Жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен
24.09.2015, 15:07
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы, Қазалы ауылы,
№100 орта мектебінің жоғары санатты химия пән мұғалімі
Нұрмашева Жазық Әлімбетқызы

Сабақтың тақырыбы:Жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен
Барысы:
Армысыздар ардақты ұстаздар, құрметті қонақтар, оқушылар. Бүгінгі «Жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен”атты тәрбие сағатымызды қазақтың бір туар ұлы перзенті Ғани Мұратбайұлына арналады.
Ғани сөзі: ТҰМАН ЕДІ. . . . . . .
Түн еді, ертең еді. . . . .
Түнек еді, өскенге дерт - өлеңі. . . . .
Өзгертті де дүние ел шемені,
Өр сапарға шақырды ерте мені.

Мұғалімнің сөзі: Жасынның жарқ еткеніндей ғана ғұмыр кешкен Ғани жиырма үшке де толып үлгермей өмірден өтті. Ол жымия күлген бойы жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын аттады.
Ғани-ғұмыр. Ғани –Ғасыр.
Ғани, ол кім еді? Бір сәт өткенге көз жіберіп көрелікші.
Бала даусы: Мұратбай аға, Бәтима жеңешем ұл туды. Сіз ұлды болдыңыз. Сүінші, Сүйінші!
Мұратбай : Айналайын, Сүйіншің дайын.
Қалағаныңды ал. Бұл нәресте –менің көптен күткен қуанышым, атын татар тамырымның құрметіне Ғанибай қоямын.
Мұғалімнің сөзі: Бұл қуаныш 1902 жылы 3- маусымда болған еді.
Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалының киелі топырағында айналаны шаттық –думанға бөлеп Ғани дүниеге келді. Әрине, ол кезде Ғаниды шығыстың болашақ жаужүрек жалынды ұланы болатынын ешкім білген жоқ. Алаулаған таңның алабұртып атып келе жатқанын Табиғат- Ана сезгендей, төңірекке күншуағын төгіп, мейірлене қарап тұрған еді.

Халқымның қадірлі ұлы Ғани еді,
Анадан адал туған алып еді.
Шығыстың жарқыраған шолпанындай,
Жігері лаулап жанған жалын еді.

Орта Азия мен Қазақстан жастарының хх ғасырдағы жалынды жетекшісі, өз заманының патриоты, көрнекті қоғам қайраткері, Қазалы топырағының даңқты перзенті Ғани Мұратбаев Қызылорда обылысы , Қазалы ауданындағы қазіргі өз атымен аталатын ауылда осылай дүниеге келді.
Мағжан: ( Ғани)Апа, оқығым келеді. Әкем менің оқып, азамат болғанымды қалапты ғой.
Анасы: Иә құлыным, әкең сенің оқығаныңды армандап кетті ғой. Оқу жасынан өтіп те кеткен сияқтысың. Биыл күзден бастап сені оқуға берем, қазақ балаларының саны жетіспей тұр дейді.

1911 жылы анасы Бәтима Ғаниды Қазалыдағы орыс-түзем мектебіне оқуға берді. Ғанидың басына біткен жігер –күш пен ақыл – парасат қаршадайынан халықты өзіне қаратты. Ғани мектепте оқып жүргенде-ақ уезд басшыларының көзіне түскен ол 1917 жылдың күзінде, яғни , он бес жастан сәл асқанда Революциялық кеңестің құрамына алынды.

Жүрегі асау тайдай тулаған сергек сезімді жас жігіт алыс армандарға ұмтылды.
Көрініс: ”Біздің Ғани. ”
Мұғалім: Ғани 1918 жылы сол кезде Орта Азиядағы оқу-білімнің, мәдениеттің ордасы Ташкенттен бір-ақ шығады. Содан бастап оның қоғамдық-саяси бағыттағы қызметі басталады. Қазақ институты жастарының комсомол ұйымын ашады. Ташкентте қаңғып, ұрлық қып, қайыр тілеп жүрген жетім балаларды жинап интернатқа орналастырады.

Оның осы еңбегін ақын Ілияс Жансүгіров кейін:
Жинауға жалпы жасты “жаман- жұман”,
Жұртыңнан арылтуға ауыр тұман,
Жасыған жас жұртыңа көсем болып,
Майданға түсіп едің, Ғани ұлан, - деп жырлады.
Оқу мен қызметті ұштастыра білген Ғани бас-аяғы жеті жылда қатардағы комсомол мүшесінен Бүкіл Түркістан жастарының жетекшілігіне дейін көтеріледі.

Гүлдана:1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, Училище комсомолдары Ғаниды комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Бірер жыл қалалық , уездік комитетте жұмыс істеді. Жетісу аймағының педагогикалық курсында сабақ беру мақсатында Верный қаласына жіберілді, нәтижесінде Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды.

Жетісу облысы және Ташкент, Самарқан, Верный қалалары комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. ТКЖО-ның Орталық басшы органдарында қызмет атқарумен қатар Ғани Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған№14 интернаттың директоры болды. Бір сөзбен айтқанда Комсомол ұйымы жұмысының жандануына Қазалының өз түлегі, шығыс жастарының жалынды жетекшісі атанған – Ғани Мұратбаевтың ықпалы зор.

1920 жылы Түркістан комсомолының 3-съезінде ОК мүшелігіне сайланып, қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарды.
1921 жылы алдымен Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-ның бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы жылы 22 наурызда Ташкентте ТКЖО ОК –нің тілі ретінде «Жас Алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болды

Әселхан:1922 – 24 жылдары РКЖО-ның 5-съезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1924 – 25 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3 – 4-конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды. Мұратбаев Хорезм республикасының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Қазалы қаласында мемориалдық мұражайы ашылды. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.
Ерғазы:1923 жылы Ғани Қазалыға келген кезде 23 наурыз күні өтіп жатқан жастар конференциясына қатысып, сөз сөйледі. Комсомол жастар мен оқушылардың бұқара халық арасында сауатсыздықты жою, клубтар ашу, көшпелі ауылдарды қамқорлыққа алу мақсатында жүргізетін жұмыстарының мәнісін түсіндірді.

Мұғалім: Көктем еді ау, күлім қаққан атып таң
Қылығымен сыр да омырау ағытқан
Жарқын сезім жағасында жастықтың
Өмірлік дос, жары ару Бақытжан.
Ғани мен Бақытжан 1924 жылғы 16 қазанда некелескен. Заңды неке №64 жазбамен Қазалы қаласында тіркелген.
Қайтпас қайсар мінезді жігіттің жары болған Бақытжан әжеміздің әңгімесіне құлақ асайық.
Әлия:(Бақытжан әжей)

«- Мен елден ерекше көрікті де болғам жоқ. Оның үстіне білім алып та жарытпаған кезім. Шамасы, жастар жиналған жерде өткір пікір айтып көзге түссем керек. Мәжілістен соң өзі келді. Әңгімеміз бірден жарасты. Ұзамай бірлесіп отау құрсақ деген ниетін аңғартты. Мен не дейін? Қазақтың ең сымбатты жігіті көңіл білдіріп тұрса. . . Күзде Қазалыда той жасадық. Бір-екі ай тұрған соң Мәскеуге кеттік. Ғаниды сол кезде-ақ ауру айналдырып жүр екен. Қазалыға келгенде жүдеулеу көрінген. Елде болған бірер айдың ішінде ет жеп, қымыз ішіп, едәуір тыңайып қалған. Мәскеуден шақырту жеткенде емдеуші дәрігері Обинарович: тым болмаса, бір жылға жуық осында болшы, науқасыңнан құлан-таза айықтырамын», - деп жата кеп жалынды. Обинарович қолы шипалы, білікті дәрігер болатын. Оның үстіне Қазалының қымызын бір жыл ішкен адамның кез-келген аурудың құрсауынан аман шығары анық еді. Бірақ оған Ғани көнді ме?»(көзіне жас алу)

Айгерім: Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшісі, шығыс жастарының ұйымдастырушысы болған белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев есімі елге ғана емес, әлемге белгілі. Ол өз басына дарыған жігер-күш пен ақыл-парасатын шығыс халқының кемел келешегіне бағыттады. Сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, он бес жасар баланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тектен-тек болмаса керек. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, намыс пен жігерге, ойы ақыл мен парасатқа толы Ғани шығыс жастарының кемел келешегі үшін өмірін сарп етті.

Мұғалім: 1925 жылы 15сәуірде. асқынып кеткен өкпе дерті жас Ғаниды мәңгілік сапарға аттандырды. Өзекті өртеген өкініштің осынау дерті қазақ жұртының, оны айтасыз, бүкіл Шығыс халқының жүректеріне жазылмас жара салған. Мәскеу тұрғындары мәңгілікке кете барған Ғаниды үш күн аза тұтты. Балтық теңізінің 200 жауынгері құрметті қарауылда тұрды. Ғани Мәскеу орталығындағы Ваганьков зиратына жерленді. Осыдан-ақ Шығыс шам¬шырағы – Ғанидың өмір жолы кейінгі толқынға ұлағат болатынына ешқандай күмән келтірмес. 1978жылы бейіт басына Қазақстан Жастар Одағы ескерткіш орнатты.
(Бейнероликті қосу Ғ. Мұратбаев зираты жанында. )
Фариза: 23 жыл ғұмыр кешкен Ғани соңына рухани мол мұра қалдырды. Оның от жалынға оранған қайрат-жігері, болашақты болжауы, көрегендігі, іскерлігі, бойында ұйымдастырушылық, шешендік, табандылық, әділдік, адалдық, шыншылдық, әлсіздерге қамқорлық сияқты асыл қасиеттер тоғысқан тұлға өнегесі - ұрпақтарға ұлағат болар мәңгілік мұра.

Қайтейін, қайран Ғани қыршын кеткен.
Жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен
Қазақы қараша үйден көтеріліп,
Жарқырап жұлдыз болып тұрсын көктен.
Мұғалім: Сендер де өз заманының жалынды күрескері, тәуелсіз еліміздің тірегі, қайтпас қайсар қорғаушы күші болады деп сенемін.
Орындалды арман еткен тілегі,
Жалын атқан Қазалының түлегі
Жүз онда да тоқтамастан соғып тұр,
Жиырма үштегі жас Ғанидың жүрегі.

Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: жүрегін, дүрсілдеткен, жұмыр, Жердің
Просмотров: 113 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar