Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейіік - Тәрбие сағаты - Ұстаздарға көмек - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұстаздарға көмек » Тәрбие сағаты

Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейіік
24.09.2015, 15:46
Тақырыбы: «Жол тәртібін білейік, аман - есен жүрейік»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік:
Жолда жүру ережесін есте сақтауға, оқушыларға жол белгілерін неше түрі бар, оны білу не үшін қажет, бағдаршамның, жол белгілерінің атқаратын қызметі қандай екенін үйрету.
Дамытушылық:
Жол ережесін есте сақтау қабілетін, қызығушылықтарын арттыру.
Тәрбиелік:
Барлығымызға ортақ қойылған тәртіпті бұзбауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: ашық тәрбие сағаты, сайыс сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ - жауап, рөлдік ойын, әңгімелеу және т. б.
Көрнекілігі: Бағдаршам, жол белгілері, жолда жүру әліппесі, жол ережесіне арналған суреттер.

Сынып оқушылары үш топқа бөлінеді: қызыл түсті белгісі бар оқушылар – «Қызылдар», сары түстілер - «Сарылар», жасыл түстілер – «Жасылдар».

Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру бөлімі.
Мұғалім: Біздің елімізде әр түрлі көліктер жылдан - жылға көбейіп келеді. Жаяу адамдар мен көліктегі жолаушылар саны да көбейе түсуде. Көшелер мен жолдардағы жағдай барған сайын күрделеніп келеді. Жол - көлік оқиғаларының қаупі арта түсуде. Сондықтан да жүргізушілер мен жаяу адамдардың көшелер мен жолдарда ерекше тәртіпті және мұқият болуы қажет. Жол - көлік оқиғаларының зардабынан көбіне балалар зардап шегуде. Оның себебі – көптеген мектеп оқушылары жолда жүру ережелерін әлі де болса нашар біледі. Міне, осы мақсатта біздің сыныбымызда бүгін «Жол тәртібін білейік, аман - есен жүрейік» атты жол ережелеріне арналған тәрбие сағатын өткізбекшіміз. Ендеше, қош келдіңіздер!

Мұғалім: Бүгінгі шарамызға қатысатын топтарды таныстырайық. Қызыл түсті белгілері бар «Қызылдар», жасыл түсті белгісі бар топ «Жасылдар» және сары түстілер – «Сарылар» тобы. Әр топ өздерін таныстырады:
«Қызылдар» тобы:
Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға.
«Сарылар» тобы:
Сары көзін ашқанда
Қарап қалма аспанға.
«Жасылдар» тобы:
Жасыл көзін ашқанда,
Жүре бергін, жасқанба!

Мұғалім: Қызыл жанды, тоқтағын,
Көрдің жұрттың тосқанын.
Сары жанды – дайындал
Айналаңа қарап ал.
Жасыл жанды – тыңдағын
Жолың ашық, тұрмағын.
Балалар, бүгінгі кешіміздің ең басты қонағы – Бағдаршамды ортаға шақырамыз.
(Ортаға Бағдаршам болып киінген оқушы шығады.)

Бағдаршам: Сәлем, балалар! Мені барлық елдің балалары жақсы біледі. Бүгін сендерге арнайы келдім.
Жүргізуші: Қош келдің, Бағдаршам! Бүгінгі айтар әңгімеміздің бәрі саған қатысты болмақ, сондықтан да бізбен бірге бол.
Бағдаршам: Мен сендерге қояр сұрағым бар. Сендерді тексерейін. Жауабын кім айтар екен?
Көше ортасын айналдырып футбол тебер алаңға,
Көрдіңдер ғой ұмытқаны ережені, далаңдап.
Ал, кәнеки, үйренейік бәріміз де жүру тәртібін.
Ережені жақсы білер, жатқа білер кім мұны,
Кім айтады жол белгісі неше топтан тұрады?
(Оқушылар жауабы: 7 топтан тұрады)
Бағдаршам:
Тұрамын көшенің қиылысын тұрақтап,
Қашпаймын мүдіріп, ешқандай сұрақтан.
Белгісі жолдардың төрт топтан тұрады,
Жарқырап көрінер түнде де жырақтан.
Мұғалім: Жарайсың, Бағдаршам! Ал енді сұрақ қойып топ мүшелерін тексеріп көрейік.

І бөлім: «Сәлем - сөздің анасы»
«Қызылдар» тобы:
Арманға алды күткен асығамыз,
Біз қалай толқын артпай басылармыз.
Жолда жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтыққа тұра алатын жас ұланбыз.

«Жасылдар» тобы:
Жалғайтын достастырып бар әнменен
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға
Ойынымыз басталады сәлемменен.

«Сарылар» тобы:
Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да.
Жолда жүру ережесі заңды тәртіп -
Ол отақ - үлкен, кіші, баршамызға!

ІІ бөлім: «Викториналық сұрақтар»
1. Қоғамдық транспорттан шыққаннан кейін көшеден қалай өту керек?
2. Жол таңбасы қандай екі түрге бөлінеді?
3. Жаяулар өтпесі қалай белгіленеді?
4. Бағдаршамда сигналдар қалай орналасқан?
5. Жол белгілері қандай топқа бөлінеді?
6. Балалардың суреті салынған белгі қайда орнатылады?
7. Оқушылардың велосипедпен көшеде және жолда қай жастан жүруіне рұқсат етіледі?
8. Велосипедпен жолға шығарда нені тексеру қажет?
9. Көшеден, жолдан қай жерде өтуге болады?
10. Габариттік оттар қай кезде жанады? (фарлар)
11. Жүргізушілер сыртқы жарық приборларын не үшін қосады?
12. «Тротуар» деген сөз нені білдіреді?
(Дұрыс жауап берген топқа өздеріне сәйкес келетін түстен жетондар беріледі.)

ІІІ бөлім «Бағдаршам – жол атасы»
Жүргізуші: Жарайсыңдар. Жол ережесіне қатысты сұрақтарға ең көп жауап айтқан …. топ мүшелері. Құттықтаймыз! Ал енді әр топтың үй тапсырмасын тексерейік. Бағдаршам туралы деректер дайындау керек болатын, ендеше, тыңдалық.
«Қызылдар» тобы: Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болды. Оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған. Ал оны көше қозғалысына ыңғайлап, қайта жасаған ағылшынның инженер - механигі Д. Найт болатын. Ол 1868 жылы Лондондағы парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты. Алдымен түрлі - түсті сигналдар қайыс берілістің көмегі арқылы өзгертіліп отырды. Сосын аппарат ортасына газды шам орнатылды. Өкінішке орай, бірде газ жарылып, кезекте тұрған полицей қаза болады. Содан бағдаршам жарты ғасыр бойы ұмыт болады.
«Сарылар» тобы: Бағдаршам тек 1914 жылы Американың Кливленд қаласында, сосын Нью-Йорк, тағы басқа қалаларында қайта пайда болды. Бұл жолы олар электрлі болды. Тек екі түсті ғана, қызыл және жасыл. 1918 жылдан бастап қана үш түс қолдана басталды.
«Жасылдар» тобы: Кеңес Одағы бойынша алғаш рет бағдаршам Мәскеу қаласында 1924 жылы Кузнецк көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысынан орын алды. Бағдаршамдағы түстер бекер таңдап алынбаған. Қызыл түс қауіп ұғымын білдіреді. Сосын бұл түс күндіз де, түнде де, тұман мен жауынды күні де жақсы көрінеді. Жасыл түс қызыл түстен айқын ажыратылады. Сары сигнал – негізі қызыл мен жасыл түстердің арасындағы айырым белгісі.

ІV бөлім «Жол белгілері»
Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар! Үй тапсырмасына өте жақсы дайындалып келіпсіңдер. Ал енді кезекті жол белгілеріне береміз. Әр топ белгілерді таңдап, сол белгілер туралы айтып шығады.
Тақтада қызыл түспен «Ескерту белгілері», жасыл түспен «Тыйым салу белгілері» және сары түспен «Міндеттеу белгісі» деп жазылған сөздер ілінеді.

1 - топ: Ескерту белгілері Қолына айналасы қызыл жолақпен көмкерілген сары түсті тең қабырғалы үшбұрыш ұстаған топ басшысы:
Қып - қызыл үшбұрыш,
Ескерту белгісі мен болам.
Қауіптен сақ бол деп,
Сәт сапар жолдаған.
Аман - сау жүреді жаяу да, көлік те,
Мен берген белгіні сақтаған, қолдаған.
Үшбұрышты қызыл бояу – мен көрінсем абайла!
Жол бойында қауіпті түс алдан шығар дегенді айтар ескерту белгісі.
(Қалған топ мүшелері басқа ескерту белгілерін көрсетіп таныстырады.)

2 - топ: Тыйым салу белгісі. Қолына қызыл жолақпен көмкерілген сары түске боялған дөңгелек қалқаны бар топ басшысы:
Қызылмен боялған, шеңберім аумақты,
Тыйымшыл белгімін, қаталмын салмақты.
Мен тұрған жерлерде хақың жоқ жүруге,
Қауіп бар, бағдарла көз салып жан - жақты.
Дөп - дөңгелек қызыл шеңбер, мен көрінсем «Тоқта қане» деп жар салар тыйым салу белгісі.
(Топ мүшелері тыйым салу белгілері туралы айтады, таныстырады.)

3 - топ: Көрсеткіш белгісі. Қолында көк түсті дөңгелек қалқаны бар топ басшысы:
Белгімін көрсетер жылдамдық бағытты,
Міндетті бұрылыс, әйтпесе қауіпті.
Барлығын айшықтап тұрамын жолыңда,
Абай бол, тартуымды міндетті орында!
(Қалған топ мүшелері басқа белгілерді таныстырады.)

V бөлім «Жұмбақтарды шешу»
1. Ала таяқ ұстаған,
Жол тәртібін нұсқаған
Өміріңді күзеткен,
Ысқырықпен түзеткен. (милиционер)

2. Көше бойлап аяңдайды,
Адам тасып аялдайды. (автобус)

3. Көліктің қаншасын үстінен өткізген,
Іргеден басталып алысқа жеткізген. (жол)

4. Жоқ өзінде бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та. (бағдаршам)

5. Екі аяқты, бір басты,
Жүгіреді тым қатты. (велосипед)

6. Өзі тым күшті,
Аяғы тісті. ( трактор)

7. Төрт аяғы домалақ,
Адамсыз жүрмейді. ( машина)

8. Екі ағасы қашады,
Екі ініс қуады. ( машина дөңгелектері)

9. Бір тұлпар су ішпейді, жем жемейді,
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес жануарға жүз адам да,
Шылбырын сымға байлап тез жөнейді. (трамвай)

10. Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
Табыңдаршы балалар
Бұл жұмбақтың шешуін. (жол)

VІ бөлім «Ойлан, тап»
Жауабы: Жолда жүру ережесі

VІІ бөлім «Әдептілік әліппесі»
Мұғалім: - Балалар енді мен сендерге мынадай жұмбақ - әңгіме оқып берейін. Шешуін өздерің айтыңдар.
Алмас көшеде анадай жерде өтіп бара жатқан жүргіншіге:
-«Айтыңызшы, сағат қазір қанша?» - деп айқайлады.
Ол жүргінші уақытты айтқан соң, алмас бұрылып жөніне кетті. Бала бөтен адаммен қарым - қатынасында бірнеше қателік жіберді. Осы қателіктерді кім табады?
Жауабы:
1. Көшеде айқайлап жөн сұрамау керек!
2. «Сағат қанша?» емес, «Уақытты айтып жіберіңізші» немесе «Сағат қанша болғанын айтыңызшы» деп сұрауы қажет.
3. Алдымен кешірім өтінуі керек.
4. Алмас ол адамға «Рахмет» айтуды ұмытты.

VІІІ бөлім «Жағдаяттарды шешу»
«Қызылдар» тобы:
Ержан жол жиегінде доппен ойнап жүреді. Добы жолға домалап кетеді. Ержан добын алмақ болып машина жолына жүгіреді. Машиналар сигналы естіледі. Ержан добын тастай қашады. Ержанның әрекеті дұрыс па? Ол қандай шара қолдану керек еді?
«Жасылдар» тобы:
Бағдаршамы жоқ көшеде жолдан екі бала өтпек болады. Бірі жолдан жан - жағына қарамастан, асығыс жүгіріп өтеді. Екіншісі алдымен сол жағына, сонан соң оң жағына қарап өтеді. Кімнің әрекеті дұрыс? Жолдан қалай өту керек?
«Сарылар» тобы:
Сіз жолдан өтейін деп тұрсыз. Бағдаршамның жасыл түсі жанбай жатып қасыңызда тұрған бірінші сынып оқушысының машиналар зулап жүріп жатқан жолдан өтпекші болып тұрғанын көресіз. Сіздің әрекетіңіз?

ІХ бөлім «Топ басшылар сайысы»
Әр топ басшысы жолда жүру ережесіне байланысты тиымдар мен ескертпелерді, кеңестерді айту арқылы жарысады. Кім көп ой тастаса сол топ басшысы жеңімпаз атанады.
Мұғалім: Рахмет, балалар. Сендер бүгін көп мәлімет бердіңдер. Алдағы уақытта осы жол ережесін сақтап, басқа балаларға үйретіп жүріңдер. Ал қазір бәріміз бірге «Бағдаршам» әнін орындайық.
«Бағдаршам» әні
1. Көшеде біз сақ болайық,
Қаймықпасын ата - ана.
Жолда сен бол әркез лайық,
Жас ұлан деген атқа!

Қайырмасы:
Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам
Болайын мен де аман!

2. Жолда жүру әліппесін
Білген жөн ғой бес саусақтай.
Сонда ғана жүре аласың,
Сен өзіңді сау сақтап.

Қайырмасы:
Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам
Болайын мен де аман!
Бағдаршам: Мен сендерге ризамын. Бүгінгі жол ережесіне арналған шараға өте жақсы үлкен жауапкершілікпен дайындалғандарың көрініп тұр. Рахмет сендерге. Барлық белгілермен мына отырған балаларды таныстырып шықтыңдар. Енді бұл сынып оқушылары көшеде жол ережесін бұзбайды деп ойлаймын. Мен енді сендермен қоштасамын. Әлі талай сендерге қонаққа келіп тұрамын. Сау болыңдар, балалар!
Мұғалім: Сау бол, Бағдаршам. Ал, балалар, бізге де қоштасатын уақыт келді. Әр топ басшылары қорытынды сөздерін айтсын.
Оқушы: Шуақты өміріміз күндей күліп,
Жүректе бүршік атып гүлдейді үміт.
Арманға сапар тарту мүмкін емес
Жол жүру ережесін білмей тұрып.
Оқушы: Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да,
ЖОЛ жүру ережесі заңды тәртіп,
Ол бәрімізге ортақ тәртіп.
Оқушы: Жолда жүру әліппесін
Білген жөн бес саусақтай.
Сонда ғана жүре аласың
Сен өзіңді аман сақтап.
Барлығы: Жол тәртібін білейік
Аман есен жүрейік!
Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: білейік, тәртібін, аман-есен, Жол, жүрейіік
Просмотров: 500 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar