Жаңа жыл кешінің бағдарламасы - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Жаңа жыл кешінің бағдарламасы
24.09.2015, 10:10
Армысыздар, қадірлі ата-аналар, қымбатты ұстаздар, аяулы оқушылар!
Жаңа жыл кешін ашуға рұқсат етіңіздер!
Қызығын да, қиындығын да көлденең тартқан 2012-ші Ұлу жылы аяқталуға да аз уақыт қалды. Өмірімізге енейін деп тұрған 2013-шы Жылан жылы табалдырықтан аттайын деп тұр.
Олай болса, Жаңа жыл баршаңыздың отбастарыңызға денсаулық пен бақыт, береке мен бірлік, жақсылық пен қуаныш әкелсін.
Ортамызға бүгінгі кештің иелерін шақырайық. (Залға 11, 10 сынып оқушыларын жай музыка ырғағымен қолдарына бенгаль оттарын ұстап кіреді, шыршаны айналып дөңгеленіп вальс билейді.)

1-жүргізуші: Армысыздар, оқушылар, ұстаздар,
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, сіздер үшін ән де бүгін шырқалар.

2-жүргізуші: Хош келіпсіз ақ пейілді, ата-анам,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамған.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз алаңсыз, балғын шақты ұл-қыздар.

1-жүргізуші: Таусылмасын! Ағытылсын ой көші,
Ағайындар, қысылмастан сөйлеші.
Ақ тілекті ағытып бір бастайық,
Бүгінгі кеш-Жаңа жылдың той кеші.

2-жүргізуші: Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Таусылмасын Жаңа жылдың думаны,
Құтты болсын Жаңа жылың, ағайын.

1-жүргізуші: Аталы сөз-баталы сөз.
Асқар тауда асыл көп, аталы сөзде ақыл көп,- демекші, сөз кезегін үлкен кісілерге бермекпіз.

2-жүргізуші: Ағалар-ай, ақ жүзін самал өпкен,
Еңбегің ғой еліңе бағалы еткен.
Аянбай жасап жүрген қызметіңіз
Қамқорлық деп білеміз бізге еткен,- дей отырып, құттықтау сөзді __________________________________ ағайға бермекпіз.
Ән-шашу «Жаңа жыл»
1-жүргізуші: Өз перзентін асылым мен алтыным, жасыл желек жарқыным, аспандағы жұлдызым, маңдайдағы құндызым деп перзентінің тілеуін тілейтін ата-анаға берелік.

2-жүргізуші: Дүниенің жарық күні – анамыз,
Жарық күннен қуат алған санамыз,- дей келе, 10, 11сыныптардың ата-ана комитетінің төрайымдарына сөз кезегін бермекпіз.
1-жүргізуші: Сіздердің назарларыңызға мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелерінің орындауында «Асыл әжем».
2-жүргізуші: Жаңа жылды бастайық ән мен жырмен,
Жылан жылын ашайық шашу бимен.
Олай болса кезекті биге беріп,
Қошеметпен шақырайық бишілерді.
1-жүргізуші: Би «Қара жорға», орындайтын 10 сынып оқушылары.
2-жүргізуші: Ал, кәнеки, тойға келген халайық,
Шалқытайық, шаттық әнге салайық.
Ұстаздар мен ата-ана жарасты,
Балқыта бір билеп-билеп алайық.
1-жүргізуші: Тоқта, тоқта, біз әлгі Аяз-ата мен Ақшақарды шақырып алайық. Қане бәріміз шақырайық оларды: Ау-у-у-у-у-у, Аяз-ата...(Аяз-ата мен Ақшақар кіреді. Олармен бірге сайқымазақтар, Жаңа жыл келеді.)
Көрініс.( Орындайтындар: сайқымазақтар, Ескі жыл, Жаңа жыл, Аяз-Ата, Ақшақар.)
2-жүргізуші: Құрметті Аяз-Ата, Ақшақар, Жаңа жыл, қош келдіңіздер! Сіздерді көрмегелі бір жыл болды, сағынып та қалдық. Біздің әнші, биші ұл-қыздарымыз өздеріңізге өнерлерін көрсетсін, төрлетіңіздер.(Балалар өнерлерін көрсетеді)
1-жүргізуші: Елдің жырын жырлаған,
Қайғысында толғаған.
Домбырасыз ешқашан
Жүрекке ем қонбаған.
Ән мен өлең, тәтті күй
Әр жүректі қозғаған,- дей келе, кезекті концерттік бағдарламаға берелік:
1. Оқушылар ән, би, ойын, көрініс, пародия, күлкі керуен орындайды.
2. Лотерея ойыны ойнатылады.
3. Диско-шоу.
2-жүргізуші: Біз тілейміз Жаңа жылда шаттықты!
1-жүргізуші: Біз тілейміз Жаңа жылда бақытты!
2-жүргізуші: Біз тілейміз Жаңа жылда достықты!
1-жүргізуші: Тілейміз біз баршаңызға жақсылық,- дей келе, құрметті халайық, жасыл шыршамен қоштасайық.
2-жүргізуші: Көріскенше күн жақсы болсын, ағайын! Сау болыңыздар!
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: кешінің, жаңа, жыл, бағдарламасы
Просмотров: 139 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar