Есенжанов Хамза - Е - Ұлы заман Тұлғалары - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұлы заман Тұлғалары » Е

Есенжанов Хамза
[ · Скачать удаленно (245.5Kb) ] 07.11.2012, 23:14
О, пенделер, көзіңді ашып қарашы,
Алыс емес,
Тал бесік пен тар бесіктің арасы.
Қас-қағымдай мына қысқа өмірде,
Бір-біріңе ғашық көзбен қарашы

Әдебиетiмiздiң тарихында өзiндiк орны бар белгiлi қаламгер Хамза Ықсанұлы Есенжанов қазақ халқына талай тың дүниелер сыйлады. «Ақ Жайық» трилогиясы кезiнде оқырманды елең еткiзген кесек туынды болатын. Ол қандай тақырыпта жазса да оқырманын бей-жай қалдырған емес. Төменде ақын Әбу Сәрсенбаевтың 1979 жылы қаламгер iнiсiнiң 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған мақаласын стилiн сақтай отырып оқырман назарына арнайы ұсынып отырмыз. Мақаланы редакцияға әкелiп тапсырған Әбекеңнiң жары — Райхан жеңгей. Әбу СӘрсенбаевЖалпы қазақ әдебиетiн, оның iшiнде романдар саласын әңгiмелер болсақ, Мұхаң, Сә-бең, Ғабең, Ғабиден бастаған әулеттi шоғырдан кейiн есiм-дерiн атамай өтуге болмайтын тағы да бiр топ әдебиет жұлдыздары бар. Бұлар бозбалалық шақтарынан бастап-ақ сонау әулеттi шоғырларды саялай, солардан үйрене жүрiп, балапан прозамыздың iргесiн қаласуға септiгiн тигiзген Саттар Ерубаев, Ғабдол Сланов, Зейiн Шашкин, Хамза Есенжанов топтары. Әрине, бiрден жетiлiп кетпеген-ақ шығар. Әйтеуiр қанатымен су сепкен қарлығаш болғандары хақ. Осылардың арасынан Зейiн Шашкин әдебиеттiң қасиеттi ордасына бет түзеген алғашқы адымдарын сонау 1927 жылдан бастаса да, өз тiлектерiнен тыс ұзақ мерзiм үзiлiс жасауға мәжбүр болды. Сөйтiп әдебиетке қайта оралар сапарларын елуiншi жылдардан бастаған бұл екi қаламгер өкiнiштi жылдардың есебiн қайтармақ болғандай ерен қимыл жасады. Шабыттары да қайту теңiздiң жаңадан тасуы iспеттес ақ толқын өрiп, дарын арнасын кемерледi. Бөгелiп қалған бұлақ көзiнiң мұндай күштi серпiн жасауы табиғи заңдылық та шығар-ау. Әйтеуiр осы бiр қос дарын аз ғана мерзiм iшiнде оқырмандар сезiмiн ұйытып аларлық шебер де, өнiктi де жазып, ортадан оза көрiнiс бердi. «Тоқаш Бокин», «Доктор Дарқанов», төрт кiтап-тан тұратын «Ақ жайық» романдары қазақ совет прозасын шырайландыра да, шоқтықтандыра да түстi.Бүгiнгi сөз — жасы жетпiсте, сонау 1928 жылғы тұңғыш әңгiмелерiнен бастасақ қаламгерлiк сапарына жарты ғасыр толған, көпсалалы тарихи романдардың авторы Хамза Есенжанов төңiрегiнде ғана болса керек едi ғой. Алайда дараламай, өскен ортасымен алған дұрыс шығар. Жаңылмасам, Хамза Есенжановты ең алғаш 1930 жылдары қазақ ғылымының қара шаңырағы Абай институтының әдебиет балапандарын аялайтын қасиеттi кең залында кездестiрсек керек. Бұл тұста үлкенде де, кiшiде де бәрiн бiлсем, бәрiне де үлгерсем деген қанағатсыз бiр ұмтылыс болатын-ды. Жаза ма, жоқ па бәрiбiр, әйтеуiр бiр жақсы лебiз тыңдауға құштарланғандар Абай институтының кең залындағы жиындардан қалмауға тырысар едi. Осындай кеңестердiң бiрiне «Еңбекшiқазақ» газетi редакциясынан Ғали Орманов, Әбдiрахман Мусин, Ғабдол Сланов төртеуiмiз бара қалдық. Әбдiрахман қысылып-қымтырылуды бiлмейтiн, ашық-жарқын адам болатын. Бiздi қолтықтап барып, шеттеу тұрған бiр топ жас жiгiттермен таныстырды. «Менiң ағаларым…» Қiл бiр таза киiнген сындарлы сұлу жiгiттер кiшiлiк iзет бiлдiрiп, қолдарын ұсынды. Шалғайдағы қалыңқы ауылдан таяуда келген қысылшаң кезiм, аты-жөнiмдi өзiме де естiлер-естiлмес ерiн ұшымен ғана күбiрлеп ұяң сәлемдестiм. Шүйiркелесiп те үлгерген жоқ едiк, екiншi есiктен шалқақтай адымдап шыққан шағын бойлы, жалтыр шеке қара жiгiт сәл қарлығыңқы жарқыншақ дауыспен, тiстене ашу бiлдiрдi: «Әй, Хамза, Тайыр, Мұқаметжан, Сағыр, қашанғы күтемiз…» Өзгелерi бiрден кiлт бұрылды да, кермеге қоярдай сындарлы сұлу, талдырмаш жiгiт менiң Әбдiрахман iнiмнен қолын босатып ала алмай, сәл кiдiрiп қалған едi. Ашулы қара тағы да дауыс көтердi. «Әй, қураған, мына бiреу кiм өзi? Бөгеме анау кербездi. Сұлудың бәрi қыз емес…» Оң қолын ендi ғана босатып алған сындарлы жiгiт бұрыла берiп биязы ғана жымиды. «Ағатай-ай, тентексiң-ау…» Алдыңғылардың бiрi жалт бұрылып, көзiне түскен кекiлiн желкесiне қаға тастап, жұлып алғандай шекесiнен қарады да, сындарлы жiгiттi асықтырды. «Пай, шандозым-ай, сұлудай сыланбай болсаңшы. - Мынау қара бақсы түтеп тұр… Бiздер түгiл төбемiздегi мықтының өзiн түтуге дайын…» Кербез басын шұлғып, арқаға қақты. «Әй, ақиығым-ай, кiл бiр осылай сөйлейсiң-ау…»Толық танысып үлгiрмеген алғашқы дидарласуымыз осылай аяқталған едi. Бұдан кейiн сол жiгiттердi үнемi институт манында, театр залында, Жазушылар одағында көретiн болдым. Кейде дуылдаса келiсiп «Еңбекшiқазақ» редакциясына да кiрiп шығады. Мүмкiн ретi де солай келетiн-дi, тiптi топтарын жазбайтын. Бұлардың бiрiн-бiрi әзiлмен қағытатын жарасымды мiнездерiне, шынайы достық-тұтастығына, бiр сөзден-ақ аңғарылып тұратын бiлiмдарлығына сүйсiне қарар едiк. Қазақ астанасында келешегiнен үмiт күттiретiн осындай бiр шоғыр әулет өсiп келе жатты: «Әуелбек Қоңыратбаев, Сағыр Қамалов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қажым Жұмалиев, Белгiбай Шалабаев, Зейiн Шашкин, Әбдiлдә Тәжiбаев, Есмағамбет Исмайылов, тағы өзгелер — бiрiн-бiрi толықтырып, бiрiмен бiрi жарасым тауып тұратын. Осы балаң дарындардың iшiндегi дене сымбаттысы да, бет пiшiннен көрiктiсi де Хамза болатын. Бұның сөйлеген сөзiнде де, ақырын жымиған әдемi күлкiсiнде де бiр табиғи биязылық жатар едi. Қүлген кезде бетiне ойнап шыққан жұқалаң қызғылт реңнен iшкi жан сұлулығы аңғарылатын-ды. 1936 жыл. Мен қазақ мемлекеттiк баспасына ауыстым. Ол кезде бүкiл әдебиет, бүкiл оқулық осында шоғырланған болатын. Бiр күнi профессор Құдайберген Жұбанов бес-алты жасты ертiп баспа директоры Киселевтың кабинетiне кiрдi. Солардың iшiнде Хамза мен Есмағамбет бар едi. Директор Сабыржан Үкенов екеуiмiздi шақыртты. Профессор бiздермен бас изеп амандасты да, әңгiмесiн жалғастырды. Әңгiме келешектiң жүгiн көтерер өте бiлiмдi жас әулеттер төңiрегiнде екен. Болашақ осылардiкi дей келiп, Мұхаметжанның, Әлiбектiң, Қажымның, Есмағамбеттiң, Хамзаның есiмдерiн мақтанышпен атады. Хамза Гольдонидiң «Екi мырзаға бiр қызметкерiн», Тургеневтiң «Рудинiн» аударып жүргенi әңгiмелендi. Құдайберген ағай есiмiн атаған сайын Хамза соншама ыңғайсызданып отырды. Кешiкпей профессор ұсынған жас бiлiмдарларға әдебиет оқулықтары тапсырылды.Профессор қателеспесе керек. Сол күз бұл жас дарындар әрқайсысы әр тұстан шаң көрсетiп, үмiттi қауымды қуанышқа бөледi. Хамза мен Мұхаметжан оқулықтарын сәттi аяқтап, кезектi әдеби-ғылыми жұмыстарына кiрiстi. Қажым, Есмағамбет әдебиет теориясымен шұғылданды. Сағыр Қамалов «Ер Тарғын» опереттасымен жарқ ете қалды. Бұл опера сахнаның «Қыз Жiбектен» соңғы белесi едi. Жас дарын шоғырларының осы сәттегi жүрекжарды қуаныштары сiздiң кiрпiктерiңiзге де мақтаныш моншақтарын сабақтар едi. Олар халық әндерiнiң басын шебер құрастырып, орын-орнына пайдалана бiлген композитор еңбегiн бағалай тұрса да, либеретто авторын тiптi биiк құрметтесе керек. Ол кезде ауыр қоңжиып қалған денелi Сағырды қолдарына көтерiп бара жатты. Мүмкiн тiптi маған солай көрiнген шығар-ақ.Мiне, жас дарындар шоғырының араларындағы достық осындай кiршiксiз болатын. Мен бұларды бiрiнсiз бiрi тыныстай алмастай сезiнер едiм.…Соғыстан кейiнгi жылдар әдебиетiмiздiң ортасы толып, шексiз бiр шалқыған тұстары болды. Қаламгерлердiң бiрi майданнан, бiрi өзге сапардан оралды. Талайлары-ақ көңiл дәптерiне жазылған күрделi шығармалармен келiптi. Солардың бiрi Хамза Есенжанов болатын. Бiрақ та алып-қашпа асаулығы жоқ, биязы адам көнiл дәптерiнде жазылған тарихи романдарды қағазға кешiрiп болғанға дейiн ешкiмге жар салған жоқ. Шұқылай жүрiп, «Тынық Донның» аудармасына қатысты. Мүмкiн осының өзi де ұлы жазушының тақырыптас шығармасынан үйрену жолдары болар. Бұл тұста Жұмағали Саин марқұм екеуiмiз де жазушылар одағында кеңесшi едiк. Ал, партия ұйымында ол басшы да, мен қосшы болатынмын. Жұмағалиды Мұхаңнан бастап бәрiмiз де «Жұмеке» дейтiнбiз. Ол өзi де осыған әбден құлақ дағдыландырып алған, бiрде болмаса бiрде Жұмағали деп қалғандарға көз астымен қарап қояды да, жымия түсiп, ойын-шыны аралас тiл қатады: «Ау, Тәкең айтпақшы, менi де Мұхаңа дейiн Жұмеке дейдi, еп-ерсi етiп Жұмағалиiңiз не!» Дуылдаса күлiп, кешiрiм сұраймыз. Жұмекең бiр күнi менi кабинетiне шақырып алды да, былай дедi: «Мен осы коммунистерiмнiң саяси бiлiм дәрежесiн байқасам деп отырмын. Қазiр Хамза келедi, бiрге тыңдайық». Орынды көрмедiм. «Жұмеке, өзiмiз тайыздық аңғартып, ұялып жүрмелiк». Парторг ұнатпай қалды. Есiк қағып Хамза кiрдi де, әңгiмемiз үзiлдi.Сәлемдескеннен кейiн парторг хал-жай сұрады. «Ал, қалай? Алдымен сiздi қандай үйiрмеге жазалық?» Хамза биязы ғана жымиды. «Менi үйiрмеге емес, соларға лекция окуға жазыңыз. Маркстiк эстетикадан бiрнеше сабақ жүргiзiп берейiн». Жұмекең лекциясында не айтпағын сұрап едi, Хамза сала-салаға бөлiп сөйлеп кеттi. Парторг ризалық бiлдiрдi. «О, мықты екенсiң, келiстiк… Жә, творчестволық жағың ше?» Хамза бөгеле түсiп жауап бердi. «Партком осы жайды неге сұрап-бiлмейдi екен деп iштей ренжуде едiм. Рахмет, Жұмеке. Жар салмай-ақ қойған едiм. Парткомнан жасыруға болмас. «Ақ Жайық» романының бiрiншi кiтабы дайын тұр. Екiншiсiн көшiрiп жүрмiн. Орал облысындағы Азамат соғысы, Жымпитыдыдағы Алашорда үкiметiнiң құлатылуы, советтендiру кезеңi… Үш, мүмкiн төрт кiтаппен аяқталар». Парторг қозғалақтап қойды. «Төрт кiтап?» Хамза батыл жауап қайтарды. «Таңданбаңыздар, бұлар менiң кеудемде жазылып келген дүниелер. Баяғы-баяғы заманнан көкiрегiмде сан рет редакцияланған болатын. Тек қағазға көшiруi ғана қалған-ды. Жұмыстан оралғаннан кейiн түн бойы отырамын. Ал үйiмiз аса жылы емес, партком жолдас бiраз отырып кетсе, батареямыз жылынар ма едi дегенiм ғой». Парторг уағда еттi. Келер аптада жазушылар одағының кең залында эстетикадан Хамзаның бiрiншi лекциясы тыңдалды. Халық сонша көп жиналған едi, Хамза қоңыр дауыспен бастап, соншама жақсы оқыды. Көпшiлiк құлағына шалына бермейтiн көне заман әдебиетi үлгiлерiнен де, бүгiнгi совет және шетелдiк көркем туындылардан да қажеттi тұста мысалдар келтiрiп отырды. Жиналғандар ұйып тыңдады. Парторг соншама риза болып, әдебиет-шiлер және әдебиет достары атынан алғыс айтып, Хамзаның қолын қысты. Осы лекцияны қалалық белсендiлер жиынында тыңдаттыру жайлы ойын бiлдiрдi. Хамзаға эстетика үйiрмесiн басқару мiндетi жүктелдi. Бiрер күннен кейiн кештетiп Хамзаның үйiнде болдық. Аяғында ақ пима, үстiне жеңсiз жылы кеуделiк, сыртынан пальто жамылған қалпы үстел басында отыр екен. Бiздi қуанышпен қабылдады. Сәлемдесуден кейiнгi әңгiмемiз әдебиет мәселесiн төңiректеген-дi. Хамза Одақ көлемiндегi тарихи романдарды келте-келте шолып шықты да, үстелiндегi қалың папканы Жұмағалидың алдына қойды. «Партком жолдас, Есенжанов коммунисiңiздiң әзiрге бiтiргенi осы, iстеп жатқаны анау. Тiлесеңiз оқуға да болады». Парторг басын изедi. Хамза, «Оп, София ханым, қонақтарға шай әкел, тоңып қалар»— дедi де, оқи бастады. Софияның буы бұрқыраған ыстық шайын iше отырып, бiрер тарауын тыңдап та үлгiрдiк. Хамза шаршаған тәрiздi. Тамағын ұстай бередi. Жұмағали ризалық бiлдiрiп, «Лермонтов миығынан» жымиды. «Е, бәсе, солай болса керек едi деп Сәбит ағамыз айтпақшы, менiң коммунистерiм осылай болса керек-тi. Партком разы. Құттықтаймын, претензиям жоқ. Ал сенiң претензияңды сезiп отырмын,— Жұмекең тебетейiн маңдайға қарай қозғап қойды Да,. сәл кездiк иегiмен батареяны мезгедi.— Тәкең айтқандай, анау ғой. Партком ол анауды тәртiпке шақырттыратын болады. Ал, мынауың Жайық бойының кiшкене «Тынық Доны» болғай. Мен осылай үмiттенем. Ал орынбасарым қалай ойлайды екен?» Жұмекең маған қарады. «Сiзге түгел қосыламын. Хамзекеңе сәттiлiк, зор денсаулық тiлеймiн».«Ақ Жайықтың алғашқы тарауларымен осылай танысқанбыз. Сол жолы парторг Хамза коммунисiне, Хамза коммунист парткомына ризалық бiлдiрген-дi. Жүмағали уағдаларын орындады. Партия комитетiнiң назар аударуы Хамзаға да сенiм берiп, шабыт қанатын топшыландырған болар-ақ. «Ақ Жайық» эпопеясының әр кiтабы жыл сайын дерлiк дүниеге келiп отырды. Тiптi 1958 жылы қазақ әдебиетiнiң Москвада өткiзiлетiн апталығына да алғашқы томы орыс тiлiнде шығарылып, москвалықтардан жақсы баға алып үлгiрдi.Жазушылар Одағы жанындағы партия ұйымының сол кездегi жетекшiсi Жұмағали Саин марқұмның асығыс айтылған бағасы мен үмiтi ақиқаттан шалғай емес-тi. Мүмкiн, «Тынық Донды» атап салыстырма жасау орынсыз да шығар, әйтеуiр «Ақ Жайық» романының ұшы-қиырсыз қазақ республикасының шалғайдағы бiр өлкесiнде болып өткен революциялық өзгерiс-тердiң тарихи шежiресi екенi хақ. Бұл туындыда адам баласының санасындағы революциялық күрделi өзгерiстер кең де шебер бейнеленген.Төрт томдық романды түгел талдауды әдебиет зерттеушiлерiнiң еншiсiне қалдырып, осындай кесек-кесек кейiпкерлер галереясына назар аударалықшы. Мысалы, бiрiн-бiрi толықтырып отыратын Жаһанша мен Халел Досмағамбетовтар. Бұлар осал жау емес. Өз ортасының, өз идеясының мақсатын қорғауда бүкiл айла-әрекеттерiмен кесек шыкқан жағымсыз бейнелер. Бiрiне-бiрi қайшы, мақсат-мұраттарымен бiрiне-бiрi мейiрiмсiз дұшпан Бақтыгерей мен Арон Қаратаевтар, бiр-бiрiне ұқсамайтын ағайынды Жүнiсовтер, өз полковнигi Кирилловты далада буып тастап кететiн сахара көкжалы Мәмбет Оразовтар, дәулетсiз бола тұрса да мақсаты күңгiрт Құныскерей, осындай түз бөрiсiне жапан түзде жалғыз кездескен сәтте де жүрегi селт етпейтiн алып денедi Жоламан почташы.Хамзаның байлары да осал емес. Мысалы, Ақметше бай, мақсат-мұраты бiзге жат бола тұрса да, мәдениеттi, парасатты адам. Бiр-бiрiне ұқсамайтын екi қажы ше? Әйтеуiр дәулеттi адам болса, бәрiн топас көрсетiп келген көне қағиданың талқанын шығарды да Хамза қарсы жақтың да парасатты адамдарын парасат деңгейiнде көрсеттi.Хамза досымыз бүгiнгi 70 жылдығына да осындай кесек туынды, кесек кейiпкерлер орманымен келдi. Бұдан кейiнгi салтанаттарына да көмескiленбей көрiнiс бередi. «Ақ Жайық» романдары арқылы келер ұрпақтар да Хамза аталарымен сырласады. Хамза тiптi сол келер ұрпақтың тұстастары ретiнде ұзақ-ұзақ ғасырлар бойы тiлге оралады. Рухыңа мерей, жан досым.

Алла тағала берген ақылымен, теңіздей терең білімімен уақыттың өзінен озған ғұлама фәниден бақиға аттанарда өсиет айтыпты: "Дауыл ма, жауын ба, сең бе, сел ме, өрт пе, дерт пе... қандай қысылтаяң, қиын шақ болса да ең алдымен халықтың қазынасын құтқарыңдар, сол қазынаны жасаушыларды жан салып қорғаңдар. Сонда араларыңнан кемел ойлы кемеңгерлер шығады. Сонда ғана ұлтта рух, елде бүгінгіден де нұрлы болашақ болады”. – "Халықтың қазынасы дегеніңіз не?” – деген сұраққа: – "Ол – кітап”, – деп жауап беріпті ғұлама. – Қазынаны жасаушылар кімдер?” – дегенде: "Таланттар!” – депті әлгі данагөй.
Арғы заман ғұламасының өсиеті одан беріректегі Шекспир айтқан: "Кітап маған тақтан да қымбат”, деген ғажап сөзбен үйлесіп-ақ тұрған жоқ па?! "Талантты адам алтын тақта туған патшамен тең”, деген Фридрих та осылармен үндес.
Сол кітап атты құдіретті өмірге әкелетін, адамзат даналығы туғызған бейнелер әлемі – әдебиетті жасайтын жазушы. Жазушылық – арыстанның апаны. Оған бір кіргесін қайтып шыға алмайсың. Табиғи таланттың дүние-думанның қызығын тәрк етіп, жайлы өмірден безіп шығар шыңы бар. Ол шың Эльбрустан да биік. Бір шықсаң жанкештілікпен шыққан биігіңнен қайтып төмен түсе алмайсың. Биікте басың айналмай, құламай, жыламай тұру шарт. Құласаң өмірден де қымбат өнерің зая. Басына талант дейтін тарыдай бақ қонған, бойына творчествоның таудай азабы дарыған сондай бейнеткердің бірі бүгінде жүз жылдық мерейтойын бүкіл еліміз тойлап жатқан Хамза Есенжанов.
Жұмысты кім істемейді? Бейнетке белшесінен батқандар аз ба? Кітап жазғандар да жетерлік. Жүз дейтін межеге де біреу тірі, біреу о дүниелік болып жетіп жатыр. Әйтсе де солардың бәрін бірдей елеп жатқан ел бар ма? Сол қажет пе өзі? Ал Хамза Есенжановтың жөні бөлек, жолы басқа. Халық оған сонау 60 жасқа толған кезінен бастап біртуар, бірегей перзентіне, тұғыры биік тұлғаға көрсетілер құрметті көрсетіп келеді. Міне, бүгінде оның туған жері Орал облысында дүркіреп өткен мерейтой енді Алматы мен Астана аспанында асқақтап, қазақтың ұлы даласына қанатын кең жайып тұр.
Көркемсөздің көрнекті шебері Хамза Есенжанов бізге ең алдымен "Ақ Жайық” трилогиясымен, сосын "Жүнісовтер трагедиясы” дилогиясымен қымбат. "Ақ Жайық” кей жағдайда "Тынық Донмен” үндес шығарма. Михаил Шолохов Нобель сыйлығын алған атақты эпопеясын 14 жыл жазды. Хамза Есенжановта ондай мүмкіндік болған жоқ. Сонда да ол "Ақ Жайық” трилогиясын 4 жыл жазды. М. Шолоховтың Қазақстан жазушыларының съезінде айтқан: "Асығыстықтан ақаулы бала туады”, деген мысқылға толы уытты сөзін біле тұра асықты. Егер Хамза Есенжанов шығармаларында әлдебір жетімсіздіктер болса, сол асығыстықтың салдары. Әйтсе де ол үшін оны айыптаудың қажеті жоқ. Өйткені, оның асықпауға шарасы жоқ еді. Оны асықтырған қиын тағдыр – суық Сібірдің сыз түрмесінде желге ұшқан, зая кеткен 17 жыл.
Өз сөзімен айтсақ, "өжет, арлы қылышын қаламымен қайраған”, "қазақтан тамшы қаны бар, адамнан шыбын жаны бар” Хамза Есенжанов роман жанрына біраз дайындықпен келді.

Сен гүлімсің бақшадағы,

Мен айналған көбелек.

Аймалаймын сүйем тағы –

Жау қойса да у себелеп, –

сынды жастық жалыннан туған жырларын айтпағанда "Әдебиет майданы” журналында жарияланған "Өлеңті жағасында”, "Қызыл құм” әңгімелері, өзге аудармаларын еске алмағанда М. Шолоховтың әлемге әйгілі "Тынық Дон” эпопеясының бірінші және төртінші томдарын тәржімалауы осы пайымымызға айқын айғақ.
"Ақ Жайық” пен "Тынық Донда” біраз үндестік бар деп біз жоғарыда айттық. Ең алдымен атап, қадап айтарымыз бұл екеуі де кең құлашты, көп салалы әлеуметтік роман эпопея. Бірі ақ Жайықтың, екіншісі тынық Донның перзенттері өз өлкесін, өз өзенін жырлаған. Революциялық және таптық күрестің оқиғаларын шығармаларына өзек еткен. Бас кейіпкерлер Григорий Мелехов, Аксиния мен Хакім Жүнісов, Мүкараманың тағдыры мен жан дүние иірімдері де үндесіп, үйлесіп тұр. "Тынық Донның” беташарындағы ескі казак әні: "Жерімізді жыртқан соқа емес, аттың тұяқтары; егін емес, казактардың бас сүйегі тұқым болып себілген; Дон бойының көркі кілең жесір ғана, гүлі өңкей жетім бала; толқындары ата-аналар көз-жасы”,– деп төбе шашыңды тік тұрғызар ащы шындықты ашына жырлайды.
Жиырмасыншы ғасырдың басында Жайық өзенін жағалаған, оны айтасыз, кең байтақ қазақ жерін мекендеген халықтың халі де Дондағыдай қайғылы болатын. Ресей империясы мен қазақтың ұлы даласында кең қанат жайған революция мен азамат соғысы жазықсыз, жазықты жандардың қанын судай ағызды. Дон казактары сияқты Жайық қазақтары да қақ айырылды. Замана дүрбелеңімен екіге бөлінген бір халық бірін-бірі аяусыз қырды. Олардың арасында Ресейден ентігіп жеткен, ақтар мен қызылдар болып алысқан орыстар да бар. Адам мен ажал беттескен сол топтың ортасында "Ақ Жайықтың” кейіпкерлері жүр. Жай жүрген жоқ, оқты күндер мен отты түндерде жандарын шүберекке түйіп атысып, шабысып жүр. Трилогияның үшінші кітабындағы бірінші сөйлемнен сөйлетсек: "Тартыс тас қамаудың ішінде де жүріп жатты”.
Атыс пен айтыстың бір жағында ағайынды Жүнісовтер – қажының ұрпақтары Хакім, Әлібек, Әділбек және Мәмбет, Нұрым, Бақытжан Қаратаев, Мүкарама, Быков, Қален Көптілеуов, Шолпан, Белан, Дмитрев, Кәрімғали, Меңдікерей. Қарсы топ, қарсы бетте Халел, Жанша Досмұхамбетовтер және төтенше әскери соттың төрағасы Емуганов, сұлтан Арон Қаратаев, ақ генерал Михаев, аяу білмес Абылаев, жазалау отрядының бастығы Акутин. Осылардың бәрі де көркемдік жүк көтерген, Хамза Есенжанов талантымен сомдалған сом бітімді бейнелер.
"Тынық Дондағы” сияқты бір отбасы тағдыры негізгі желі болып тартылған "Ақ Жайықтың” үш кітабындағы алты бөлім, елу тарау, екі жүзге жуық эпизодта шашау шыққан шашыраңқылық жоқ. "Төңкеріс үстінде” деп аталатын бірінші кітапта ақтардың Орал қаласын басып алуы, "Шыңдалу” есімін иеленген екінші томда халық санасының оянуы мен күреске шығуы, "Тар кезең” атты үшінші шығармада Совет өкіметінің орнауы баяндалады. Жай ғана баяндалмайды оқиғалар мен кейіпкерлер тағдыры арқылы кең тыныс, кемел оймен суреттеліп, кестелі тілмен көмкеріледі.
"Ақ Жайықтың” бас кейіпкері – үш кітапта бірдей көрінетін, жай ғана бой көрсетіп қоймай бедерлі бейнеленіп, мінсіз мүсінделген Хакім. Трилогия оқиғасы реальное училищеде оқитын Хакімнің сүйген қызы Мүкараманы ойлап, онымен сүйіскен тәтті шақтарын еске алумен басталып, балаң бозбаладан күрестің от-жалынында шыңдалып, революционер дәрежесіне жеткен жігіттің сүйіктісі Мүкараманың қан жұтқызған қазасына тап болған қайғылы оқиғамен, сонан соң Бақытжан Қаратаевтың халық алдында жалынды сөз сөйлеуімен аяқталады.
Қанішер Абылаев басқарған елу офицердің "түнде төсекте бейғам жатқан” екі жүз жасақшыны қырып салған Ащысайдағы қанды оқиға оқушының сай сүйегін сырқыратады. Сол қаралы түнгі қанды өртте Хакімнің Мүкараманы жаны ышқынып іздеген, сәлден соң оның өлі денесін көрген сәті трилогияның ең бір көркемдік биікке көтерілген тұсы. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір ғана үзінді келтірейік: "Хакімнің тілі байланып қалды. Ол аппақ қудай болып кетті. Көзінен жас, аузынан үн шықпады. Ол тек аулаға шығарып көгендеген қозыдай қатар салған қанды өліктің ішінен адам іздеді... Ол тапты. Шеткі төбесі ортасына түсіп, қопарыла құлап қалған үлкен үйдің жанында Нұрым жатыр еді. Нұрымның қасында Орақов. Екеуінің де басы кесілген, Хакім Нұрымның бассыз кеудесіне төніп, тізелей, мойырыла отыра кетті. Біраз уақыт өтті... Оның ойына бір кез үрейлі нәрсе сап етті. "Мүкарама қайда? Жау қолында!.. – дей берді ол іштей. О, тәңірі! Неге өлмеді жауға олжа болғанша! Неге қанға көміліп жатпады ақ дене! Неге!.. Неге!.. ” – Бұл тілек пе, әлде ашынған ащы қасіреттің елесті үні ме? Оны Хакім білмеді. Тек: "Неге! Неге мына жерде жатпады! Неге жау қолында қор болды! Неге! Неге!” дей берді. Ол бір сәт назарын Нұрымнан басқа жаққа аударғандай болды. Қасында қопарылған үйдің астынан бір топ ауыл адамы өлік шығарып жатыр екен. Хакім мағынасыз көзін сол жердегі үй астынан шыққан өлікке бұрды. Ол бірте-бірте орнынан тұра бастады. Әйел өлік... Жас әйел. Келіншекті екі адам көтеріп шетке шығарып салды. Тағы әйел... Оны да көтеріп келіншектің қасына әкелді. Кәрі әйел. Бір кез... о, тәңірі... бір әйел... бір бала... қыз бала... әйел емес. Шашы төгілген... аппақ... Қағаздай аппақ жүз... Жаңағы қысқа тілек! Жаңағы тар тілек қабыл болғаны ма?.. Хакім ұмтылып келіп өліктің басын құшақтай алды. Өлік Мүкарама еді...”
Трилогияның сюжеттік желісі мен композициялық құрылысын сымға тартқандай сұлу тізген автор бас кейіпкер Хакімнің жандүниесіндегі күйзелісті тамыршыдай тап басып, тамаша бейнелеген. "... Сүйген жардан, тел өскен бауырдан. Бірге оқыған жолдастан айырылып, аз күнде өлік жандай қуқыл тартып кеткен Хакімнің тек өңі емес, іші де қуқыл, дене жансыз, кеуде бос қуыс, ой мұздай, көңілі суып қалған”.
Әртүрлі әлеуметтік топтардың тартысын шебер суреттеген жазушы әр кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып ашумен қатар олардың іс-әрекетіне оқушыны сендіре біледі. Бір ғана мысал. Етегін жел ғана желпіген, тәні де, жаны да таза ауыл қызы Зағипаның ақтардың әскері зорлап, абыройы ашылғаннан кейін ашынып, у ішіп өлуі де, жаратылысынан қатыгез Абылаевтың жауыздық іс-әрекеттері де олардың бітім-болмысына сай сенімді суреттелген.

"Ақ Жайық” трилогиясындағы диалогтар серпінді де сенімді әрі кейіпкер табиғатына сай. Соның мыңнан бір мысалы мынау:

– Қойшы әрі, – деді Мәулім жұлып алғандай. – Сүйіскені несі, сүйісу былай тұрсын өзіміздікі бетімізден өбіп көрген жоқ.
Осы сөзді бүгінде көшедегі ағылған халықтың көзінше, тапа-талтүсте көзіңді бақырайтып қойып көрінген жерде үлкенді-кішілі еркекпен жаласып жататын бойында иман, бетінде ұят жоқ жалаңбұт қыз-қырқын айтса күлкілі болып шығар еді. Өткен ғасырдың басындағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылындағы әйел затының дәл осылай сөйлері хақ.

Енді мына бір шағын да шалымды диалогқа зер салып көрейік:

- Сен де айта білесің-ау, қаншама орыс болып кетсе де Барқынның баласы Барқынның қызын алмас.

- Ойбай-ау қыз алыспайтын енді не қалар дейсің?

- Қойшы әрі, соншама діннен безіп кетті дейсің бе?
Бұл да ақылға қонымды, уақытқа сыйымды сөздер. Анасы ұлына тұрмысқа шыққан, күйеуі әйелін ақша үшін жезөкшелер тобына қосқан бүгінгі күні айтылса, әрине ақылға сыймас еді. Хамза Есенжановтың кейіпкер аузымен айтқан бұл сөздері бір емес, бірнеше міндетті мінсіз атқарып тұр.
Шығарманың ажарын ашатын теңеулерді де автор сәтімен таба білген. Аз ғана мысал: "Үлкен тас көшенің бойы домбыраның шегіндей дыңғырлап тұр”. "Қала ауру жандай сұлық жатыр”. "Аттың тағасындай дөңгелек шұқыр сай...”
Бұлар трилогияның тек бірінші томынан теріп алынған теңеулер. Екінші, үшінші томды сүзсек, олардың көлемі ғана емес, көркемдігі де арта түсері анық.
Адам – табиғат ананың перзенті. Көркем шығармада адам мен табиғатты тығыз бірлікте суреттеу жазушы шеберлігіне сын. Хамза Есенжанов бұл тұста да сүрінбейді. Мәселен, трилогияның бірінші кітабындағы: "Күн сәске түс. Ыстыққа арқасын қыздырып, шөп арасынан өрмелеп, бидайықтың басын да бота тірсек сарыала шегіртке бебеу қаға шырылдап тұр”, деп басталатын, оған жалғас Хакімнің көзімен берілетін табиғат көріністері автор қаламының қарымын толық танытады.
"Ақ Жайық” трилогиясының тақырыптық жалғасы "Көп жыл өткен соң” мен "Жүнісовтер трагедиясында” азамат соғысынан соңғы Орал өңірінің өмірі бейнеленіп, халық шаруашылығын қалпына келтіру баяндалып, Батыс Қазақстандағы ұжымдастыру жылдарының көркем шежіресі жасалған. Автор мұнда да "Ақ Жайықтағыдай” кейіпкерлерін қалың оқиғалар ортасында бейнелеп, олардың жан дүние иірімдерін оқушының көз алдына алып келеді. Бұл дилогияда ерекше есте қалатын кейіпкердің бірі де, бірегейі де – кесек қимылдарымен кескінделген Құныскерей. Аз көрінсе де есте қалатын бедерлі бейнелер де аз емес. Олар Сталин, Мирзоян, Сәкен, Ғабит.

* * *

Цель творчества – самоотдача,

А не шумиха, и не успех,

Позорно, ничего не знача,

Быть притчей на устах у всех, –

демеп пе еді Пастернак. Абыройынан азабы көп жазушылықтың қиямет-қайымы аздай-ақ тағдыр Хамза ағамызды тағы бір қылкөпір сынды қиынға салғанын қалай ұмытайық?! Алғашқы адымы сәтті басталып еді. Малдәрігерлік техникумынан кейін ҚазПИ-дің тіл, әдебиет бөлімін бітіріп, Шоқан, Мұхтар ізімен Ленинградқа барып әлемдік мәдениеттің қайнарынан қанып ішкен білімді, жалынды жас Хамза әуелі филармония, кейінірек опера және балет театрының директоры болып істеді. Оған қоса өзі білім алған ҚазПИ-де орыс әдебиетінен дәріс оқыды. Шығармашылықпен де қызу айналысты. Әке-шешесінен жеті жасында жетім қалып, өзінің талант, қабілетімен жетілген Хамзаға тағдыр тағы да қырын қарады. Сталин секілді бір адамның қолында ұзақ уақыт болған шексіз билік шексіз қырсық болып шықты. Одан туған қайғы-қасірет Хамзаның басына қоп-қою қара бұлт боп үйірілді. Аяқ астынан халық жауы болып шыға келген Хамза Есенжанов өмірінің өнімді еңбек ететін 17 жылын суық Сібірдің сұмдық түрмесінде өткізді. Жала мен пәлеге, қорлық пен зорлыққа, азап пен мазаққа төзе жүріп үміт жібін үзген жоқ. Сол бір аса қиын кезде қайсар талантқа қайрат берген Хамза ағамыздың серігі, жары София әпкеміз болатын.
1914 жылы желтоқсанда Қызылжар қаласында өмірге келген София Жақияқызы Тастемірова қазақ қыздарының арасынан шыққан ең алғашқы жоғары білімді дәрігерлердің бірі еді. Хамза ағамызбен 1937 жылдың ақпанында тағдыр қосқан. Арада жыл өте салып 1938 жылдың 19 сәуірінде Хамза Есенжанов халық жауы атанып темір торға қамалыпты. Княгиня Волконская ерлігін қайталаған София әпкеміз суық Сібірдің сыз түрмесінде отырған Хамза ағамыздың жанынан бір-ақ шығыпты. Мұны ерлік демей не дейміз. Сол ғажап әрекеті, батыл қадам Хамза Есенжановты азап дейтін апаттан аман алып шыққан. Сол ерлік емес пе қаламгер ағаға "Ақ Жайықты” жазуға септескен. Осы айтылғандардың "Ақ Жайық” трилогиясына ғана емес, "Жүнісовтер трагедиясы” атты дилогияға да тікелей қатысы бар. Хамза Есенжанов та бізге ең алдымен осы бес романымен қымбат екенін ұмытпайық. Оған 1967 жылы Мемлекеттік сыйлық та осы романдары үшін берілді. Сол шығармалары шоғырының жазылуын, әрине, ең алдымен Хамза Есенжановтың шығармашылық ерлігі деп бағалау ләзім. Осы тұста Хемингуэйдің "Зеленые холмы Африки” атты кітабындағы бірер сөз ойға оралып тұр. Ол мынау: "Мне нужно было только одно: работать. Я уже больше не принимал всерьез свою собственную жизнь. Работа, одна работа давала мне удовлетворение, а в промежутках была моя треклятая жизнь, которую я проводил где и как вздумается”. Мұхтар Әуезов айтқан "шығармашылық шабытқа қомағай” Хамза Есенжановтың 17 жылдық үзілістен соң өнімді еңбек еткен ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерін жоғарыда айтылған Хемингуэй сөздерімен ғана дәл бейнелеуге болатын шығар.
Міне, осы тұста да София әпкеміз Хамза ағамызға аса бағалы көмек көрсетті. Есенжановтың атын шығарған трилогия мен дилогияның өмірге келуіне өлшеусіз үлес қосты. Талант – құдайдан, бап – жұбайдан. София әпкеміз жазушының бабын тапты, алаңсыз жұмыс істеуі үшін бар жағдайын жасап бақты. Соның нәтижесінде Хамза ағамыздың құнарлы қаламынан әйгілі бес романға қоса, "Сәудібек найман” атты тарихи трагедия, бірнеше әңгімелер мен очерктер, көсемсөз бен творчестволық портреттер, әдебиет пен өнер мәселелері жайлы мақалалар, жолжазбалар туды. Қаламгердің көңіл-күйін қас-қабағынан таныған сергек сезімсіз, ерекше төзімсіз соның бәрі мүмкін бе өзі? Адамның ең басты бақыты отбасы бақыты емес пе? Отбасының ынтымақ, бірлігінсіз ырыс, береке болмасы анық қой. София секілді асыл жар тапқан Хамза ағамыз бұл тұста да бақытты қаламгер. Темір тордың аржағынан ауру болып оралған кірпияз жазушы тұрмақ, аяқ-қолы балғадай қатардағы қаламгердің бабын табу да оңай емес. Бұл өмірде зейнетінен бейнеті көп, қартайса да, бойынан әл тайса да еңбек демалысына шықпайтын, соңғы демі біткенше қаламы қолынан түспейтін қаламгердің қосағы болу – еңбек пен ерлікті, сезім мен төзімді қажет ететін қиямет-қайым ғой. Біздің әдеби басылымдар "Жазушының жұбайы” деген айдар ашып, София әпкеміз сынды қаламгер бағасын білетін, қалам құдіретін танитын қасиетті жандардың жан дүниесін жарқыратып көрсетсе, бұ да бір сауапты іс болар еді-ау...
Осы мақаланы жазу үстінде мен Хамза Есенжановпен, дұрысы сұңғыла суреткер творчествосымен үшінші мәрте ұшырасып тұрмын. Алғашқы кездесу өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта тұсында болып еді. "Жазушы” баспасында жұмыс істейтінмін. Баспа директоры Ілияс Есенберлиннің тапсыруымен Хамза ағамның "Көп жыл өткен соң” атты романына редактор болдым. Сонда анық аңғарғаным, шығармасындағы шағын эпизод, штрих қана емес, жалғыз сөйлем, жалқы сөзге дейін қатты мән береді екен. Сырт көз сыншы ғой. Оның үстіне мен әдебиетке сыншы болып келген, еңбек жолын баспаның редакторы болып бастаған қырағы көз емеспін бе? Үлкенді-кішілі қаламгерлердің қолжазбаларын редакциялап үйреніп қалған әдетіммен оғаштау деген сөйлемдерді өзімше жөндеп, оқшау тұрған жеке сөздерді қалам ұшымен қағып тастап отырдым. Ондай батылдығымды "Суреткер парызы” атты қырық баспа табақ қалың қолжазбасына редактор болғанымда сөз зергері Ғабит Мүсірепов те үндемей көтеріп еді, Хамза ағам көтере алмады. Өзі тым шамшыл. Өз еңбегіне келгенде қулық бие сияқты тым қызғаншақ екен. Менімен бір бөлмеде отыратын Жайсаңбек Молдағалиевтің әншейін әуестікпен оқып отырған бір тарауын көріп маған: "Менің қолжазбамды өзіңнен өзгеге берме”, деп ескерту жасады. Менің жүген, құрық тимеген асау аттай атылып, жалындап тұрған жас кезім. "Бір сөзі өзгермейтін, бірер сөйлемі қысқармайтын қолжазба бола ма? Артық, ауыс жерін көрмейтін редактор кімге керек? Маған бәрібір. Саяси қатесі болмаса болды. Оқымай-ақ қол қойып, өндіріске жібере беремін”, – дедім. "Жо-жоқ, о не дегенің? Оқы! Жазу ағыныммен отырғанда қайталаулар, ірлі-ұсақты қателер болады ғой. Көлденең көз көргіш. Қолжазбаны оқып бітірген соң бірге қарап, ақылдасармыз”, деді де кетіп қалды. Кейін бірге оқып отырып қарадық. Ара-тұра менікі, көбіне ол кісінікі дұрыс болып шықты. Не нәрсенің де басы қатты болса, аяғы тәтті болады деген рас екен. Кейін ағалы-інілі болып араласпасақ та амандығымыз түзу болды.
"Қазақ әдебиеті” газетінде істеп жүрген кезім еді. Хамза ағам қайтыс болып кеткен. София әпкеммен ұзақ әңгімелесіп, "Айдынды өзен – Ақжайық” атты естелік-эссе жаздым. Жазушының творчестволық лабораториясынан сыр шерткен көлемі көлдей материал кезінде осы газетте жарияланды, кейін біраз өзгеріспен кезекті сын кітабыма кірді. Енді, міне, бүгін ақиық ағаммен үшінші мәрте сырласып тұрмын. Осынау жолдарды жазу оңай болған жоқ. Көркемсөздің көрнекті шеберінің "Жазушы” баспасы 1978-1981 жылдары аралығында жарыққа шығарған алты томдық шығармалар жинағын, оған кірмеген пьесалары мен өзге де еңбектерін және де екі бірдей кітап болып шыққан қаламгер аға жайлы естеліктер жинағын тегіс оқып шықтым. Сонда көзім жетіп, көңілге түйгенім – Хамза Есенжановты бүгінгі биігіне алып шыққан қуатты екі күш бар екен. Оның бірі – Алла тағала берген талант, екіншісі тапжылмай отырып жасаған табанды, табысты еңбек. Менің көз алдымнан жазуға тыйым салынған темір тордың ар жағында отырып, умаждалған газеттің шеті мен қолға түскен қағаз қиындыларына болашақ романдардың жеке эпизодтарын жазып, мақталы күртесінің астарын сөгіп, жасырған; елге оралған соң София әпкеміз екеуі сол сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек қағаздардың орауын жазып, құрастырған; батареясы жылымаған суық пәтерде аяғына пима, үстіне тон киіп отырып жазу жазған; қатты ауырған кезде де қаламы қолынан түспеген қайсар қаламгер Хамза Есенжановтың бейнесі өтіп жатты.
Жалғыз Хамза Есенжанов па осы көрініс, осыншалық жанкешті еңбек күні кешегі Мұхамеджан Қаратаев пен Зейін Шашкинге де тән еді ғой. Өнердегі бақытын өмірінен артық көрген қайран асыл ағаларым-ай, сендер де өттіңдер-ау мынау жалғаннан.
Қаламнан үлкен қару жоқ. Жазушы қаламын қайрайтын оның жан жары емес пе? Қаламның шексіз күші жайлы айтқанда Наполеонның: "Феодализмді өлтірген зеңбірек, адамзат қоғамын қалам өлтіреді” деген сөзі ойға оралады. Ұлы француздың осындай ойын еске ала тұрып мен айтар едім, жазушы қаламының жойымпаздық қана емес, жасампаздық та күші бар деп. Наполеонмен иықтасып ұлы ойшыл Ф.М. Достоевский тұр көз алдымда. "Әлемді құтқаратын сұлулық”, деген ол. Менің Олжас досым: "Біз мәдениетті құтқарсақ, мәдениет бізді құтқарады”, дейді. Философ жазушы мен философ ақынның ойларын қуаттай отырып, мен айтар едім: "Әлемді құтқаратын сөз”, деп. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас мемлекеттерді де түтістіретін де, бітістіретін де сөз. Иә, әлемді билейтін сөз, сөзді билейтін – қалам!
Жүректің оты жеткенше, бұл дүниеден өткенше қолынан қаламы түспеген Хамза Есенжанов бақытты жазушы. Бақытты болатыны өзі өлсе де сөзі өлген жоқ. Гогольдің ойымен айтсақ: "Әдебиет әлемінде өлім болмайды, өлгендер де құдды тірілер секілді біздің іс-әрекетіміз бен қимыл-қарекетімізге бізбен бірге тікелей араласып алға тарта береді”.
Моцарттың қабірінің қайда екені әлі күнге дейін белгісіз. Ал Хамза Есенжановтың мәңгілік мекенін, ескерткіш тақтасы мен бюстін күтіп, оның қасиетті қара шаңырағының отын сөндірмей отырған, артында қалған әдеби мұрасының мұртын бұзбай көздің қарашығындай сақтап жүрген Әлихандай ұлы мен Дина сынды келіні бар. Хамза Есенжанов бұл жағынан да бақытты жазушы.
Әдебиет әлемін бірде ашық, бірде бұлтты, бірде бұлыңғыр зеңгір аспан деп бейнелер болсақ, қаламгерді қанатты құсқа балар ек. Қанаттылардың бәрі қыран емес. Құстың да құсы, оның да ірісі мен ұсағы, әлсізі мен күштісі бар. Әр құс өзінің қанатының қуаты жеткен биікке дейін ұшады, әлсіздері шоқыға, мықтылары шыңға барып қонақтайды.
Категория: Е | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Есенжанов, Хамза
Просмотров: 1038 | Загрузок: 235 | Рейтинг: 4.8/13
Всего комментариев: 0
avatar