Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Мамандығым – мақтанышым
24.09.2015, 10:04
Тақырыбы: «Мамандығым – мақтанышым»
Кештің мақсаты:
а) Оқушыларға алдағы уақытта заман талабына сай дұрыс мамандық алу үшін бағыт - бағдар беру. Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы болатындығын жете ұғындыру
Мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт - бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу.
ә) Оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу
б) Оқушылардың қоғамға деген азаматтық позициясын қалыптастырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу
Жоспары:
І Кіріспе « Мамандықтар әлемінде»
ІІ Негізгі бөлім
1. Болашақ маман иелері студенттермен сыр сұхбат
2. « Мамандық таңдау – болашағыңды айқындау»
3. “Мамандық таңдаудың жеті қадамы”
4. Тренинг «ҰБТ дегеніміз не және оның мен үшін
маңыздылығы қандай?»
ІІІ Қорытынды « Болашағыңа бүгіннен қамдан»
Кіріспе сөз: Құрметті, студент қауымы, оқушылар және ұстаздар! Бүгінгі «Мамандығым - мақтанышым» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер! Мектептен түлеп ұшқалы отырған 11 - сынып оқушыларын «қандай мамандықты таңдаймын» немесе «таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін» деген ойлар мазалайтыны анық. Мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт - бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу үшін ұстаздармен, кешегі түлектер, бүгінгі студент, болашақ маман иелерімен, кездестіріп ой бөлісу, пікір алмасудың маңызы өте зор.
Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді.

Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге - әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң т. б. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз - өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоймайтын адам кем де кем.

Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат.
Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн.

Қатысушыларға берілер сұрақтар:
Білікті маман болу үшін адам ең алдымен немен қарулануы қажет?
- Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындауы керек деп ойлайсыз?
- Адам болашақ өз мамандығын таңдаған кезде, нені басшылыққа алу қажет?
- Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
- Жақсы маман болуы үшін адам нені біліп, нені үйренуі қажет?
- Қай уақытта адам өз еңбегінің жемісін көре алады?
- Осы мамандығыңызға жүрек қалауыңызбен бардыңыз ба?
- Әттеген - ай деген шақтарыңыз болды ма?
Мамандық таңдау – болашағыңды айқындау
Мамандық таңдау дегеніміз – яғни болашағыңды айқындау. Біз алдымызға белгілі бір мақсат қоя білуіміз керек. Сол мақсатқа жету үшін бірталай міндеттер орындауымыз керек. Сонда ғана сенің болашағың айқын.
Осы жөнінде оқушылар пікірін тыңдайық.
- Сендердің алдарыңа қойған мақсаттарың бар ма?
Осы мақсатқа жету үшін сен не істемек ойың бар?

Өз мамандығын адаспай таңдап, аһ ұрмас үшін бала жасынан неге бейімі барлығын ата - анасы қадағаласа, сол арқылы мектеп кезінде - ақ өзінің қай саланың құлағын ұстайтынын біліп өссе, білікті мамандар шоғыры анағұрлым арта түсер еді. Бұлай дейтініміз, мамандық таң - даудағы салғырттық пен немқұрайдылық кешірілмейтін іс. Адамның өз болашағына деген жауапкерсіздік. Мамандық таңдау – болашағыңды айқындаудың өлшемі. Демек, одан қателесуге болмайды. ҰБТ - ны тапсырып, ұпай түгендегесін, қай мамандықты таңдарыңды білмей, соңында ел дүрмегіне ілесіп, топпен бірге мамандық талдау – мақсат - сыздықтың көрінісі. Сенің мақсат¬сыздығың – бұралаң жолыңның алғашқы белесі болмақ. Бәрін қайтадан бастауға болады, бірақ уақыты өткесін өкінгеннен орны толмайтын сәттер де кездеседі. Сол үшін де үш ойланып, төрт толғанғанның артықтығы жоқ. Өз болашағыңды өзің белгілейтін ең маңызды кезеңде тұрғаныңды ұмытпауға тиіссің.
Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең жауапты кезең. Талапкер үшін мамандық таңдаудың жеті басты қадамын ұсынуды жөн көрдік.

Бірінші қадам:
Байыппен бағдарлай біліңіз
Жас адамның бір тоқтамға келуіне қиялдың да әсері бар. Біреуді кинодағыдай романтикалық мамандықтар қызықтыруы мүмкін. Біреулер туғаннан маңдайына жазылған ата - анасының жолын таңдайды. Біреулер ЖОО - ға жақын досына немесе құрбысына серік болып барады, ал енді біреулер үйіне жақын оқу орнына құжат тапсыруға асығады.
Мамандық таңдау адам тағдырында көп нәрсені шешетіндіктен, оған атүсті қарау – жеңіл ойлылықтың белгісі. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін мүмкіндігінше аса мән беріп, байыппен қабылдаңыз.
Екінші қадам:
Дұрыс шешім өз қолыңызда
Ең бірінші бұл таңдауды өз бетіңізше жасау керектігін саналы түрде ұғыныңыз. Ата - аналардың, достарыңыздың ықпалынан шыға алмай қалмаңыз. Олар не айтса да, бұл – сіздің тағдырыңыз.
Үшінші қадам:
Бейімділігіңізді ескеріңіз
Бастапқыда өз қызығушылығыңызға назар аударыңыз. Немен айналысқанды қалар едіңіз? Қандай пәндер ұнайды? Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Адамдармен, әсіресе, бөгде кісілермен оңай тіл табыса аласыз ба? Көп нәрсе сіздің бейімділігіңізге байланысты.
Төртінші қадам:
Өзіңізді сынақтан өткізіңіз
Бәрінен бұрын өзіңізді ой елегінен өткізіп көріңіз: өзімнен және өзімнің жұмысымнан нені қалаймын? Бес жылдан кейін өзімді қалай елестетемін? Барлық ақпараттарды пайдалана отырып, болашақ мамандығыңыз туралы көп мәлімет алуға тырысыңыз. Өзіңіз таңдаған мамандық иелерінің іс барысын көзіңізбен көру үшін сол кәсіпорын, мекемелермен танысуға шығыңыз.
Программист болғыңыз келсе, компьютерлік ойындарды ғана тұтпай. Ең болмаса қарапайым бағдарлама жасап көріңіз. Дайындық курстарында жазылсаңыз, тіпті жақсы. Ең дұрыс тәсіл – жазғы демалыс кезеңде өзіңізді қызықтыратын саланың ең кіші қызметкері болып жұмысқа тұрсаңыз, таңдауыңыздың дұрыс бұрыстығына көзіңіз анық жетер еді.
Бесінші қадам:
Сұранысты да назар ұстаңыз
Болашақ мамандығыңызды еңбек нарығында қаншалықты бағаланатынын білу де пайдалы. Қарапайым жол: бос орындарға жарияланған байқауларда, интернеттің еңбекке орналастыру сайтында қандай мамандарға сұраныс бар екендігін қараңыз. Арнайы агенттіктер жүргізген болжамдардың да маңызы зор. Осы мәліметтерді ескере отырып, таңдаған мамандығыңызға қай жоғары оқу орнында, қалай даярлайтынын анықтаңыз.
Алтыншы қадам:
Мамандар не дейді?
Егер күдік - күмәннан арыла алмасаңыз, онда мамандардың көмегін пайдаланыңыз. Мұндай кезде психолог кеңесші мамандар жәрдемдесе алады. Сондай - ақ, қабілетіңіз бен бейімділігіңізді анықтауға көмектесетін арнайы психологиялық тестілер бар.
Жетінші қадам:
Қорытынды шешім
Мәліметтерді жинастыра келіп, өзіңізге ұнаған негізгі 5 - 10 позицияның тізімін жасаңыз. Одан кейін парағыңызды екіге бөліп, оң және кері жақтарын тізіп, сынақ тәсілін жүргізіңіз. Көңіліңізге қонбайтын сызып тастаңыз. Тізімде үш пункт қалған кезде тағы да қосымша ой елегінен өткізіп, ең соңғы шешім қабылдаңыз.
Қорытындылау:
Мамандықты дұрыс таңдауда қандай қателер жіберілуі мүмкін?
Еркін түрде қатысушылар бүгінгі кештен алған әсерлері туралы пікір бөліседі.
- Осы күннен не алдыңыз?
- Өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз, ойландыратын жағдай болды ма?
Қорытынды: Бүгінгі кешімізді мына өлең жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіздер:
Еңбек етсем, ертеңгі - бақытыма сенемін.
Мақсатыма жеткізер - уақытыма сенемін.
Достық іспен қасты да - жеңеріме сенемін,
Ақыл, сана білім мен - өнеріме сенемін.
Арым - таза, ақ көңіл - адалдыққа сенемін,
Абыройлы, ақ ниет - адамдыққа сенемін!- дегендей ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі боламын десеңіздер бүгінгі кездесуде апайларымыз бен ағаларымыз айтқан ақыл кеңестерді жадыңызда ұстап ілім - білім алуға барлық күш жігерлеріңді жұмсап, егеменді еліміздің ертеңі - болашақ маман иелері болуларыңызға тілектестігімді білдіремін
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Мамандығым, мақтанышым
Просмотров: 783 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar