Тәуелсіздік - теңдесі жоқ байлығым! - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Тәуелсіздік - теңдесі жоқ байлығым!
24.09.2015, 15:47
Сыныбы: 7
Тақырыбы: Тәуелелсіз – теңдесі жоқ байлығым!
Мақсаты:
а) білімділік - оқушылардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің дамуы тарихы туралы танымдарын қалыптастыру.
б) дамытушылық – ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын дамыту.
в) тәрбиелік - Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктері туралы оқушылардың білгендерін ортаға салу. Оқушыларды туған жерін, елін, отанын сүюге, қорғауға, сақтауға, құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: қанатты сөздер, президент суреті, рәміздер, Қазақстан Республикасының картасы, слайд, шарлар.

Барысы:
Әнұран орындалады.
1. Ұйымдастыру кезеңі.
2. Кіріспе
3. Негізгі бөлім
І. Қазақстан – кеше ….
ІІ. Қазақстан – бүгін …
ІІІ. Қазақстан – ертең….
4. Қорытындылау («Суреттер сөйлейді» ойыны)

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында талай қанды қырғындарды, зорлық - зомбылықтарды көрді, қасірет шекті. Мысалы: жоңғар шапқыншылығы, ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы (1941 - 1945ж), және 1986 жылы болған «Желтоқсан оқиғасы». Бұл оқиғалардың себебін бір жақты қарап, бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Осындай ұлы қырғындардан кейін Қазақстан өз тәуелсіздігіне жетті. Биыл міне тәуелсіздігімізге 21 жыл толып отыр. Осы тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіз – теңдесі жоқ байлығым!» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
Әнұран орындалады.
І - жүргізуші:
Пай - пай, пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүбірлеп өткен жер!
Тұлпарлар дүрілдеп төккен жер,
Ғашықтар бір - бірін өпкен жер,
Сарылып сал сері кеткен жер,
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға,
Шүкірлік етемін қашанда,
Осы бір Отанда тұрғанға.

1 оқушы:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің.

2 оқушы:
М. Шаханов: «Төрт ана»
(Күй ойнап тұрады)
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт - санасы, тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі, қасіретті болса да,
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған,
Тамырсыздық басы қайда қалмаған.
Төрт анасын сыйламаған халықтың,
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана - тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы.

ІІ жүргізуші:
Тәуелсіздік алғалы 21 жыл ішінде Қазақстан Республикасының жетістіктері ғасырға пара – пар. Біздің халқымыз тарихтың қатпар - қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты талай тағдыр кешті.
Басталыпты алғашқы дәуір тастан,
Бабалар жазған бәрін дастан етіп.
Қазақтың бұрынғысын бір қайталап,
Ақтарайық тарихты әуел бастан.

І - жүргізуші:
Егемен елім десем сенім кіріп,
Бойымды билеп кетер сенімділік.
Ешкімге ауыстырмас алтын Отан,
Жырлаймыз қасиетіңді төгілдіріп.
Жақсылар жанын қиды қасіретпен,
Алаштың ерлері бар асыл өткен.
Арманым болмас еді туған елім,
Гүл жайнап қазақ болып тасып өтсем!
Арғы атамыз арыстандай сақтар да,
Ет жүрегі саған сырын ақтарған.
Сыр шертейін мына балғын ұрпаққа,
Сонау шалғай, сол бір шалғай шақтардан.
Иә, қайран қазағым, ұзақ уақыт «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген астарлы сөздің мәнін ұқсақ та ашып айта алмадық. Айту үшін тарихқа бойлау керек. Ол сөздің салмағын, маңызын егемендікке қол жеткенде түсіне бастадық.
Абзал халқым! Басыңнан не өтпеді сенің?! Ұлт болып шаңырақ көтерген дербес мемлекет болған ХV ғасырдан бастап, неше өліп, неше тірілдің. ХІV ғасырдың бас кезінде - ақ жөргектен шықпай жатып қазақ хандығы ірі жеңіліске ұшырап, халқы қырғынға ұшырады. ХVІІІ ғасырдың бас кезінде Жоңғар шапқыншылығы тұсында тарихта мәңгі аты қалған « ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» зардабы ше?
ІІ - жүргізуші:
Жаугершілік заманда халқымыздың арын ойлап, жер дауын, ел дауын әділ шешіп, қара қылды қақ жарған, елге тек бірлік, береке тыныштық тілеген айбынды да аруақты Төле би, Қазыбек би, Әйтек би ел тағдырына қатысты жайларға белсене қатысып, бәтуәлі істер тындырған.
Көрініс
Жоңғар хан ордасы. Қоңтажы хан тақта отыр.
Уәзір: Ләппай тақсыр! Қазақтар келіп тұр.
Хан: Кірсін! (Бір топ қазақ елінің адамдары кіреді.)
Хан: Йә, қазақтар! Неменеге келдіңдер? Айтатындарың болса, айтыңдар?
(Сонда қазақтардың басшысы болып келіп отырған Тайкелтір би асып айтпайтын кісі екен, «ә» дегеннен шарқылдасып, шаңқылдасып қайтеміз деген кісіше) Тайкелтір:
Өлеңді өзгеге бердік,
Өрлікті төменге бердік.
Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.
Берсең алдық, бермесең қалдық.
Сөзді өзіңе салдық! – деп, үш - төрт ауыз тақпақпен сөзді аяқтаған екен.

Хан: Олай болса, кешке шейін бір жауап қайырармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат - тонның амандығында елді тапқан да теріс болмас! (Тайкелтірдің төмендеп сөйлеген сөзіне мерейі үстем болып)
Қазақтардың арасынан ешкім ештеңе демеген соң, Қазбек орнынан атып тұрып, Бертіске жетіп барды.
Қазбек би: Ердің ерден несі артық,
Ептестірген сөзі артық.
Малдың малдан несі артық
Бір - ақ асым еті артық.
Жердің жерден несі артық,
Бір - ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден,
Шегінген жігіттен аштан өлген аюдың өті артық.
(Содан кейін, Қоңтажы ханға жетіп келіп, қарысып тұрып)

Қазбек би: Ел ебелек емес, ер көбелек емес, дат тақсыр!
Хан: Өй өзің жөніңді айт!
Қазбек би: Біз қазақ деген елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм - тұзды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ та, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз, сен Қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімсіз жабысқалы келгенбіз. Сен темір де, біз көмір еріткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт.
Хан: Балам, атың кім?
Бала: Атым Қазыбек, әкем Келдібек би, ұлтым қазақ, руым қаракесек.
Хан: «Мен хан болғалы ешкімнен жеңіліп көрмеп едім. Сенің сөздерің өңменімнен өтіп, саған қарсы тұра алмадым. Ендеше, дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, есімің қаз дауысты Қазыбек боп қайта жаңғырсын.
Хан шапалақ ұрады.
Уәзір: Ләппай тақсыр!
Хан: Қамаудағы қазақтарды босатыңдар, малдарын қайырып беріңдер!

3 - оқушы: Жалғанның жартысындай қазақ елі
Алғандай көздің жауын сұлу жері
Ақ пейіл, дархан көңіл халқымыз бар,
Болғанда бірі сері, бірі батыр.

Әз бабам, азаттықты аңсап өткен,
Ел үшін талай саңлақ шахид еткен.
Солардың құдіретті ой - арманы,
Таңы боп тәуелсіздік бізге жетті.

І - жүргізуші: Ұлы Отан соғысы жылдарынан жырлалық.
Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін.
ІІ - жүргізуші:
Ия, бұл ұлы Отан соғысы жылдарындағы бүкіл халықтың жүрекжарды ұраны еді.
І - жүргізуші:
Қашан да өршіл, намысқой, ержүректік қасиетті биік ұстайтын қазақ халқы осы Ұлы Отан соғысы жылдарында аянбай шайқасты.
ІІ - жүргізуші:
Соғыс жалмап аға - іні, бауырды,
Зар жылатты тыныш жатқан ауылды.
Жалғызынан айырыпты ананы,
Әкесінен айырыпты баланы.

І - жүргізуші:
«Нашақор» деп, «Ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір түнде,
Қайғыға халық батқан күн.
Озбырлық күштен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер – Қайрат қыршын кеткен күн.

ІІ көрініс
(Күніренген музыка жәй ойнап тұрады. Темір тор. Қайрат ауыр ой үстінде)
Милиционер келіп: - Айыпкер Рысқұлбеков кездесуге!
Қолыңды артыңа ұста!
Жүр!- дейді.(Сахна ортасында стол. Екінші беттен жылап анасы шығады. Екеуін бір - біріне жақындатпайды. Столдың екі басына отырады.)
Анасы жылап: - Қарағым - ау, балапаным - ау! Не күйге душар болғансың, балам - ау?

- Мама, жылама! Менің еш кінәм жоқ. Маған тергеуші 4 мың сом берсең ісінді жеңілдетемін дейді. Мен сіздерден босқа ақша алып қиналдырғым келмейді.
- Балам - ау, оны білмей отыр дейсің бе? Жанымды шүберекке түйіп осы кездесуге әрең жеттім емес пе? Мойыма, шындық жеңеді деп сен!
- Мама, сол шындыққа жете алмай кетем бе деп қорқамын. Жасамаған қылмысымды мойында деп қорлық көрсетіп ұрып - соғуда. Сау жерім қалмады.
(Сөзін аяқтатпай милиционер:)
- Кездесу аяқталды! Камераға жүр!- дейді
(Кетіп бара жатып Қайрат:)
- Мама, мен жаламен кетіп бара жатырмын!
(«Желтоқсан желі» күңірене музыка ойнайды. Анасы жылап, сахнадан шығады. Темір тордан қос қолдап ұстаған Қайрат:)
Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақсауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр.
Сөйлесем дауысым жетпейтін
Кез болдың мынау заманға,
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!
Қош аман бол, артымда
Ағайын - туған азамат!
Артымда қалған ата - анам,
Ел - жұртым саған аманат!

ІІ - жүргізуші:
«Қазақстан» әні, қабыл алыңыздар!
І - жүргізуші: «Тәуелсіздік шежіресі». (оқушының жобасы слайд арқылы)

Көтерді шаңырақ Астанам асқақ,
Жаңарып қалам, жасарып далам!
Басыңнан серіп бостандық жүгін,
Кетпейді ойдан Отандық ұғым.
Арыстан жүрек, айбынды елім,
Таниды сені бар әлем бүгін!

1989 жылы 22 қыркүйекте - тіл туралы Заң қабылданды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.
Тәуелсіз мемлекетпіз – Қазақстан
Біздерді басқармайды ешкім тыстан.
Оңайлықпен келген жоқ теңдігіміз
Аман қалған халықпыз қырылыстан.
1991жылы 1 желтоқсанда Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Сайлауға 10 миллиондай қазақстандықтар қатысты.
Ата - бабам тұлпар мініп, ойқастап,
Әрбір сөзі кезек - кезек ой тастап,
Тәуелсіз ел Президенті сайланды,
Қазағымның Нұрсұлтаны ел бастап.
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Егеменді ел болдық алға басып,
Мерекені қазақ тойлар асып - тасып.
Төрткүл дүние өзіңді танып отыр,
Мойындаттың тарихың мен даңқың асып.
29 тамызда - Семей полигоны жабылды.
10 желтоқсан – Н. Ә. Назарбаев мемлекетімізге Қазақстан Республикасы атауын беру туралы заңға қол қойды.
17 желтоқсан – Демократиялық жаңарту күні деп жарияланды.
21 желтоқсан – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.
2 қазан – қазақ тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
1992 жылы 2 наурыз – Қ. Р. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды.
14 шілде – «Бөбек» қайырымдылық қоры құрылды.
8 мамыр – Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлыққа қол қойды.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы қабылданды.
30 қыркүйек – 3 қазан аралығында Алматы қаласында қазақтардың бірінші дүниежүзілік құрылтайы болды.
11 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Әнұраны қабылданды.
1993 жыл 28 қаңтар – Қазақстан Республикасының алғашқы Конститутциясы қабылданды.
15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы теңге айналымға енгізілді.
1994 жыл – екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.
1995 жыл 16 тамыз – ЮНЕСКО көлемінде А. Құнанбаевтың 150 жылдығы тойланды.
30 тамыз – Қазақстан Республикасының жаңа Конститутциясы қабылданды.
25 ақпан – Ұлыбританияның астанасы Лондонда Абай үйі ашылды.
1997 жыл – «Жаппай қуғын - сүргінді еске алу жылы»
10 желтоқсан – астанамыз Ақмола қаласына көшірілді.
1998 жыл – «Халықтар бірлігі мен ұлттар тарихы» жылы. ЮНЕСКО көлемінде М. Әуезовтің 100 жылдығы тойланды.
6 мамыр - Ел астанасы Ақмола қаласына Астана деген ат берілді.
10 маусым - жаңа астананың ресми тұсаукесері болды.
1999 жыл – «халықтар бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығы жылы».
Қаңтар – Бүкіл халықтық Президент сайлауы болды.
11маусым – Қазақстан Республикасының «Білім туралы»заңы жарияланды. Қ. Сәтбаевтың 100 жылдығы тойланды.
2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылы» ЮНЕСКО көлемінде Ж. Жабаевтың 150 жылдығы аталып өтті.
2002 жыл – «Денсаулық жылы».
23 қазан – Түркістанда қазақтардың ІІ құрылтайы болды.
2002 - 2005 жылдар – «Ауыл жылы»
2004 жылы13 қаңтарда ҚР президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулыға қол қойды.
2005 жыл 18 ақпан – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
4 желтоқсан – Бүкілхалықтық Президент сайлауы болды.
21желтоқсан – Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта білім беруге тұжырымдамасы.
2006 жыл 6 қаңтар – Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны қабылданды.
11 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті.
1 наурыз – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
12 қыркүйек – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі өтті.
2008 жылы Астананың сол жағалауындағы әсем де зәулім ғимараттар қатарын «Қазақ елі» монументі толықтырды.
2010 жылы - ОБСЕ
2011жылы АЗИАДА – 2011 олимпиада ойындары өтті.
Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,
Болашақтың қасиетті көзіміз.
Барлық ұлтпен бауырласып жетерміз,
Ақ - қараны тіреп тұрса сөзіміз, - дегендей Қазақстанда бейбітшілік, елімізде тыныштық болып, егеменді еліміз ұзағынан болсын деп тілейміз, елімізді дамытатын, біздер бүгінгі оқушылар болсақ, ертеңгі Қазақстанның болашағымыз.
5 - оқушы:
Бойымда жігер тұрғанда сенім,
Жалындап өтем жолыңда сенің!
Өзіңсің мәңгі бақытым, барым,
Аяулы Отан, ардақты елім.
Болашақ саған қол созған бүгін,
Ерікті елміз еңсесі биік.
Көк туың көркем, жібектей ғажап!
Қазақстан Республикам менің.
6 - оқушы:
Көп ұлтты елім, гүлденіп өскен,
Тыныштық тілеп, бірлігін сақтар.
Түсініп терең өмірдің мәнін,
Жалынды жастар, сендерсің сәнім!
Шырқалсын шаттық әнұран әнім!
Отаным - ордам, Отаным - анам!
7 - оқушы:
Халқым айтқан жер көтерер ер даңқын,
Елім айтқан ер көтерер жер даңқын.
Президентім аман болғай әрқашан!
Мәңгі жаса, мәңгі жаса өр халқым!
8 - оқушы:
Тауымыз бар таңырқатқан шыңымен,
Ұл - қызындай даламыз бар ұлы кең.
Алдарыңа басымды ием әрқашан,
Қазақстан Республикам менің!
Мұғалім: Тәрбие сағатымызды «Суреттер сөйлейді» ойынымен жалғастырамыз. Ойын шарты экраннан сұрақ жасырылған ұяшықтар шығады, оқушылар өздері таңдаған сұрақтарға жауап береді.
І жүргізуші:
Елімізде әрқашан береке - бірлік болсын деген ниетпен «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!» атты тәрбие сағатымызды аяқтауға рұқсат етіңіздер!
Назарларыңызға рахмет!
Ән: «Көк тудың желбірегені!»
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: жоқ, Теңдесі, Тәуелсіздік, байлығым!
Просмотров: 356 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar