Өнегелі тәрбие – құдіретті тілімде - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Өнегелі тәрбие – құдіретті тілімде
24.09.2015, 13:07
Мақсаты - ана тілінің аса маңызды тәрбие құралы екенін білгізу, тілге тағзым, тіл байлығы әрбір елдің ұлттық мақтанышы, тіл-әдеп, тіл-тәрбие, тіл-қуат, тіл-медет екенін білгізу.
Көрнекілігі:
Ана тілі... жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын асыл қазына. (Ж. Аймауытов)
Тәрбие басы – тіл. (М. Қашқари)
Халықтың мәңгі ғұмыры - оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін ұлы. (Ш. Айтматов)

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж. Н. Нығмет. Қазақ тілі хрестоматиясы.
2. Ж. Аймауытов. Шығармалар жинағы.
3. «Ана тілі», «Қазақстан әйелдері» журналдары.

Шараның жүрісі:
1-жүргізуші: Қазақ тілі мен әдебиеті апталығына орай, 7а қазақ сыныбы оқушыларының күшімен дайындалған «Өнегелі тәрбие – құдіретті тілімде» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Тіл қай халық үшін де ұлы нәрсе, қасиетті қазына.
Ана тілі - қай елде, қай ұлтта болса да қасиетті, қастерлі. Ол әрбір адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

2-жүргізуші: Әр адам ана тілін көздің қарашығындай қорғауға, оны орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілді араластыра
сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Тіпті туған тілінен безетін сорақылар да кездеседі. Осындайда Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам –жәндік» дегені орынды айтылған-ау деп ойлайсың.
1-жүргізуші: Төл тіліңде сөйлеуден безу – ақ сүтін беріп асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Ана тілі - ар өлшемі! Олай болса, тілді шұбарлау-арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Қадірменді ақынымыз Қадыр Мырзалиевтің:
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, -
Өз тіліңді құрметте!» деген тұжырымы жастармен қатар үлкендерге де қойылатын талап.

2-жүргізуші: Дана халқымыз «Тіл – қылыштан өткір», «Өнер алды – қызыл тіл» деп бағалаған оқушылар, сіздер, тіл туралы қандай мақал білесіздер?
1-оқушы: Ана тіліңді анаңдай ардақта,
Жүрген жеріңде әдет-ғұрпыңды мадақта.
2-оқушы: Туған тіліңде сөйлемегенің - тәлім-тәрбие көрмегенің.
3-оқушы: Тіл – жақынды алыстатады, алысты жақындатады.
4-оқушы: Ана тіліңді жасыңнан үйрен,
Басқа тілді артынан үйрен.
5-оқушы: Ана тіліңді білем деу – қымбат, Білмеймін - деу ұят.
6-оқушы: Ана тіліңді шұбарлағаның,
Тіл қадірін ұға алмағаның.
7-оқушы: Тура сөз - ащы.
8-оқушы: Ана тіліміз – ата-бабамыздың мұрасы,
Жақсы сөз жаралы жүректің дауасы.
9-оқушы: Ана тілің – тірегің, Өмірге қажет керегің.
10-оқушы: Сөзді сөз тыяды.
11-оқушы: Бұлбұлдың бейнеті тілінен.
12-оқушы: Әділ сөз удан ащы.
13-оқушы: Ащы сөз - басқа пәле,
Тәтті сөз - дертке дауа.
14-оқушы: Тілмен түйінделген тіспен шешілмейді.
15-оқушы: Тіл жүйрігі айырады, Ат жүйрігі қайырады.

1-жүргізуші: «Батаменен ер көгерер» дейді дана халқымыз. Ендеше бата туралы ой кезегін Бақтияров Дастанға береміз.
Ақ бата, өсиет, алғыс сияқты ұлағатты сөздер халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан өшпес мұрасы.
Халқымыз батаға ерекше мән берген. «Көп тілеуі – көл» деген ой-пікірді уағыздап, ақ ниетпен бата беруді дәстүрге айналдырған. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеп, В. В. Радлов, А. В. Василев, Ә. Диваев сияқты фольклоршы-этнограф ғалымдар бата-тілектің шығу тегі жөнінде ғылыми тұжырым жасаған.

Бата беру ауылдың үлкен ақсақалдарының үлесіне тиген немесе құдайы қонақтың алғыс-тілегі болып саналған. Бата – тілекте халықтың оптимистік ой-арманы, үміті жатыр. Кемеңгер билер, шешендер, көреген көсемдер әрбір бас қосу, ас-тойларды батамен қорытындылап отырған.
Қасиетті ақ бата жолымен елін, халқын достыққа, ынтымаққа шақырады, әркімнің отбасына тыныштық, береке тілейді, ел мен елдің, ұлт пен ұлттың арасында татулық нығайып, бейбіт өмір болсын деп армандайды. Батамен жеткіншек ұрпақты әдепті, саналы, сабырлы, парасатты, арлы болып өсуге баулиды.

Бата нәресте дүниеге келгенде, оны бесікке салғанда, тұсауын кескенде, бала алғаш мектеп есігін ашқанда, әскери парызын өтеуге аттанғанда, алыс сапарға жолға шыққанда, қыз ұзатып, ұл үйленіп, келін түскенде, мүшел тойларға, ұлыстың ұлы күні Наурызда, кез келген жаңа істі бастарда айтылады. Бұл қасиетті дәстүрсіз істі бастамаған, іс те бітпеген.

2-жүргізуші: Батаның мәні мен мазмұны жан-жақты болған. Кезекті бата түрлеріне береміз.
Жастарға берілетін бата үлгісі. Оқитын Қошаханов. А:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Көп елдің данасы бол!
Бір тонға жаға болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп бағала!
Өзегің талса өзен бойын жағала!
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала!
Өзіңе-өзің кәміл бол!
Жауыңа қатал бол!
Досыңа адал бол!
Әумин!

Естіге көнбес есерден сақта!
1-жүргізуші: Құттықтау тілектің қандай түрлері бар?
1-оқушы. Сәбидің бауы берік болсын!
2-оқушы: Өмір жасы ұзақ болсын!
3-оқушы: Жортқанда жолы болсын!
Жолдасы Қыдыр ата болсын!
4-оқушы: Періштелер қолдасын!
5-оқушы: Білім әлеміне аттаған қадамы құтты болсын!
6-оқушы: Туған күнің құтты, әр күнің сәтті болсын!
7-оқушы: Мектеп бітіруіңмен құттықтап, болашағыңа даңғыл жол тілеймін!
8-оқушы: Өмірдің шыңынан, табыстың тыңынан көрін!
9-оқушы: Еңбегің жана берсін, жемісін көр! 1-жүргізуші: Батадағы ниет пен тілек мазмұны алуан түрлі. Келесі бата үлгісін оқитын Сағидуллаев А. Оқиды: Уа, үйіңе береке берсін,
Күнде Қыдыр келсін!
Ішкен-жегеніміздің сауабы
Аруақтарға тие берсін!
Күнің шуақты болсын,
Көлің суатты болсын!
Қонысың өрісті болсын!
Ағашың жемісті болсын!
Өнерің өрлей берсін!
Өмірің төрлей берсін!
Әумин!

2-жүргізуші: Көпшілікке арналған бата оқитын Қанқожиев А:
А, Құдай жаратқан!
Қалдыра көрме санаттан.
Іздегенім - әділет,
Тілегімді қабыл ет!
Қалшылдаған қансыздан сақта,
Арсылдаған арсыздан сақта!
Парасатсыз кәріден сақта!
Әділетсіздің кәрінен сақта!
Тегі – тентек тексізден сақта,
Еңбек білмес епсізден сақта!
Дауасыз дерт пен кеселден сақта!
Өңеші толмас обырдан сақта!
Тиянағы жоқ тобырдан сақта!
Сөзінде тұрмас сырғақтан сақта!
Қызыққа тоймас бұлғақтан сақта!
Таршылық пен жоқтықтан сақта!
Тәубасы жоқ тоқтықтан сақта!
Ерлік, елдік салтымды сақта!
Менің дана халқымды сақта!
Әумин!

10-оқушы: Сапарың сәтті болсын!
11-оқушы: Мерейлі жасың құтты болсын!
12-оқушы: Жаңа жылың құтты болсын!
13-оқушы: Жыл бақыт әкелсін!

2-жүргізуші: «Ризашылық білдіру - әдептіліктің белгісі»
бұл жөнінде сөзді Өтеміс Әминаға береміз:
Өмірде адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, ақ пейілі ризашылық білдіруден басталады. Халық арасында ризашылық алғыс, бата түрінде беріледі. Біреудің көрсеткен еңбегіне, көмегіне, кішіпейілділігіне, азаматтығына алғыс білдіру - әдептілік, мәдениеттілік.

Алғыс сөздер адамдардың жас ерекшеліктеріне, берілу себептеріне байланысты әр түрлі айтылады. Адамдар ризашылығын ерекше ілтипатпен, әдептілікпен білдіруге тырысқан. Белгілі қоғам қайраткері, ірі ғалым, ағартушы А. Байтұрсынов «Ризашылық - әдептің әліппесі» деген екен.
Халық даналығында «Алдын ойлаған азамат – елдің алғысын алар», «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді», «Ата-анаңның ризашылығын алсаң, азамат боласың», «Алғыс алмағаннан аулақ жүр» сияқты мақалдар сақталған.

1-жүргізуші: «Алғыспенен ер көгерер» дейді бабаларымыз. Ендеше сіздер білетін алғыстың қандай түрлері бар?
1-оқушы: - Бәрекелді!
2-оқушы: - Өркенің өссін!
3-оқушы: - Көп жаса!
4-оқушы: - Жағың түспей, жамандық көрме!
5-оқушы: - Құдайым пәле-жаладан сақтасын!
6-оқушы: - Тілеген мұратыңа жет!
7-оқушы: - Иманды, ырысты бол!
8-оқушы: - Алланың нұры жаусын!
10-оқушы: - Басыңнан бақ таймасын!
11-оқушы: - Қазаның ортаймасын!
12-оқушы: - Қатарыңның алды бол!
13-оқушы: - Құдайым тіл-көзден сақтасын!

2-жүргізуші: Тыйым сөздер туралы Еділ Әйгерім айтады:
Қазақтың үлгі, тәрбие құралдарының бірі - тыйым сөздер. Есі кірген балаларға жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінезден сақтандырып отырған. «Қолды төбеге қою»- ел-жұрттан безіну, «Үлкеннің жолын кесу»- әдепсіздіктің, «Асты төгу»- ысыраптың белгісі деп таныған дана халқымыз ондай теріс істерге қатаң тыйым салған. Күнделікті өмірімізде, тұрмыста жиі қолданылатын тыйым сөздер ел ішінде өте көп.

1-жүргізуші: Оқушылар, сіздер қандай тыйым сөздерді білесіздер?
1-оқушы: - Ата-анаңа қарсы келме!
2-оқушы: - Нанды бір қолмен үзбе!
3-оқушы: - Дініңді, ұлтыңды, арыңды сатпа!
4-оқушы: - Бетіңді сызба!
5-оқушы: - Құмырсқаның илеуін бұзба!
6-оқушы: - Үйге жүгіріп кірме!
7-оқушы: - Ақты төкпе!
8-оқушы: - Адамды айналма!
9-оқушы: - Кісіге саусағыңды шошайтпа!
10-оқушы: - Көп ішінде қатты сөйлеме, қатты күлме!
11-оқушы: - Үлкеннен бұрын сөйлеме!
12-оқушы: - Дастарқанды, тамақты, ыдысты аттама!
13-оқушы: - Таңертеңгі асты тастама!

2-жүргізуші: Сынып сағатын «Мінезді бола біл» деген түйінмен аяқтағымыз келеді. Түйінді оқитын Есенова Райгүл: Әр адамның мінезінен халықтың мінезі құралады. Халықтық мінез сол халықтың рухани жан дүниесін, көзқарасын, қарым-қатынасын айқындап тұрады.

Халықтар да адамдар сияқты бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Олардың дәстүр, тұрмыс, мінез айырмашылықтарын көру қиын емес. Қазақ халқының халықтық мінез қырларын атап өтер болсақ: сабырлы, өнерлі, дана, ойшыл, шешен, шебер, қарапайым, батыр, ақынжанды, жалқау, күншіл, батыр, сылбыр, төзімді, т. б. Халқымыздың «Жаман халық жоқ, жаман адамдар бар» деген тамаша сөзі бар. Бұл дұрыс айтылған, орынды пікір.

1-жүргізуші: Осымен «Өнегелі тәрбие - құдіретті тілімде» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Толық нұсқасын жүктеу
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Өнегелі, Тілімде, құдіретті, тәрбие
Просмотров: 294 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar