Әсемдік әлемінде - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Әсемдік әлемінде
24.09.2015, 10:29
Тақырыбы: Әсемдік әлемінде.
Мақсаты : Қыз балалар тәрбиесін, қыз баланың әдептіліктің, әдеміліктің, сұлулықтың жаршысы екенін сөз ету. Ұл бала мен қыз баланың бірін – бірі шынайы құрметтеп, қастерлей білуге баулу, өзара сыйластықты, достық қарым – қатынасты қалыптастыру.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, суреттер, бейнекөрініс, слайд т.б.
Өту барысы:
І Кіріспе.
Бүгін « Әсемдік әлемінде» атты тәрбие сағатымыз 8 наурыз аналар, қыздар мерекесіне арналады. Қыздарымызды ортаға шақырайық.
.(Ұлдар қыздарды алып шығып, орындыққа отырғызады. Қыздардың жақсы қасиеттерін айтып, қошемет сөз айтады)

«Қыздарға әсемдік жарасады» демекші қыз балалар тәрбиесін, қыз баланы әдеміліктің, әдептіліктің, жан – жақты сұлулықтың жаршысы екенін сөз етпекпіз. Ендігі кезекте біздің ұлдарымыз «Қазақтың қыздары – ай» деп аталатын ІІ бөлімінде өз ойларын жеткізеді.
Азамат: Біздің халқымызда қыз деген сөздің өзі әдеміліктің, жан – жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады.

Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын
Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.

Дегендей бұл қыздардың әдепті, көрікті болғанын аңғартады. «Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі» деген де мақал бар. Осының бәрі де қыз баланың сүйкімділігінен, нәзіктілігінен, әр іске талапты да алғырлығынан, өнер – білімге бейім тұратын сергектігінен шыққан сөздер болса керек. Халқымыз қыз баланы ардақтап ұстайды, оған қатты сөз айтпай, мәпелеп өсіреді.
Ернар: Қазақ халқының қызды ерекше қастерлеген, тұңғыш болып өмірге келсе, «ырыс» деп бағалаған. « Елдің көркі» деп олардың жүрегін жылылыққа бөлеп жандарын жаманшылықтан алыстап өсірген. Оның себебі – қыздың болашақ ана екендігін ескергендігінен.

Қыз бала тәрбиесіне ата –ана ғана емес, көрші – қолаң, туған – туыс, ауыл –аймақ болып сергектікпен қарайтын болған. «Қызға қырық үйден тыйым» сөзінің астары да осында жатса керек.
Дархан: Қыз баланы тәрбиелеуге халқымыз ерте заманнан бері ерекше мән беріп келеді.Қыз баланы құрметтеп, олардың алдында дөрекі сөйлемей ізетті болуды, ер – тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізуді, киімнің сәндісін, алтын бұйымдардың жақсысын қыздарына тарту етуді дәстүрге айналдырды. Жиын – тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған.

Ән:« Арман жырым аруларым » орындайтын Мұхамбетқалиев А
Райымбек: Қыз бала үшін өтірік айту, ұрлық істеу және қатыгездік қулық – сұмдық деген жат қасиет. Сондықтан, жас қыз баланы « Біреудің ала жібін аттама», « Өтірік өрге бастырмайды», «Ешкімге қиянат жасама» деп адалдыққа тәрбиелеген.

Азамат Ы: Халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», « Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, жалпы отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің қыз бала тәрбиесінде шешенің орнын ерекше бағалаған.
Маулет: Халқымыздың атадан мұра болып келе жатқан дәстүрлі қасиеті – қыз баланы сыйлап, қастерледі. Қыз бала отырған орында әдеп, ізет, сақтаған, үлкен болсын, кіші болсын оқыс мінез көрсетіп, өрескел, бейбастық сөзге әсте бармаған.

Аманғали: Адамның сыртқы түріне, киіміне қарап та қандай адам екендігін айыруға болады. Қазіргі талғамға, өзінің жас ерекшелігіне, эстетикалық заңдылыққа сай жарасымды киінген, сыпайы да үлгілі қылығымен, мәдениеттілігімен ерекшеленген қыздарды көргенде көңілің толып қуанышқа бөленесің.
Сырым: Табиғаттың өзі қыздардың ішкі және сыртқы жан дүниесін сұлулыққа, нәзіктікке, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа бай етіп жаратқан. Жас қыздардың өздері – ақ қырдың қызыл гүліндей әдемі ғой.

Ән: «Ханшайым» Жолдығұлов С мен Мұқанов Е
ІІІ бөлім « Іші алтын, сырты күміс сөз төресі»
( Қыздар туралы мақал – мәтелдер , нақыл сөздер айту )
Мұғалім: Қыз бала және оның тәрбиесі жөніндегі мақал – мәтелдер біздің өмірімізде елеулі орны бар. Енді сол мақал – мәтелдерге құлақ түрейік. «Қыз өссе, елдің көркі, гүл өссе, жердің көркі»
« Қыз - өмірдің қызғалдағы»
« Қызды асырай алмаған күң етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді.»
« Қыз қуыршақ, ұл – құлыншақ»
« Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол,
Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол.»
« Қыз балаға қырық үйден тыйым»
« Қызым - үйде , қылығы – түзде»
« Қыз қылығымен әдемі»
« Қыздың жиған жүгіндей»
«Қарындасын сыйламағанның қары сынсын.»
« Қыз мінезді жігіт екен.»
Қыздар деген қызыл гүл ғой
Өсіп тұрған бақтағы
Қыздар деген әсем ән ғой
Айтылып болмаған әлі деп.

Ән : «Қазақ қызы.» Орындайтын: Мұханбетқалиев А.
Мұғалім: ХІ ғ. Жазба ескерткіштерінің ішіндегі қыздар тәрбиесіне байланысты деректердің таңдаулыларының бірі , әрі ұлы мұрасы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» (Құтты білік) деген еңбегі бар. Бұл - әдептілік, ақыл – ой , мінез – құлық, адамгершілік озық үлгілері көркем тілмен баяндалған дидактикалық ереже мен толғаулар.
Аймаңдайлы ұл – қыз туса алдыңда,
Үйіңде өсір, бөтен жерге қалдырма.
Тәрбиешісі ал ізгілікті, көшелі.
Ұл – қыз жақсы, таза болып өседі.
Ұл –қызыңа әдеп үйрет, білім бер
Қос жалғанды, бірдей көріп, күлімдер.

VI бөлім .Сұлулық сыры.
Мұғалім: Қазақ қызы десе , беті ашық, бірақ жүзінде ұяңдық бар, шашы ұзын, басқан ізі білінбейтін жан елестейді.Құлағымызға шолпының сыңғыры келеді. (шолпы таққан қыз жайлап жүріп өтеді.)
Қазіргі қыздарға тән ұзын шаш жойылып кеткен жоқ, қайта көбейіп келеді. Менің қыздарым « Шашымызды қысқартпаймыз» деп уәделесті. Бұрымды бүгін жырласақ оның әсемдікке қатысы болғаны да.
Бұрым меніңше әсемдік, әдемілік қатарына кіреді. Қыз бойындағы алғашқы көзге ұрар әсемдік осы. Ендеше жақсы сөзді аямайық.

Абайдың өлеңі : « Білектей арқасында өрген бұрым»

Оқитын : Байқатов Е

Білектей арқасында өрген бұрым
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін ?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді.
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын ?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен – саяқ
Піскен алма секілді тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей – ақ
Егерде қолың тисе білегіне.
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.

Би : « Ақсұңқарым» Орындайтын: Баймұқанова Эльвира

Мұғалім: Шолпысының күміс күлкісін ғана естіртіп, сонысымен қазақ қызы бойындағы ұяңдықты, әдептілікті, инабаттылықты сездірген , шолпысының дауысы қатты естілсе, сені әдепсіз қыз екен деп айтады деп тәлім – тәрбие беріп отырған. «Сылдырлаған шолпысы, сыңғырлаған күлкісі» деп ақындар жырға қосады.

Қандай әнді, өлеңді алсаң да бұрымға таңданған. Ақындар жалпы әйел халқының көркін, өрілген қос бұрым арқылы толықтырған, онсыз әсемдікке нұсқан келді деген. Өлеңдерде «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қарақат көзді, сүмбіл шаш», «Қара көзің, қара шашың төгілген», « Төсектен сүмбіл шашың салбырасын, шашыңа таққан шолпың сылдырасын» деп бір сөзбен болсын шашқа мақтау айтылады. Ендігі кезекте А. Бақтыгерееваның «Бұрым» өлеңін бізге Азамат оқып береді.

Ашуланып қайттың неге, ерке гүл,
Мектебіңе кетіп едің ерке бір.
Тортаңдайсың ата жауың сияқты.
Бантигіңді шешіп кеткен тентек ұл.
Қыз баланың бұрым деген сәні еді
Балалықтың ойыны бар әдемі
Қыз бұрымға маза бермей жүретін
Балалықтың ойыны бар әдемі
Бұрым – бұлақ таудан аққан құлатқан
Бұрым – арман, қол жетпеген ұнатқан
Момақан боп жүрген бүгін әкең де
Талай қызды шаштан тартып жылатқан.
Ашуланба, ол бір ойын талайғы
Адамдардан әр ұрпаққа тарайды.
Ақылды бол, сол бұрымның бір талы
Тентектерді құрықтауға жарайды.

VIІІ бөлім. «Сезім – адамдық қасиет.

Қыздарға арналған ұлдардың назы бар соған құлақ түрейік. (Ұлдар Ә. Нұршайықовтың « Автопортрет» еңбегіндегі «Қыздарға кеңес» ақыл –нақыл сөздерін айтып шығады.
Қыздар !
- Әдемі болыңдар, әсем болыңдар, сонымен бірге ақылды болыңдар !
- Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар, сонымен бірге саналы болыңдар !
- Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, сонымен бірге ұйымшыл болыңдар !
- Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар ұрысқақ болмаңдар !
(Деп ұлдар қыздарға гүлдерін табыс етеді, ал қыздар кестелі орамал береді.)
Ән айту мен би билеу де әсемдікке жатады , ендеше кезекті биге береміз.
Вальс: Қыздар, қыздар сұлу қыздар.

VIІІ бөлім. Пікірталас.
Қыздар: « Қыздарды сыйлау деген не ?»
Ұлдар: « Сыйлау үшін қандай болуың керек ?»
VIІІ бөлім. Қорытынды.

Бабаларым қыздарды қадірлеген,
Қыз баладан басталар өмір терең
Ауыл көркі қыз болып, ән айтылып,

Күн болмаған сазды күй төгілмеген - деп бүгінгі тәрбие сағатымызда қыздар тәрбиесін қыз балалардың өздері сөз еткеннен гөрі, ұлдарымыздың сөз етуін мақсат еткенмін. Өйткені, қыз бала тәрбиесі баршаның ісі. Қыз бала мен ұл баланың бірін – бірі жақсы түсінуіне, бірін – бірі сыйлауына, бір –біріне қамқор бола білуіне, қыздарымызды –қылықты, ұлдарымызды – ұлағатты етіп тәрбиелеуге септігі мол болары сөзсіз. Қыздарға айтарым « қазақ қызы» деген қастерлі де қасиетті атқа лайық болыңдар. Білімді де тәрбиелі қырдың қызғалдағындай жайнап өсе беріңдер.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Әсемдік, әлемінде
Просмотров: 269 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar