Шілдехана, бесік той - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Шілдехана, бесік той
24.09.2015, 12:31
Тақырыбы: Шілдехана, бесік той.
Мақсаты: Оқушыларды ара жігі айырғысыз осы екі дәстүрмен таныс ету. Ондағы ырым, жоралғыларға мән беруге үйрету.
Дамыту: Тіл дамыту. «Қалжа», «Иткөйлек» сөздерінің мәнін білдіру, шақалақ, періште, нәресте, сәби, бөбек – жас баланың атаулары екендігін ұқтыру.
Тәрбиелік мәні: Тойдың тәрбиелік мәнін ашу, көпшіл болуға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Сабақтың тақырыбы, мақал - мәтелдер, мазмұнды суреттер, бесік, қуыршақ, магнитофон.

Мақалдар
Салтың -- санаң,
Дәстүрің – дәулетің,
Ғұрпың – ғұмырың.

Бала – ананың бауыр еті, көз нұры.
Бала өз несібесін ала туады.
Болар бала
Бесігінде бұлқынады.

Бесік баласы бес түлейді.
Бесіктен түскен бөпеге есікке дейін ен дүние.

Бесіктегі баланың
Күлгенін көрген бір мұрат.
Алдына түсіп ананың
Жүргенін көрген бір мұрат.

Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады.

Өскелең ұрпақ өз елінің тарихын, тілін, дінін, салт – дәстүр, әдет ғұрпын білуі шарт.
Қазақ халқының өмірімен біте қайнасып келе жатқан салт – дәстүр, әдет ғұрып, ырым - тыйым, рәсім, жоралғылар өте көп. Олардың түп төркіні ұрпақ тәрбиесінде жатыр.
Салт – дәстүрлер көбінесе адам өміріне қатысты тойлар түрінде көрініс береді.

Той – өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастырып отыратын тәлімі мол мереке. Тойшыл қауым көңіл көтеріп, арқа-жарқа болып, той иесіне ақ тілектер ақтарылып, көпшілікті бірлікке, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, көпшіл болуға ұйытатын жиын.

«Мал – баланың шашуы» - деген қазақ дүниеге сәби келісімен – ақ той тойға ұласып кете барады. - деген қазақ дүниеге сәби келісімен – ақ той тойға ұласып кете барады. Адамның сәби шағында «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Тұсау кесу», «Сүндет той», «Атқа мінгізу», « Тоқым қағар», «Тілашар» тойлары өткізіледі.
Жас баланы «Шақалақ», «періште», «нәресте», «сәби», «бөбек» деп атайды.

Бүгін біз «Шілдехана бесік тойы» - деген тақырыпты қалап алып, осы екі дәстүр туралы мағлұмат аламыз. Сәбиге арналған алғашқы екі той ара жігі ажыратқысыз, бір – біріне жалғасқан, дүниеге келген сәби құрметіне арналған той.
Дүниеге сәби келу – ұрпақ жалғасы, болашақ азамат, елінің, жерінің, отбасының тірегі деп ұғынуымыз керек.
Сәби келгенде қасында болған, абысындарының бірі немесе бала жүгіріп ата – анасынан, туыстарынан сүйінші сұрайды.
Сүйінші! Сүйінші!
Дүниеге алтын айдарлы ұл келді!
Ат ұстар, елін қорғар жан келді!
Немесе
Қылығы тәтті, сүйсінтер жанды,
Ақылына көркі сай ару келді! – деп сүйіншілеп, сүйіншісін алған.
Сәби кіндігін кескен ана «Кіндік шеше» атанады. Ол кіндік баласына «Иткөйлек», жас босанған анаға арнап «Қалжа». алып келеді Баланы тұзға пісіріп, иткөйлегін кигізеді. «Сәбиді сылау өсіреді» - деп баланы күнде шомылдырып, күнде сылап қырқынан шыққанша қадағалайды. Қалжаға үй йесі де ірі қой сояды. Арнайы сойылған мал – «қалжа» деп аталады.
Қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын тұтас тазалап, маңдайшаға іліп қояды. Бұл сәбидің мойыны тез қатайсын деген ырым.
Қалжаға күйі жоқ үйге жекжат – жамағаттары жиылып қалжа әпереді. Дүниеге сәби әкелген ананың белі бекінгенше жас сорпа мен етті аузынан үзбейді. Бұл салттар адамдарды жақындатып, бір – біріне тілекші, қамқоршы қылады.
Қайын сіңлі, қайын апалары ана мен жас сәбиді күтімге алады. Бұл имандылық дарып, жүрегіміз жұмсаруына әсер ететін көркем салт.
Сүйінші сұрағанда естігендер, құтты болсын айта келгендер, тойға келгендер «Баланың бауы берік болсын!» - деп тілек арнаған. Сәбидің ұл не қыз бала екендігін айту үшін «ат ұстар», «жылқы айдар», «қой бағар», «шай құяр» деп тұспалдаған.
Хор. Біз өмірдің гүліміз.
Шілдехана – халқымыздың қастерлі, жаңа туған нәрестенің құрметіне арналған той. Тойға жастар жиналып, ойын сауық ұйымдастырылады.
Шілдехана – баланы жын – шайтаннан қорғап, күзетуден пайда болған дәстүр. Жас босанған ана мен жас сәбиге жын – шайтан үйір деген түсінік бар. Түнгі қараңғы мезгіл қатерлі деп ұққан. Сондықтан шілдехананы кейде «шілдекүзет» - деп те атайды. Шілдекүзет кейде үш күнге дейін созылады. Жастар кеште жиналып, таңға дейін ән айтып, домбыра тартып, айтыс ұйымдастырып, көңілді өткізеді.

Жұмбақ
Иесі оның - сәби,
Әрі төсек, әрі үй.
(Бесік)

Бесік – қазақ халқының мәдени мұраларының бірі, ұлт өнерінің төл туындысы, тәрбие құралы, нәрестеге арнап жасалынған ағаш төсек.
Сәбиді желдің өтінен, жердің сызынан, салқынның қаһарынан, аптаптың ыстығынан қорғайтын – киелі ұя. Иесі қазақ баласы осы бесіктен өсіп шықты.
Бесік - ықшам, аттың жалында, түйенің қомында өңгеріп алып жүруге болады. Тазалық мекені, денсаулық қорғаны, тербелмелі – сәбиге жұбаныш сыйлар жайлы орын.
Бесіктің құрылысымен таныстыру.
Бөген, арқалық (белағаш), жақтау, сабау, шабақ, жорға, түбек, шүмек. Түбек – ішіне күл салынған киіз қалта.

Шілдехана өткеннен кейін баланың әке – шешесі бесік тойын жасайды. Егер сәби бұл үйдің тұңғышы болса бесікті сәбидің нағашы жұрты немесе ұрпағы жалғаса берсін деген ниетпен қадірлі, көп балалы аналардың бірі сыйға тартады. Үйде алдыңғы балалардың бесігі болса, сол бесікке салынады.
«Баланы бесікке салу» отбасы үшін үлкен қуаныш. Баланы бесікке жасы үлкен, жапырағы жайылған қадірлі ана салады. «Бесікке салар» сыйақыны иеленеді.
Осы дәстүрге тұспа – тұс сәбиге ат қою рәсімі өтеді. Қолайлаған есімін молда алдырып, азан шақыртып, сәбидің құлағына алма кезек «сенің атың пәленше», - деп үш рет атайды. Азан шақырып, ат қойған адам да сыйақысыз қалмайды.
Көрініс. Азан шақыртып ат қою.

Хор. Қазақ дәстүрлері.

«Бесікке салу» рәсімін көрсету
1. Бесікті аластау
2. Тыштырмай жасау
3. Бесік жабдықтарын салу.
4. Тіл – көз тимеске тұмар, үкі тағады. Шошымасын деп ер баланың жастығының астына бәкі салады, ал қыз бала көрікті болсын жастығының астына айна – тарақ салады.
5. Сәбиді бөлеу.
6. Жабындысын жабу.
7. Халықшыл болсын деп – тон, жасы ұзақ болсын деп – шапан, сыйлап өссін деп ата – әжесінің, әке – шешесінің бір – бір киімін жабады. Ат жалын тартып мінсін деп – қамшы, ұйқысы көп болсын деп – қапшық іледі. Киім санын жетіге толтырады. Бесікті ат қып шабатын да ырым бар.

Бесікке салған адам да сыйақысыз қалмайды.

Бесікке байланысты ырым - тыйымдар:
Құр бесікті тербетпе.
Бесікті ашық қалдырма.
Сатып алсаң саудаласпа.
Өз балаңа бесік жасама.
Бесік сыйлағанды елеусіз қалдырма.
Бесікті пайдаланбасаң жоғары қойып, таза сақта.

Сәбиге тілек.
Тамсантқан ұрпақ
Аңсатқан ұрпақ
Уілдеп ән сап бесікте,
Періште қолын созады көкке –
Кіршіксіз – таза несіпке.
Періште қолға адал бол, тағдыр
Тілегін дәйім бере гөр,
Бесікке қарай келетін бақыт,
Адаса көрме, кешікпе.

Тыныштықпен бірге
Тыныш заманды
Тілеймін күнде ұрпаққа,
Күнәсіз сәби, күле бер сенде,
Талпынып күнге құндақта.
Немере өсіп, шөбере өсіп,
Азамат болып, жігіт боп,
Атадан қалған байтақ қоныста
Жетеміз биік мұратқа

Сәбиге бата беру.

Анасының аяулы
Жарып шыққан кемерін
Қадам басып өмірге,
Жас шыбықтай бүр жарып,
Жаңа жайған желегін
Торсық шеке, ақ маңдай
Өсе берсін бөбегің.
Өмірі ұзақ болсын деп,
Көңілі нұрға толсын деп,
Ақ батамды беремін.
Азамат боп ер жетсін,
Қиын кезде жолдастан
Аямайтын көмегін.

Хор. Сәби болғым келеді.

Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Қазағым «Тәрбие басы – тал бесік» деп бекер айтпаған. Ұлы жазушы М. Әуезов аталарың «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп өсиет қалдырған.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымыз сәбиіне сүйіспеншілігін қалай жеткізді, қандай тілек тілейді, нені арман етеді? Бесік жырына кезек береміз.
Бесік жырын оқу.
Бесік жырын біз әнмен жалғастырамыз.
Той ән жырсыз болған ба?

Ән. Бал – балалық.

Көркем сөз. М. Мақатаев. Бесік басында
Ән. Балдырғандар маршы.
Ән. Екеуміз әйбат боламыз.
Ән. Келші, келші балашым

Тақтамен жұмыс.
Мақал – мәтелдерге тоқталу.
Хор. Айгөлек.
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Бесік, Шілдехана, той
Просмотров: 195 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar