Наурыз - жыл басы! - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Наурыз - жыл басы!
24.09.2015, 13:44
Тақырыбы: «Наурыз - жыл басы!» (тәрбие сағаты)

Жүргізуші:
Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығымен, шуағымен Күн - Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
Осыншама жақсылық,
Алып келген, Наурызым.
Төрлет, бізге нұр болып,
Шуақ шашып ақ жүзің.

Құрметті ата - аналар, тәрбиеші апайлар бүгінгі «Күншуақ» тобының «Наурыз - жыл басы!» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Ж: Басталыпты өмірдің көші міне,
Бөлейікші бөбекті бесігіне.
Салт - дәстүрін ұлтының біліп өссін,
Жігіт болсын лайықты есіміне - дей келе «Бесікке салу» рәсімін тамашалаңыздар!

Гүлнұр:
1. Салт - дәстүрмен жараса,
Қайта құрып жаңаша.
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық тамаша.

Меруерт
2. Жаңарғаны сананың,
Ұмытады мұны кім.
Ата - салтын бабамның,
Алып келді ұлыс күн.

Жүргізуші: Балалар, қазір біздің әжелеріміз, бөпені бесікке бөлеу рәсімін көрсетеді.

Әже: Бесігі кәне, баламның
Бөлеп өзім берейін.
Талыменен аршаның
Аластап бір көрейін.

Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Алас, алас, аласы,
Келді, міне, баласы,
Көш, көш, пәлесі,
Келді, міне, егесі!

Бесікті аластап алды енді «тыштыма....» ырымын жасайық, баламыз ырысты болсын, несібесі мол болсын! (кезекпен кезек балаларды ортаға шақырып, қолдарын бесіктің астына тосуларын сұрайды да, өзі үстінен кәмпит, печенье тастап, «тыштыма?»,- деп сұрап отырады. Балалар, қолдарына кәмпит, печенье түскен сәтте тышты, тышты деп айқайлайды.)

Жүргізуші: Әже, енді бесікке бөлеп көріңіз.

Әже: Баланы бесікке бөлеп, бесіктің үстіне жеті түрлі киім жауып (әжесіндей ұзақ жасасын,- деп әжесінің камзолын, атасындай шебер болсын,- деп шапанын, анасындай сұлу болсын,- деп анасының бешпентін, әкесіндей ақылды болсын,- деп әкесінің жейдесін, ағаларындай батыл болсын,- деп ағаларының костюмін, апаларындай ибалы болсын,- деп апаларының кәжекейлерін жауып, оның үстіне ұйқысы қалың болсын деген ниетпен қапшық жабады),
Қолына қамшы алып, бесіктің үстіне атша мініп алады да айналасында отырғандарды қолындағы қамшысымен ұрғандай кейіп көрсетеді.

Мойнымдағы тұмарым,
Тарқалмайтын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп,
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал - жаным,
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой,
Балам жатсын бесікке,
Пәлесі қалсын есікте!

«Бата»- үлкендер нәрестеге бата береді.

Жортқанда, балам, жолың болсын!
Қалтаң ділдаға толсын!
Бір толмасын жылда толсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озған ерен бол,
Қыз көзіндей терең бол!
Сынай қалса құлақ сал,
Мақтай қалса керең бол!
Әумин!

«Бесік жыры»- анасы бесікті тербете отырып, бесік жырын айтып береді.

Әлди - әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Сені әлдилеп отырсам,
Көңілім болар шат бөпем.

Әлди - әлди әппағым,
Қозы жүнді қалпағым.
Елге жаман болса да
Өзіме жақсы сатпағым.

Ән салайын өзіңе,
Құлақ салсаң сөзіме.
Ер жетерсің әлдиім,
Көрініп ел көзіне.

Әлди - әлди ақ бөпем,
Ақ дәміңді тат бөпем.
Қасыңдамын әрқашан,
Ұйықтай қойшы жан бөпем.

Әппақ, әппақ ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Еркелеп өсіп ер жетіп,
Құлын тайдай шап бөпем.

Жүргізуші.
Уілдейді бесікте шіркін үміт,
Бола алмайды бесіктой бұл күн ұмыт.
Тәлімінен қазақтың өнеге алып,
Әдебімен өссінші ғұрпын ұғып - деп бөбегімізге ұзақ ғұмыр тілейік.

Жүргізуші: Наурыз - шаттық әніміз,
Салтанатты сәніміз.
Ән салып жас - кәріміз,
Би билейік бәріміз - деп, кезекті «Қара жорға» биіне береміз.
Жүргізуші:
Ал, халайық тұрмайық!
Әндетейік, жырлайық,
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық!
Ән: «Қазақы дастарханым» қабыл алыңыздар
Құрметті ата - аналар, қонақтар осымен біздің ертеңгілігіміз аяқталды. Уақыт тауып келгендеріңізге көп рахмет, сау болыңыздар!
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: басы!, Наурыз, жыл
Просмотров: 97 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar