таза ұстасаңдар, ана тілі оқулығында сондай етіп ұстайды деп сендерге үлкен сенім артамын.
Ән: «Аманат».
Әсем (Әліппе):
Айналайын балғындар,
Менен білім алдыңдар.
Әр сөзімді жаттаған,
Достар үшін мақтанам.
Рахмет айтып шаттанам,
Риза болып аттанам.
Алда ұзақ жасым бар,
Оқумен өсіп, толыңдар,
Аман - есен болыңдар.
Барлығы: Қош бол, сүйікті Әліппе!
Қорытынды
Санжар (Ана тілі):
Туған елдің тілімін,
Ақылыммен таныламын.
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі пәнімін
Ана тілі ұраным
Ана тілі болмаса
Мықта болмас тұрағым.
Балалар, енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендерге көп нәрсені үйретемін. Барлық қазына байлық оқу - білімде. Сондықтан да келесі тапсырманы орындау үшін ортаға қолында әріптері бар ата - аналарды және оқушыларды шақырамын.
1 - тапсырма: осы әріптерден сөз тіркесін құра.
2 - тапсырма: сол сөздің әр әрпін саралап айтып көрейікші.
А – аманатты
Н – намыспен
А – абыроймен
Т – тәуелсіз
І – ізгі
Л – лебізбен
І – іске асырамыз.
У. Дамир:
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Ана тіліңді құрметте!
Санжар: Ата - аналар, сіздер үшін! «Ата тілегі» әнін қабыл алыңыздар.
Санжар:
Қуанышымызға ортақ болатын,
Бізді қорғап ойлайтын.
Мектеп директоры – Жұмагүл Қосжанқызына сөз беріледі.
Мектеп директоры сөйлейді.
Санжар: Жұмагүл Қосжанқызы, «Дудар - ай» әнін қабыл алыңыз.
Ән: «Дудар - ай».
Санжар: құрметті ұстаздар мен ата - аналар, менің достарымның сазды бағдарламасын қабыл алыңыздар.
1. «Қара жорға» биі.
2. Ән: «Облака».
3. Ән: «Учат в школе»
4. Ән: «Болайықшы осындай»
Мұғалім:
«Әліппемен аштық білім есігін, Тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін», себебі (Сахнадағы көрнекілікті оқу).
Бәріңізді табыстырған Әліппе!
Әріптермен таныстырған Әліппе!
Бұл өмірде білім алған адамның,
Болашағы әрқашанда жарық де! – деп менің бүлдіршіндерімді шығарып салайық.
Санжар: осымен, «Әліппемен аштық білім есігін, Тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін» ертеңгілігіміз аяқталды.

Келгендеріңізге көптен - көп рахмет!
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: ел, есігін, Тәуелсіз, Тербетеміз, білім, аштық, бесігін, Әліппемен
Просмотров: 233 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar