Қош бол,мектебім! - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Қош бол,мектебім!
24.09.2015, 09:16
«Қош бол, мектебім!»
/Соңғы қоңыраудың сценариі/
Жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар және осыдан 10 жыл бұрын, 20 жыл бұрын мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан түлектер! Баршаларыңызды бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Міне, 11 жыл зымырап өтіп, аяулы алтын ұямызбен қоштасар сәт те келді. Осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндер бүгінде нағыз азамат болды. 11 жыл құлын - тайдай тебіскен шәкірттер аяулы алтын ұясына қимастық сезіммен қарайды. 11 жыл бойы баптаған тұлпарларын Мектеп - Ана өмір бәсекесіне қоспақшы. Әрқайсысы түрлі арман арқалап, қалаған мамандығының иесі болу үшін мақсат биігіне жету жолында талпынуда.
Түлектерге кезек берейік:
1 - оқушы: Мектебім, ыстықсың алтын ұям,
Ұшатын кез келді қалай қиям?!.
Оң - солды танитын болдық бүгін,
Бала едік бір кезде, нәзік ұяң.
2 - оқушы: Бағыт сілтеп арманға,
Қанат бердің, ұшырдың.
Өмір сырын ғажайып,
Сенде алғаш түсіндім.
3 - оқушы: Болашаққа жетелеп, алда арман,
Балалық шақ бүгінде артта қалған.
Самғаймыз біз сан тарау тараптарға,
Бата алып қадірлі ұстаздардан.
4 - оқушы: Өтіп кетті он бір жыл,
Қол бұлғайды балалық.
Балалықтан арылып,
Өсіп қаппыз таралып.
Сан тарау жол, сан қиял
Шақырады қияға
Талпынамыз ұшуға біз,
Қимай қарап ұяға.

Ән: «Гүлдәурен»

5 - оқушы: Есігін қақтым мектептің,
Балапандайын қалпыммен.
Ер жеттім сенде есейдім,
Танысып барша салтыңмен.
Бүгінде алтын ұямнан,
Ұшқалы тұрмын қияға.
Сан жолдар күтіп тұр алдан,
Сонда да жүрек қия ма?
6 - оқушы: Ұстазға онша көптің керегі жоқ,
Шәкірті жүрсе жайлап көңілі тоқ.
Шарықтап қанат қағып кетсе дағы,
Көңілінде тұрады екен кішкентай боп.
7 - оқушы: О, мектебім, махаббатым, мақтанышым,
Сенде өтті ең бақытты бар шақтарым.
Өзің берген күш қуаттан нәр алып,
Мен өмірдің өрлеріне аттармын.
8 - оқушы: Шаттықпенен шайқалтқанбыз, аспанды,
Сол күнді аңсап қара көзден жас тамды.
Бір ананың баласындай тел өскен,
Қоштасуға қимай тұрмыз достарды.

Ән: «Қоштасқым келмейді»

9 - оқушы: Ақылшы асыл ұстазым,
Жолымды айқын нұсқадың.
Қасыма келіп қаншама,
Қамқор боп, қалам ұштадың.
10 - оқушы: Сөйлеуді де әдепті нұрлы үмітпен,
Жазуды да үйреткен сырлы түптен.
Тек өздерің қаламды нық ұстатып,
Арылтқансың жиналған көңіл күптен.
11 - оқушы: Мектебім алғаш қаққан есігін,
Тек өзіңнен жаңа сөздер естідім.
Білім нәрін құйған бойымызға,
Ұмытпаймын мұғалімдер есімін.

Ән «Ұстазым»

Жүргізуші: Аяулы да ардақты ұстаздар! Сіздерге тең келер кім бар еді. Көмірдей қара шаштарыңыздың ағаруына, үлбіреген жүздеріңізге әжім түсуіне себепші болған, мына біздер болашақ өмірге жолдама алмақпыз.
Әрқайсымыз өз ойымызбен алысып, сүйікті мектебімізге қайта - қайта қарап, ержеткенімізді сезгендейміз. Енді өз шәкірттеріңіздің жүрек түкпірінен шыққан жыр жолдарын қабыл алыңыздар /Оқушылар өздері шығарған өлеңдерін оқиды/.
Жүргізуші: Мектеп әр адамның қиялына қанат бітіретін білім ұясы, тәлім - тәрбие бастауы. Адам баласының өмірге қанаттануы, әртүрлі мамандық иесі атануы, бәріне кең жол ашатын, қоғамның толыққанды азаматы болуына берік негіз қалайтын алынбас қамал іспетті. Батыр да, ғалым да мектептен білім алған. Ал, осылардың бәрін тәрбиелеген, білім нәрін бойларына сіңірген ол ұстаз емес пе? Олай болса қадірлі ұстаздар өздеріңізге арналған жыр шумақтарын қабыл алыңыздар/ Білім берген ұстаздарға арнаулар т. б/.
Алғашқы ұстазымыз Раиса апайға:
Әліппені ұстаттырған қолыма,
Алғаш рет мен мектепке барғанда.
Мейірімді шапағатпен қарсы алған,
Раиса апай мәңгі қалады жадымда.
Сынып жетекшімізге арнау:
Анамдайсың ой салдырған балаңа,
Түсінікпен сенім құйдың санама.
Білмеуші едік ақ па әлде қара ма,
Мұғалімсіз оқушы адам бола ма?!.
Жетекшісіз алып шыққан қиядан,
Ұшырасыз түлектерді ұядан.
Жақын болып кетіп еді арамыз,
Өзіңізбен қоштасуға қиналам.
Жүргізуші: Мектебіміздің мақтанышы, аудандық, облыстық, республикалық
«Жыр алыбы - Жамбыл» айтысының жүлдегері Женей Ергеннің тың ойынан ағытылып шыққан термесін, бүгінгі мерекеге тарту етеді.
«Терме» орындалады.

Жүргізуші: Құрметті 10 - сынып оқушылары, болашақ түлектер!
Бүгін біздер үлкен өмір жолына қадам басқалы тұрмыз. Сыныбымызда небір талантты, дарындылар оқыды. Біздің жолымызды сіздерге тілей отырып, «Мектеп символын» өздеріңе аманатпен табыстаймыз. Мектеп намысын әрқашан биік ұстаңдар дей отырып, ендігі сөз кезегін 11 - сынып түлегі, республикалық Ілияс оқуларының жеңімпазы, Бауыржан оқуларының екі дүркін жүлдегері, мектебіміздің, ауданымыздың мақтанышы Лепесбаев Әлиханға береміз/Құттықтау сөз сөйленеді/.

Жүргізуші: Ия, шындығында уақыт зымырап өте шықты! Бүгінде алтын ұямызбен қоштасқалы тұрмыз. Соңғы рет «Мектеп вальсін» билеп, соңғы рет қоңырау үнін ести отырып, жанарымызға еріксіз жас та келеді. Бұл біздің балалық шақпен қоштасуымыздың соңғы баспалдағы.

«Мектеп вальсі» ойналады/Оқушылар билейді/.

Жүргізуші: Біз үшін өмір болашақ есігін ашып тұр. Енді біз өмір додасының тұтқасындамыз. Көк туымызды биік шыңда сан мәрте желбіретіп, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін білім алып, еңбек етуге уәде береміз!

Ән: «Қош бол, мектебім» /Ақ көгершіндер аспанға ұшырылады./
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: бол, мектебім!, қош
Просмотров: 212 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar