Отаным - менің Қазақстан - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Отаным - менің Қазақстан
24.09.2015, 11:53
Тақырыбы: Отаным менің – Қазақстан
Мақсаты: Оқушылардың интеллектуалды білімдерін шыңдау. Отанымыздың басынан кешкен оқиғаларды, сан жылдар бойы еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлғаларымыз туралы алған білімдерін анықтап, елін сүюге, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Ұлттық сана, рухтық қасиеттерін қалыптастыру.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, тапсырмалар жазылған плакаттар
Сабақтың түрі: интеллектуалды ойын
Сабақтың әдісі: топтық сайыс

Сабақтың барысы:
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен –
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең – байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Қазақстан біздің сүйікті - Отанымыз. Көрсең көз тоймас асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, ормандары бар. Осының бәрі Алтай менен Атырау, Ақжайық пен Алатаудың аясында құлаш жайып, жайнай түрленіп жасанып - жасарып жатыр.

«Отан отбасынан басталады» - деп халқымыз айтқандай Отан кең мағыналы, қасиетті ұғым. Әрбір адамның отбасы, тұрған мекені, өскен ортасы, аймағы, мемлекеті – оның жарық дүниедегі жансаясы, өмір өрісі, оттай жандырған Отаны.

Отанымызды сүйіп, аялау үшін еліміз, туған жеріміз оның тарихы, өткені мен бүгіні жайлы жақсы білуіміз қажет. Осы мақсатта 5- сынып оқушыларының Отанымыздың тарихын қаншалықты меңгергендіктерін байқап көреміз.
Тауды биік деме сен
Талаптансаң шығарсың
Жауды мықты деме сен
Білімді болсаң жығарсың – дегендей бүгінгі «Отаным менің – Қазақстан» атты интеллектуалды ойынымызды бастайық.

Бұл білім сайысына 5 – сынып оқушылары қатысқалы отыр. Олар:
5 а – сыныбының «Алғырлар» тобы мен
5ә – сыныбының «Тапқырлар» тобы. Бұл білім сайысы 7 кезеңнен тұрады.
1-кезең Топты таныстыру
2-кезең Сергіту сәті
3-кезең Жұмбақ жылдар
4-кезең Жұмбақ оқиғалар
5- кезең Жұмбақ кейіпкерлер
6-кезең Тіл – өнер сайысы
7– кезең Топ басшыларының сайысы
Әділқазы, аққазыға бір сәлем!
Әділдікке бас иеді бар әлем.
Жүйрік озар сайыстарда неше бір,
Сарапқа сап әділдікпен шеше біл! – деп сайыскерлеріміздің білімін бағалау үшін әділқазы алқасын сайлап алайық.
Сәлемдесу – игі дәстүр киелі,
Сөзбен қарап, кейде шешер шиені.
Жақсы сөзге жан семірер қашанда
Жолданады сайыскерлер сәлемі.
Сонымен, сайысқа қатысушы топтар өз сәлемдерін жолдайды. Яғни
1-кезең «Таныстыру» кезеңі. (5 ұпаймен бағаланады)

1. «Алғырлар» тобы.
2. «Тапқырлар» тобы.

Білім деген биік шың
Бақытқа сені жеткізер,
Білім деген ақылшың,
Қиындықтан өткізер - дей келе сайысымыздың 2- кезеңі «Сергіту сәтін» бастаймыз. Әр топқа 10 сұрақтан қойылады, әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.

І. «Алғырлар» тобына:
1. Жас кезінде «Сабалақ» атанған хан (Абылай хан)
2. Ежелгі елдерді байланыстырған сауда байланысы (Ұлы Жібек жолы)
3. Халықтың әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін зерттейтін ғылым (Этнография)
4. Қазақстанның ең биік шыңы (Хан – Тәңірі)
5. Жаңа тас дәуірінің атауы (неолит)
6. Шоқанның шын аты (Мұхамедқанафия)
7. Ыстықкөлді ең алғаш картаға түсірген кім? (Шоқан Уәлиханов)
8. Ең алғаш қағаз қай елде пайда болды? (Қытайда)
9. Қазақтар кеңістікті не деп атаған? (Шартарап)
10. Шоқан Уәлихановтың қайтыс болған жері (Алтынемел)

2. «Тапқырлар» тобына:
1. «Дарабоз» атанған батыр (Қабанбай)
2. «Алтын адам» табылған жер (Есік қорғаны)
3. Абылайдың шын аты (Әбілмансұр)
4. Қырғыздардың атақты «Манас» жырын ең алғаш қағазға түсірген кім? ( Шоқан Уәлиханов)
5. Ежелгі тас дәуірінің атауы (палеолит)
6. Шоқан Уәлихановтың дүниеге келген жері (Құсмұрын)
7. Жер – су атауларын зерттейтін ғылым саласы (Топонимика)
8. Ең алғаш карталар қай елде жасалды? (Қытайда)
9. Ислам дінінің жыл санау үлгісі (Хижра)
10. Жер бетінде қанша этнос бар? (3000-дай)

Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, білім табар мән.
Бұл бәйге ойдың бәйгесі,
Кім жүйрік ойға, сол алда – деп келесі 3-кезең «Жұмбақ жылдар» кезеңін бастаймыз. Мына екі плакатта тарихи оқиғалардың жылдары берілген. Сол жылдары қандай оқиғалар болды соны жанына жазасыңдар. Әрбір дұрыс жауапқа 1 балл беріледі.

І. «Алғырлар» тобына:
1. Б.з.б. 530 ж ( Кир патшаның сақтарға қарсы жорығы)
2. 552 ж (Бумын қаған атағын алды)
3. 870 – 950 жж (Әл – Фарабидің өмір сүрген жылдары)
4. 1837 – 1847 жж (Кенесары бастаған көтеріліс)
5. 1858 – 1859 жж ( Шоқан Уәлихановтың Қашғарияға сапары)

2. «Тапқырлар» тобына:
1. Б.з.б. 55 ж (Ғұн мемлекетінің екіге бөлінуі)
2. 603 ж ( Түрік қағанаты екіге бөлінді)
3. 1771 – 1781 жж (Абылай ханның билік құрған жылдары)
4. 1836 – 1838 жж (Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс)
5. 1396 – 1404 жж (Қожа Ахмет Йасаудің басына кесене тұрғызылды)

Екі топ тапсырманы орындағанша мен сіздерге ертеде өз жерін қорғап қалған хан туралы аңыз айтып берейін. Ерте, ерте, ертеде біздің елді бір ақ көңіл, ақылды хан басқарыпты. Көрші қытай елімен тату тұрыпты. Сол себепті ол кедергі көрмей еліне сыйлы болыпты. Күндердің күнінде көрші елден атой салып елші келіпті.
«Уа, алдияр, мынау елдің хабары. Мұны естіп денем мұздап барады. Көршіңіз «Егер тату болам десе менімен, ең жүйрігін берсін!»- деп талап қойып отыр дейді. Өз елінің тыныштығын, тірлігін, екі елдің бірлігін қалаған хан, көп жүйріктің ішінен ойланбастан дүлдүлін таңдап береді. Бірақ, ханның бұл шешіміне билер ренжиді. «Жоқ, жоқ ештеңеге ренжімеңдер. Ел бірлігі жолында бір жүйрікті қидым. Байлықтан опа таппаймыз. Еліміз тыныш болса, бір жүйріктің орнына жүз жүйрік келеді»- деген екен ақылды хан. Арада біраз уақыт өткен соң көрші елден елші тағы келеді. «Уа, алдияр, көршіңіз менімен тату болам десе, сүйген жарын берсін»- дейді. Бұл хабарға хан өте қиналады. Өзінің туған әйелін қимай хан көп ойланады. Өз елінің тыныштығын ойлаған хан ақыры адал жарын көрші ханға сыйлапты... Ханның бұл шешіміне ел ішіндегі билер тағы наразы болады. Бірақ хан «айтқан сөздеріңе әрине, таласым жоқ. Егер тыныш болса елмен елдің арасы, адал, сұлу жар табылар шамасы» деген екен. Уақыт зымырап өтіп жатады. Бір күні көрші елден суық хабар тағы келіп жетеді.
«Уа, алдияр, көрші хан егер тыныштығын қаласа, қасиетті туып – өскен жерінің бір бөлігін кесіп берсін» дейді. Мұндай сұмдықты естімеген хан ашуға мінеді. Бұл қорлыққа шыдамаған хан ойланбастан шешім айтады. «Халқым менің! Қасиетті туған жердің топырағын, алтын кенін қорғау үшін көрші елге соғыс ашамын. Жиналыңдар бәрің де!» деп жарлық береді. Бұл жарлықты естіген билер «Ұлы әміршім, көрші хан жүйрігің мен жарыңды сұрағанда, ойланбастан беріп едің, асылыңды үн – түнсіз бергенде, шағын жеріңді қорғағаның қалай» дейді. «Менің жүйрігім мен жарымды көршіге үн – түнсіз бергенім, олар менің өз меншіктерім. Ал қасиетті жер – сонау ерте заманнан ата – бабаларымыздың кіндік қаны тамған, олардың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған халықтың жері. Туған жеріміз менің меншігім емес, ол келешек ұрпақтікі, елімдікі. Қасиетті даламның бір бөлігін басқа елге бергенше, жерімді қорғап өлгенім артық» деген екен. Қасиетті ханның осы салмақты сөзі сол сәтте ел ішін аралап кетіпті. Міне содан бері біздің жеріміз атадан балаға мұра болып бізге жеткен екен. Міне, аңыз осылай аяқталады. Балалар, елін, жерін сүйген ата – бабаларымыз жерімізді ұрпағы үшін елін – жерін осылай қорғаған. Сендерге , көк теңбілді байрағымызды жоғары ұстаңдар! Еліңді, жеріңді әрқашан қорғаңдар демекпін.

Біреу озса сайыста, біреу артта қалады,
Ренжімей тараса, озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден – жеңімпазды анықтау,
Озат болу шарты сол – еңбектену, жалықпау – дегендей ендігі кезең «Жұмбақ оқиғалар». Әрбір дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі.

І. «Алғырлар» тобына:
Бұл оқиғаның қазақ халқына тигізген зардабы, қайғы – қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте ауыр болды. Мың – мыңдаған адам қырылды немесе тұтқынға айдалып кетті. Жүздеген, мыңдаған ауыл қатты күйзеліске ұшырап, мал – мүлкі талан – таражға түсті, бір кезде гүлденген қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар басынан кешірген сол ауыр қайғы қасіреттің символы «Елім - ай» атты зарлы жыры болды. («Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»)

2. «Тапқырлар» тобына:
Бұл оқиға 1730 ж Балқаш көлінің оңтүстік – батыс жағындағы Итішпес Алакөл деген жерде болды. Оған қазақтың үш жүзінің жасақтары қатысты. Осы жерде қазақ жағынан Сабалақ (болашақ Абылай хан) Жоңғар жағынан Шырыш шығып, қазақ батыры жеңген. Мұның өзі қазақ жауынгерлерін арқаландырып, жігеріне жігер қосқан. Бұл шайқаста қазақтар жоңғарларға естерінен тандыра күшті соққы беріп, жеңіске жеткен. (Аңырақай шайқасы)

Ойын толқын жатқандай асып – тасып
Біреу мығым, біреулер шалыс басып.
Бұл ойынан өтеді ғұлама ойлар
Жеңсең де, жеңілсең де қалма жасып -дей отырып келесі кезеңіміз «Жұмбақ кейіпкерлер» кезеңін бастаймыз. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпайдан беріледі.

І. «Алғырлар» тобына:
1. 30 жыл қысқа өмірінде тарихи – этнографиялық материалдар жинап, артында «қырғыз туралы жазбалар», «Ыстықкөл күнделіктері» деген еңбектерін қалдырған әйгілі ғалым. (Ш. Уәлиханов)
2. 27 жыл бойы солтүстік америкалық үндіс тайпалары – ирокездердің арасында өмір сүріп, бірнеше тамаша кітаптар жазған белгілі этнограф. (Люис Морган)
3. Б.з.б. ІІІ ғасырда Қытаймен кескілескен соғыс барысында ғұн тайпаларын біріктіріп, ғұндардың билеушісі – шаньюй деген атақ алады. Кейін ол шексіз билікке – «Аспан ұлы» деген атаққа ие болады. (Мөде)

2. «Тапқырлар» тобына:
1. Абылайдың ең жақын кеңесшісі, әрі сенімді серіктестерінің бірі болған жырау, әрі дипломат, қазақ шежіресінің білгірі (Бұхар жырау)
2. Орталық Қазақстан жерінен қола дәуірінің теңдесі жоқ ескерткіштер кешені – Беғазы – Дәндібай мәдениетін ашқан қазақтың біртуар ұлы, академигі. (Әлкей Марғұлан)
3. 21 жасынан ол бүкіл Бұхара, Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ құрама жұртының бас биі болған. (Әйтеке би)

Келді кезек тапқырлықпен шешуге,
Жауаптарын күштілерге есуге.
Қазақ, орыс, ағылшынды білсеңіз,
Барлық ұпай шәкірт саған несібе – дей келе «Тіл –өнер» сайысымызды бастаймыз. Берілген сұрақтардағы көп нүктенің орнындағы сөзді тауып, оны екі тілге, яғни орыс және ағылшын тілдеріне аударамыз. Жауабын дұрыс тапса 1 ұпай, орыс тіліндегі аудармасы дұрыс болса 2 ұпай, ағылшын тіліндегі аудармасы дұрыс болса 3 ұпай беріледі.
І. «Алғырлар» тобына:
1. Жұт ................... ағайынды (Жеті – семь – seven)
2. Өзі сөйлей білмейді, салған ізі сөйлейді (қалам – ручка – pen)
3. Екі қолға ................ күрек (бір – один – one)
4. ....................... баласы болма,
Адамның баласы бол (атаның – дедушка – grandfather)

2. «Тапқырлар» тобына:
1. Өнер алды ...................... тіл (қызыл – красный – red)
2. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген
Жүрегі бар да, қаны жоқ
Сөйлеп тұрған ішінен (кітап – книга – book)
3. Жылт – жылт етеді
Жылғадан өтеді (су – вода – water)
4. Батыр туса – ел ырысы,
......................... жауса жер ырысы (жаңбыр – дождь – rain)

Екі топ тапсырманы орындап болғанша біз көрермендермен «Кім көп біледі?» ойынын ойнаймыз.

1-сұрақ: Бұл термин ретінде б.з.б. ІҮ ғ көне заманды зерттейтін ғылым ретінде қолданыла бастады. Оның негізгі зерттеу нысаны – сонау ежелгі заманнан қалған қалалардың орны, кен өндірісі мен шахталар, арықтар мен тоғандар, керуен сарайлар, әскери бекіністердің жұрты, үй іші заттары, обалар, зираттар. Бұл қандай ғылым?
Жауап: Археология ғылымы

2-сұрақ: Түркі халықтарының саяси және рухани орталығы. Бүл жерді түрік елінің билеушілері ежелден мекен еткен. Және бұл жерде қазақ жеріне сопылықты таратқан Қожа Ахмет Йасауи күмбезі бар. Бұл қай қала?
Жауап: Түркістан қаласы

3- сұрақ:Аңыз бойынша ауыр жағдайға тап болған парсы патшасы Дарийге сақ патшалары жұмбақ сыйлық пен елші жібереді. Сыйлық құрамында құс, тышқан, көлбақа және бес жебе болған екен. Парсылар бұлардың мәнін табуы керек еді. Осыған байланысты Дарий ғұламаларды жинап ақылдасты. Ақыры жұмбақтың шешімін табады. Бұның мәні «Егер сендер, парсылар, құс тәрізді аспанға ұшып кетпесеңдер немесе тышқан секілді жер астына кіріп кетпесеңдер, көлбақа құсап суға түсіп жоғалмасаңдар, біздің жебеміздің астында қаласыңдар» деген екен. Осы жұмбақтың шешімін тапқан кім?
Жауап: Парсының қарт қолбасшысы Гобри

4-сұрақ: Ғұндардың тастағы суреттерінде бұқа, бұғы, аққу бейнелері салынған. Олардың ойынша бұқа, бұғы, аққудың бейнелері нені білдіреді?
Жауап: Бұқа – күш пен билікті, бұғы – бақыт пен жақсылықты, аққу – үй ошағын сақтаушы

5 – сұрақ: Геналогиялық аңызға сәйкес, түркілердің алғашқы ата – бабасы – он жастағы ұл бала халықты жаулары қырған кезде жалғыз аман қалған екен –мыс. Баланы қасқыр асырап алып, кейінен сол баладан он ұрпақ тарайды. Қасқырдан тараған әулет деп оларды қалай атаған?
Жауап: «Ашина» (қасқыр) деп атаған.

6 - сұрақ: Ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Қазақ хандығы заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі болған. 1219 ж Шыңғысхан 150 мыңға жуық әскерін аттандырып, 1220 ж ақпанда монғолдар қаланы басып алады. Қаланың билеушісінің тамағына қорғасын құйып өлтіріп, қаланы бірнеше күн бойы тонап, қиратады.
Бұл қай қала және қала билеушісі кім?
Жауап: Отырар қаласы. Билеушісі Қайыр хан.

Көңілді тапқырлар, білгіштер
Бар өнерін алдарыңа салады.
Кім білімді, көп оқыған болса егер
Бүгінгі күн жеңімпазы болады – дей келе бүгінгі сайысымыздың соңғы кезеңі «Топ басшыларының сайысы». Сұраққа тек «»иә» немесе «жоқ деп жауап береді. Әрбір дұрыс жауапқа 1 ұпайдан беріледі.

І. «Алғырлар» тобының басшысына:
1. Қазақ халқы ертеде сонау ежелгі тарихи әңгімелерді есіне сақтап, елге айтып отыратын адамдарды шежірешілер деп атады (иә)
2. Соғыс кезіне жалпы саны 1,5 миллиондай басқа ұлт өкілдері Қазақстанға қоныс аударды (жоқ, 2,5 млн)
3. Қазақстан Республикасында 14 облыс, 90-ға жуық қала, 200-дей қала тектес кент, 150-ден астам аудан бар. (иә)
4. Саналы адам осыдан 40 – 35 мың жыл бұрын неолит кезеңінде қалыптасты. (жоқ, палеолит кезеңінде)
5. Енисей аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі жазулар финикиялықтардың руна жазуына ұқсас болғандықтан «руна жазуы» деп аталып кетті (жоқ, скандинавиялық)

2. «Тапқырлар» тобының басшысына:
1. Жазбаша тарихты тұңғыш рет қағаз бетіне түсіргендер тарихшылар болды (жоқ, жылнамашылар)
2. Тың игеру жылдары 3млн-дай басқа ұлт өкілдері Қазақстанға көшіп келді. (жоқ, 2 млн)
3. Қазақстанда жануарлардың -155, құстардың -489, бауырмен жорғалаушылардың -49, қосмекенділердің -11, балықтардың -150 түрі бар. (иә)
4. Мезолит дәуірінде аң аулайтын қарудың бұрын болмаған жаңа түрі бумеранг пайда болды. (иә)
5. Әл-Фараби түрлі ғылым салаларынан 255-ке тарта іргелі еңбектер жазып қалдырды. (жоқ,150)

Сайыстың соңында сөз әділқазыларға беріліп, жеңген топ марапатталады.

Бойларыңда от бар екен байқадым,
Жүректеріңде шоқ бар екенін байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.
Өрендер, өрлей берсін өнерлерің
Айналаң, бәрі сенің көрерменің.
Тілеймін, дәл осылай барлығыңның
Тек қана биіктерден көрінгенін, - деп бүгінгі интеллектуалды ойынымызды осымен аяқтаймыз.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Отаным, менің, Қазақстан
Просмотров: 174 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar